Тәрбие сағат: Мен - Қазақстанның болашағымын!

Oinet.kz 04-10-2020 951

 

 «Мен - Қазақстанның болашағымын!» атты сыныптан тыс іс-шарасы

 

Мақсаты:
Жас ұрпақты бейбітшілікті сақтауға және нығайтуға, өз Отанын сүюге, Отанымыздың саясатын қолдауға, ержүрек, адал, батыл болуға тәрбиелеу, өзін-өзі басқаруға, еркін сөйлей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, суреттер, гүлдер, слайд, роликтер.

 

1-    жүргізуші:  - Армысыздар қадірменді қонақтар , ұстаздар !

2-    жүргізуші: -  Саламатсыздар ма, ата-аналар, оқушылар!

1-жүргізуші:   Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында еліміз қарыштап дамып келеді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, халқымыздың тарихы да қайта жаңғыртылуда. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылы үлкен мерекелік іс-шаралардың бар екенін атап өткен болатын. Олар – қазақ хандығының  құрылуының 550 жылдығы,  Ұлы  Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Ата заңының 20 жылдық мерейтойлары.

2-жүргізуші:  Осыған байланысты  жас ұрпақты бейбітшілікті сақтауға және нығайтуға, өз Отанын сүюге, Отанымыздың саясатын қолдауға, ержүрек, адал, батыл болуға , өзін-өзі басқаруға, еркін сөйлей білуге тәрбиелеу мақсатында өткізіп отырған   4 «в» сынып  оқушыларының                      «Мен - Қазақстанның болашағымын!» атты тәрбиелік іс-шарасына қош келдіңіздер!

 

/Сахна ашылады. Сахна төрінде Керей мен Жәнібек сұлтандар әңгімелесіп отырады. Кенет сахнаға түрлері шаршаңқы 3-4 қазақ азаматтары кіріп келеді/

1- қазақ: - Сәлем бердік, сұлтан ағалар!

/Олар Керей мен Жәнібектің алдында бастарын иіп, тізелерін бүгіп отырады/

2- қазақ: - Уа, халқының ардақты сұлтандары Керей мен Жәнібек! Сіздерге ел ішінен айтар уәжімізді ала келдік. Соны жеткізуге рұқсат берсеңіздер!

Керей мен Жәнібек: - Рұқсат, рұқсат! Датыңды айта бер!

3- қазақ: -Мына Дешті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр халықты әбден титықтатып бітті.

4- қазақ: -Халықтан алынатын алым-салықты да көбейтті.

1- қазақ: -Ағайынның арасы алауызданып барады.

2- қазақ: -Оның үстіне Әбілхайыр хан кешегі күні ойраттардан жеңіліс тапты. Енді халықтың күні не болар екен? Ел болып есімізді жимасақ, бір жағынан Дешті қыпшақ хандығы, екінші жағынан ойраттар берекемізді кетірер. Сіздер бұған не дейсіздер?

Керей: -Иә, елдің жағдайы бізге белгілі. Мына Жәнібек екеуміз соны ойласып отыр едік. Дешті Қыпшақ хандығы сұлтандарға да күн берер емес.

Жәнібек: -Елдің басын біріктіріп, оның ертеңін ойлайтын кез келді. Егер сіз бастасаңыз, бізді 200 мыңдай халық қолдар еді.

Керей: -Олай болса, Дешті Қыпшақтан зәрезап болған осы халықтың қолдауына сүйеніп, қазақ тайпаларының отауын бөлек тігейік! Қазақ хандығы құрылсын! Ел болып ақылдасайық! Еріңдер соңымнан! /Олар ақырын сахнадан шығып кетеді/

 

 

1-жүргізуші: -Міне, осылай осыдан 550 жыл бұрын, яғни 1465 жылы осы Керей мен Жәнібек хандар 200 мыңдай адамы бар қазақ тайпаларының басын біріктіріп, Шу бойында алғаш рет Қазақ хандығын құрған еді. Осы күннен бастап қазақтың мемлекеттілігі басталады.

      Содан бергі уақытта ұлтымыздың тарихында қаншама ел басқарған даналарымыз бен ел қорғаған батырларымыз өтті. Тәуке хан, Абылай хан, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Наурызбай батырлар сияқты ерлеріміздің есімдері тарихта қалды. Одан беріде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов сияқты алаштың арыстары өз ұлты үшін жан аянбай еңбек етті. Осындай ұлтымыздың қаймақтары арқасында халықтың жағдайы жақсарып, елдің қауіпсіздігі де нығая түсті.

 

Сахнада би. «Қазақ» биі.

 

Еліміздің тарихы өте тереңде жатқаны бәрімізге белгілі. Олай болса, осы еліміздің ұзақ тарихы талай тар жол ,тайғақ кешуді басынан өткізді. Солардың бірі – 1941-1945 жылдар аралығында болған Ұлы Отан соғысы еді. . . 

 /Сахна ашылады/

Көрініс. «21 маусым, 1941 жыл».

Бейбіт өмір.(Ауыл өмірі. «Желсіз түнде жарық ай» әні ойнап тұрады. Сахнада 10 шақты ауыл жастары қыдырыстап жүр)
1 - жігіт: Оу, қыздар, жігіттер, бұл не тұрыс? Көңілімізді көтеріп, Абай атамыздың бір әнін шырқасақ қайтеді?!
1 - қыз: Дұрыс айтасың. Айтсақ айтайық.
(Осы кезде «Желсіз түнде жарық ай» әні басталып айтылады, қалғандары қосылады. Ән аяқтала бергенде күн райы бұзылып, күн күркірейді.
       Кенет радиодан: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! 1941 жылы 22 маусым күні фашистік Германия тұтқиылдан соғыс жариялап, елімізге басып кірді.»
2- қыз: -Соғыс, соғыс дейді, естідіңдер ме? Сұмдық-ай енді қайттік? Күніміз не болар екен?
3- қыз: -Қойыңдар, жамандық шақырмай. Ел шетіне жау тисе, арқа сүйер азаматтар бар емес пе?
2- жігіт:
-Ат басына күн туса, 
Ауыздықпен су ішер
Ер басына күн туса, етігімен су кешер – деген бар емес пе, жыламаңдар, жастарыңды тыйыңдар!


Бәрі: -Отан үшін аттанайық!
1- жігіт:
-Уа, халқым!
Күн туды сенің басыңа,
Жау кірді сенің жеріңе,
Сұм фашистен қорғауға,
Аттан, халқым майданға!

 

 

М.Мақатаевтың «Мен қазақпын!» өлеңі. Лабихан Ерасыл.

2- жігіт:
-Алар жау «сыбағасын оңбай бізден»,
Шығамыз
Соңғы күшпен,
Соңғы айбынмен,
Қорғаймыз байтақ елді,
Өйткені оны
Әр ұрпақ өз тұсында қорғай білген.

3-жігіт:
Солдаттың көкірегі толы арманы,
Оқ жаңбыр астында да жоғалмады,
Отан мен анасы үшін «Алға» деді
Амал не,
Көпшілігі оралмады.

2- жүргізуші: -Құрметті жиналған қауым! Енді осы сұрапыл соғыс қайталанбасын дей отырып, мына бір бейнероликке назар аударайық!

/ Экранда соғыс туралы 5 минуттық бейнеролик ойналады. Осы уақытта жүргізушілер төмендегі мәтінді оқып тұрады/

1- жүргізуші: -Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды.

1- жүргізуші: -Бұл соғыс қайғы - қасірет әкелмеген бірде - бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға - ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен...
2- жүргізуші: -1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты.

 Мысалы: Мәншүк Мәмбетова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Нүркен Әбдіров және т.б.
1- жүргізуші: -Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 11600 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, оның 497 - сі қазақстандық, олардың  97 - сі қазақ.
Ал 110 қазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері.

Жеңіске  жету  жолында  қазақстандықтардың  асқан  ерлігі  мен  әскери  жанқиярлығы  Отан  соғысы  тарихындағы  жарқын  беттерге  айналды. Сондықтан  Ұлы Жеңіс  күні  әрқайсысымыздың  жүрегімізге  жақын.

2- жүргізуші: -Биылғы 2015 жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Осы орайда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қандай сый-сияпат көрсетсек те жарасады.

1- жүргізуші: - Олар жалынды жастық шағын майданда өткізді.

2- жүргізуші: - Олар көкірегін оққа тосып өз Отанын жаудан қорғады.

1- жүргізуші: - Олар Отанының азаттығы үшін жандарын қиды.

2- жүргізуші: - Олар болашақ ұрпақтары үшін жанқиярлықпен шайқасты.


1- жүргізуші: - Олай болса, мұндай сұрапыл соғыс енді қайталанбасын! Еліміздің көгінде аспан түстес көк туымыз желбіреп, қырандарымыз көкте самғай берсін деп тілейік! Бізге осындай шуақты, қайғысыз-мұңсыз күндерді сыйлаған  ардагер аталарымызды  

2-жүргізуші: Мәңгілік елдің

1-жүргізуші: Мәңгілік жастары

 Екеуі бірге: Мәңгі ұмытпайды.

2- жүргізуші: Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құтты болсын, ардагерлеріміздің мерейі арта берсін, құрметті көрермендер! Қазақстанның ең негізгі байлығы болып табылатын бейбіт күніміз  мәңгілік елде,  мәңгі болсын!

 

Ән. «Катюша».

1- жүргізуші: Аялап оны алыста

                   Тербеген дала бесігі.

                   Бауыржан болып Соғыста

                   Жарқ етті Қазақ есімі!

                   Өрт кешкен отты жылдарда

                   Шынығып өсті өр тұлға.

                   Сүйеу боп Сұрапылдарда

                   Даласы тұрды артында.

2-жүргізуші: Әлия, Мәншүк қайсар гүлі қазақтың,
                   Ерлігіне таңданамын ғажап тым.
                   Солар төккен қызыл қанның арқасы,
                   Қазақстан аспанында азат күн.
                   Желбірейді бейбітшілік жалауы,
                   Орындалып жас ұрпақтың қалауы.
                   Әлия, Мәншүк жүрегі боп жанып тұр,
                   Мәңгілік от ескерткіші алауы.

«Әлия» әні. Орындайтындар: Айткулова Айгулжан мен  Жамаш Құралай.

/Сахна жабылады/

 

1-                жүргізуші: - Құрметті көрермендер!  Ертеңіміз жақсы болуы үшін біз білімді де, зерек болып өсуіміз қажет. 

2-                жүргізуші:Еліміздің ертеңі, болшағы  - біздің қолымызда,  сондықтан білімді, тәрбиелі, іскер , талапты бола отырып, еліміздің өркендеуіне  өз үлесімізді қосайық.  Осы орайда балалар не дер екен?...

 

1- оқушы : Ендеше Қазақстан Республикасы :

                    Туымен тұғырлы,

                    Елтаңбасымен елеулі,

                    Әнұранымен айбатты.

2- оқушы: Ел болдың ерік алдың астаналы,
                  Енді кімнен қазағым, жасқанады.
                  Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
                  Нұрсұлтанның атымен басталады.

 

 3- оқушы : Құлақ түрем елімнің тынысына,

                    Мақтанам, қуанамын табысына,

                    Елбасы мен халқымыз аман болса,

                    Айналар Орта  Азия «Барысына»

 

1-жүргізуші :  Барыс – биік тауларды мекендейтін, өзінің балалығымен, тектілігімен, мәрттілігімен  бағаланған аң.

Елбасымыз  барыс атауын текке  қолданбаса керек .

Қазақстанды орта Азия барысына  айналдыру үшін жасалған Елбасымыздың     «Қазақстан – 2050»  стратегиялық  бағдарламасы  бұл күнде  құс қанаты  талатын  кең байтақ  өлкемізді  шарлап  кетті.

 

 Ән. «Атамекен».

 

 2-жүргізуші:  Елбасының жолдауы – егемендіктің  кілтін ұстап,  жастардың жарқын болашағына  апарар  алтын көпір.

 

1- оқушы :  Біз намыскер- қазақ елі  ұланымыз ,

                    Қорғайтын жерді  оттан  қыранымыз .

                    «Талап  , Еңбек Терең ой , Қанағат , Рақым»  деп

                     Абай атамыз   айтқан  ұланымыз.

2- оқушы: Қазақстан дейтін менің бар елім,
                 Жатыр алып жарты дүние әлемін.
                 Бұл даланы анам жаспен суарған,
                 Бұл далада атам қолға ту алған.
                 Бұл далада жылап келіп уанғам,
                 Бұл даланы көріп алғаш қуанғам
                Бұл далада өскен жанда жоқ арман.
                

3-оқушы:   Қазақстан ! Туды алтын дәуірің ,

                  Алғандайсың жұлдыздардың жарығын.

                  Ұзақ болсын гүлденген бұл ғұмырың,

                  Тәуелсіздік құтты болсын айбыным ! 

4- оқушы: Қарлы боран қыран жолын богер ме?!

                   Өнеріммен тасып толам кемерге.

                   Мен өзіме риза емеспін, елімнің

Сүйеніші бола алмасам егер де.

«Армансыз күнім болмайды» әні. Майра, Лаура, Диана.


5- оқушы: Қазақ жері көп шеккен қасіретті,
                  Қазақ жері өнерлі, өсиетті.
                  Египетті билеген Бейбарыстай
                  Елі текті, киелі, қасиетті.
6- оқушы: Азамат бүгін байлыққа тұнған жерім,
                  Азап жүгін ел жауын қуған ері.
                   Әділет пен бірлікке жанын қиып
                   Әділ өткен билердің туған жері.


7- оқушы: Қазақ жері – қонақжай төрлер жері,
                  Қазақ елі – қас сақтай ерлер елі.
                  Елі кедей болмаған, жері байтақ,
                  Едігедей, Бабырдай шерлер елі.

8- оқушы: Мәнге толы қазағымның ғұмыры,
                  Сан асылдың ашылып тұр тұғыры.
                  Кеше ғана керексіз ғып тастаған,
                  Ғажап екен әдеті мен ғұрыбы.

Би. «Ұлытау».


9- оқушы: Шетсіз, шексіз қиырсыз ұлы дала,
                  Шуақ болып шашылмай жылына ма
                  Сүй, Отанды
                  Шынымен сүйіп өт те.
                  Гүл боп қадал, ойына, қырына да!
10- оқушы: Осынау елде бақ табам,
                  Осынау елде шат балам. 
                  Мерейін елдің артырған, 
                  Астанам – менің Астанам!
11- оқушы: Байтақ дала – жерім менің,
                    Арта берсін кенің сенің!
                    Көк байрағың желбіресін, 
                     Егеменді елім менің!

«Мектебім» әні. Тоғжан.

 

1- жүргізуші: - Міне, балалар бүгін өздеріңді Тәуелсіз еліміздің болашағы екендіктеріңді көрсете білдіндер. Халқымыздың бүгінгі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері өздеріңе аманат. Еліміздің еркіндігін сақтар мықты ұрпақ, мықты азамат болатындарына сеніміміз мол. Жолдарың ашық, жарқын болсын! Ал, енді, болашақта кім боласыңдар?

 

/Топ ішінен оқушылар жеке- жеке дауыстап айтады/

 

-         Мен өскенде мұғалім боламын! Осы арқылы еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелегім келеді.

-         Мен өскенде дәрігер боламын! Халқымыздың денсаулығына жәрдем бергім келеді.

-         Мен өскенде заңгер боламын! Еліміздің заң саласына өз үлесімді қосқым келеді.

-         Мен өскенде құрылысшы боламын! Үлкен де, сәулетті үйлер тұрғызғым  келеді.

-         Мен өскенде қаржыгер боламын! Осы арқылы халқымның жағдайын жақсартсам деймін.

-         Мен өскенде басшы боламын! Өйткені еліміздегі тыныштық пен татулықтың баянды болуын қалаймын.

 

2- жүргізуші: - Міне, көрдіңіздер ме, балаларымыздың армандары да асқақ.

 Құрметті көрермендер! Бізге бөлінген уақыт та аяқталуға жақын қалды. Егеменді еліміздің болашағы, армандары асқар таудай – сіз бен біздің балаларымыздың өнерін тамашалауға келген сіздерге, көп рахмет! Елдің ертеңгі ұрпағы бақытты болсын! Оқушылар барлығымыз да бақытты болуға жаралғанбыз. Ендеше, өз бақыттарыңызды бағалай отырып, лайым бақытты болайық.

 

Олай болса, келесі әнмен бүгінгі концертімізді қорытындылайық!

 

«Өз елім» әні. Мақсат, Бақдәулет, Әділет.

 

/Ән айтылып жатқан  кезде сахна ортасында қолдарына ҚР мемлекеттік туын, жалаушалар, шарлар ұстаған балалар әнге қосылып тұрады.

 Осы кезде түрлі «шашулар» қолдануға болады. Шарлар, конфеттер, гүлдер т.б./

 

1-жүргізуші: Бүгінгі кештің қорытынды сөзін мектеп директоры

Қаппарова Айгүл Серғалиқызына береміз!

          


Тәрбие сағат: Ізеттілік әліппесі
Тәрбие сағат: Нұр жауған – Ұлыстың Ұлы күні
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу