Супер Ай. Бұл құбылыс жерге қалай әсер етеді?

Oinet.kz 15-04-2019 5670

Screenshot_2.jpg

Тамызда жер шарының тұрғындары ғарыштағы ең ғажап сәттің бірі — ең Үлкен айды тамашалады. Айдың жерге жақындауы ең соңғы нүктесіне келді. Метеорологтардың айтуынша, жерді айналып жүретін айдың орбитасы эллипс тәрізді болғандықтан ол жерге бірде жақындап, бірде алыстап отырады. Екіарадағы қашықтық 357 000 шақырымнан 406 100 шақырымға дейін өзгереді. Ал айдың жерге жақындауының толық ай немесе жаңа ай кезіне тура келуі СуперАй құбылыс деп аталады. Ал толық ай кезіне тура келуі сирек кездеседі. 2000 жылдан бергі аралықта ол 2011 жылдың 19 наурызына, 2012 жылдың 6 мамырына, 2013 жылдың 23 маусымына, ал соңғысы биылдың 10 тамызына тура келді. 10 тамызда жер мен ай арасындағы ұзақтық 359 100 шақырымды құрады.  Ғарыштағы мұндай құбылыс енді тек 2034 жылдың 26 қарашасында қайталанады.

СуперАй құбылысы толық айға тура келген сәтте жердің табиғи серігінің көрінісі 15 пайызға үлкейіп, нұр шашуы 30 пайызға дейін артады.  Айдың жердегі ауа-райына әсер ететіні бұрыннан белгілі. Ай жерден алыстаған сәтте (апогей) жердегі ауа-райы, мұхит суларының тасуы мен қайтуы тұрақты болады. Ал, ай жерге жақындаған сәтте (перигей) екіарадағы тартылысы күші күрт күшейіп, тұрақсыздық орын алады екен. Яғни, СуперАй құбылысы кезінде жер сілкінісі, вулкандардың атқылауы, су тасқыны сияқты апаттардың қаупі  күшейе түседі деген сөз. 

Айдың пайда болу туралы ғалымдар арасында түрлі тұжырым айтылады. Ай бір кездері жердің бір бөлшегі болған дейді кейбір ғалымдар. Ол қазіргі Тынық мұхит тұрған аумақтан әлдебір күштердің әсерінен бөлініп, ғарышқа шығып кеткен көрінеді. Бірақ ұзамай жердің тартылыс күшімен кері қайтып, біздің ғаламшардың табиғи серігіне айналғанға ұқсайды.  Енді бір болжамдарға қарағанда ай астероидттардың бірігуінен құрылған. Ал ең кең тараған теория бойынша, ай жердің ғылымда Тея деген шартты атау берілген ғаламшармен соқтығысуынан пайда болған. Бұл теорияны Big Splash немесе Үлкен соқтығыс деп атайды. Теорияның негізін 1975 жылы АҚШ ғалымдары қалаған. Ғалымдар соқтығыс осыдан 4,36 миллиард жыл бұрын болған дейді. Тея жерді ортасына емес, жанай соғып, нәтижесінде жердің біраз бөлігі ғарышқа бөлініп кеткен. Осы қалдықтардан ай пайда болған көрінеді. Ай алғашқы кезде жерге өте жақын болған. Соның әсерінен жер өз осін тез айналып, тәулік шамамен 5 сағатты ғана құраған. Ай әлі күнге жерден алыстап барады, яғни соған сәйкес жердегі тәулік те уақыт өткен сайын ұзара береді деген сөз. Үлкен жарылыс теориясының әлсіз тұстары бар, дегенмен ол айдың пайда болуына қатысты ең нанымды болжам. 2005 жылы Ұлыбритания мен Германияның ғалымдары айдың нақты жасын 4 миллиард 527 миллион жыл деп есептеген. Бірақ 2011 жылы олар бұған 4,36 миллиард жыл деген түзету енгізіпті. 

Айдың жерге, жан-жануарлар, өсімдіктер дүниесіне, адамға әсері ғаламат. Ғылым мұны толық дәлелдемегенімен, жоққа да шығара алмайды. Ай адам баласының ұйқысына қатты әсер ететін көрінеді. Қазақ ежелден адам ұйықтаған кезде бетіне ай сәулесінің түспеуін қатты қадағалаған. Ай сәулесі түскен адамның ұйқысы шала болады немесе жаман түстер көреді деп сенген. Мұны ғалымдар да дәлелдеп отыр. Швейцариялық ғалымдардың жүргізген зәреттеулеріне қарағанда, ай толған кезде адамның ұйқысы нашарлап, мағынасыз, жаман түстерді көп көреді екен. Ал ай туған кезде керісінше, жақсы ұйықтайтын көрінеді.  

Ай өздігінен жарық шығармайтын өлі дене. Ғарышта ол тек күннің түскен сәулелерінен жарқырап көрінеді. Қысқаша айтқанда ол айна тәріздес. Ал айна кез-келген нәрсені теріс жағынан көрсететіні белгілі. Осыған байланысты ай күнге қарама-қарсы дене ретінде суреттеледі. Астрологтардың арасында  күн сәулесі тіршілікті күйдіреді, ал ай сәулесі керісінше өмір сыйлайды, күш-қуат береді деген түсінік бар.  

Ай жерге тең бір жағымен ғана көрінеді. Жерді әрі өз осін айналғанымен айдың қараңғы жағы бізге ешқашан көрінбейді. Бұл өте таңқаларлық құбылыс, бірақ өте қарапайым. Мұның себебі түсіну үшін екі қолыңызбен допты, өзіңізден алыстау ұстап, сосын бір орында тұрып айналыңыз. Нәтижесінде доп сізге тек бір жағымен ғана көрінеді. Бірақ басқа нүктелермен салыстырғанда ол сізбен бірге өз осін, және сізді де айналып тұр емес пе?! Айдың қозғалысы да дәл осындай. Оның өз осін айналу жылдамдығы жерді айналу жылдамдығы бірдей. Мұны ғылымда синхронды қозғалыс деп атайды.  Айға ең алғаш рет 1959 жылдың 13 қыркүйегінде кеңестік «Луна-2» ғарыш кемесі ұшып барды. Осы жылы кеңестік «Луна-3» ғарыштық кемесі айдың қараңғы жағын алғаш рет суретке түсірді. Ай адам баласы табаны тиген жалғыз ғарыштық дене. АҚШ астронавтары Нил Армстронг және Эдвин Олдрин 1969 жылдың 21 шілдесінде айға алғаш болып табан тіреді. Астронавтар Джин Сернан және Харрисон Шмидт айға соңғы рет барған (1972 жылы)  адамзат баласы. Осы уақытқа дейін АҚШ астронавтары жерге айдан 380 келі, КСРО ғарышкерлері 324 грамм топырақ алып келген екен. 

Айға қатысты мынандай қызықты мәліметтер бар:

– Айдың формасы шар тәрізді емес, оның екі жағы шығыңқы немесе жұмыртқа тәрізді. 

– Ай күннен 400 есе кіші. Бірақ ол жерге күннен 400 есе жақын. Сол себепті жерде тұрған адамға аспандағы күн де, ай да бірдей болып көрінеді.

– Айға қонған АҚШ астронавттарының іздері миллиондаған жылдар бойы бұзылмай тұра береді. Себебі айда жел де, дымқыл да жоқ. 

– Айдың атмосферасы жоқ. Сондықтан онда кеш немесе таң ататын мезгіл болмайды, жарық пен қараңғылық бір мезгілде орнайды. 

– Айдың аспандағы қозғалысы әртүрлі. Оның бір циклі 18 жылға тура келеді. 

– Айдағы тартылысы күші жермен салыстырғанда 6 есеге аз. Бұл деген сөз, егер айда биіктіктен секіруден жарыс өтсе, онда спортшылардың рекордттық көрсеткіші 15 метрге дейін жеткен болар еді. 

– Айда қаза тапқан ғарышкерлерге арналған ескерткіштер де бар. Қаза тапқан ғарышкердің аты-жөні жазылған, алюминийден жасалған ескерткіштердің ұзындығы 10 сантиметр. 

– Кеңестік иттер-Белка мен Стрелка ғарышқа ұшқан тұңғыш тіршілік иесі саналады. Ал айға алғаш рет сапар шеккен азиялық тасбақа мен қоңыз. 

– Ай мен жердің арақашықтығын былайша елестетуге болады: егер оған ұшақпен барсаңыз, ол шамамен сіздің 20 күн уақтыңызды алады, егер сағатына 90-100 жылдамдықпен жүретін көлікпен барсаңыз, жарты жылыңыз кетеді. 

Айдарға кіру
Әлемде кеңінен таралған мифологиялық кейіпкерлер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу