Махаббат періштесі

Oinet.kz 06-10-2022 1068

Қоңыр күздің бір күні еді. Ананың көңіл-күйі болмай төсекте ұзақ жатты. Таң әлдеқашан атса да перделерді ашуға зауқы соқпады. Кеудесін ащы өксік қысты. Жаны жарықты көруге  қанша ұмтылғанымен қараңғылықтан шыға алмай қысылды...

Screenshot_11.jpg

Дәл осы сәт... Жаны жабырқау ананың бетіне жұмсақ  самал соға бастады. 

Бұл не ғаламат? Ана таң қала орнынан көтеріле берді. Төбесінде тұрған махаббат періштесін анық сезді. Ол ананың жанарындағы мөлт-мөлт еткен жасты көріп, қанаттарын желпіп кептіргісі келді. 

- Саған не болды? Неге жылайсың?,- деді махаббат періштесі.

- Мен анамын ғой... Таңға дейін көз ілмей, екі күн ұлдарымды уайымдап күттім. Кеше үлкені, бүгін кішісі таң ата бір-ақ келді.

- Түсінемін.Жүрегің ренішке толып тұр ғой. 

Тағы да жылап алшы. Мен көз жасыңды кептіріп беремін. Жеңілдеп қаласың. Махаббат періштесі ананы аяған сайын, ол өкси берді. Созылып  орнынан зорға  тұрып, кіші ұлының бөлмесіне барды. Алаңсыз ұйықтап жатыр екен. Жүрегі орнына түскендей болып, терең бір күрсінді. Оятып, түні бойы алаңдап, күткенін  айтты.

- Ұйықтай бермедіңіз бе? Айттым ғой, тойдан кейін достарыммен жүрдім. 

Ана қайтадан бөлмесіне  келіп, төсегіне  қисайды. Үлкен ұлы келіп, шайға шақырды. Анасы оған түні бойы інісін күтіп, ұйықтамағанын айтты.

- Бізді іздемеңіз! Кеше мені де іздеп, телефон соқтыңыз. Мұныңыз дұрыс емес. Мен келіншегіме ескертіп, айтқанмын.

Алаңсыз ұйықтай бермейсіз бе?,- деді ол.

- Қалай ұйықтай берем, балам? 

Телефондарың өшірулі. Бір хабар болмаған соң қатты уайымдадым.Заман да тыныш емес. Сендер үйге келгенше көз іле алмаймын. Мен... Мен Анамын ғой...

- Анашым, мені кешіріңіз! Телефонымның қуаты таусылып ,хабар бере алмадым.

Достарыммен бірге болдым.

- Анашым, ренжімеңізші! Көп уайымдай бермеңіз! Біз енді үлкенбіз ғой.

Екі ұл анасының  қолын ұстап, жүзіне қарап, қасында  отыр. Айнала жап-жарық болып кеткендей.

- Перделерді ашыңдаршы.Терезені де.

Бөлмеге  сау етіп сәуле құйылды.

Ананың бойы жеңілдеп сала берді.

- Рахмет саған! Қасымнан табылғаның үшін!

Ана Махаббат періштесіне жүрегі елжірей тіл қатты ...

- Кімге айтып жатырсыз? 

- Кім ол?,- деді кіші ұлы.

- Махаббат періштесі. Ол менің қасымда болды, мені жұбатты. Көз жасымды кептіріп берді. ...Махаббат періштесі .Екі ұл бөлменің төбесін, жан-жағын көздерімен шолып шықты. Кімді іздеп отырғандарын білген ананың жүзіне күлкі үйірілді.

- Періштелер махаббат, сыйластық, мейірімділік пен тазалық бар үйде өмір сүреді. Тыныштықты сүйеді. Алланың ерекше жаратылыстарын қашырап алмайықшы, ұлдарым,- деді ана... 

Фатима Забурақызы

"Махаббат періштесі"

Жүректің оң жақ айқұлағы
Құл базарда болған оқиға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу