Ханс Кристиан Андерсен. Бақташы қызбала бен мұржашы бозбала

Oinet.kz 28-07-2020 903

Ганс Христиан Андерсен – свеча, дарящая нам свет - Людмила Лис - ИА REGNUM

Мезгілі өтіп қоңырайған әрі бұралаң оюлармен, алуан гүл мен жапырақ кескіндері ойылып көркемделген, әбден ескірген кебеже көздеріңе түскен болар? Көненің көзіндей, талай әженің қолынан өткен дәл осындай ескі кебеже бөлмеден өз орнын алыпты. Тұла бойы толы раушан, бәйшешек гүлдерінің кескінімен қатар небір ойылған бұралаң оюлар. Бұлардың арасында бұтақ мүйіздері жайылған бұғының шағын басы орналасса, ал бәрінің қақ ортасын ала бір адам кейпі ойылыпты. Оған жай ғана қарау мүмкін емес, өйткені оның ішек-сілесі қата ыржиған кейпін селқос мүсінге жатқыза алмайсың! Бір қызығы, оның ешкітұяқты аяқтары, маңдайында кішкене қос мүйізі мен иегінде ұзын сақалы бар. Балақандар оны обер-унтер-генерал-адмирал-сержант Ешкіаяқ дейді! Әрине, мұндай шұбатылған есімді атау да, мұндай есімге ие болу да оңай емес, ал мұндай мүсінді ойып шығу да аз еңбек емес. Кім болса да ойып шығыпты! Ол үстінде кәрленнен құйылған сүйкімді ғана бақташы қыздың мүсіншесі тұрған айна астындағы үстелшені бағады да тұрады. Қыздың кебісіне алтын жалатылған, алқызыл раушан жапсырылған көйлегі түріңкі де, басындағы алтын түсті қалпағы жарасымды-ақ, ал қолында бақташының асатаяғы бар. Әйтеуір, керемет-ақ! Оған қатарлас, көмірдей қап-қара кішкене ғана мұржашы бозбала тұр, бұл да кәрленнен құйылған, кәдімгі кәрлен мүсінге тән сондай жинақы да тап-таза; әрине, қыш шебері оның орнына ханзада мүсінін құюына да болар еді, дегенмен мұржа тазалаушының бейнесі тартымды-ақ! Ол өзінің баспалдағын ұстап тұр; жүзі аппақ, ал екі беті бойжеткеннің бетіндей қызғыш тартқан, бірақ мұнысы жараспай тұр, аздап қара торы болғаны мақұл еді. Бұл да бақташы қызға жанаса қалыпты – екеуін солай қойса керек, екеуі де кет әрі емес, осылай тұра-тұра жараса кетті: несі бар, екеуі бір біріне сай, екеуі де жас, екеуі де кәрленнен құйылған әрі екеуі де уатылғыш.

Бұл маңда әлгілерден үш есе ірі тағы бір қуыршақ тұр.

Ол – басын изей беретін қарт қытайдың мүсіні еді. Ол да кәрлен және де бақташы қыздың атасымын дейтін, бірақ соны дәлелдей алмай-ақ қойғаны. Ол қыздың тағдырын өзі шешуге тырысып, оған құда түсіп жүрген обер-унтер-генерал-адмирал-сержант Ешкіаяқты мақұлдап бас изей беретін.

- Айттым бітті, сен күйеуге шығасың! – деуін қояр емес қарт қытай бақташы қызға. – Менің ойымша, ол қызыл ағаштан жасалса керек! Ол түбінде сені обер-унтер-генерал-адмирал-сержант-ханым етеді! Жасырын жәшікшелерді айтпағанда, оның кебеже толы күмісі бар!

- Қап-қараңғы кебежеге кіргім келмейді! – деп қарсыласты қыз.- Жұрттың айтуынша, оның ішінде Ешкіаяқтың он бір кәрлен әйелі бар көрінеді!

- Ендеше, сен он екінші боласың! – деді қытай. – Түнгісін, ескі кебеже сықырлай бастағанда біз де некетойды бастап жібереміз! Осы айтқаным болмаса, қытай болмай кетейін!

Солай деді де, ол басын бір изеп алып, ұйықтап кетті.

Бақташы қыз жыламсырап, өзіне сүйікті кәрлен бозбалаға қарай берді.

- Өтінем, - деді қыз, - тәуекел етіп, бас ауған жаққа тайып тұрайықшы. Бізге енді мұнда қалуға болмас.

- Сенің тілегің мен үшін заң ғой,қалқам! – деді оған мұржашы. – Кеттік, тап қазір! Мен сені өз кәсібіммен-ақ асыраймын!

- Ендеше, мына үстелшеден түсудің қамына кіріселік! – деді бойжеткен.- Мен бұл жерден ұзағанша тыным табар емеспін!

Мұржашы қызға басу айтты да, оған қалай түсуді, аяғын қай бұдырға, үстел аяғының алтындалған бұралаң оюының қай тұсына тіреуді көрсете бастады. Мұржашының баспалдағы да пайдаға асты; ақырында олар аман-есен еденге түсті-ау. Осы сәтте көне кебежеге көз салған олар астаң-кестең көрініске куә болды. Кебежедегі ойылып жасалған бұғылар тұмсықтарын алға созып, мүйіздерін шайқап, осқырынуда, ал обер-унтер-генерал-адмирал-сержант Ешкіаяқ ыршып түсті де, қарт қытайға айқай салды:

- Қашты аналар! Қашты!

Қашқындар шошып кетті де, естерін жыя сала, терезе тұсындағы қобдишаға зып берді. Мұның ішінде үш-төрт қорап толар-толмас карталар мен қуыршақ театры бар еді; театр қобдишаға тығыз орнатылғанмен, сахнада ойын көрсетіліп жатқан-ды. Картаның төрт бикеші де алдыңғы қатарда жайғасып алып, беттеріне бәйшешектерін желпіп отыр. Олардың арттарында айбалталы жігіттер отыр, әрқайсысында картаға тән жоғарылы-төменді екі бас бар. Сахнада азап шеккен қос ғашықты бір бірінен зорлап ажырату көрінісі қойылып жатты. Бақташы қыз жылап жіберді: әлгі көрініс мұржашы екеуінің дәл ме дәл тағдыры болатын.

- Жоқ, мен бұған көнбеймін! – деді қыз мұржашыға. – Кеттік бұл жерден!

Естерін еден үстінде жыйған олар, оянып кеткен қытайдың ішіндегі қорғасын түйнектің домалап, салмағымен оны әрі-бері ырғалтып жатқанын көрді...

- Ойбай, кәрі қытай бізді қуып келеді! – деп шыңғырған бақташы қыз, өжеттене ұмтылып барып, кәрлен тізесі бүгіле құлады.

- Тоқта, маған бір ой келді! – деді мұржашы мойымастан. – Көрдің бе, ана бұрыштағы кептірілген жұпар иісті шөптер мен гүлдер толы құмыраны! 

Соған кірейік! Екеуміз құмырадағы раушан мен бұтагүлге жайғасамыз да, қарт келе қалса, көзіне тұз шашып жібереміз.

- Жоқ, ол әрекет жарамайды! – деді бақташы. – Мен қарт қытай мен құмыраның бір біріне ынтық болғандарын білем, мұндай кезде олар сол сезімдерінен бас тартпас! Жарық дүниеге шығып, бізге бас ауған жаққа кетуден басқа амал жоқ!

- Ал, сенің маған еріп, қайда баруға да батылың жете ме? – деп сұрады мұржашы бозбала. – Дүниенің сондай кеңдігінен жүрексінбейсің бе? Бізге енді кері қайту жоқ екенін ойландың ба?

- Иә, иә! Әйтеуір кетейікші! – деді қыз.

Мұржашы оған қадала қарады да былай деді:

- Жолымыз пештің мұржасымен өтеді! Менімен бірге пешке кіріп, бұралаңдаған мұржаға өрмелеуге сенің батылың жете ме? Оған жарасаң, одан әрі не істеу керегін мен білем! Екеуміз заңғар биікке шыққанда, бізге ешкім де жете алмас. Мұржаның ең басында жарық дүниеге шығар тесік бар!

Солай деді де, ол бақташы қызды пешке жетеледі.

- Іші қандай қараңғы еді! – деп тіксінді бақташы қыз, дегенмен бозбаланың соңынан түндей қараңғы пешке кіріп, одан әрі мұржаға өрмелей бастады.

- Көрдің бе, біз мұржаға да жеттік! – деп масаттанды мұржашы. - Ана қара! Біздің дәл төбемізде жұлдыздар жымыңдауда!

Аспанда шынында да жұлдыздар самсап, оларға жол нұсқап тұрған еді. Ал қашқындар болса, өрмелей берді,өрмелей берді! Жол болса, сұмдық ауыр еді, бірақ мұржашы бозбала бақташы қызды көтермелеп, оған кәрлен аяғын қайда тіреуді нұсқаумен болды. Ақырында олар мұржаның ең шетіне жетіп, отыра кетті, - екеуі де сілесі қатып әбден шаршаған еді!

Олардың үстерінде жұлдыздары самсаған аспан болса, ал астарында үйдің шатыры еді. Заңғар биіктен екеуі кең дүниеге көзге жіберді. Бақташы байғұс дүниені мұншалықты кең болар деп ойламаған еді. Ол мұржашының иығына басын сүйеп жылап жіберді; көзден аққан жасы кеудесіне домалап, одан әрі белдігіне тырс-тырс тамып, алтын жалатпасын шайып кетті.

- Мынау соншалықты орасан кең ғой! – деді қыз. – Мен бұған төзбеспін! Жарық дүние соншама байтақ болар ма! Шіркін, өзіміздің үстелшеде тұрсам ғой! Сірә, кері қайтпайынша, тыншымаспын! Қайда болса да мен саған ердім, шын ғашық болсаң, енді мені кейін апар!

Мұржашы бозбала кәрі қытай мен обер-унтер-генерал-адмирал-сержант Ешкіаяқты бақташы қыздың есіне салып, қанша азғырса да, көнбеген ол ғашығын аймалап, көз жасын бұлаумен болды. Мұржашыға кері қайту сонша ауыр соқса да, сүйіктісінің тілегін орындауға амалсыз кірісті.

Олар тағы да түндей қараңғы пешке еніп, кері қарай ауыр жолға тағы шықты. Екеуі ошақ есікшесінен шықпастан бөлмеде не болып жатқанын тыңдап байқады. Тым-тырыс. Сығалап қараса, масқара! Еденде кәрі қытай жатыр: ол бұларды қуа жөнелгенде үстел үстінен ұшып түскен де үшке бөлініпті: сылынып түскен арқасы анадай жерде, кеудесі бір бөлек, ал басы домалап бұрыштан бір-ақ шыққан. Обер-унтер-генерал-адмирал-сержант Ешкіаяқ болса, ештеңе болмағандай өз орнында мелшиген күйі ойға шомып тұр.

- Қандай сұмдық! – деп аһ ұрды бақташы қыз. – Атайдың быт-шыты шыққан, бұның бәріне біз кінәліміз! Әттең-ай, мен бұған төзбеспін!

Бойжеткен абыржып, өзінің титтей қолдарын умаждай берді.

- Қиналма, қартты жөндеу қиын емес! – деді мұржашы. – Оны жақсылап жөндеуге болады! Тек, сен қайғырмашы! Оның арқасын желімдеп, ал, желкесіне тойтарма шеге қақса, ол сужаңа болады да шығады, сосын бізге ол әлі талай кесел келтірер.

- Солай деп ойлайсың ба? – деп сұрады қыз. Олар өздерінің үстелше үстіндегі орнына тырмысып шықты. Көрдің бе, біз қаншама алыстағанбыз! – деп мәз болды мұржашы. – Тек қана тырысу керек екен!

- Енді қарияны жөндеп алсақ қой! – деп қоймады бақташы.- Әлде ол сонша қымбатқа түсе ме?

Ақыры қария да жөнделді: оның арқасы желімделіп, мойнына тым жақсы тойтарма қағылды; ол сужаңа болып шыға келді, бірақ бұрынғыдай бас изей алмайтын болды.

- Сіз сынып–жөнделгелі менменсіп кеттіңіз ғой! – деп тиісетін болды оған обер-унтер-генерал-адмирал-сержант Ешкіаяқ. – Меніңше, сонша тәкәпарсыйтындай ештеңе жоқ! Сонымен мына қыз маған тие ме, жоқ па?

Қос ғашық болса үнсіз ғана қарт қытайға көз тікті, - қария бас изей ме деп зәрелері ұшты, алайда, ол бас изей алмады. Оның үстіне әркімге желкедегі тойтарманың барын айтып ақталу да орынсыз ғой! Осылайша кәрлен жұп қатар түзеп қала берді. Бақташы қызбала мен мұржашы бозбала уатылғанша қарияның тойтармасына алғыс жаудырумен әрі бір біріне ынтығумен өтті.

Орыс тілінен аударған С.Ә.ЕРҒАЛИ

Ханс Кристиан Андерсен. Қайтпас қайсар қалайы сарбаз
Еркіндікті көксеген кемпір (парсы ертегісі)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу