Жақсының аты өлмейді

Oinet.kz 21-09-2023 226

Screenshot_28.jpg

Жабыққан жардың жанарын,

Жауындатқызып келдің сен.

Жүрегін жетім баланың

Дауылдатқызып келдің сен.


Көздерім көл боп төгілді –

Әкемді жалмай келдің сен.

Мендегі мылқау көңілді

Сөйлетіп қоя бердің сен.


Гитлердің жалғыз көзінен

Жарты әлем қаусап қалған күн

Жарылған жарық төсінен

Жаралы ой теріп алғанмын.


Мен Күннен дәйім соң батып,

Мен Таңнан бұрын атамын,

Тыныштық қамын толғатып,

Тынымсыз ойлап жатамын.


Құлақтан, көзден сауылдап

Құйылар ойлар самал боп,

Кейде асқақ, кейде бауырлап

Самғаған мен бір самолет.

Түркістандық ақын Қаныбек Сарыбаев «Ойларым» өлеңінде осылайша толғанып, оқырманын сан түрлі ойға түсіреді. Ақын жаны адалдықтан тұратын. Жалған сөзді, жалған күлкіні, жалған жүріс-тұрысты жек көретін. Өскен өлкесін, туған жерін ерекше жақсы көретін. Өз бақытын туған жерінен тапқан ақын «Бақытым сенде Түркістан» өлеңінде:

Лаулаған қызыл-ала бантиктері,

Түркістан гүл бағыңда шалқыт мені,

Өзге емес өзіңнің тең құшағыңда

Жанымның жылдар бойы бар күткені.


Қызық қой қырмызы бет анарың да,

Ұқсатып сүйіктіме қаламын да,

Маздаған махаббаттың оттары бар

Ақ маңдай қыздарыңның жанарында!


Шаттыққа толтырдың жас уақытымды

Шат әнім ағыл-тегіл ағытылды,

Басқа емес сенен ғана іздеп жүрмін

Қара көз, алма мойын бақытымды! – деп жырлайды. 


Ал, «Отырардың оттары» өлеңінде:

Өзіңе келген сайын, Отырарым,

Әкетем жырдың сұлу тотыларын,

Бір тарихты баяндап сөйлеп кетер,

Қолыма алсам бір уыс топырағың.


Топырағыңнан томсарған қызыл күрең,

Халқымның қан боп түскен ізін білем.

Топырақ емес қолдағым – ер жүрегі,

Сөйлеп тұрмын мен соның қызуымен!


Құлағыма кешегі күй келеді,

Қиялымды кейінге сүйреледі.

Міне, менің алдымнан өтіп жатыр,

Отырардың қоңыраулы күймелері.


Әндетіп атады екен алтын таңы,

Сәулесі қала кезіп, жарқыдады.

Толтырып, тіршілікке көшелерің,

Өмірін түскен халқы әрі.

Қандай сұлу, япырай, түнгі кейпі,

Мақпал самал түбіттей үлбірейді.

Отырардың оттары жер көзіндей,

Қараңғылық көрпесін тілгілейді.


Дүниенің бар сыры жиылыпты,

Дариясы білімнің құйылыпты.

Европа мен Қытайды дүбірлетіп,

Баршылық барабанын жиі ұрыпты.

Шаттық отын шалқытып, шар тарап үй,

Аңқылдата есіпті арқаға күй,

Көкірегін күнге ашып туыпты онда,

Мұхаммет Әбу Насыр Әл-Фараби.

 Дәуірге күйінді ме, сүйінді ме,

Білмеймін, кітаппенен киінді де.

Бірінші боп Фараби көтерілді.

Косманавша ғылымның биігіне.


Айтуынша тарих – төрешінің,

Ашты алғаш көп жұмбақтың сол есігін.

Екінші Аристотель десе әлем,

Бар шығыс паш етеді ол есімін.


Фараби көңілдердің кешіп селін,

Көбейткен көкіректің есіктерін.

Қазір де Каирдың кең залдарынан,

Сөйлеп тұрған дауысын есітемін.


Қорғанның сипап, сүйіп бір кесегін,

Батыр бабаларыммен тілдесемін.

Жеті ғасыр шегініп, о, оқушым,

Солармен сұрапыл күн кешемін.


Өртке оранды қаланың бар боздағы,

Шарпып оты соғыстың сан маздады.

Отырарды қамалап, қансыратты,

Сұм Шыңғыстың сүмелек сарбаздары.


Қызыл жалын кемірді жалақтаған,

Кітаптарды Фараби парақтаған.

Арын сатып алдамшы ел болғанша,

Жер болуды япыр-ай қалапты адам.


Аспан ұлып шатынап шақпақ жақты, 

 Қала орнында қан бөккен батпақ жатты.

Ғазиз далам ержүрек ұлдарына,

Монумент қып төбені сақтап қапты, - дейді. 

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бақытжан Алдияр Қаныбек Сарыбаевқа деген сағынышын ерекше толғаныспен тебіреніп жеткізді. «Қабылан мінез Қаныбек» атты сағыныш хатында былай дейді:

  Мен ол кісімен сонау 1991 жылы таныстым. Облыс орталығында бір айтыс болды да, Қазығұрт ауданының атынан мен келдім. «Шымкент» қонақүйінің үшінші қабатында қасымда сол кезде мені қай жерде өлеңнің басы қылтиса, сонда жетелей жөнелетін ұстаздарым Қазыбек Тәжиев пен Болат Қалыбеков бар, кешқұрым үшеуміз аядай бөлмеде тынығып жатқанбыз. Бір уақытта сыртқы есік әлдекімнің тегеурінімен шалқасынан ашылды да, біреу ентелеп кіріп келді. Жай ғана кіріп келе қойған жоқ, аса бір асқақтау, адуындай мінезбен кірді. Келе салып бұрышта сүйеулі тұрған домбыраны қаттырақ қағып-қағып жіберде де:

Мен деген Сарыбаев Қаныбекпін,

Қайтқан жоқ Қаныбектен әлі де екпін,

Бағанағы сары бала мұнда екен ғой,

Қарсы келіп жығылған бәрі бектің.

«Сол баладан бірдеңе шығар» деген

Біразы жетті бізге мәліметтің.

Болса – құй, болмаса – х... ашығын айт,

Ақиқатты бастан-ақ тәлім еткін.

Сен болмасаң, аржақта ақындар көп,

Айтарыңды айт, әйтпесе әрі кеттім, - деп көсіліп барып бір-ақ тоқтады. 

Сол-ақ екен, құлағыма Болат ағам «ойбой мынау Қанекең ғой» деп сыбырлады. Содан не керек, сол түні біздің бөлмеде әрқайсысынан 5 сомнан есептегенде (күлмеңіз, жасырған түріміз ғой), 30-35 сомның ащы суы ішілді. Мен, ол кезде, әрине, ол пәлеңіздің дәмін онша айыра алмаймын. Көз алдымда өзіме өлеңдері арқылы сырттай таныс тірі ақын десте-дестелеп, кейде орынан тұрып кетіп, кейде әрлі-берлі бөлме кезіп өлең оқып тұрды. Әр сөзін қорытып алуға тырысам. Қорғасындай-қорғасындай өлеңдер. Қанеке: «Жер емес, Аспанмын, Көбіңнен асқанмын...» - деп тұрды. Ол шынында да сол түні өзін аспан астында жалғыз тұрғандай сезініп еді-ау... Бір есімді жисам, шамамен таң атуға жақындап қалған кез болар, Болат пен Казыбек ағаларым бірі ұйқыда, бірі жоқ, Қанекем жалғыз өзі отыр екен. Қасына барған маған тесіліп ұзақ қарап тұрды да «Бұдан былай мен сенің ағаңмын, сен менің інімсің», - деп бетімнен сүйді. Сосын, қалай тез сауығып кеткенін қайдан білейін-ай, лып етіп жеңіл көтерілді де шығып кетті. Қаққан қазықтай қалшиған күйі мен қалдым. Біздің алғашқы кездесуіміз осылай өрбіген болатын... 

Жаңа ғасырдың жаңа көктемі еді. Дүние көкпеңбек. Жұмыста отырғам. Мархабат ағам айтпақшы, біздің жұмыстың «алды - парк, арты – арық». Қаладағы Абай саябағының қарама-қарсысында. Кейде екі қолыңды төбеңе қойып, көкшіл дүние – саябаққа қойып кеткің келеді. Ара-тұра бастығымыздың көзін ала бере зып ете қалатынымызды несіне жасырайын?! Дәл сондай күндердің бірінде кешке таяу сол баяғы тек өзіне ғана жарасып тұратын мінезбен Қанекем жұмыс бөлмемнің есігін шалқасынан ашты. Әлде ол кісі жақындағаннан есік біткен өз-өзінен ашылып кете ме, кім білсін-ау. Табалдырықтың арғы жағында тұрып «Бастығың қайда, ей?» - деді. Мен де жұмысым бастан асып, шаршап отырғам. Қырсығып, «Бастық бағып отырғам жоқ» дедім. Сосын, ал кеп бір сойқан басталды дейсіз. Қанекем бір оталып барып тежелді де «өй бастығыңды да, сені де...», - деп шықты да кетті. Тағы да сол баяғы күйімде есі ауысқан адамдай отырып қалдым. Бір мезет ал кеп ашуым шықсын. Сосын қаладағы таныс-білістер арқылы ол кісінің ауырыңқырап, ел «Роща» атап кеткен жерде жатқанын біліп алдым. Қырсыққанда жол-жөнекей алдымнан біраз жолдастарым жолығып, туған күн тойлап кеттік. Өй, не керек, содан түнгі сағат он екілер шамасында әлгі ауруханасына әрең жеттім-ау. Түнгі қонақты кім қабылдай қойсын, есіктердің бәрі тарс жабық. Бергі бұрыштан ғана бір бөлменің жарығы жылтырайды. Сол терезенің түбіне бардым да, ішімде мықты қызуым бар, тура бір құрдасымды шақырғандай-ақ «Қаныбек» деп айқайладым. Біреу үңіліп қарағандай болды. Таныс дауыс «түн жарымында қаңғыған кім, әй бұл?», - деді. «Шық», - дедім. Шықты. Әріректе бір топ қайыңның түбіне барып отырдық. Қолында бір-екі шиша. Ұзақ үнсіздіктен кейін Қанекем: «бүгін нешесі?», - деп сұрады. Наурыздың он үші болатын. Сосын, ауыр бір күрсініп алды да: «бүгін менің туған күнім» , - деді. Ары қарай әдетінше тісін шықыр-шықыр еткізіп алды да,

«Наурыздың туылыппын он үшінде,

Жолым болмай жүргені сол үшін бе?», -

деп басталатын өлеңін оқыды. Содан кейін ғана шешіле бастадық. Әңгіменің басы Мұқағалидан басталып, мен жыға тани да бермейтін жастармен аяқталады. Қанекеңнің есте сақтау қабілеті сонда мені қатты таң қалдырып еді. Әлдебір жас ақынның бір шумақ өлеңін жатқа оқиды да «керемет емес пе?» деп бетіме қарайды. Бас изей берем әйтеуір. Менің ұзақтау бір өлеңімді бастан-аяқ жатқа соққан кезде көзімнің алды лықылдаған жасқа толды да қалды. Ара-арасында Қанекем ұзақтау бір ойға түсіп кетеді. Екеуміз де үндемей қаламыз. Сосын, сол үнсіздікті Қанекем селт еткізер даусымен қайта бұзады:

Берген емес маған атақ бермейді,

Күндейді ғой, жүндейді ғой мендейді.

Ертең менің атымдағы сыйлыққа

Таласарын түсінгісі келмейді.

Өлеңімнің өлмейтіні хақында,

Қам жемесін жақыным да, жатым да,

Қазақтағы сыйлықтардың көбісі

Сыйлық алмай кеткендердің атында,

Деп еді ол толғана сөйлеп. Көктемнің түні. Сол түні таңда Қанекемді бөлмесіне шығарып салдым. Ол бір жан-дүниеңе көктем енгізіп, миыңда миллиондаған реакциялар жүріп өткен рахат бір сәт еді...

Тағы бірде Қанекеме кейін жазылған «Қаныбек айтыпты» дейтін өлеңімді оқып бердім. «Мені Қаныбекше түсініпсің-ау», - деді. Сосын, баяғы әдетінше үндемей тұрып-тұрып арасында:

Ұнататын өлеңімді, өңімді,

Сұлулардың сүлейі едім көңілді.

Тоңқандаған топастарға осыным

Төсектерін былғағандай көрінді, - деген шумақтары бар өлеңін оқып берді.

1997 жылы облыс орталығындағы облыстық драма театрында мүшайра өтті. Қанекем де келген. Қызулау қалпы шығып өлең оқыды. Жақсы өлең. Қазылар алқасы аздап бұрыңқырап жіберді ме-ау, ұрымтал жерден ұрыңқырап жіберді ме-ау, кім білсін, әйтеуір сол мүшайрада Қанекеме ешбір жүлде бұйырмады ғой. Бір мезет екінші қабаттағы фойенің терезесі алдында Қанекемнің жалғыз өзі отырғанын көрдім. Мені көріп, кілт бұрылды да, залға қайта кіріп кетті. Ашулы екенін біліп тұрмын. Сосын залдың артқы жағында отырып, мынадай «зәпіскі» жазып жібердім:

Сарыбаев Қаныбек,

Сабаңа түс сабыр ет.

Сіз де, біз де сандалып

Сағым қуған ғаріп ек.


Мүшкіл халді мүшәйра,

Мүлмүлкиге ұқсай ма?!

Алу үшін жүлдені,

Керек Сізге үш айла:


Бірінші айла – қалтаңыз,

Екінші айла – «қартаңыз».

Үшіншіден – пана етер

Керек тағы «қалқаңыз».


Осы үшеуі болмаса,

Мұнда келу далбаса.

Еленбейсіз тәңірге,

Жюри көзін салмаса.


Сарыбаев Қаныбек,

Сарсаңға бұл нағылет.

Сыра – бізден, сыр – Сізден,

Тілегімді қабыл ет!

 Кішкене бір бала бір жапырақ қағаз әкеліп берді. Қағазда: «Әумин! Тілегің қабылданды, пендем!» деген жазу бар екен.

Баяғы ауруханада Қанекем тағы да жатыр екен дегенді естіп, көңілін сұрай бардым. Жүзі солғындау, жалт қарағанда жанарының бір қиығынан жарқ ете қалатын отты байқай алмадым. Әңгімелесіп біраз отырған соң, аяқ астынан «өлең оқиыншы», - деді. Ілеріде оқиын деп айтпай-ақ ақтарыла кететін ақжарма жүрек, ақпа бұлақтың сол бір сөзі жүрегімнің әлдебір тамырын бүлк еткізген сонда. Бір сағатқа жуық өлең оқиды. Әбден атқарылды. Сосын: «Ал, мен болдым. Енді өлеңді өздерің жазып алыңдар», - деді. Кеудемдегі бір уыс еті құрғыр өзінен-өзі шым-шым етті-ай сонда. Өлең оқышы деп еді, соңғы жазған, жабығу мен зарығудан туған ұзақтау «Мархаббатты жоқтау» дейтін циклымды (бұл жерде «жоқтау» деген сөзді іздеу, аңсау мағынасында түсінген дұрыс) түгел оқып бердім. Қабылан тектес мінезі бар Қаныбек – менің Қаныбегім жылады-ау сонда. Жасы толы жанарын жұмып отырып:

Саудагердей ойлайтын базар қамын,

Күні-түні сезем бір ажал барын.

Кімге мұра, кіге нәр болады екен,

Мұңы басым, жетімек ғазалдарым, - деген ол сонда. 

«Мені де біреу жоқтай ма екен?» деген. Ол біздің соңғы кездесуіміз екенін қайдан ғана білейін-ай... Ай, адамизаттарым-ай! Пендеміз ғой кейде Алланың әзірейіл атты періштесін «сұм ажал», «мейірімсіз ажал» сырттай қарғап сілеп жатамыз. Онымыздың бекер екенін біле тұра солай айтамыз. Соның бәрі жаныңа жақын жанды жоғалтудан, қабырғаға ауыр қайғыдан емес пе?!

Бір күні «Қанекеңнен айырылдық» деген естігің келмес сөзді де есіттік. Күні бойы жынды адамдай болып жүрдім де, түсінетін жалғыз кісі болғандықтан, бастығыма «ауырыңқырап тұрмын» деп үйге қайттым. Үйге қалай сиясың ондайда?! Канекем де сыймай кетті ғой. Үйге емес-ау, жердің бетіне. Адамдардын арасына. Өзі туған Түркістанға да, Отырарға да сия алмады. Бәлкім сыйдырмағанда болар, кім білген-ай...

Былтыр түсіме енді. Түсініксіздеу түсімді дәл түстеп бере алмаспын-ау, дегенмен Қанекемнің жүзі баяғы соңғы рет көргендегімдей аздап солғындау еді. Өлең оқығысы келе ме-ау, бірдеңе айтқысы келе ме-ау, сонау пионерлер айтысынан-ақ қызыл галстуктерін сүйрелеп жүретін шәкірттері Бекарыс пен Жәкеңді сұрай ма-ау... Қабағы қатулы. Бұрылып жап-жарық бір есікке кіре бере оянып кеттім. Түңгі сағат үштің кезі екен. Ұйқылы-ояу Түркістанға, Бекарысқа қоңырау соқтым. Ояу екен. Беймарал футбол көріп отырған болса керек. Аздап ұрсыңқырап қойдым ба қайдам, әйтеуір Қанекеңнің басына барып, құран оқытуы керектігін айттым-ау деймін. Айналайыным-ай, ренжіп қалмады ма екен?

 Алдыңғы жылы ғой деймін, мен бір бастама көтеріп, оны Бекарыс інім іліп әкетіп, әлгіндегі өз өлеңіндегідей Қаныбек Сарыбаев атында үлкен бір мүшәйра өткізбек болғанбыз. Оған нарқасқа Нарағам (Нармахан Бегалыұлы ғой) бастаған, марғасқа Мархабат ағам мен хан қызындай Ханбибі апам және әр сөзін әдіптеп жазар Әбілда ақын қоштаған бір топ кісілер имзасын, яки қолдарын қойып, Бекарыс Түркістанға жөнеген. Қаланың әкіміне һәм сондағы әкім-қара, атқамінерлерге. Ол кеткеннен мол кетті. Қалтаевша айтсақ, «Хат та жоқ, қара қағаз да жоқ». Өмір бойы Түркістан деп, Отырар деп өткен, көшелерінде теңселіп жүріп, теңдессіз жырлар жанын жарып шыққан шайыр – «Қабылан мінез Қаныбек» атындағы мүшәйра солайша өтпей қалды. А-а-а-ай, адамизаттарым-ай...

 Дүние сол қалпы. Келгендерді қарсы алады. Кеткендерді шығарып салады. Уақыт та баяғы орнында тұрғандай. Осы кейде «уақыт өтіп барады» деп шыр-пырымыз шығатыны бекер ме деймін?! Уақыт емес, біз өтіп барамыз-ау?!

 Қанекемнен соңғы рет сырласқан аурухана маңындағы ақ қайыңдар сол орнында. Желмен бірге тербетіліп, сыбырлай ма-ау, күбірлейме-ау... Жалғыз өзім отырмын. Жалғыз өзім ғана. Әне-міне, бір бұрыштан Қабылан мінез Қаныбегім шыға келердей елегізимін.

Біраз уақыт бұрын басына барып қайтқам. Сонда: «О, Жаратқан-ай, дүниеге сыймай кеткен адуын ақынды мына бір төмпешіктің астына жасыра салған қандай кұдірет?» деп ем. Күпірлік жасадым-ау...

Сөйтсем, Қабылан мінез Қаныбек тірі екен ғой. Алматыға барсам да, Астанаға барсам да, қайда да болса алдымнан Қанекем шыға келеді. Ол тұла бойы өлеңге айналып кеткен екен дә. Алматыда жас ақындардың «жоспарланбаған» бас қосуы өтіп жатты. Бір уақытта Тараздан келген жас жігіт тура баяғы Қабылан мінез Қаныбекше орнынан ұшып тұрды да, Қанекемше тісін шықыр-шықыр еткізіп, тағы да сол Қанекемнің дауысымен Қаныбектің өлеңін жатқа соқты. Отырған орнымнан әзер тұрып барып, бетінен сүйдім. Сөйтсе-е-ем, Қаныбегім жалғыз емес екен. Өзге де Қаныбектер бар екен онда. Отырған жеріміз – Жазушылар одағының қарама қарсысындағы аядай саябақ болатын. Менің есімнен Шымқаладағы бүгінде Абай атам қатулана қарап тұрған саябақ пен аурухана маңындағы ақ қайыңдар кетпей қойды. Ал, болашақ Қаныбектер шеттерінен өлең оқып жатты. Қанекемнің өлеңдерін».

Бақытжан Алдияр аға-досы туралы осылайша толғаныпты. Ол ғана емес, Қаныбек ақынмен қатар жүргендердің көбі ерекше еске алып, айрықша айтып жүреді. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді деген осы болса керек. Қазақтың Қаныбегі Бақытжан ақын айтқандай, тірі жүр. Ол өлеңге айналды. 

Мархабаттың көркемдік құпиясы
Қырық бесінде қыран боп ұшқан Қазиев
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу