Мархабаттың көркемдік құпиясы

Oinet.kz 21-09-2023 480

Жазушы біздің мектепке кездесуге келді. Өте қарапайым екен. Жылы жымиып, шын ықыласымен күлімсіреп келе жатты. Орнымыздан дүр көтеріліп, ду қол шапалақтадық. Ол кісі соған ыңғайсызданғандай көрінді. «Рақмет, айналайындар, отыра беріңдер», – деді. Біз Батырбек Өтеп атындағы өнер мектебінде оқитынбыз. Жазушымен кездесу өте қызықты да әсерлі өтті. Ұстаз апайларымыз да, біз де риза болдық. 

Screenshot_27.jpg

Сол кездесуде жазушының жүзінен де, жанарынан да бір мұң байқағандай болдым. Әзіл-қалжыңды, көңілді әңгімелерді жиі айтады екен. Алайда, бәрібір, мұң сезіліп тұрады. Оның себебі неде екен деп ойладым. Мархабат Байғұттың бірқатар шығармаларын оқығанмын. Оқып та жүргенмін. Маған «Қозапая» деген әңгімесі қатты ұнаған. Менің аталарым мен апаларым да, әкем мен анам да мақталы өңірде, жер жаннаты Жетісай жақта туып-өскен ғой. Көп оқушылар қозапаяның не екенін біле бермейді. Ал мен біршама жақсы білемін. Қозапаяны. «Ақ алтын» жиналып алынғаннан кейін мақталық алқапта қызылқоңыр қозапая қалады. Мархабат Байғұт ғажап суреттейтіндей, ақ ұлпасы теріліп біткен соң қаудыр-қаудыр қауашағын жел ұшырып түсіріп, қалғандары қоңырау қағып тұрар. Сол қозапая, яғни мақтаның сабағы отын ретінде тас көмірден бетер бағалы. 

«Қозапая» әңгімесі туралы сыншылар көп жазған. Киім-кешегі жүдеуленген Есқара сыныптастары Диана мен Балайымдардан намыстанып, мектептен қашып кетеді. Шешесі сауда соңына түскен болып, сандалып кеткен. Әкесі Ерсәлім жыл сайынғы қоңыр күзде қозапая тасып, табыс табатын еді. Енді ол кәсібінен де айырылып, «ғарышқа ұшып» кете барады. 

«Биыл бастан-аяқ киіндіріп, бәтеңке әперемін-ақ деп жүр едім, болмасқа кетті, балам, – деді түтігіп. – Арбадан да, аттан да, қозапая тасушы деген құқымыздан да жұрдай болып, жұтап қалдық». Міне, жазушы «Қозапая» әңгімесінің бас кейіпкері Ерсәлім арбакештің шарасыз күйін осылай бейнелейді. 

Мархабат Байғұттың «Киікоты» әңгімесін де мектепте жүріп оқығанмын. Кейінірек қайталап оқыдым. Жалпы мен жақсы көретін жазушыларымның қатты ұнаған шығармаларын әлсін-әлсін қайталап оқимын. Ал Мархабат атамыз бұл ретте ең бірінші орында тұрады. Мен үшін. Сондықтан да «Жас Мархабаттанушы» атандым. «Киікоты» әңгімесінің кейіпкері Қиса – өте қызғылықты бейне. Оқып шыққан адам оны ешқашан ұмытпайды. Қисаның да, оның аурушаңдау әкесі Ормантайдың да туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншіліктері, махаббаттары жүрек тереңінен мәңгілік орын алатыны анық. Киікоты сынды киелі өсімдікті де қаламгер шеберлігі арқылы қымбатты, қасиетті дүниеңізге қалай айналдырып алғаныңызды білмей де қаласыз. Қазақ көркемсөзінің көшбасшыларының бірі Шерхан Мұртаза осы «Киікоты» әңгімесі туралы арнайы толғау жазған. 

«Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі көкірегінде. Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар», – деп жазыпты сол толғауында Шерхан Мұртаза. 

Эссеміздің бас жағында жазушы атамызбен өнер мектебіндегі кездесу жөнінде жазған едік. Мұң туралы ойланғанбыз. Сол кездесуден соң мен анашыммен әңгімелестім. Жазушы жанарындағы мұң туралы айттым. 

«Сен ол кісінің біраз ғана әңгімелерін, біршама мақалаларын оқыған шығарсың. Тағы да оқи түссең, түсінесің. Әзірше «Әдебиет пәнінің періштісі» деген хикаятын оқып көрші», – деп кеңес берді. 

Шынымды айтсам, «Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятын оқу өте ауырлау соқты. Жазушының қандай әңгімесін немесе мақаласын оқысаң да, бірден баурап, ынтықтырып, қызықтырып әкететіні аян. Мұны мен ғана емес, әдебиет зерттеушілері де, сыншылар да, озық ойлы оқырман қауымның өкілдері де жиі-жиі жазып, айтып жүр. Ал кейбір жазушылардың шығармаларын біраз оқи бастағаннан-ақ ары қарай жалғастыруға жалығып, ысырып қоя саласың. Анашым кеңес берген повесті тауып алып, бас алмай оқып шықтым. Ара-арасында қайта-қайта жыладым. Әдебиеттен сабақ беретін, қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне арналған кабинетті көркемдеймін деп жүріп, боранды түнде қаза тапқан қайран ұстаздың тағдырына жыламау, тебіренбеу мүлде мүмкін емес. 

«Әдебиет пәнінің періштесі» хикаяты әке мен баланың арасындағы аса күрделі қарым-қатынасты, қимастық сезімді, жас ұстаз бен оны жан-жүректерімен жақсы көретін жас өскін шәкірттері арасындағы сағынышты пәлсапалық-психологиялық баян арқылы береді. Нағыз көркемдіктің, тіл құнарының үлгісіндей шығарма. 

Қапыда қаза тапқан, өтпелі кезеңнің өкпек желі өтінде ажалға ұшыраған адал, аңғал Баубек алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлын пір тұтады екен. Мағжан мен Жүсіпбектің, Баубек Бұлқышевтің шығармаларын жатқа оқитын болған.

Кейіннен осы повесть туралы жазылған мақалаларды да іздеп тауып оқыдым. Сәрсенбек Сахабат «Мұң мен мейірім» деген зерттеу мақаласында хикаяттың көркемдік қуатын жан-жақты ашып көрсетеді. Шығарманың қазақ прозасындағы формалық жаңалығын айқындайды. Классик жазушы Дулат Исабеков пен ақиық ақын Нармахан Бегалыұлы да «Әдебиет пәнінің періштесін» биік бағалапты. 

Біз анашым екеуміз осы хикаят туралы ұзақ пікірлестік. «Сен жас Мархабаттанушы атанып жүрсің ғой, – деді анашым Ақмарал Асанқызы. – Ол аттың үдесінен шығу оңай емес. Оқып-тоқуды тереңдете түскенің абзал». 

Мен мектебімізде өткен кезедсуде өзім байқаған жазушы жүзіндегі мұңның себептерін біршама нақты ұғынғандай едім. Мархабат Байғұттың басқа да шығармаларын қайталап оқитын болдым. Жаңа дүниелерін жібермеуге тырысамын. Әсіресе, «Әдебиет пәнінің періштесіндегі» Баубек ұстаздың бейнесі, ой-пікірлері, арманы естен кетпейді. 

«Шыным сол, кім болса ол болсын, біреудің қабағынан кірбің байқасам, соған да тап өзім кінәлідей мазам қашып сала береді. Үлкеннің де, кішінің де, әсіресе балалардың қабақ шытқанына шыдас бере алмастан, шарқ ұратын жұқана жүрек менде еді... Осыны, тіпті өзге түгіл әкемнің өзі де түсінгісі келмейтін. Біле тұра, тани тұра, терең-терең сезіне тұра, мойындағысы жоқ-ты. Солай емес пе еді, әке?!» – дейді Баубек. 

Мархабат Байғұттың «Интернаттың баласы», «Патефон», «Таудағы андыз», «Машаттағы махаббат» сияқты хикаяттары мен жүзге жуық көркем әңгімелері қалың оқырман қауымының жүректеріне жол тапқан. Қазіргі кезде, кітап оқылмайды дейтін заманның өзінде бұл жазушыны іздейтіндер баршылық екенін әңгіме ететіндерді көріп жүрміз. Қаламгер атамыз осыдан оншақты жыл бұрынырақта «Кітаптан алыстаған ұрпақтың келешегі күңгірт, болашағы бұлдыр» деген мақала жазыпты. «Егемен Қазақстан» газетінде бір бетті алып жарияланған екен. Осындай өткір ойлы, өзекті мәселелерді қозғаған қаншама публицистикалық толғамдары бар. Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев сияқты классиктер туралы жазған әдеби-сын туындылары, Ғафу Қайырбеков, Тоқаш Бердияров, Сәуірбек Бақбергенов, Қалдарбек Найманбаев, Қалаубек Тұрсынқұлов жөніндегі эсселері өзгеше әсерлі оқылады. Көркемдік, әдемі әзіл, ұшқыр ой үйлесіп жатады. 

«Желтоқсан және туған тіл», «Әуезов.Тіл.Оңтүстік», «Өліара шақтың өзі еді», «Ерендер кереңдерге айналмағай» сияқты мақалалары ана тілінің тағдыры алмағайып кездерде жазылған. «Ойланайықшы, жас қазақты. Желтоқсандағы қарусыз көтеріліске алып шыққан ғажайыптардың бірі һәм бірегейі – Тіл. Иә-иә, біздің туған тіліміз, түркі текті қазақ тілі болатын!» – дейді публицист қаламгер. 

Ал «Тазалық» деген толғамында: «Адамшылық та, адалдық та, қанағат та тазалықтың топырағында ғана өсіп-өнеді. Тап-таза, толық тазагерлікке жетпесеңіз-дағы, тал бойыңызда тазалықтың «топырағы» қалай да болмаққа керек. Тазалыққа ұмтыл, қазақ! Тазар, қазақ! Тәуелсіздікке қалтқысыз қызмет ету үшін!» – дейді. 

Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы: «Оян, қазақ!» десе, Мархабат Байғұт: «Тазар, қазақ!» дейді. Біраздан бері Мархабат атамыз тағы бір маңызды мәселе көтеріп жүр. Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Абайды оқы, таңырқа!» десе, бүгіннің қаламгері Мархабат Байғұт: «Абайды оқы, орында!» деген ұран көтеріп келеді. Осындай кітапша шығарды. «Әл-Фараби һәм қайырымдылық хақында» деген кітапшасы да жұртшылықтың қолында жүр. 

«Жас Мархабаттанушы» атанғанымды айттым. Осы атқа лайық болуға ұмтылып келемін. «Мархабаттың көркемдік құпиясы неде?» деген тақырыптың төңірегінде көбірек ойға берілемін. Әрине, әрбір талантты жазушының, шынайы қаламгердің өзіндік өзгешелігі болатыны белгілі. Көркемдік құпиясы бар екені аян. Ол құпияларды ашу оңай емес. Құпиялардың басым көпшілігі жұмбақ күйінде қала береді. Сонысымен қымбат. 

Мархабат Байғұттың көркемдік құпиясының бір ғана бетін болжайтындаймын. Ал ол құпиялар бір ғана бет емес, ондаған, жүздеген беттен тұратын кітап сияқты шығар. Бір ғана бет деп отырғаным сол, ол кісі Адамзаттың Абайы айтқан Үш Иманигүлді шын махаббатпен сүйетін секілді. Алла тағаланы және сол Жаратушы махаббатпен жаратқан Адамзатты, бұларға қоса Хақ жолы – Әділетті. Сондай-ақ бұл жазушының көркемдікке ғашықтығын да айрықша атап өтер едім. Өмірдегі, табиғаттағы, өнердегі көркемдікке, сұлулыққа, әдемілікке деген Мархабаттың махаббаты, адамдағы жан мен тән көркемдігінің үйлесіміне, ұнасымына, жарасымына ғашықтығы көптеген көркем дүниелерінен сезіліп тұрады. тіпті бір әңгімесіндеі кейіпкерлерінің есімдері де Үйлесім, Ұнасым, Жарасым ғой. 

Жамал Анарбай, Мархабаттанушы

Жұлдыздай жарқыраған журналист
Жақсының аты өлмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу