Филология. Реферат. Парадокстың лексикалық семантикалық қыры

Oinet.kz 12-09-2020 582

Парадокс құпиясы ежелден Цицерон, Аристотель, Квинтилианнан бастап Ж.Ж. Руссо, Ф. Ларошфуко, Г. Гейне, А. Шопенгауэр, Б. Рассельге дейінгі басқа да зерттеуші еңбегіне арқау болды.

Парадокс – көпқырлы құбылыс, оның түрлі ғылым шеңберінде зерттелуі заңды. Жалпыфилософялық аспектіде парадоксты зерттегендер И.Нарский (1969), Б. Базаров (1979), Г.Брутян (1959), Г.Артамонов (1982) жəне т.с.с..

Парадоксты алғаш рет зерттеу, біз ойлағандай əдебиеттануда емес, математикада басталды.

«Para» «дұрыс емес, бұрыс»; «doxa» «көзқарас»; «dokein» «ойлау» деп түсіндірілуіне қарап «парадокс бұрыс қорытынды» деген пікір қалыптасуы мүмкін. Б.Ганеев, О.Денисов, Г.Семен секілді ғалымдар парадокстың негізгі сипаттаушысы – алогизм деп санайды. Алогизм –əд. Келеке, мысқыл үшін тілде логикалық байланысты əдейі бұзатын стилистикалық əдіс (РКС). Алогизм [грек. a. болымсыздық жұрнағы, logos ақыл] зат. пед. Шындыққа жетудің құралы ретіндегі логикалық ойлауды теріске шығару; логикаға сезімді, интуцияны қарсы қою əдісі. Алогизм мағыналық жағынан паралогизм (кері ойлау) ұғымына жақын (Қаз. тілі термин. Педагогика.). Алогизм біріне бірі логикалық қисыны жағынан кереғар, қарама-қайшы ұғымдарды əдейі жақындатып, жалғастыру арқылы ойды айрықша əсерлі етіп жеткізетін стильдік тəсіл (Əдеб. термин.). Алогизм əдісі таным процесінде жəне ойды əсерлі жеткізу құралы ретінде Шығыс философиясында жиі қолданылған (Қаз. тілі термин. Педагогика.).

Парадоксты формальды алогизм дейміз, ал кез келген алогизм парадокс бола алмайды. Алогизмге құрылған тəсілдер, сонымен қатар алогизм қолданылатын, алайда жетекші қызметті орындай алмайтын да тəсілдер болады. Соңғыларында алогизм элементі болады. Парадокстың өзіне тəн қасиеттері бар: (1) алогизмнің болуы; (2) қарама-қайшылық, қарама-қайшы түсініктердің бірігуі; (3) қайшылық (контраст) жəне ұқсастық қатынастың бір мезгілде жүзеге асуы; (4) жинақылық; (5) белгілі, үйреншіктіні тосын, айрықша түсіндіру.

Парадокс екі мағыналық қуатқа ие. Парадокс: (1) жеке мағыналық (дұрыс мағына шеңберіндегі логикалық ауытқу, қозғалыс, конвенцияның бұзылуын түсіндіруші) жəне (2) психологиялық (афористік ойлау ерекшелігін түсіну; сөз мағынасымен ойнау кезіндегі автордың қандай да бір таңдауын анықтау; автордың жеке «тосын» қолданысына жол табушы) уəжді талап етеді.

Бейнелі түрде айтатын болсақ, парадокс – өкінішке орай, жеңімпазы ешқашан болмайтын екі шындықтың жарысы. Парадокстың мəңгі «серігі» түсінбеушілік, яғни, шындық пен өтіріктің өмір бойы бір-біріне айналу мүмкіндігі. Бұл жұмбақ құбылысты зерттеп жүрген философ, логик, психолог, тілшілер қызығушылығын тудыратын, парадокстың түр-түрін біріктіретін жалпы қасиет болмақ. Парадоксты түрлі тұрғыдан жəне түрлі мақсатпен қарастыра отырып, оның қайсысы болсын адамның ойымен байланысты екеніне көз жеткіземіз.

Парадокс тілдік тұлғаның жеке сұранысы, сондықтан осы құбылыстың психологиялық мəніне назар аудармастан парадокстың семантикасын зерттеу мүмкін емес. З.Фрейд «тапқырлық» (остроумие) түсінігін дəлме-дəл аудармасы «рухани жетістік» дегенді білдіретін Seeleenvermogen термині тамаша түсіндіреді дейді. «У остроумных людей нужно предпологать особое дарование или особые психологические условия, которые способствуют работе остроумия» дейді атақты психолог [1; 188].

Афористік ойлау заттың түбінде жатқан ойды жоғарыға шығарады. Г.Қосымова:

«…тыңдаушысын толғандыру, одан соң ойландыру, бұдан кейін еліктіріп əкету, ақырында дəлелді уəжге бас қойғызу – шешендік сөздің ерекше қасиеті болды. Уəж сөзге келерде, үкімкесім қабылдағанда халықтың мораль кодексі іспетті мақал-мəтелдеріне жүгініп, өсиет, мə тел үлгілес афоризм сөздерді жиі қолданып отырған» деген ой түйеді [Т.Тебегеновтен алынды. 2.].

«Афоризм плод ума, склонного к опровержению, настроенного на поиск слабых мест тривиальной логики, на подрыв авторитета так называемого здравого смысла» [3; 91]. Тапқырлық мəселесін қарастырушы ғалымдар бір ауыздан ең басты қиындық – əзілдің не екенін анықтауда дейді. Əзілдің табиғатын анықтауда біз парадоксқа келіп сүйнеміз. Сонымен парадокс дегеніміз не? «Парадокс – бұл тіреліс емес, шығармашылық еркіндікке жол ашатын туннель соңындағы сəуле» [4; 101]. Парадокстың мағыналық нұсқасында қоршаған ортаның іргелі ой, өзекті жəне түпкілікті шындықтың үнемі соқтығысуы жатыр. Адам санасы осы заңдылықты басшылыққа алады да қандай да кезде туындаған шындықты – түпкіліктіге айналдырады. Парадокс тапқырлықтың өнімі: балама жəне ұқсас логикалық мəндердің мəңгілік бəсекесін ашады. Осы бəсекелестік шеңберінде мағынамен «ойнаудың» үш түрі анықталады: (1) бір-бірімен үнемі күресуші бастаманың ортақ мəніндегі тосын жаңалық, бүтін екіге бөлінеді де бірі екіншісін жояды; (2) айқын антиномияны үзілді-кесілді жоққа шығарады; (3) позицияны (мақсат – мақсатты бастама; себеп –салдар) ауыстырады.

Парадокстың күші оның қарама-қайшылығында емес, қайшылық генезисі кезінде біздің қатысуымызға мүмкіндік беруінде болмақ. Шындығында мəн-мағына іздеуші санаға екі заттың қарама-қайшылығын түсіну аздау. Парадокс – қарама-қайшылықты қажет етпейтін ой-сананың келесі бір қыры.

«Сатқындық махаббат барын білдіреді. Жай ғана танысты сатып кету мүмкін емес»(М.Ц.).

«Махаббат жəне ана болу бір-бірін жоққа шығарады. Шынайы аналық – ерлік» (М.Ц).

«Ақылды адаммен əңгімелесу оңай, бірге жұмыс істеу қиын»(С.М.). «Қызық жұмыста көретін түстерің де қызық болады» (Б.Т.). «Жоқ деген жауаппен сонша қапаландыратын, осынша ренжітетін, сонша жер қылатын кім болуы мүмкін? – Анаң ғана» (М.Ц.). «Сенің арманыңның өзгелерде жүзеге асатыны қиындау»(С.Ғ.).

«Адамдар тек бір ғана нəрсені қызғанады: жалғыздықты. Кешірмейтін бір ғана нəрсе: жалғыздық. Бір нəрсе үшін: сен неге жалғыз болдың деп кектенеді» (М.Ц.). «Кітапты оқырман жазуы керек. Жақсы оқырман кітапты көзін жұмып қойып оқиды» (С.Ғ.). «Менің бар ғұмырым жəне жаз бойғы жинаған тəжірибем: тек бай адамға беру керек, тек күшті адамға ғана көмектесу керек» (Б.Т.). «Қанат – ұшқан кезде жайылғанда ғана еркіндік, ал арқаңда – тек ауырлық. Қанат – еркіндіктің емес, күштің, еркіндіктің емес, ауырлықтың синонимі» (М.Ц.). Кей мысалдарда идеалдық парадоксты (контекстен бөлектенген ой-толғам-миниатюра) бұзушы субъектінің «мені»: ол сөйлем құрамына енген кезде ашылатын шындық жалпыадамзаттық жəне жалпыуақыттық болудан қалады:

«Мен дəрігерге: Мен ештеңе білмейтін болғасын қорқамын. Сіз – бəрін білетін болғандықтан қорқасыз, деймін» (О.Ə.). «Бейсенбі Сіз үйде жалғыз болдыңыз, сенбі – мен жалғыз болдым, ал біз жұма күні кездестік. Бұл не, əрине, кездейсоқтыққа толы өмір емей немене, өмір – бəрі де орнында, бəрі де түсінікті болатын түстің көлеңкесі» (С.Ғ.). «Жан досым, Сіз болмаған соң зерігіп кеттім. Менің зеругімінің себебі – шынымды (турасын!) айтсам: Сізсіз емес, Сізден (!) шаршадым» (Б.Т.). Авторлардың жеке «қолтаңбасына» орай мұндай мысалдар таптауырынға айналудан аулақ, алайда парадокстық негізін де жоймайды.

Авторлық туралы сөз қозғаған соң, поляк журналисі Ванда Блоньскаяның төмендегі афоризмдеріне назар аударып өтелік. «Менің өтірігіме өтірікпен жауап бергенді жек көремін. Бұл дегенің əділетсіз бəсекелестік қой». «Қартайып барамын деп ойлай берме – бұл қартайтып көрсетеді». «Басынан бастап жатсақ, онда соңы жақын деген сөз». «Махаббат қанаттандырады: біреуін – құсқа, біреуін – жарқанатқа айналдырады». «Əйелдің жарты сөзіне ғана сенуге болады, бірақ қай жартысына?». «Ерлер ит сияқты: байламай ұстасаңыз сізге байланып қалады». «Тəртіпті қыз болған да жақсы: тым құрығанда ешкім сені күндемейді». «Ерлер əйелді түсінуге тырысқан сайын құпиялар шырмала береді». Жеке қолданыстағы афоризмдер күнделікті өмірде жиі кездесетін қарапайым мəселе төңірегінде, əрине субъективтік көзқарастан туындаған. Дегенмен өмірдегі тамаша қайшы-лықты дөп басып берген мысалдарға жеке тоқталу заңды деп ойлаймыз.

Кейбір афоризмдерде мақсат семантикасының екіұшты болып қайта түсінілуі де кездесіп қалады. Мақсаттың өзі белсенді бастамаға айналады; мақсат керімақсатқа ауысады да, сөзсіз қол жеткізілуі тиістіден бас тартылады.

«Өмір жолының бір сəтінде мақсат бізге қарай ұмтылады. Бастысы – ауытқымау» (Б.Т.).

«Жылан құсты арбағысы келмейді – құстың өзі арбалғысы келеді, дұрысында құс қарады, енді көзін айыра алмай қалды. Құстың арбалғаны жыланды ұстап тұр» (М.Ц.). Бұл мысалда мақсат пен оның қарсыласының арасындағы шек бұзылған (екеуінің орны ауысып кеткен). Мақсаттың керімақсатқа өтуі «жеңіс» сөзін парадоксальді түсінуге байланысты мысалдан байқалады:«зеріктірген жеңіс», «іш пыстырған жеңіс», «бас тарту жеңісі» жəне т.с.с.. «Сүйістен кейінгі сезім – абыройсыз жеңіс. Зеріктірген жеңіс» (Б.Т.). «Жеңістен лаззат ала алмау..., бастысы, бір-ақ сəтте жеңімпаздан жеңілгендер қатарына аударып тастар, не істеріңді, қайда жібереріңді білмейтін жеңіс тығырығы»(Б.Т.).

Парадокс екі мəннің бəсекелестігі, ол кейде дауға, кейде ымыраға əкеледі. Шынайы парадокс сыртында логикалық манипуляция

жатыр – нақтырақ айтсақ – күшті баламаның ұқсастыққа айналуы. Мəселен, жоғарыдағы мысалдардағы: «не махаббат, не сатқындық» →«махаббат=сатқындық»; «не түс, не шындық» →«түс = шындық».

Сөйлемге арқау болған парадокс сөйлеуші ұқсату əлеуетін байытады. Парадокс айтылуы тиіс мəліметті қасақана өзгертуге бейім тұрады. Кейде авторлар парадокс арқылы күнделікті өмірдегі шындықты көмескілейді. Көрсетуге тұрмайтын шыңғырған шындықтан қашудан парадокс туындайды. Парадокс сөйлемдегі ақпарат сырт мəнмəтінге тəуелсіз болатындай етіп құрылған. Ол өзінің мағыналық қуатынан күш алады, тіпті ақпарат жинақтаушы, жадыда сақтаушы құрылым десек те болады.

«Əкең қапа болады» атты əңгімеде «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деп шынында да ауызы қисық, бірақ жұрттың арасында ретсіз əрнəрсені айта берген байдың баласын бағалағаны үшін жиынның шырқы бұзылғанына қапа болған Бөлтіріктің айтқан сөйлеу мəдениетін ұғындыру ұлағатының ешқашан да мəнін жоймайтыны анық:

«– Сөзден тəтті нəрсе жоқ. Сөзден ащы нəрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нəрсе жоқ. Сөзден ауыр нəрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, əкең қапа болады». Қайшылыққа толы «сөзге» берілген сипаттама парадоксқа құрылған. Бөлтірік Əлменұлы афоризмдері интроверттік жүкке толы. Олай дейтініміз, интраверт – өмірдің кез келген сұрағына жауап беретін формулаға сенеді. Сол себепті жоғарыда келтірілген афоризмдерді күнделікті өмірде қолдана беруге болады (əрине, өзінше талдау жасай отырып). Авторлық парадокс сыртында нақты психолгиялық заңдылық жатыр.

Бəрімізге белгілі, көмекші есімдер тек сөз бен сөзді, тіркестерді, сөйлемдерді байланыстырып қана қоймайды, сонымен бірге компоненттер арасындағы қатынасты да сипаттайды. Сонымен бірге, сонымен қатар көмекші есімдері стилистикалық парадокс туындатушы қызметте жұмсалады. (1) Шынтуайтқа келгенде, бұл бір шым-шытырық, сонымен бірге түкке тұрғысыз оқиға болды. Тіпті еске алғым де келмейді (Т.Р.). (2) Жапон елінің мəдениеті мен үшін өте ауыр, сонымен қатар жеп-жеңіл болды. Ғажайыпқа толы ертегі ел мені бей-жай қалдыра алмады (С.Т.).

Парадокс туралы Н. Кондаков: «Неожиданное, необычное, странное высказывание, резко расходящееся с общепринятым мнением или даже со здравым смыслом» [5; 431]; Г.Семен: «Прием парадокса – это такая алогическая связь двух частей одного высказывания, при которой объединяются противоречивые понятия, опровергаются общепринятые мнения и штампы» [6; 83] деген тұжырым айтады. Стилистикалық тəсіл парадокс бойында келесілер: 1) алогизм; 2) жалпыға белгілі тұжырым мен жазушы айтқан жаңа ой арасындағы қарама-қайшылық; 3) контраст пен ұқсастық қатынасы бір мезгілде жүзеге асуы; 4) белгілі əрі үйреншіктінің тосын түсінігінің болуы шарт.

(3) Алыс, сонымен бірге жанға жылы, жақын естелік Саматтың бойын билеп барады (С.С.). (4) Талғат пен Сəуле, əйтеуір, үшінші күн дегенде шалғайдағы, сонымен бірге бала кезден күндіз естен, түнде түстен шықпаған ең жақын елге баратын болып шешті (Т.А.).

Парадоксқа тəн тосындық тілдік ойын арқылы берілуі мүмкін, ол кезде сөздің тура жəне ауыспалы мағынасы арасындағы қайшылық басты қызмет атқарады. (5) Қабырғаның құлағы, сонымен бірге менің құлағым де түрілді (С.Т.).

Антонимдерді қасақана пайдалану арқылы эквиваленттік синтаксистік құрылымда балама мен ұқсастықтың жүзеге асқанын көреміз. (6) Курстың мақсаты – студенттерге үнемі өзгерісте болатын, сонымен қатар тұрақты да біртекті заттар туралы толық та ауқымды мағлұмат беру (дəрістен).

Афоризм бриллиант сияқты өте қымбат, ол көп қырлы болған сайын, солғұрлым құбылып тұрады. Афоризм – ойдың тұнбасы.

Афоризмдердің парадоксы авторының тілдік табиғатын сипаттайды, оның жеке авторлық ерекшелігі бар. Афористік дискурстың басты ерекшелігі оның белгілі бір авторға тиесілі болуы. Парадоксты діңгек етіп алған автор өмірге деген өзіндік көзқарасын білдіреді жəне тəуелсіз дүниетанымдық концепциясын құрайды. Парадокстың əлеуметтік жəне психологиялық негізі ретінде афорист пен оқырманның белгілі бір ортасының ұстанымын алып отырмыз. Осы орайда оларға қойылатын басты талап психоанализге бейім, бейнелі түрде ойлай алатын, өзін (ішкі дүниесін) түсінетін жəне əлеуметтік ортада өзіндік көзқарасы мен бағытының болуы. Афористің ұстанымы – адам болмысы мен өмірде болып жатқан өзгеріс туралы ойға шомған ойшылдың ұстанымы. Сырт көзге көрінбес, күнделікті қарапайым құбылыстан ерекшелік табады жəне кемелденген, жетілген өмірдің əлсіз жағын əшкерелейді. Шынайы өмірдегі қайшылық пен кемшіліктердің бəрін афорист көреді, оқырманына жасырмай жеткізеді. Афоризмнің парадокстығы эстетикалық түсінікпен байланысты, оны 1916 жылы поэтикаға Б.Шкловский енгізген болатын. Ол шартты түрдегі «шеттену» («остранение» ауд.біз -А.Е.) терминін ұсынды. Көркем шығармада адам, зат не құбылыстың алғаш рет көрініп тұрғандай сипатталуын білдіретін термин жаңа қасиетке ие болады. Осындан барып күнделікті жəне белгілі зат, кез келген жаңа құбылыс сияқты, өзгеше, өрескел болып көрінуі мүмкін [7; 188]. Шеттену поэтикалық семантиканың қалыптасуына қатысуы тиіс. «Тəсіл ретіндегі өнер» атты мақаласында ол «..если мы станем разбираться в общих законах восприятия, то увидим, что, становясь привычными, действия делаются автоматическими. Так уходят, например, в среду бессознательно-автоматического все наши навыки, т. е пропадает, ни во что вменяясь, жизнь. И вот для того, чтобы вернуть ощущение жизни, почувствовать вещи, существует искусство. Целью искусства является дать ощущение вещи, как видение, а не как узнавание; приемом искусства является прием "остранения'" вещей и прием затрудненной формы, увеличивающий трудность и долготу восприятия, т. к. процесс восприятия в искусстве самоцелен и должен быть продлен; искусство есть способ пережить деланье вещи, а сделанное в искусстве не важно» [7; 60] дейді. Сипатталатын заттар мен құбылыстар өрескел, өзгеше болған кезде ғана ғалым осы терминді қолдануды ұсынады. Афористерге парадокстық неге қажет деген сауалдың жауабы осында жатыр. Күнделікті өмірде еш айырмашылығы жоқ, қарапайым заттардан айрықша, өзгеше құбылысты көру жəне оны түсіну үшін одан шеттенуі (алшақтауы) қажет, кей кезде тіптен қарсы тұру да қажет болады. Парадокстік афоризмдер сырт көзге көріне бермейтін қайшылыққа оқырман назарын аудартады: «Əдетте үйленген жұптағы біреуі ғана ақымақ. Екі ақымақ қосылған кезде ғана мардымды бірдеңе болуы мүмкін».

Шындықтан алшақтап барып осы парадокс афоризм жұбайлар өміріне басқаша көз салдырады; екі ақымақтың қосылу салдарынан хабар беретін тосын қырдан сипатталған. Əр тілдесім актісі адресаттың белгілі бір түріне арналады. Адресат пресуппозициясын қанағаттандыру əсер етудің маңызды шарты болмақ. Тілдесім актілерінің прагматикасы мен құрылымын зерттей келе нақты адресат болмаған кезде тілдесудің коммуникативтік статусының жоғалатындығын, сұрақ риторикалық лепке, ал тіркес – өсиетке, этикалық ұсыныс не бағытбағдары белгісіз сентенцияға айнатындығын көреміз. Неміс ғалымы Р.Мейер афоризм адресатына қатысты: афоризм белгілі, шектеулі оқушыға ғана арналған, автор берген тақырыптан даналықты тани біліп өзіндік көзқарас қалыптастыра алатын, сол төңіректе ой қозғайтындар афоризм адресаты болмақ деген қызық ой айтады[Наличникова еңбегіген алынды.8;36]. Афорим оқырманы негізінен оқуға емес, шығармашылық шабыт алуға басты назар аударады деген де пікірлер бар. Осыған қарсы пікірді жазған Ван Лин болатын, афорист тек шектеулі, белгілі ортаға ғана емес, бұқараға арнап жазады. Прадокс адресаттың афоризмді саналы түрде қабылдауын талап етеді, себебі парадоскалдық афоризмде мағына жасырын түрде беріледі. Жалпы парадоксалдық афоризм ауыр қабылданады, себебі жеке авторлық афоризмді талдап түсіне беру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Адресаттың психикасы, бейнелі ойлау мүмкіндігі афоризмнің адекватты түсінілуінде соңғы орында емес.

Адресатты толғандыру, одан соң ойландыру, бұдан кейін еліктіріп əкету, ақырында дəлелді уəжге бас қойғызу – афоризмнің ерекше қасиеті. «Алтын ереже: адамды пікірі мен көзқарасына емес, сол пікір мен көзқарас тың өзіне əсер етуіне қарап бағалау қа жет» Г.Лихтенбергтің афоризмі (аударған біз –А.Е.).

Парадоксалдық шындықты сатиралық түрде сипаттайды, дауласушы жақтарды ымыраға əкеледі, əлеуметтік қысым, ашуды азайтады, яғни «терапевтік» қызмет атқарады. «Өмір қысқа, кей-кейде, автобус келгенше, мəңгілікке созылып кететінін қайтерсің» (Интернеттен алынды). Белгілі «тосқан жəне қуғаннан жаман нəрсе жоқ» деген қағиданы ұстанған. Күрделі мəселе əзілмен «көркемделген», өмір соқпағы, күнделікті күйбең тірішілік ауыртпашылығынан айырады, көңіл-күйді көтереді. Комикалық парадокстарды көңіл көтеруші, депрессия, пессимизмнен арылу «күші» деп те қабылдауға болады. Өмірде жолы болмау, сəтсіздікке жеңіл (күле) қарау, болмашыға өкпелемеу – сəтті өмір сүрудің тамаша бір қыры. Н. Краустың «Өмірде қанша ақымақтық жасағаныңды сана, сонда қаншалықты ақылды болғаныңа көзің жетеді», К. Хасеиновтің «Өмірдің ащысын көрген адам тəтті өмірде тез бұзылмайды» деген тамаша афоризмдері жоғарыда айтылған пікірлердің заңды қорытындысы. Өмірдегі сəтсіздіктен пайда ғана емес, алдағы өмірге деген үміт, шабыт та алуға болады.

Күнделікті қарапайым өмір қайшылыққа толы, сондықтан парадоксалдық афоризмдер адамды қоғамдық өмірге саналы түрде қарауға жетелейді.

 Әдебиеттер:

  1. Фрейд З.Остроумие и его отношение к бессознательному. М.: 1925.

  2. Тебегенов Т.«Бөлтірік шешен сөздерінің тəрбиелік мəні»//«Ана тілі» газеті. 2010 жыл, 4 ақпан.

  3. Ляпон М.Отношение к стереотипу и речевой портрет автора// Словарь и культура русской речи. К 100летию со дня рождения С.Ожегова. М.: 2001.

  4. Бахтияров К.Стили мышления в логике // Вестник Московского университета Серия 7. Философия. 2000. №1. С. 56-67.

  5. Кондаков Н.Логический словарь-справочник. М.:1995.

  6. Семен Г.Парадокс как стилистический прием //Филологические науки. 1987. №5. С.80-83.

  7. Шкловский В.Искусство как прием // Гамбургский счет: статьи, вомпоминание, эссе (1914-1933) –М.: Сов. Писатель, 1990. – С.580.

  8. Наличникова И.Социальные и психологические основы парадоксальности (на материале немецкого языка)// Вестник Челябинского государственного универси-тета. 2009 №10 (148) С. 76-79.

Филология. Реферат. Көне түркі тілінде қолданылған көмекші есімдер
Филология. Реферат. Эмоционалдылық жəне оның тілдегі көрінісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу