Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» бірінші бөлім. Қияда (жалғасы)

Oinet.kz 20-10-2020 3499

Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

Күн әбден жылынды. Көк те шыға бастады.

  …Ертең таң атысымен жүк шығартуға бұйырып еді. Бірақ дәл осы күні кешке Зере сырқаттанды.

  Кәрі әженің сырқаты біліне салысымен қысып кетті. Басында ыңқылы күшті боп, тынысы ауырлап келіп еді. Келесі күні дәрмен азайып, өздігімен қозғала алмайтын болды. Абай мен Ұлжан қатты сескенді де, Зеренің қасын күзетті. Сусыны, төсегі, бар күтімі екеуінің ғана мойнында. Өзге жанды көп кіргізген де жоқ. Жұрт аяғын ауырлайды деп, үй ішін оңаша ұстауға тырысты. Зере науқасының келесі күні түнінде Ұлжан енесінен күдер үзе бастаған болатын. Абайға айтпастан, Ұлжан Қарашоқыға кісі жүргізді. Сөйтіп, түні бойы ұйықтамай күзетіп отырған келіні мен немересіне Зере таң алдында ең соңғы рет көз салды. Әжесі көзін ашқанда Абай үміттеніп қалып, қадалыңқырай түсті. Науқас ана бірдеме айтайын деген тәрізді. Ол ажарын Абай өзі таныған жоқ. Ұлжан байқады. Екеуі де қатар сырғып, жақындай түсіп, төніп келгенде, Зере бір нәрсені сыбырлай бастады.

  Дене күші бітсе де, ойы сап-сау. Тек үні әлсіз.

  – Өнегем… болса… тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетім болса… құлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейін!.. Енді қайтейін!.. Бүгін мынау әлім біткен шағымда, не дәме етесің екеуің!.. Не күтіп маған телміресің?.. – деді. Осы сөздерін көп қиналып, ұзақ айтып еді.

  Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да орынсыз. Абай екі қолын төсіне қойып, әжесіне тағзым етті де, басын иді. Өзінше «Бар жүрегімнің құрметі, әулиедей ана, саған арналған» дегені. Сөйтіп, аз отырды да, әжесінің екі қолын ұстап, кішкентай алақандарына бетін басты. Иіскеп сүйіп отырғанда бірнеше ыстық тамшы да сол әлсіз жүдеу алақандарға тамып еді. Әжесі тағы да сыбырлап:

  – Қарағым… жалғыз қарашығым, – деп Ұлжан жаққа қарады да, – анаңды күт! – деді.

  Осыдан кейін тағы бір толастан соң:

  – Ішімнен шыққан жалғыз еді ғой… Жалғызға топырағым бұйырсын! – деді. Бұл сөзді, тіпті ап-анық айтты да, қайтып үндеген жоқ. Көзі тағы да жұмылып кетті. Жаңағы айтқаны Құнанбай екенін Абай лезде түсінді. Сол сөзді бастай бергенде, Ұлжан басын изеп, «Тыныш болыңыз, орындаймыз» дегендей белгі еткен.

  Қадірлі ана осы таңға жетпей қайтыс болды.

  Абай мен Ұлжан таң аппақ атқанша үн қатқан жоқ. Зеренің дана жүзіне мүлгіп, жүдеп, қадалып отырды. Екеуі де жаңа ғана қастарынан ғайып болған ана туралы өз шерімен, өз ойларымен болып, бар дүниені ұмытқан сияқты.

  Абайдың өзі ес білгелі шын жақын жанның өлімін көргені осы. Кәрі анасының қазіргі жүзі көкшіл сұрғылт тартса да, біртүрлі бір зор тыныштыққа жеткен тәрізді. Өлім емес, қиналу емес. Қайта көптен көксеген арманына жеткендей. Соншалық ырза және мейір шафқат нұрын тапқандай.

  Күн шыға бергенде, барлық ауыл хабарланып, бала атаулыға шейін тегіс жиылып келген еді. Немерелері мен келін-кепшік үнсіз жыласты. Көрші-қолаң, малшы атаулы да шын күйініп, ауыр-ауыр күрсінді.

  Осы таңертеңде Қарашоқыдағы, Шыңғыстағы көп туысқан да кеп жетті. Алдымен келген Құнанбай, Күңкелер болатын. Қалған Ырғызбай да осы күні түске шейін түгел келді.

  Бұл өлімді барлық жұрт тегіс ауыр алғанмен, жыласқан жоқ. Үндемей күтті. Келесі күн жаназасы болғанда кедей көршілер де тегіс келген екен. Көп қауым боп, түгел ардақтап қойды.

  …Аз уақытта, жылдағы дағды бойынша жұрт жайлауға көшті. Абай әжесінің қырқына шейін, тысқа шықса, ертелі-кеш анасын жоқтап, зар өлеңдер айтады. Тау басына шығып, даланы кезіп жүрсе де, анасына бағышталған мұңды ойлардың қасірет жырлары орала береді.

  …Абайдың Ақшоқыға соға кететін жұмысы бар-ды. Ордадан шығып, солай қисая жүрді. Жол жоқ. Бірақ қар жұқа болатын. Ербол екеуі сар желіп отырып, Есембайды бауырлап кеп, Тақырбұлақ тұсындағы жолға түсті…

  Бір шақта қаладағы оқудан қайтып келе жатып, ауылды аңсап, асығып шапқан көк жазығы осы еді. Қазірде аппақ, суық қар басқан. Алыстағы жоталар мен айналадағы өлкелер де панасыз, жүдеу. Айықпас, ауыр мұңға батқан. Бұл күнде Абай көңіліне панасыз, кемтар көрінетін бар сахарасының, бар халқының күйі де осы реңдес. Бір кезде нанғыш, таза бала жүрегі барлық рақат, бақыт осы қырда, ауылда деп алас ұрған болса, қазір Абай қайта жортып келеді. Енді бірақ сондағыдай үміт, бақыт тілегін қаладан іздеп, соны аңсап келеді.

  Бұл уақытта Абайдың жасы 24-ке шыққан-ды. Көз алдынан өзі шегіп өткен жылдардың бірталай күйлері шұбатылып өте берді. Байқап қараса, өмірдің бірталай қат-қабатынан, шытырманынан, бел-белесінен өтіпті. Бір шақта өрге басып, енді міне, қияға қарай да өрлеп келе жатқан тәрізді. Осындай өз тірлігінің бұраң жолын көрді.

  Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір өмір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған еді.

Мұхтар Әуезов. «Абай жолы». Өрде (жалғасы)
Мұхтар Әуезов. Абай жолы (екінші кітап). Тайғақта
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу