Құл базарда болған оқиға

Oinet.kz 11-10-2022 2433

- Жігіттер жұмысқа барасыңдар ма?

- Иә, не бересің?

- Далбандар «не жұмыс?»,- деп сұрамайсыңдар ма әуелі?!

- Бізге не жұмыс болса да бәрібір. Алдымен ақшасын айт!

Screenshot_28.jpg

- Үйімізде бір кәрі ат бар соған.....

- Қыртылдама, брат! Ондай мазақ әңгімең мұнда өтпейді! Сол атыңа шөпті өзің шайнап бер!

- О, шеш... өздері сөз көтермейді тағы...

- Бір тамақ үшін жанымызды жалдап жүрген біздікі. Не жұмыс?

- Жер қазу.

-Ағасы тез қаш!

- Кімнен қашам?

-  Посредниктер келе жатыр әне. «Тұлпар» сауда үйінің артында күт бізді..

Машинаны қаумалап тұрған топты адам түк білмегендей кейін шегінді.

Анадайдан  алқынып жеткен екі жігіт шаң қауып қалды.

- Не жұмыс дейді анау ауди?

- Айлыққа қойшы іздеп жүр екен.

- Біләә, айтпайсыңдарма? Аюды салып жіберетін едік қой.

- Аю бармайды- ау.. -деді, кетік тіс сары шал ерніндегі насыбайын түкіріп жатып.

- Неге бармайды? Барады ол. Қатыны кетіп қалды. Патерден қуылды. Бір апта болды ішіп жүр.

- Мұндағылардың бәрінің қатыны кетіп қалғандар. Қайсысы ішпей жүр дейсің.

- Аузыңа байқап сөйле шал. Мысалы мына мен татып алмаймын.

- Мұнда жүре берсең сенде бір күні жатып ішесің.

Посредник екеу келесі тоқтаған машинаға жүгірген орайда, тұрғандар жапырылып Тұлпардың артына жүгірді.

Бұл топтың арасында кімдер жоқ?! Жас та бар жасамыс та бар.

Алдымен жеткен екеуі машинаға орғып мінді. Үлгірмегені «ай қап!» десті.

- Ал кеттік, айда!

- Мен басқа кісілермен сөйлескен секілді едім негізі.

- Посредник келіп қалады, бол  ағасы!

- Олар не істейді маған?

- Әрбірімізден мың теңгеден қағып алады.

- Не үшін?

- Осы жердің тәртібі солай.

Машина орнынан қозғалды. Орыс жігіті жүргізіп келеді. Жұмыс беруші бұларға мойын бұрды.

- Білә, бар ғой, ішім ашиды өздеріңдей қазақтың жігіттері питакта тұрғанын көрсем.

- Енді не істейміз қатын-бала асырау керек. Кредит бар дегендей.

- Дұрыс қой! Қазақтан құл жасап қойған анау көкелеріңді айтам да. Төбеге қарата сұқ саусағын шошайтты.

- Енді не амал бізде. Бұйырғанын істейміз де.

Жұмыс берушінің май басқан быртық саусағы әңгіме арасында қайта-қайта төбеге көтеріліп қалып жатты.

Артқы салонда отырған екеу күңік ете қалды.

- Аға Ақшасына келісіп алайық алдымен.

-  Апырмай жігіттер, міне келіп те қалдық. Алдымен жұмысты көріңдер, сосын келісесіңдер.

Жүргізушіге қарады.

- Миша, осы жерден бұрылыс жасап тоқта. Машина Астананың ескі орталық көшелерінің біріне аялдады.

- Әйтеуір қаланың іші екен автобус бар. Шүкір! кешегідей қаңғып қалмаймыз.

Көліктен түскен орта бойлы, қозықарын  айтты:

-  Көлік артында Лом, күрек сыпыртқы бәрі бар. Соны түсіріңдер. Мынау жаяу жүргіншілер жолының  жиегіндегі көгалды көріп тұрсыңдар ғой?!

- Иә

- Ендіше қазір сол жерден өзім  өлшеп берем. Тереңі екі, ені бір метірлік   шұңқыр қазу керек.  жиырма төрт мың теңге берем.

- Аз болады аға.

- Аз емес! Жаңа питакта айтпадыңдар ма «істемейміз»,- деп. Басқа балаларды алатын едім ғой. Ылғи да өстисіңдер!

- Азырақ қосыңыз,  жер қатты болуы мүмкін.

- Жиырма бес давай! Келіспесеңдер жол әне, тайыңдар!

- Келдік қой істейміз енді..

- Ендіше келістік. Нөмерімді жазып алыңдар. Болғасын айтасыңдар.

Күн ыстық еді.

Екі жігіттің бірі сумкасынан жұмыс кимдерін шығарды.

- Сенің жұмыс киімдерің қайда?

- Анда сумка көтеріп жүрсең, менттер тисе береді. Сосын ішімнен киіп алғам.

- Қаланың жері тындырған жер, бәле-бәтірдің бәрі бар. Қатты болмаса игі еді?

- Басқа салғанын көреміз. Нар тәуекел!

Далда болар жер жоқ. Ағаштар сирек. Екі жігіт көліктер ағылып жатқан көше бойында тұрып шешінді.

Жасанды көгалдың шымын оп-оңай аршып тастаған екеу келесі де күрек батыра алмады. Кезектесіп лом ұрды. Таптаурын болған майда көк шағылдан ұшқын шашырайды. Әбден діңкеледі.

Түс қайта өздері қазған шұңқырға дәрет сындырған екеу көгалдағы қайың түбінде отырып жүрек жалғады.

Қастарынан өткен сұлу әйелдерге қарап отырып:

- Біз қашан осындай қатын алады екеміз?!

Жол бойындағы жарқыраған көліктерге қарап отырып:

- Бізге қашан осындай машина бұйырады екен, -десті.

Ас қайрып, бет сипаған болды.

Қолы ойылғаны күрекпен ауысты. Шұңқыр түбі балшықтана бастады.

- Су шығып кетті.

- Өлшеші, болып қалды-ау шамасы!

- Бір сексен.

Аяқ киімін шешкен біреуі ұраға секіріп түсіп, қап -қара балшықты сыртқа лақтыра бастады.

-Бір тоқсан жарап қалар. Су шықты деп айтармыз. Тоқтатайық.

- Бұрышын қырлайық.

- Иә, әдемі көрініп тұрмаса, төлемей қиқақтайтыны бар бұлардың. Сен анаған хабарлас келе берсін.

Екеуі қазылған шұңқырды әсемдеп тұрып қырнауға сүт пісірім уақыт кетірді. Өз жұмыстарына разы кейіпте, жымиып отырып шылым тартты.

Басқа жерде де шаруаларым бар деген жұмыс беруші кешігіп болса да келді. Қазылған жерді көріп, жайраң қақты.

- О, бәрекелді жігіттер! Жақсы жұмыс! фото, видоеға алайын. Отчет беруім керек! Қане андағы күректі шұңқырға тасташы. Тағы бір түсіріп алайын, салыстырмалы болсын.

Шұңқырды шыр айналдырып суретке алды. Оны әлдекімдерге жіберді.

«Әбеке, бітірдік» деп жатты.

- Ал жігіттер, енді мына шұңқырды жауып, көміп тастаңдар да ақшаларыңды алыңдар!

- Неге?

Екі жігіттің көзі бағжаң ете түсті.

- Жұмыс бітті!

- Не үшін ақ тер- көк тер болып қазамызда, көміп тастауымыз керек!

- Әй соған да миларың жетпейді ғой. Ертең мына шұңқырға біреу түседі де өледі, не мертігеді. Сосын басымыздан бәле арыла ма?

- Жоқ аға, неге қайта көметін шұңқырды .....

- Көп сөйлемей көм де, ақыңды ал!

Тұрған орында шыр көбелек айналған екеу он бес минутқа жеткізбей, азап топырағын өздері қазған шұңқырға атып ұрды.

- Мыналарың жөн болды ей жігіттер! Еңбектерің адал! мә, алыңдар!

- Рақымет!

- Айтпақшы ертең тағы қазу керек. Келесіңдер ме?

- Рақымет, келмейміз!

- Өздерің білесіңдер онда.

Екі жігіт көшенің қақ ортасында отырып киімдерін алмастырыды.

Көшенің тап ортасындағы  аялдамада үнсіз отырып автобус күтті.....

Ғалымбек Елубай

"Құл базар"

Махаббат періштесі
«Қасқыр қатынның» тағдыры соншалықты қасіретті деп ойламаппын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу