Әдебиетті өз әлеміндей көретін оқушы

Oinet.kz 01-12-2023 136

Киелі Түркістан қаласының ортасында орналасқан «Керемет» бастауыш мектебі бақытты балалардың сүйікті мекеніне айналғалы қашан. Білім ордасынан кіп-кішкентай бал тілді балалар білім нәрімен сусындап, жан-жақты тәрбие алып, оқып-білуге құштар болып, әлемді тануға ұмтылып шығады десек артық болмас еді. «Кереметтің» осындай талапты да талантты оқушысының бірі және бірегейі – Түзелбек Дінмұхаммед Лесбекұлы.

Screenshot_3.jpg

Аталған мектептің балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Г.Жадилова: «Дінмұхаммед мектеп табалдырығын 2019 жылы аттады. Алғаш сыныпқа келгенде өте тұйық, ұялшақ, тәрбиелі бала болды. Көбінесе достарымен араласпай жалғыз болуды қалайтын. Бірінші сыныпта тек менің айтқанымды орындаумен шектелді. Екінші сыныпта пандемияға тап келіп, онлайн оқыдық. Телефонның арғы жағынан баланың қабілетін ашу мүмкіндігі аздау еді. Үшінші сыныпта оқушыларымызбен мектепте қауыштық. Осы жылы менің шәкірттерім өздерінің қабілеттерін көрсете бастады. Соның ішінде Димаштың білімге деген ынтасы ерекше болды. Басқа балалар сияқты еріну, ойынға ұмтылу дегенді білмейді. Қай кезде де ізденіп жүреді. Оқушымның осы қабілетін байқадым да оған ұлы Абай атасының өлеңдерін жаттай беруді ұсындым. Ол тапсырмаларымды мұқият орындап жүрді» дейді.

Ұлағатты ұстаздың айтуынша, сол жылы Димаш республикалық «Абай оқуларына» қатысып, бірінші орынды иеленген. Содан көп өтпей республикалық «Білімді дарабоз» журналының ұйымдастырған байқауының «Абай оқулары» конкурсына қатысып, бас жүлдені иемденген. 

Димаш бос уақытын тиімді пайдалануды біледі және ұстаздарының айтқанын жүз пайыз орындап келуге тырысады. Оқыған кітаптарының мазмұнын жан-жағымен бөлісіп жүреді. Биылғы оқу жылында да Димаштың қоржыны республикалық «Мағжан оқулары» конкурсына қатысып, бас жүлдемен толықты. 

Димаштың осындай білімге құштар болып өсуіне ата-әжесінің, ата-анасының да қосып жатқан үлесі мол. Себебі, қазақта «тәрбие тал бесіктен» деген керемет сөз бар. Ол шахмат ойнауды кішкентайынан үйде жүріп-ақ үздік меңгерген. Мектеп қабырғасына келген соң сол қабілетін үйірмелерде дамыта жүріп, қалалық, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды.

Димаш негізінен барлық пәндерді сүйіп оқиды. «Мына пәндерді жақсы көреді» деп бөліп жарып айту қиын. Оның барлық пәндерге деген қызығушылығы жоғары. Республикалық пән олимпиадаларының да жеңімпазы.

Димаштың тағы бір қыры – сыныпта белсенді топбасшы. Оның бойында ерекше ұйымдастырушылық қабілеті бар. Достарының арасында үнемі жарыстар, ойындар ұйымдастырып, бос уақытын тиімді өткізуге тырысып жүреді. 

Димаштың ұстазы Г.Жадилова: «Димаш тек сыныптың ғана емес, «Керемет» мектебінің де мақтанышы. Оның тағы бір дәлелі «Ақылдым» журналының ұйымдастарған байқауы. Бұл туралы мектеп кітапханашысынан хабардар болған соң алдымен балаларды журналмен таныстырып алуды жөн көрдім. Оларға дайын журналдарды көрсете салмай, бағыт-бағдар бердім. Балаларға арналған «Балдырған», «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ», «Ұлан» сынды газет журналдар барын, солардың қатары «Ақылдым» журналымен толыққандығын да ескертуді ұмытпадым. Менің балалық шағымда «Ақжелкен», «Ұлан» газеттерінің тұрақты оқырманы болғанымды қызықтыра айта отырып, балаларға арналған қазіргі газет-журналдар жайлы терең мағлұмат жинап келуді тапсырдым. Балалар бұл тапсырманы орындап келді және ол сыныпта талқыланды. Енді біріге отырып байқау шарттарын талқыладық. Келесі күні байқаудың ережесі бойынша бес оқушым ертегі құрастырып келді. Сыныпта олардың ертегілерін оқушылармен бірге тыңдап, талдағанда мазмұны жағынан бір ғана ертегі ерекшеленіп тұрды. Ол Түзелбек Дінмұхаммедтің «Жұмбаққа толы орман» ертегісі болды», - деді.

Аталған байқаудың жеңімпазы атанған Димаштың «Жұмбаққа толы орман» ертегісін жас оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз:

Жұмбаққа толы орман

Әлемдегі барлық жаратылыс иесінің дамып, күнделікті өсіп-өркендеп жатқан заманы болатын. Сол заманда көптеген тіршілік иелері күресіп жеңе алмаған орман бар еді. Орманның аты да қорқынышты, үрейге толы, адам шошытардай «Тірі қайтпас» деп атаған. Бұл орман Қазақстан деп аталатын кең байтақ, жері бай, бейбіт елдің Түркістан атты елдімекенінде орналасқан екен. Ең қызығы, орманның көлемін адамдар білуге тырысса да біле алмады. Ол орманның үстінен ұшақ немесе тікұшақ ұшатын болса, бірден істен шығып, апатқа ұшырайды екен. Ең өкініштісі, орманның ішіне кірген адам қайта оралмаған екен. Сол жердің жұмбағы болған, тұрғындардың мазасын алған орманның сырын ашу үшін үкімет басқа әрекет жасауға бел буып, әлемдегі ең таңдаулы, ақылды, білгір, ержүрек екі ғалым зерттеушіні жіберді.

Екі зерттеушінің бірінің есімі Антон, екіншісінің есімі Асан болатын. Екеуінің ұлты екі түрлі, Асан қазақ, Антон орыс еді. Асан орыс тілін білгендіктен екеуінің бірігіп жұмыс істеуіне кедергі болмады. Екеуі де бұл жұмыстың үлкен сақтық пен мұқияттылықты, білім мен еңбекті қажет ететінін біледі. Себебі өз өмірлеріне үлкен қауіп төнуі мүмкін еді.

Екеуі бұл шешімге келмес бұрын көп ойланады, бірақ егер осы құбылыстың мәнін ашса үкімет 300 миллиард доллар қаражат беретінін ескертеді. Сонымен тірі жан дүниесі кіріп, өлі боп шығатын қорқынышты «Тіріқайтпас» деп аталатын мекенге келеді. Олар көп ойлана келе бәрін ескере отырып, ертеңгі өмірлерінің бар немесе жоқ екені беймәлім болса да, тәуекелге бел буып ақыры орманға кіреді. 

Олар кірген беттен артқы жағының барлығын ағаш торлап жауып тастайды. Кірген жерлерін аңғармай, қайда тап болғанын біле алмай таңданып, кідіріп қалады. Ағаштың арасымен өтпекші болып, жолды табуға тырысады, бірақ қанша тырысса да өте алмайды.

Олар торлап тұрған ағаштар мен бұтақтардың қорқынышты екенін аңғарады. Бірден бойларын үрей мен қорқыныш басып алады. Сонда да алдыға қарай жүруді дұрыс деп шешті. Айналарына қараса ағаштардың түсі жасыл мен қоңыр емес, керісінше ақ пен қара түсті екенін байқады. Сол жердегі барлық ерекше құбылыстарды фотоаппаратқа түсіруге ұмтылды, бірақ сол жерде бірден істен шықты.

Кейін ойларына параққа жазу келді, бірақ параққа жазғанға қалам табылмады. Екеуінің көңіл-күйі түсіп кетті. Сол кезде оларды бес көзді, екі аяғы мен қолы бар үлкен тірі ағаш құбыжық көріп қояды. Олар құбыжықты көре салысымен сөмкелерінен мылтық алып шығады да, құбыжықты атады. Бірақ құбыжыққа түк те болмайды. Олар қатты таң қалады. Содан кейін алды-арттарына қарамай қаша жөнеледі.

Олар қашып келе жатқанда алдарынан өзен шығады. Екеуі артына қараса адам көрсе шошитын құбыжықтың арықтан өтуге қорқып тұрғанын көреді. Мұны көрген батыл да ержүрек екі зерттеуші құбыжықтың баяулығын пайдаланып, жылдамдатып алыстай береді. 

Бірақ мықты, тәжірибесі мол екі зерттеушіні алда сол бес көзді құбыжықтың бір тобы күтіп тұрған еді. Құбыжықтар оларды көреді. Зерттеушілер жаңағы өзенге қайтып барады. Бірақ бір қорқыныш бар еді. Ол өзеннің арғы бетінде өздерінің көрген бірінші құбыжығы болуы мүмкін еді. 

Олар өзенге де жетеді. Олардың бақытына орай ол құбыжық мұнда болмады. Екі жолаушы өзенннің арғы бетіне өтіп, балаша қуанды. Алайда бұлар орманнан шықпаған еді. Құбыжықтар олардың өзеннің арғы бетіне өтуін күтіп тұрмады. Құбыжықтар өз шаруаларымен кете берді.

Зерттеушілер жолда тамақтарын ішіп, жолдарын жалғастырады. Олардың алдынан үлкен қақпа шығады. Қақпаны ашқанда басқа әлемді көреді. Қақпаның ішіне кіргенде аспаннан тәттілер жауып жатқанын, жердің күлгін түсті екенін көреді. Бұл сәт олар үшін жұмаққа түскендей сезім қалдырды. Мұны көрген қос зерттеуші ол жерден кетуге асықпады, мәңгіге қалған жоқ. Себебі зерттеушілер бұл өздеріне келген сынақ екенін түсінді. Жылдам-жылдам аптығып, бірін бірі сүйреп, қақпа есігінен аман шықты.

Олар бұл түс іспеттес құбылыс болатынын және осы жұмбақ жерге келсе әр адамға әртүрлі ойлар келетінін түсінді. Зерттеу нәтижесінде ғалымдар орманнан алшақтап қаша бермей, қорқыныштарын жеңіп, бірігіп күш жұмсау керектігін айтты. Халықты алаңға жинап, орманды шауып, сол жерге елдімекен орнатып, орталық алаңға жақсы дұға-тілектер оқылатын мешіт салуды тапсырды. Ендігі кезеңдегі күндерде халық бойынан қорқыныш кетіп, жайдары күн кешетін болды. 

Ертегілер елінде
Балаларға арналған әдебиеттің бүгінгі ахуалы қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу