Жүректің оң жақ айқұлағы

Oinet.kz 06-10-2022 2473

Жұрт оны емші деп атайтын. Шын мәнінде оның қандай ауруларды емдеп жазғанын осы төңіректе ешкім дөп басып айтып бере алмас еді. Осы бір қызыл шырайлы, бәкене бойлы адамның түпкі үйінің жер төлесінде түрліше әйнек құтыда араққа шылаған жыландар мен кесіртке жұмыртқалары самсап тұратынын ғана білетін.

Screenshot_10.jpg

Көктем мен күз мезгілінде ауылдың кәрі-құртаңдары  басының сақинасы ұстап, шыдатпаса ғана осы кісіге таңдай асты, маңдай үстінен қан алдыратын. 

Берқұтты емші өзге ауылдастары секілді жер емшегін еміп, қорасында мал бақты. Өзін емші ретінде ерекшелеп ұстаған жоқ. Тек шалғы тартып келе жатып, көбелек қуып кететін әпенділігі ғана болушы еді. Жыбыр еткен жәндікті  жыландай қағып түсіп, беліндегі құтысына салып ала қоятын. 

Ол жасаған құпиялы емнің құдіретін жыл он екі ай аурып отыратын кемпірі ғана игіліктенетін. Қашан көрсең жаздық үйін көңірсітіп дәрі шөп қайнатып жататын.

Таулы Алтайдың сары аязы сары масадай ызыңдап тұрған қыс күндерінің бірі.  Қыстақтағы жалқы, жарлы жігіт Хазардың жалғыз  сиыры аузынан көбігі көпіріп, құлап түскен. 

Хазар  самай шашы бұрқырап, көзі жасауырап тұрған әйеліне айтты:

- Тізгін ұшы барда, Бекең емшіні шақырып келе ғой.

Хазардың арабы жылқы тұқымдас ұзын сирақ келіншегінің артынан тыпыңдап Бекең жетем дегенше, ауыл адамдарының біразы жиналып қалған еді. 

Емші келе сала қар тарпып, құлап жатқан қарала сиырдың артқы сирағына отырды. Отырды да, ірі қараның алдыңғы сирағын шап беріп ұстап, көзін жұмды.

Ауылдастарының бәрі демін ішіне жұтып, Берқұтты тәуіптің аузын баққан.

Бекең орнынан су шыққандай қарғып тұрды да айтты:

- Не қарап тұрсыңдар пышаққа іліндіріңдер! Жүрегінің оң жақ айқұлағы жабылып қалған. Мал болмайды. Алал бауыздап үлгіріңдер! Бекерге арам қатады.

Ересектер апыр-топыр іске кірісті. 

Сиырдың сирағын  матады. Бауыздауына қанға сусаған қара пышақты екі қайтара ұрды. Пышақ батпайды.

Бекең айтты:

- Не де болса киелі жануар екен. Сәл төменірек салыңдар пышақты. Пышақ бұл жолы майға салған ыстық қасықтай лып ете қалды. Тұрғандар шу ете қалды.

Оңаза жануардың тамағына мұзды картоп тұрып қалған екен. 

Мойын тұсына дейін өрттей қызарып, сазарған Бекең мас адамдай теңселіп, келген сүрлеуіне түсті.

Емшінің қарасы бата, қасап жігіт пышағын қарға атып ұрып,қысқы даланы жаңғырықтыра  күлді. Хазар ақырып қалды:

- Әй, ақымақ! Онсызда жердің бетімен келіп, астымен кетіп бара жатқан адамды көрге тықпа.

Жаулығының шетімен көз жасын сүрткен Хазардың әйелі іші-қарын аршудың қамына кірісті. Жиналғандар біртіндеп  тарай бастаған. 

Топ ішіндегі ең жасы үлкен кісі айтты:

-  Көңіліңді түсірме келін қарақ! Онан да «жұртым тарықпасын»,- деп тіле. Елде болса ерінге тиеді. Ағарғансыз қалмассың! Малдың емес, жұртыңның жүрегі жабылып қалмасын!

Осы күні кеште өз қорасындағы сауып ішіп отырған екі сиырының бірін  жетелеп келген Бекең қоярда қоймай Хазардың босағасына байлап кетіпті. 

Сол күннен бастап, Берқұтты емші адам да мал да емдемейтін болды. 

Тек көктеммен күзде басының сақинасы ұстап, бебеулеген қариялар Хазардың қарала сиырын қарғап жүрді.

Ғалымбек Елубай

"Жүректің оң жақ айқұлағы"

Бір жарғанат өлтірсең - бір адам өлтіргенің
Махаббат періштесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу