Төлеубек Аралбай. Естелігінен

Oinet.kz 08-01-2020 1421

Кино және театр актері Төлеубек Аралбайдың естелігінен:

Әлі есімде, кезекті демалыстан кейін театрда үлкен жиналыс өтетін, жиналыс бітісімен еркек атаулы екінші Алматыдағы сыраханаға баратынбыз. Шарап, сыра ішіп әңгімелесіп отырып кеш батқанын, қалта қағылғанын білмей қалатынбыз. Сыраның қызуы ма, Әнуар (Молдабеков) ағаның қасына келдім. Сол жолғы екеуара қысқа әңгіме мына төмендегідей болды.

image.png

— Аға, мен сізді қатты сыйлаймын, арманым сіздей актер болу.

— Мендей актер болу үшін Баяндай әйелің болуы керек. Сен қазір біздің үйге барда жеңгеңнен 10 сом қарыз сұра.

— Ой, аға, батылым жетпейді, ұяламын. Не деп сұраймын Баян апайдан.

— Оны мен білмеймін. Актер емеспісің, ойлан, тап, жыла, бүкіл шеберлігіңді сал. Ақшаны ала алмасаң, қараңды көрсетпе.

Бұған қарсы уәж айта алмаған мен Баян жеңгеме тарттым. Есікті жеңгей ашты. Менің келгеніме таң қалды.

— Аманшылық па Төлеубек, жай жүрмісің?

— Баян апай, жағдай былай. ЦУМ-ның қасынан өтіп бара жатыр едім, Әнуар ағам кездесті. Қасында қырғыздың белгілі режиссері Болат Шамшиев, тағы бір жігіттер бар. Сүйінші, Баян апай, ағамды "Қырғызфильмде" рольге бекітіпті. Әнуар ағам мені жеке шақырып: "бар, жеңгеннен 10 сом алып кел, мына кісілерді ресторанға отырғызамын" деді.

Сонда аңқау жеңешем:

— Төлеубек-ау, 10 сом жетпейді ғой, мә, 20 сом. Тез, ағаң күтіп қалды ғой, — демесі бар ма.

20 сомды алып мен де жеттім сыраханаға. Сонда Әнуар аға:

— Жарайсың, Төлеубек! Баянды сендірсең, сен болашағы үлкен, талантты актер боласың, — деді шек-сілесі қата күліп.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Сүйменқұл Шоқморов туралы
Алатау туралы шығарма
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу