Рақымжан Отарбаев күнделігінен

Oinet.kz 09-12-2019 1504

Өткен ғасырдың 80-жылдары-тын. Алматы — Атырау (Гурьев) поезымен жолсапарға шыққанмын. Купеде тығыншықтай қызыл бет шал отырды. Уақыт мол, жол ұзақ. Әңгімеге шақырдым. Әрі-беріден соң кешегі Ұлы Отан соғысына ойыстық.

Рақымжан Отарбаев күнделігінен.jpg

— Соғысқа қатысқан шығарсыз? Қай жерден аяқтадыңыз? — деймін.

— Біз броньмен қалғанбыз. Мал союға, — дейді шалым. Тосын естілді. Қанды қырғында қасапшы боп мал сойып жүргені несі? Әрі қарай жетелей түстім.

— Саратов қаласы маңына жанұямызбен көшіріп апарды. Төрт жыл бойы сол жерде әскерге азық-түлік қамдап, мал сойдық. Тек біз емес, тағы да он шақты жігіт көмекшім болды. Етті майданға вагон-вагонымен жөнелтіп жаттық.

— Еңбегіңіз зор екен.

— Айтары бар ма…

— Малды қайдан әкелді?

— Көбіне Қазақстаннан.

— Қиналған шығарсыздар? Үнемі мал сою оңай ма?

— Жоға. Сиыр мен қойдың бас-сирағы, өкпе-бауыр, ішегі өзімізге қалатын. Ертеңді-кеш қызыл қуырдақ. Бөгіп жүреміз.

— Сөйтіп, соғыс та аяқталды дейсіз.

— Иә. Тез біткеніне өкініп қалдық.

— Рас айтып отырсыз ба?

— Енді ше? Ондай тегін тамақты бізге кім береді?

— Ит екенсіз! — дедім даусым қоюланып.

Басқа сөз аузыма түспей, тұлыптай боп ісініп, купеден шығып кеттім.

Әй, бәсе, арам жеген төбет құсаған түрі жаман еді-ау.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік парақшасынан алынды

Құдайберген Жұбанов қазақ күйі туралы
Зайда Елғондинова. Естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу