Мұхтар Әуезов. Абай жолы (екінші кітап). Тайғақта

Oinet.kz 20-10-2020 6815

Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

1

  Таң алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді. Бірақ әлі талған жоқ. Әлі де кітап бетіне үңілуде. Үлкен үстел үстінде шалқасынан ашылып жатқан кітап бір емес, әлденеше. Әр алуан тілдерде туған бұл кітаптар бүгін осы жерге оқыс келіп, қызық бас қосқан. Абай жақсы ұғынатын шағатай, түркі кітаптарымен қатар, тілін Абай қиналып түсінетін араб, парсы және олардан гөрі де әлі ауырырақ тиетін орыс тіліндегі кітаптар.

  Абайдың жайшылықтағы оқуынан бүгінгі оқуының мақсаты да басқа. Кітаптан алатын білім нұсқаның бүгін тіршіліктің қолма-қол керегі үшін асығыс қажет болған бір шағы еді. Абай соңғы күндерде, әсіресе осы соңғы түнде, өзіне бұрын дағдылы болмаған бір халде. Ол бір ескі «ғалымдар» ма, «рауаилар» ма, солардай бір күйде отыр. Осы жайына өзі таңырқай түсіп, қызығып та қарайды. Парсы, түркі кітаптары бұны біресе Шираздың гүлзарына әкетеді. Самарқанның мазар ғимараттарына қадалтады. Мәру, Мешһедтің миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңілтеді. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселеріне, кітапханаларына тартады. Нелер ықылым замандар бойы асфақани қайқы қылыштары тынымсыз тайталаспен қарш ұрысып өткен араб, парсы, түрік, мұңғыл тарихына да көп-көп көңіл тартады. Осылардан бірауық орысша кітапқа түскенде, Орта Азия, Иран, Араб жер-суы, шөлқұмы, қала-сауда тірлігін айқын тани түскендей болады. Абайды бүгін өзіне үңілдірген – жаңағы елдер мен уәлаяттардың дәл бүгінгі көрінісі.

  Оқи отырып, кей жайларды анық, айқын етіп, хатқа жазып келеді. Керуен көшетін сауда жолдары, үлкен базарлар, атақты қалалар, су жолдары – барлығы да бүгін айрықша керек болған.

  Бұл кітаптардан алған хабардың бәрі қазір аттанатын жолаушы үшін керек. Абай оқи отырып, кей кездерде, бала шақтан көп естіген сонау алыс мұнар ішіндегі шаһар, уәлаяттарға беттеп, «осы сапарға өзім жүрер ме едім» деп, қызығып та қояды. Көрмек, білмекке қызығады.

  Ашық терезеден оқыс соққан салқын жел келді. Үлкен, жеңіл ақ пердені жел үйірді. Шалқыта толқытып кеп, жақын тұрған биік үстелдің үстіндегі кітаптарға төндірді. Перде біресе ойнаған баладай боп, Абай оқып отырған кітап бетін жасыра бүркеп қалады, біресе желпи қағып, кітаптың жазуларын сапырып ұшыруға тырысқандай болады.

  Абай жаңа байқады, артындағы үлкен есік кең ашылып, ар жағында келе жатқан бір сый адамды күткендей екен. Таң атқалы бұл бөлменің есігі ашылып, кісі кіргені осы еді. Абай бұрылып қарай бере, келе жатқандардың кім екенін білді. Жай басып, ауыр тыныс алып, демігіп келе жатқан өзінің шешесі. Бұл күнде денесі ауырлап, жүріс-қозғалысы үлкен қиындыққа айналған Ұлжан есіктен кеп көрінгенде, оны екі жағынан екі әйел қолтықтап, сүйеп келеді екен. Абай орнынан шапшаң тұрып, шешесіне көрпе салды. Түсі Абайға ұқсаған, сәнмен киінген ақсұр сұлу келіншек жастықтар әкеп қойды. Барлық тұлғасы Құнанбай тектес бұл жас әйел – осы үйдің келіні, Абайдың апасы Мәкіш. Екінші әйел – Ұлжанның ауылдан ере жүрген жолдасы Қалиқа. Ол бәйбішенің алдына жалтыраған жез шылапшын мен Қашқардың әсем, сопақ құманын әкеп, су қойды. Мәкіш кең бөлменің ортасындағы топсалы үстелді қайырып жазды да, ашық есікке қарай дыбыс беріп:

  – Ал әкел, жасай бер! – деді.

  Үйге Мәкіштің өзі құрбылас ақ қызыл жүзді, сұңғақ бойлы келіншек кірді. Оқа жаға салған, қара мақпал қамзолы бар, самай шашы майланып, жылтырай таралған келісті келіншек дастарқан жайып, қонақтарға арналған таңертеңгі асты жасауға кірісті. Шешесі жуынғаннан кейін кезек алып, бешпентін тастап, беті-қолын жуына бастаған Абай ұйқысыз түнде басының азырақ ауырлап, зеңіп қалғанын енді сезіп еді. Мәкіш бұны қонақ тұтып сыйлап, қолына су құйып тұрғанда:

  – Мәкіш, суың жайлы тиіп барады, сергіп алайын. Басыма да құйып жібер! – деп бас-мойнын түгел жуып алды.

  Сүртініп, демігін жаңа ғана басқан Ұлжан Абай отырған биік үстелге көз салып, баласының жайын түсінді де:

  – Абайжан, осы сен түні бойы ұйықтамағанбысың? – деп, баласының бетіне қарады. Абайдың өңі ақшыл тартып сұрланып, екі көзі қызарып тұр еді.

  – Жоқ, түн ортасында көз шырымын алдым ғой! – деді.

  – Соншалық сарылғанда кісінің ойы шатаспай ма? «Қойға қасқыр шапқанын неғып байқамай қалдың, ұйықтадың-ау» дегенімде, біздің Қодыға айтып еді: «Ұйықтағам жоқ, бірақ таң алдында көзіме, тіпті түйенің өркеші төртеу болып көрініп отырған шақ еді. Дәл қасымнан өтіп, сүмеңдеп кетіп бара жатқан қасқырды ит екен деп қораға жіберіп алдым» дейтін. Сол айтқандай, түйенің өркеші төртеу болған шақта, мең-зең болған басқа білім қона қоя ма екен, балам-ау? – деді.

Жайлауда

  Кең көгалға жайыла қонған үлкен ауылдың оң жақ шеті өңшең үлкен ақ үйлер. Бұлар мал жататын қотаннан, иіс-қоңыстан, мазасыздықтан әдейі қашаңдап, шалқая қонған.

  Ауылдың екінші шеті мен мал иірілетін орта тұсында отырған өңшең қоңыр үй. Бұл шетте жыртық, шоқпыт лашықтар, құрым қара қостар, кішкене күркелер де бар. «Қоңсы-қолаң» атты көп жанның баспанасы осы жақ. Қойшы шал, қозышы бала, түйеші, сауыншы, жылқышы да осы жақтан шығады.

  Қазір үлкен ауылдың бұл шетіндегі қолы бос жас-желең де, шүйке есіп, ұршық иірген кексе қатын, кәрі кемпір де түгелімен ауылдың екінші жағына құлақ салады. Тегіс алаңдап, солай жүргілері де келеді. Олардың бәрін еліктіріп, аса қыздырған – жалғыз бір шырқаған асқақ үн, ол – ән. Ауыл үстінде шаңқай түсте, бұлтсыз көк аспанға шаншылып шырқаған өктем, әсем жалғыз үн.

  Шеткі үйлердің барлық жаны бұл әншіні бұрын алыстан болса да есітіп, дәндегендей.

  …Бұл көршілер әңгіме еткен «жас келін», «әнші келін» – Әйгерім болатын.

  Қалың қонақ жиылған отау да соның үйі.

  Абай Әйгерімді осыдан үш ай бұрын ұзатып әкелген еді. Қазір басында желегі бар жас келіншек қалың қонақ ортасында, Абай қасында отыр. Бұл екеуінің осы жолғы қонағы да өзгеше. Ол – өңшең қыз, сылқым келіншек пен сәнді сұлу бозбала.

  …Солардың ішіндегі ең көрнектісі және бар жиынға қадірлі, сүйіктісі мынау қос ішекті домбыраны безілдетіп отырған орта бойлы, қызғылт жүзді, кең ақ маңдайлы, нұрлы жігіт. Ол – Арқаға аты шыққан, бүкіл Орта жүзді асыл саз, әсем әнімен ұйытқан Біржан сал.

  Тобықты ішіне сонау алыс Көкшетаудан келген сирек сый қонақ. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері Біржан. Үстінде қара мақпал, кең, жеңіл шапаны бар. Омырауы ағытылған, «сері жаға» ақ көйлектің сыртынан киген сарғылт түсті қытайы жібек қамзолы бар. Оқалы тақиясының жібек шоғы ырғала түседі. Құйқылжыған әніне қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгіп отырғанда, кербез әнші өзі де, жүзіне жылтыр майда рең бітіп, нұрлана құбылады.

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Жұртыма зияным жоқ жүрген жанмын.

Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын,

Өзім ақын, өзім сал, кімге зармын?.. –

деп бір кетеді.

Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» бірінші бөлім. Қияда (жалғасы)
Мұхтар Әуезов. Абай жолы (екінші кітап). Еңісте
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу