Ертегілер әлемінде

Oinet.kz 01-12-2023

Бүгінде балалар әдебиетіне үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырып жүргендер аз емес. Ал, бізде  бала оқырмандардың бар екенін ескеріп балалар жазушыларының туындыларын назарларыңызға ұсынамыз. 

Screenshot_25.jpg

Мәди АЙЫМБЕТОВ:

ҚАСИЕТТІ ҚҰСТАР

Наурыздың қызыл желі соғып өткеннен соң көп ұзамай Құмөзектегі біздің ауылға Үсенәлі атайдың қамыспен жапқан ескі түйе қорасының төбесіндегі былтырғы ұяларына қос аққұтан оралады. Бұл ұяны аққұтандар Үсенәлі атайдың немересі — бес жастағы Маран дүниеге келген жылы көктемде салды. Содан бері осы киелі жұп қос-қостан бес рет балапандарын ұшырды. Маран асық ойнауға жарап қалған кекілі бар «жігіт» болды.

Түйе қораның төбесінде күнге әбден қаңсып кеткен киіз үйдің сынық шаңырағы жататын. Дауыл қамысты көтеріп кетпес үшін бастырғының қызметін атқаратын. Ұя осы шаңырақтың шошақ төбесінде. Шаңырақ енді екі бірдей қызмет атқарып тұр...

Үсенәлі атайдың жалғыз нары өткен жылы көлдегі суаттың басында тайып, мертігіп өлген. Содан бері ескі түйе қораның іші қаңырап қалған. Оның үстіне Үсенәлі атайдың баласы Бегімбет тракторшы совхоздан қоражайы бар жап-жаңа үй алды. Олардың құйма кірпіштен тұрғызылған бұрынғы аласа, көне үйін совхоз тері-терсек сақтайтын қоймаға айналдырды. Қаңқиған қораның енді аққұтандардан басқаға қажеті де болмай қалды.

Қойманың күзетшісі көсе Жанас бір күні бульдозермен ысыртып тастамақ болғанда, Үсенәлі атай үстінен шығып, қораны аман алып қалды. Трактордың алдына кесе-көлденең тұрып алды. Едіреңдеген көсе Жанасқа қораның төбесіндегі шаңырақты, шаңырақтың басындағы ұяны көрсетті. «Аққұтанның ұясы — киелі ұя» деді. Киелі ұяны бұзған адамды «жын қағып кететінін» айтты. Көсе Жанас бұл сөздерге иланған да жоқ, қолға алған ісіне кедергі болған мына шалға күйіп-пісіп, әбден ызаланды.

— Қурап тұрған көне қора өртенер болса, мына тері-терсек жиналған қойма да кетеді. Басымен жауап беретін сен емес, мен. Қайдағы бір қаңсыған ұяға бола мемлекеттің мүлкін отқа тастайтын жайым жоқ. Былай тұр, — деп әрі-бері қодыраңдағанмен, ол ештеңе шығара алмады. Бульдозерші жігіт те қолын бір сілтеп, жөніне тартып кетті.

Ескі қора мен аққұтанның ұясы бір жолға солайша аман-сау қалған. Бірақ сол күннен бері Үсенәлі атайдың көңіліне кәдімгідей-ақ алаң кірді. Күзетші Жанасқа сенбеді. Көзі тасаланса, ескі қораны қиратып тастайтындай көрінді де тұрды. Көктемнің қызыл желі соғатын мезгіл жақындаған сайын онда тіпті маза қалған жоқ. Кейде түннің ортасында үйден шығып кетіп, ескі жұртты шолып қайтатынды шығарды. Ескі қораның төбесінде төңкеріліп жатқан шаңырақты, шаңырақтың басындағы ұяны көріп көңілі орнына түседі.

Аққұтандар жұбының Құмөзекті мекендегені, мекендемегені Үсенәлі атайдан басқаға бәрібір еді. Оларда ешкімнің шаруасы жоқ. Аққұтандардың да ешкімде шаруасы болмайтын. Ұяның ішін қамыстың үлпегіне, жүн-жұрқаға толтырып, «жөндеу» жұмыстарын жүргізеді. Одан соң қосарлана ұшып, көл жағасына барып қонады. Жағадағы қоғалы, балдырлы таяздардан сирақтарын серең-серең көтеріп, қорек іздейді. Олардың корегі — көлбақалар мен ұсақ ит-шабақтар. Ал мұндай қоректер бұл көлде қанша қажет болса, соншаға жетіп артылады.

Қос аққұтан ұяға жұмыртқа салынғаннан кейін кезектесіп ұшып, кезектесіп қоректенеді. Жұмыртқаларды бауырларына кезектесіп басады. Ұя басар аққұтан үш жұмыртқа салады. Үшеудің екеуі көкшіл түсті сары ауыз балапанға айналады. Жалқысы құстың «садақа жұмыртқасы» болып қалады. Балапандар оны ұядан домалатып жібереді.

Әке мен ананың енді дамылдайтын кездері аз. Ауыздарын арандай ашып, дамылсыз шықылықтаған кішкентай аққұтандарға олар қорек тасиды. Балапандарымен тұмсықтарын үздіксіз сыртылдатып «сөйлеседі».

Ымырт түссе, аққұтандар ескі қораның үстіне тұмсықтарын ақ ала қанаттарының астына тығып, жалғыз сирақтап тұрып қалғиды. Бұл кезде олардың мазасыз ұрпақтары да ұйқыға шомады.

Таң ата аққұтаңдардың дағдылы тіршіліктері тағы да қайталанады. Ұяның үстінен қанаттарын қаққылап, сирақтары серейіп балапан аққұтандар көріне бастайды.

Ұяластар кейде қиқуласып, тұмсықтарын сартылдатып, таласып, тартысып қалады. Мұндай кезде қастарында ата-аналарының біреуі болса, тұмсығымен екеуін екі сілкіп, ажыратып жіберер еді.

Балапандардың осылайша ұяны тарлық ете бастағаны — кеңістікке шығуға, өз беттерімен тірлік етуге талпынғандары. Үлкен аққұтандардың алдында енді тағы бір маңызды жауапкершілік тұрады. Балапандарды ұшыру керек, қанаттарын қатайту керек.

Ескі қораның төбесіңдегі ұя енді күн ұзаққа бос қалады. Аққұтандар балапандарына самғауды, қалықтай ұшуды, қонуды, көтерілуді үйретеді.

Бұдан соңғы күндерде ұяның жылуы азайып, түн салқындай түседі. Аққұтандар да жыл құстарының соңғы дүрмегін ала жылы жаққа қарай ұшады. Олар Құмөзектің үстінен міндетті түрде бір айналып өтеді.

Үсенәлі атайға аққұтандардың қай күні ұшып кететіндеріне дейін белгілі. Аққұтандар ұшып кеткеннен кейін, тура бір жұма өткесін қара жаңбыр мезгілі басталады. Ал енді көктемде, қызыл жел басылғаннан кейін, тура бір жұма өткесін, аққұтандар ұшып келеді. Бұлжымас заңдылықтан аққұтандар биыл да жаңылыспады. Олар ұшып келген күн Үсенәлі атай мен Маран үшін ешбір мерекеден кем болмады. Екеуінің күн ұзынғы уақыты ескі жұрттағы қора төңірегінде өтті. Үсенәлі атай қораның ішінен ат-арбаның ескі-құсқы тәрте-сәртелерін далаға шығарып, шұқылап жөндеген болып жатты. Бұл — оның сылтауы. Аққұтандар келген күні үйде тым-тырыс жатып алса не болғаны?

Маран атасынан аққұтандарадың қайдан ұшып келетінін сұрайды. Олардың жылда қалайша адаспай,тұп-тура осы Құмөзекті тауып келетінін де білгісі келеді.

Аққұтандар — кез келген мекенге, тіпті кез келген үйге ұя сала бермейтін құс. Екі аққұтан бұлардың ескі қорасына ғана ұя орнатты. Тегін еместігі — бұлардың үйіне құт пен береке дарыған.

Маран осы арада атасының «құт» пен «береке» деген сөздерін түсініңкіремей қалады. Бұл: «Әлгі құт пен береке деген не, басқа ешкімнің үйінде жоқ нәрсе ме?» — деп сұрайды атасынан.

Үсенәлі атай күледі. Құт пен берекенің осы ауылдағы барлық үйде де бар екенін айтады. Ал құт деген, береке деген — жақсылық, қайғысыз және тыныш өмір екен. Аққұтандарға дегенмен жалғыз ұя керек қой. Жалғыз ұяға ыңғайлы орын осы ескі қораның төбесі болған. Аққұтандар жайлы, олардың ұясы жайлы бар әңгіме осы-ақ. Маранның енді сұрағы таусылды.

Аққұтандар көл жаққа ұшып кетеді. Маран мен атасы үйлеріне қайтады.

Таңертеңгісін Үсенәлі атай ылғи аққұтандар тұмсығының сыртылынан оянатын. Неге екені белгісіз, бүгін сол дыбыс құлағына шалынбады. «Ұзақ жолдан шаршап келген құстар әлі қонақтап отырған болар» деген оймен ол ұйқысыз көзін жұмып, әрі жатты, бері жатты. Содан соң шапанын иығына іліп, далаға шықты, ескі қора жаққа көз салды. Аққұтандарды көре алмады. Төбеде қаңқиып жатқан шаңырақ та ұшты-күйлі жоқ. Мұның көсе Жанастан келген пәле екенін Үсенәлі атай білді. Білді де, соның үйіне қарай тартты.

Шалдың адам айтқысыз сұрлана түтігіп кеткен түрін көргенде Жанастың тілі байланып қалғандай бүгежектей берді.

— Ақ-қ — сақал-л, ұяны, әлгі құстардың не-не-менесін жа-а-ңа үйіңіздің қорасы-на, со-соның төбесіне апартқызып қойдым-м! — деді ол, шалдан өзіне тиісті сөзді күтпей-ақ.

Үсенәлі атай бәрінің де бүлінгенін білді. Көсе Жанасқа айтылатын ауыр сөздері ішінде кетті.

Аққұтандар содан қайтып оралған жоқ. Ескі қораның төбесінен олардың құт пен берекесі ауып кеткен еді. Ал ескі жұрттағы қора бұзылып, орны сол күні-ақ тып-типыл болып қалды. Құмөзек дейтін кішкентай ауылда, Үсенәлі атайдың жаңа қорасының төбесінде сынық шаңыраққа салынған ұя — қасиетті құстардан қалған белгі әлі күнге шейін тұр.


Есенәлі ЕРАЛЫ:

БАЛА ҚЫРАННЫҢ ЕРЛІГІ

Атам бір ертегі бастады. Бәріміз ұйып тыңдадық. Бүгінгі айт¬қан ертегісі бала қыран туралы еді. Қолға үйретілген бала қыран аң аулап, бір елді асыраған мергеннің сенімді серігі, айнымас досындай болып, оны қаншама қауіп-қатерден құтқарады. Балалар, сендерге менің айтқаным онша қызық болмай қалар. Ендеше, атамның өз аузынан тыңдаңдар.

— Баяғы өткен заманда топан су қаптап жаһанға, қауіп төнген адамға. Қызыл су көбейген үстіне көбейіп, қара жердің бәрі су астына кетеді. Алақандай ғана шағын ауылдың адамдары бір биік таудың басына шығып, аман қалады. Топан судан қашқан жабайы аң-құстар да, жыбырлаған құрт-шаяндар да өрмелеп тауға шығып алады. Күштілері әлсіздерін жолынан ығыстырып тау-тасқа, сөйтіп басына сауға іздеп бір-бірлерімен айқасқа тү¬седі. Қаншама аң мерт болады, бір-біріне жем болады. Осындай айқастардың бірінде азулы қасқырдың қаншығынан мерт болған қыранның шың басындағы ұясында балапаны жетім қалған еді. Әлі қанаттана қоймаған бала қыранның анасын іздеп шаңқылдағанын естіген Құлан деген жас бала оны аяп кетеді. Сөйтіп балапанды құтқар¬мақ болып шың басына шықпақшы болады. Әкесінен мұраға қалған мүйіз сапты кездігін беліне байлап, мойнына дорбасын іліп, құз басына қарай өрмелейді.

Ойдан-қырдан, шөлден, даладан бас сауғалап қашып келген қоян, түлкі, күзен сияқты ұсақ аңдар да құздың басына қарай өрмелеп шығып кеткен екен. Олар тіпті Құланның аяғына оратылып, жол беретін емес. Адамнан қорқып, қашпайды да. Бала қыранды аздап азықтандырып алайын деп ойлаған Құлан бір қоянды ұстап алады. Бір кезде шың басындағы ұяға да жетті-ау ақыры. Әлі қанаты қатаймаса да, бала қыран адамға кәдімгідей айбат көрсетіп, жолатар емес. Құлан қоянның етінен кездігімен кесіп, екі-үш кесегін аузына тосып еді, қылғытып-қылғытып жұтып алады. Әбден ашығып қалған екен. Бала қыран енді біршама жуасиын деді. Құлан да балапанды қолымен сипалап, өзіне жақындатып үйрете бастайды. Қоянның етінен тағы да кесіп береді. Осылайша біршама уақыт отырады. Сосын балапанды дорбасына салып, аузын байлайды. Құлан дорбаны иығына асып, төмен түсуге бекінеді. Баланың бағана шыңның басына шығуы оңай болған сияқты еді, енді түсуі тіпті қиындап кеткендей. Балапанның да әжептеуір салмағы бар екен. Күн батып, айнала төңіректі қараңғылық басқан кезде, ауыл адамдары паналап отырған тас үңгірге әрең жетеді.

Құланның кешіккеніне анасы да алаңдап, уайымдап отыр екен.

— Әй, құлыным-ай, адамдар қайтсек жанымыз аман қалады деп бастары қатып отырса, сен болсаң қайдағы бір тағы құсқа араша түсіп, сол үшін өз басыңды қауіпке тігіп жүрсің. Соншама азаптанып алып келген құсың ертең қанаты қатса, «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп ұшады да кетеді ғой. Сенің жасаған бұл жақсылығыңды дала тағысы қайдан түсінеді дейсің, — деп кейіген болды.

— Апа, мұны да Алла жаратты ғой. Әлі сарыезу балапан аштан өлсе, обал емес пе?

— Мен де обал-сауапты білемін ғой, ұлым. Ал егер де сен құздың басынан ұшып мерт болсаң, обалың кімге болатынын ойладың ба?

— Мен аман-сау оралдым ғой. Әлі-ақ бұл бала қыран бізді асырайтын болады, апа. Тауда жабайы аң-құстар көп, аш қалмас-пыз, — деп жұбатты Құлан анасын.

Уақыт өтіп жатты. Тау-тастағы ауыр тұрмыс адамдардың жандарына әбден батты. Бүкіл жер бетіндегі тіршілік иелерінің өмірлеріне қауіп төндірген топан су да бірте-бірте қайта бастады. Бала қыран болса өсіп, екі жаста — қантүбіт, үш жаста — тірнек, төрт жаста — тастүлек болып, ал бес жасында нағыз мұзбалаққа айналады. Құлан оны алғашқы кездерде қоян, қырғауыл сияқты ұсақ аң-құстарға салып жүріп әбден баптайды. Бір күнде бірнеше қояннан алатын болады. Құсы алған аң-құстардың бәрін Құлан ауылдастарына үлестіріп береді. Қыранның шеңгеліне кей күн-дері елік, тау ешкілері де ілініп қалады. Әйтеуір ауыл адамдары ашықпай өмір сүріп жатты.

Арада айлар аунап, жылдар жылжып өтіп жатты. Қызыл су кейін қайтып, жер кеңиді. Осы уақытқа дейін таудың басында адамдармен қатар өмір сүріп келген жабайы хайуандар да жан-жаққа тарап, өздерінің үйреншікті мекендеріне қайтады. Құланның ауылдастары да атақоныстарына көшеді. Топан судың астында қалып бүлінген үйлерінің орындарына жаңадан баспаналар тұрғызады. Сөйтіп жаңа өмір басталады. Құлан өсіп, зіңгіттей жігіт болады. Ол садағымен ұшқан құсты, қашқан аңды құтқармайтын сұрмерген атанады. Бала қыраны да Құланға ұқсаған нағыз сұңғылаға айналады. Елі болса қашан малданып, ауыздары аққа жетіп әлденгенше Құлан мергеннің садағының жебесі мен қыранының шеңгеліне тәуелді еді. Өйткені сұрмергеннің қанжығасы майланбай қайтқан күн болған емес.

Бірде Құлан әдеттегідей Жебе деген құмай тазысын ілестіріп, Сүлікқара деген атына мініп, аңға шыққан еді. Жерде қырбақ қар бар. Бала қыраны Құланның иығында отырған. Бұлар ауыл сыртындағы жотадан асып түскенде алдарынан бір топ арқар қаша жөнеледі. Басқа жақтан ауып келген сияқты. Құлан иығында отырған қыраны қанатын қомдап, мазасыздана берген соң оның балақ жібін шешіп алып, томағасын сыпырады. Шырқау биікке көтеріліп алып, аққан жұлдыздай төмен сорғалап барып топ арқардың бірінің белінен қайырып, тыпырлатты да қойды. Құлан Сүлікқарасымен құйындатып жетіп барғанда арқар томардай мүйізді басын жерге соққылап жатыр екен. Тездетіп атынан секіріп түседі де, мүйіз сапты кездігімен арқардың кеңірдегін орып жіберіп, әлі бүлкілі басыла қоймаған арқардың жүрегін суы-рып алып, қыранына жұтқызады. Нән арқарды алдына өңгеріп, ауылға қайтқан Құланның алдынан бір топ қасқыр шыға келеді. Қашқан арқарлардың ізімен қуып келе жатқан болса керек. Тілдері салақтап, қарындары шұрқырап, ұзақ жортқан сияқты. Олар енді олжаларынан айырған аттылы адамды қоршауға алады. Сөйтіп айнала шоқиып-шоқиып отыра қалысады. Құлан да сасқан жоқ. Өйткені ол нағыз ержүрек батыр болатын. Алдына өңгеріп алған арқарды жерге, қардың үстіне тастай салады. Сөйтіп қасқырлармен айқасқа сайланады. Иығындағы садағына қорамсағындағы жебесінің бірін салып, топтан шеттеу отырған арланды нысанаға алып, шірене тартып қалады. Оқтай зулаған жебе көкжалдың дәл жүрегіне барып қадалады. Арс етіп аспанға секіріп барып, топ етіп жерге қайта құлаған арлан қасқыр азуын ақситып жебені қауып алғанда, жартысын сындырып жібереді. Ұшына жыланның уы жағылған жебе өз міндетін мүлтіксіз атқарады. Арлан лезде-ақ жантәсілім етеді. Өзге қасқырлар болса түкке түсінбегендей, әлгінің жанына үймелеп қалады. Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, Құлан жылдамдатып тағы екі-үш мәрте садақ тартып, бірнеше қасқырды топалаң асырады. Қасқырлар да адамға қарсы шабады. Жебе тазы да бір қасқырмен арпалысып жатыр. Ат үстіндегі адамға қарай атылған көкжал қасқырдың тұмсығына сойыл тигенде қан бұрқ ете қалады. Сүлікқара кісінеп, аспанға секіріп тулайды. Садақ атамын деп тізгінді уысынан шығарып алған Құлан атынан ауып құлайды. Бала қыранды да босатып жібергенін енді ғана аңғарады. Екі қасқыр қар үстінде жатқан арқарды ашқарақтана жәукемдеуге кіріссе, екі қасқыр Сүлікқараны қуып кетеді. Сүлікқара қырдан асып, ауылға қарай төтелей тартады.

Бір қолында кездігі, бір қолында шоқпары бар Құлан қас¬қырлардың ортасында қалады. Ешқайсысын өзіне жақындатар емес. Бір кезде қасқырлардың біреуі шаңқ ете қалады. Құлан жалт қарайды. Бала қыран түскен екен. Қасқыр төбесінен түскен тажалды аңғармай қалса керек. Қайқаң етіп құлап, тыпырлауға шамасы жетпей қалады. Құлан жетіп барып, қасқырдың басынан шоқпарымен аямай соғып жібереді. Қыранын көтеріп алып, аспанға қарай ұшырып жібереді. Осы кезде бір қасқыр келіп, Құланның балағынан қабады. Қонышы қалың былғары етігі дала тағысының қанды азуынан сақтап қалады. Құлан қолындағы шоқпарын да, кездігін де жауына қатар сілтейді. Қаңқ деген ащы дауысы шыққан қаншық қасқыр қар үстінде тыпырлап қалады. Құлан оны тағы да шоқпарымен аямай соққылайды. Біржола үні өшеді қасқырдың. Өзінен бірнеше қадамдай жерде Жебе тазысымен арпалысып жатқан қасқырдың күш алып бара жатқанын аңғарған Құлан оған да шоқпарын жақсылап бір сілтеп үлгереді. Қаңқ деп аунап түскен қасқырды Жебе енді астына басып алып, тамағын езгілеуге кіріседі. Қасқырлардың қан көрсе, одан сайын еліретіні бар. Енді олар бірін-бірі талауға түсті. Әлі де бір-екеуі Құланды қамалап, қалар емес. Бір кезде аспаннан сорғалап ағып келе жатқан Бала қыранның шаңқ еткен ащы дауысы естілген еді. Құлан шалқалай аспанға қараймын дегенше-ақ өзіне қарай ұмтылған екі қасқырдың біреуі арс ете қалады. Көзді ашып-жұмғанынша қыран мен қасқыр ұмар-жұмар арпалысып жатты. Жан беру оңай дейсің бе? Қаншық қасқыр аштығы бар, ашуы бар, амалын тауып, қыранды бір қауып үлгерсе керек, ол шаңқ ете қалады. Құлан құсына болысуға үлгермей қалады. Өйткені жаңа әлгінде Сүлікқараның соңынан қуып кеткен екі қасқыр тілдері салақтап, қайтып оралған еді. Енді олар үшеу болып, Құланға ауыз салмақшы. Қасқырлар тағы бір айлаға көшті: үшеуі адамды қоршап, артқы аяқтарымен қар шаша бастайды. Ақ түтек боран борап, көзді аштыратын емес. Осы кезде ата жауын о дүниеге аттандырған Жебе тазы да иесінің қасына жетіп келген еді. Қасқырлар — үшеу, бұлар екеу болып, өмір үшін айқаспақшы. Азуы әбден қанға боялған құмай тазы тіпті күшейіп алғандай, арс-арс етіп топ қасқырға қаймықпай ұмтылуда. Осылайша біршама уақыт өтеді. Құлан жаңа әлгінде былғары етігінің сыртынан ба-лағын қаптырғаны болмаса, әзірге өзіне қасқырлардың азуын тигізбей жүр. Бір кезде қыр жақтан иттердің шабалана үрген дауыстары естіледі. Артынша адамдардың да айқай-шулары шығады. Сүлікқара кісінеп, ауылға жетісімен-ақ ауылдастары кө¬мекке суыт аттанған екен. Айқай-шудан жасқанған үш қасқыр желе жортып жөнеледі.

Құлан қыранына қарай ұмтылады. Қасқырдың беломыртқа-сын сындыра шаншылған шеңгелі сіресіп қатып қалған Бала қы¬ранның өзі де мерт болған екен. Қасқыр да өліп жатыр. Құлан қыранын құшақтап, өкіріп жылап жібереді.

— Қайран, қыраным-ай! Сұңғыла қырағым-ай! Теңеуі жоқ, тең емес айқаста иеңді тура келген ажалдан арашалаймын деп мерт болдың-ау! — деп тебіренеді ол.

Құлан мүйіз сапты кездігімен бетін қар басып, тоң болып қатып қалған қара жерді шұқылап, қаза бастайды. Ұзақ қазады жерді. Ақыры тізеден келетін шұңқыр қазып, қыранын көмеді. Үйілген ылғал топырақтың үстіне кездігін шаншып қояды.

Бала қыранның көзсіз ерлігі туралы ел арасына аңыз тарайды. Міне, балалар, сол аңыз туралы мен енді сендерге әңгімелеп бердім. Естеріңде сақтаңдар мұны.


Толымбек ӘБДІРАЙЫМ:

ӘЖЕ, КЕЛДІҢ БЕ?

Әсемнің өкпесі қара қазандай. Ауылда тұратын әжесіне көкесі «әне апарам, міне апарам» дегелі талай болды. Неге айтқанын орындамайды? Уәде бермегенде, бүйтіп мазасызданбас еді. Әлгінде далаға шақырған құрбылары Диана мен Динаға да ерген жоқ. Жайшылықта ойнаудан әсте жалықпайтын қызының бұл тосын қылығына шешесі де аң-таң.

Ол төргі бөлмедегі терезеден көшеге көз жіберді. Үшінші қабаттағы бұлардың пәтерінен аула іші тегіс көрінеді. Аулада қазір қайнаған тіршілік. Балалар әткеншекке отырып, жүгіріп, секіріп, бірін-бірі қуып мәз. Белесебет үйреніп жүр-ау шамасы, анау бір қыз қалт-құлт етіп теуіп барды да, құлап калды.

Әсемге бұл көрініс те әсер етпеді. Әжесін қатты сағынғаны соншалық, қазір ауылға жүріп кеткісі бар. Бірақ қалай? Тәтті қиялын аяқ тықыры бөліп жіберді. Шешесі екен.

— Қызым-ау, бір жерің ауырып тұрған жоқ па? Далаға шықпадың ба?

— Шыққым келмейді.

— Ішің пыспай ма?

— Жоқ...

— Қабағың келіспей тұр.

— Жай...

— Мен дүкенге барып келе қояйын. Алда-жалда далаға шыққың келсе, білесің ғой есікті қалай жабуды?.. Көп айналмаспын.

Әсем үйде қалды. Көкесі жұмыста. Қас қарайып, қараңғылық түскенде бір-ақ келеді. Ал өзінен үлкен ағасы Еркін лагерьде демалуда. Шешесінң «дүкенге барып келе қояйын» дегені жай сөз.

Біледі ғой мамасын. Көрші Майра тәтенің сөзімен айтқанда, шешесі «қыдырымпаз». Ендеше екі-үш сағатсыз орала қоймас үйге.

Әсем есікті жауып, тысқа шықты. Ешқайда мойын бұрмастан тұп-тура үй іргесіндегі аялдамаға келді. Мандайшасында «5» деген жазуы бар троллейбус те келе қалғаны. Отырып автовокзалға жетті.

Автовокзал. Ары-бері қайшыласқан жұрт. Сабылған жолаушылар. Сөмке көтеріп, қоларба сүйреген адамдар. Арасында бірен-саран балалар да бар. Әсем ес білгелі әке-шешесіне еріп талай рет ауылға сапар шеккен.

Сонда Қарағашқа жүретін автобустың анау шеткі платформадан аттанатынын көрген. Діттеген жерді жаңылмай тапты. Үлкен қызыл «Икарус» автобус жүргелі тұр. Жолаушылар түгелімен отырып болған сыңайлы.

Қолында қағаз-қаламы бар алдыңғы есіктен түскен бір тәте:   

— Қайда барасың, балақай? — деді жылы ұшырап.

— Ауылға, әжеме...

— Әжең қайда тұрады?

— Алыста.

— Алыста болғанда, ауылдың аты бар ма?

— Қарағаш.

— Ә! Жүре ғой, қызым... Ол жаққа бір сағаттан кейін автобус қатынайды.

Бейтаныс тәте Әсемді автовокзалдағы бөлмесіне алып келді. Аты-жөнін, неше жаста екендігін сұрады. Әсем қайда, қай қабатта, тіпті қай подъезде тұратынын да тақылдап айтып берді. Содан соң бейтаныс тәте бір жерге телефон шалып сөйлесті. Көп ұзамай бөлмеге екі милиционер кірді. Әсем тіксініп қалды. Себебі, тура осы формадағы қызыл жағалы кісілер, ылғи арақ ішіп, мас болып жүретін, көрші подьездегі бір ағайдың қолын артына қайырып, машинаға отырғызып әкеткенін көрген болатын.

— Кішкентай жолаушы қайда? — деді милиционердің біреуі.

Әсемнің құлағы елең етті.

— Е, мында отыр екен ғой...

— Мен сіздерді танымаймын, — деді Әсем қорқыңқырап. — Әжеме бара жатырмын.

— Әсем, ақылды баласың ғой. Бара ғой ағаларыңмен. Сені әжеңе жеткізіп салады, — деді бейтаныс тәте. Сенбейін десе, өтініп тұр. «Алдай қоймас».

Бұл кезде ауылдан келген Әсемнің әжесі немересін үй-ішіне түгелімен іздеттіріп, жан біткенді қуырып жатқан. Екі милиционерге еріп келген Әсем аңырып тұр. Үрей мен сағыныш қабаттасқан баланың көзінен мөлдір моншақтар үзіліп-үзіліп түсті.


Толымбек ӘБДІРАЙЫМ:

НАУРЫЗ

Балабақшадағы тәрбиеші апайлары Наурыз мерекесі туралы қызықты әңгіме айтты.

— Наурыз — қазақша жыл басы. Қыс бойы ақ көрпеге оранған орман-тоғай, жер-ана бусанып, сай— саладан жылға-жылғаларды қуалап су ағады. Мейірін төгеді, алтын күн. Жыл құстары жетеді қиқулап. Түлейді табиғат. Тіршілік атаулы жасарып, жаңарады. Қунайды. Алда жаз. Қандай тамаша?! Білесіндер ме, балалар? Еліміз тәуелсіздік алғалы Наурыз мейрамы жыл сайын тойлана бастады. Сендер бақандай бір жасқа есейесіңдер. Дала жылынып, күн шуағына елжірегендей әсерге бөленді, балалар.

— Апай, апай! Ақеркенің туған күні — 22 наурыз! — деді аяқ асты олжа тапқандай қуанған Шыңғыс.

— Сонда Ақерке де, біз де тура бір жасқа үлкейеміз бе? — деді Гүлайым.

— Иә...

Наурыз мерекесі жақындап келеді. Ауа салқын. Далада қар жатыр. Түстен кейін ғана аз-аздан ериді. «Бұл қалай?».

Ойлап-ойлап жауап таппады Ақерке. Төргі бөлмеде кітап оқып отырған әкесіне келді.

— Біреу ренжітті ме? — деді әкесі.

— Жоқ...

— Ендеше неге көңілсізсің?

— Жәй... — Ақерке бұртиды. — Сұрағым бар.

— Сұрай ғой.

— Туған күнім таяды...

— Құлыным, ол есімізде. Беске толасың... — Әкесі кішкентай қызын еркелетіп кекілінен сипады.

— Бірақ... бірақ бойым өскен жоқ! — Ақерке мұңайды. — Сол қалпы. Былтырғы киімдерім де шақ. Және, және апайымыз 22 наурызда қар кетеді деген.

— Ақылыңнан айналдым! Бойым өспеді деп уайым жеме. Есесіне ойың өсті. Миың толысты.

— Өтірік айтасың.

— Сені қашан алдап едім?

— Ойым өссе, қане, көрсетші?

— Ойдың өскендігі көзге көрінетін зат емес. Сенің осы сөздерді тауып айтқандығың — ақылыңның толысуы, ер жеткендік. Туған күніңмен тұспа-тұс келетін жыл басы — Наурызда көктем бірден шыға қалып, күн жылынып кетпейді. Кейін мектепке барғаныңда география сабағында оқисың. Картадан көресің. Қазақстанның жер көлемі үлкен. Кең байтақ. Мәселен, республикамыздың оңтүстігі саналатын — Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Талдықорған өңірлерінде қазір күн май тоңғысыз жылы. Төрт түлік мал өрісте. Бау-бақша мен егістік алқаптарында қайнаған еңбек. Еліміздің бас қаласы — Астана Арқада орналасқан. Демек, солтүстіктің ауа райына бейімдеу. Бұл жақта көктем сәл кешігіп шығады. Қалай болғанда да бүгінгі күндері қалың қардың көбесі сөгілді. Мұндай мезгілді атамыз қазақ «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп атаған. Әлі-ақ жыл құстарының қиқулап ұшып жеткенін көресің.

Хакім Абай атамыз Наурыз айы жөнінде:

...Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,

Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.  

Жыршы құстар әуеде өлең айтып,

Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар, —

деп өлең-жыр жазған.

— Охо, қандай жақсы! Осы шумағын жаттап алып Наурыз мерекесінде айтсам, бола ма?

Кел, балалар, оқиық!
Балалар авторлары сөйлесін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу