Балалар авторлары сөйлесін

Oinet.kz 01-12-2023 559

Бүгінде балалар әдебиетіне үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырып жүргендер аз емес. Сол балалар үшін қалам тербеп жүрген авторлардың туындысын ұсынамыз.

Screenshot_26.jpg

Қанат ҚАЙЫМ:

ҚАРАҢҒЫ БӨЛМЕНІҢ ҚҰПИЯСЫ

Бүгін армансыз ойнадым. Балалармен бірге Түйемойнақтың тоғайына барып, қарақатқа әбден тойдық. Көкем мен апам болса, қанша жалынсам да, жібермес еді. Олар таң алакеуімінен тұрып аудан орталығына кеткен. Ертең бір-ақ қайтады. Ал әжем өте жақсы адам. «Бірдеңеге ұрынып қалмасаңдар болды. Барсаң, барып кел» деген.

Күні бойы байқамаппын, үйге әбден шаршап қайттым. Әжем алдыма әкеліп қойған асты ішуге шамам келмей, отырған жерімдегі көрпешеге қисая кетіппін. Әжем мені қалай көтерсін? Тек басымның астына жастық салып, үстіме көрпе жауыпты.

Түннің бір уағында шырт ұйқыдан оянып кеттім. Кешке дейін жеген қарақаттан болса керек, тілім аузыма сыймай шөлдеп жатыр екенмін. Бөлме тастай қараңғы. Көзге түртсе көргісіз. Ашық терезеден салқын самал есіп тұр. Біздің үйдің жанынан ағатын кішкентай арықтың суы сылдырап жатыр.

Сусын ішіп келейін деп орнымнан көтерілгенім сол еді, еденге бірдеңе жалп ете қалғандай болды. Қорқып қалдым. Көрпешеге жүрелей отырып алып, тың тыңдай бастадым. Ас үйден әжем жатқан бөлмеге барайын десем, орнымнан тұруға батылым жетпеді. Тіпті шөлдегенімді де ұмытып кеттім. Ойыма ертегілердегі құбыжықтар орала береді. Ойламайын десем, болмайды. Біреу түртіп қалса, баж ете қалайын деп отырмын. Әйтеуір не керек, көрпешеге көміліп, таңды да атырдым.

Орнымнан тұрып бір аттап едім, дәл түндегідей бірдеңе еденге тағы да сарт ете қалды. Селк етіп, дыбыс шыққан жаққа қарадым — құрбақа. Кәдімгі құрбақа. Маған тесірейе қарап қалыпты. Алқымы бүлк-бүлк етеді.

Мен күліп жібердім. Құрбақа еденді сартылдатып, есікке қарай секектей жөнелді.


ТОПАН СУ

Бұл менің үлкен қалаға алғаш рет келуім. Сол күннің ертеңінде көкем:

— Сәкен, сендер Тимур екеуің үйде қала тұрыңдар. Бүгін мен Кәрім ағаңмен барып бір шаруамды бітіріп алайын. Ертеңнен бастап қаланы армансыз аралатамын, — деді.

Менің бірден-ақ қаланы көргім келіп еді. Бірақ, амал қанша. Сөйтіп, міне, үйде Тимурмен қалдым.

Екеуіміз алғашында не туралы сөйлесерімізді білмедік. Ішім пысып кетті. Балконға шықтым. Тимур соңымнан ерді. Бейне бір менің көлеңкем сияқты. Үйдің іргесіндегі үлкен жолмен машиналар ағылып жатыр. Ерсілі-қарсылы зу-зу өтеді. Кенет барлық машиналар бірден тоқтай қалды.

— Аналар неге тоқтады? — деп сұраймын Тимурдан.

— Көрмей тұрсың ба, бағдаршамның қызыл шамы жанды ғой, — дейді ол.

— Е-ее...

— Тимур, ана бір автобустың үстіндегі екі темірді сымға неге байлап қойған?

Тимур ішек-сілесі қатқанша күледі:

— Ол автобус емес қой, — дейді екі иығы селкілдеп. — Ол — троллейбус. Электр тогымен жүреді.

Кіп-кішкентай болып алып бәрін біледі өзі. Әрине, өмір-бақи қалада тұрсам, мен де білген болар едім. Жаңағы мазақтап күлгеніне ыза болып кеттім. Енді қайтып Тимурдан ештеңе сұрамаймын деп ойладым. Көшеден көз алмастан үнсіз тұра бердім. Кенет қатты шыңғырған дауыстан селк ете қалдым. Қып-қызыл екі-үш машина зуылдап барады. Тіпті жаңағы бағдаршамның қызыл шамына да қараған жоқ. Кабиналарының үстіндегі көк шамдары жарқ-жұрқ етеді. Шыдай алмай кетіп:

— Ана машиналар қайда асығып барады? — дедім тағы да.

— Өрт сөндіретін машиналар ғой, — деді Тимур. — Бір жерде үй жанып жатқан болар.

Бұл жолы күлген жоқ. Балконнан үйге кіріп кетті. Өзінің бөлмесіне барып, үлкен бір қорапты алып келді де, алашаның үстіне төңкере салды. Жәшіктің ішінен неше түрлі ойыншықтар түсті. Мен қызығып кеттім.

Екеуіміз біраз уақытқа дейін пойызбен де, машина, тракторлармен де, кішкентай құлыншақпен де ойнадық. Темірден, ағаштан, пластмассадан, резеңкеден жасалған сан алуан ойыншықтар...

Бір уақытта менің көзім қораптың түбінде қалып қойған қып-қызыл қайыққа түсті. Көз ілеспес жылдамдықпен суырып алдым да:

— Біреу-ақ па? — дедім.

Тимур бірден түсіне қойды. Жүгіріп өз бөлмесіне кетті де, дәл менің қолымдағыдай тағы бір қайықпен қайтып оралды. Тек ол қызыл емес, жап-жасыл.

— Ех, шіркін, су болса ғой, — деймін мен.

— Жүр, кеттік онда ваннаға... — Тимур мені қолымнан жетелеп, дедектете жөнелді.

Суды ваннаның ернеуіне дейін толтырдық. Қайықтарды ішіне салып қойып едік, қалқып алып жөнелді. Ақырын ғана түртіп жіберсең, тіпті қатты жүзеді. Енді екі қайықты қарама-қарсы қойып, аузымызды желге толтырып алып үрлей бастадық. Олар бір-бірімен түйісіп қалса, кейін серпіледі. Кейде жанамалап өтіп те кетеді.

— Өзіміз де ішіне түссек қайтеді? — дедім мен. Тимур қарсы болған жоқ.

 Сәлден соң қайықтар туралы тіпті ұмытып кетіппіз. Бір-бірімізге су шашысып, алқын-жұлқын алысып, мәз-мәйрам болып жатқанбыз. Қаншалықты уақыт өткенін білмейміз. Кенет есіктің қоңырауы үсті-үстіне шарылдап қоя берді. Тимур екеуіміз бірдей ваннадан ытқып шықтық. Киімдеріміз едендегі тобықтан келетін судың бетінде қалқып жүр. Суын сорғалатып киіп алдық. Тимур жүгіріп барып ас бөлмеден орындық алып келді де, есіктің орта тұсындағы саңылаудан сығалай бастады. Мен де сығаладым. Кіп-кішкентай әйнек-көзден бәрі де көрініп тұр. Есіктің арғы жағы топырлаған адамдар. Өздері бірдеңеге ашулы сияқты ма, қалай?

Қоңырау дамыл таппай безілдейді. Тимур «Бізде кілт жо-оқ» деп айқайлады. Ванна бөлмесіндегі су біздің соңымыздан сарқырап, дәлізге ағып шығыпты.

Сәлден кейін құлып сарт-сұрт етті де, есік ашылып кетті. Тимурдың апасы Райгүл тәтеге ілесе үйге бір топ адам анталай енді.

Олар бізді қолымыздан жетелеп, төменгі қабатқа алып түсті. Астыдағы үйдің төбесінен су сорғалап тұр екен. Қабырғалары жағал-жағал болып қалыпты.

Тимур екеуміз де аяғымыздың ұшымен еденді түрткілей бердік.


ИТТІҢ КҮШІКТЕРІ

— Дәл қазіргі жағдайым сыралғы боларлық бір серігі жоқ қаңғыбас иттің жағдайынан да жаман болып тұр, енді, — деп ойлады жабайы ит Дингоның күшігі Джимми.

Хайуанаттар бағындағы қысқы торқамаудың ішіндегі алаңқай абыр-сабыр. Қызметшілердің барлығы тынымсыз әрекет үстінде. Күтушілердің әрқайсысы өздері тәрбиелеп жүрген хайуанаттарын алдағы маусымның жаңа тәртібіне даярлап әлектенсе, жұ¬мысшылар жазғы алаңқайларды ыңғайлаумен әуре.

Джиммидің арғы ата-бабаларын осыдан төрт мың жылдай бұ¬рынырақта теңіз қарақшылары Малай архипелагтарынан Аустралияға алып келген болатын. Жабайы ит Дингоның арғы тегінің өкілдері сол кездің өзінде-ақ адамдардың сенімді серігі болып, аң аулауға жәрдемдескенге ұқсайды. Қазіргі кезде жабайы ит Дингоның қандастары Тайланд, Индонезия, Бирма, Лаос, Филиппин мен Малайзияда емін-еркін өмір сүруде. Ал Джиммидің өзі осында — Алматы хайуанаттар бағында дүниеге келген. Таби¬ғи жағдайда Динго дейтін иттер дүниеге бес-тоғыз күшіктен әкелетін көрінеді. Ал мынандай қысылтаяң жағдайда алдыңғы жылы Джиммидің ата-анасы екі күшік тапты. Ұяласы ұзаққа бармаған екен. Татар дәмі таусылмаған Джимми болса, міне, биыл екінші рет жазғы алаңға шығуға даярланып жатыр. Ұзынқұлақ сыбыстарға қарағанда, Динголардың арғы тегі — Солтүстік Американы мекен ететін Қызыл қасқыр деген әңгіме бар. Жалпы, ит дегендердің бәрі сүтқоректі, омыртқалы жыртқыштар ғой. Олардың қатарында түлкілер, қорқаулар, осы австриялық динголар, сосын қасқырлар бар. Сосын дейді, сосын емес, бүкіл осы ит тектілердің шежіресінің көшбасында осы қасқырлар тұрады.

Джимми қысқы торқамаулардағы тума-туыстары тұрған баспа¬налардың жапсарларына жапсырылған жазуларды көз қиығымен бір шолып өтті.

Қабырғалас тордағы көршілерінің атауы «Гиена» екенін білді.

Күні ертең жазғы алаңға шыққанда аралары алыстап кететінін сезе қойған, Джимми көршілерін бірден сұрақтың астына алды:

— Гиена тәте, Сіздер қай жақтан боласыздар?

— Айналайын, дәл қазір біз алматылықпыз, — деді, тұрқы — ит, жалы күзеп қойған жабағының жалына ұқсайтын, ирек-ирек сирақтары мен жұлым-жұлым бауыр жүндеріне қарап, сон¬шалықты бауыр тарта қоюға тұра қоймайтын мақұлық. — Алматыға Орынбордағы хайуанаттар бағында жүргенімізде жер¬гілікті сілеусінге ауыстырып алған соң келгенбіз. Жалпы, ата-бабамыз бүкіл Африка, Таяу Шығыс пен Үндістанда тіршілік етеді.

— Біздің ататегіміз австралиялықтар көрінеді. Анау, Кенгуру дегендерді білесіз бе? Олар бізге жерлес болып келеді, — деді Джимми.

 — Кенгуру деген, жазғы алаңда біздердің торымыздың қарсы¬сында қосаяқтап секіріп жүретін есектер ме?

 — Иә, солар-ар-р. — Джимми тамағын қырнап, Гиена тәтесінің әңгімеге ыңғай танытқанын бірден сезе қалды. — Олар бұрын дәл қазіргідей қосаяқтап секірмей, осы біз сияқты төрт аяқтап-ақ жүрген көрінеді.

— Иә, содан не болып қалыпты?

— Мәссаған, оларды осылайша артқы екі аяқтарымен секіртіп қойған біздің ата-бабаларымыз екенін сіз естімеген екенсіз ғой! —

Қанша жерден ит тұқымдас болса да, ұсқыны келіспей қалған мына мақұлықтың тарих пен шежіреден мүлде хабарсыз екеніне таңғалуға болмайтынын жабайы ит Динго түсінді.

— Сенің ата-бабаң немене сонша, Кенгурудың алдыңғы екі аяғын қыршып, жұлып алып па?

— Жоқ, олай емес, — деді Джимми. — Егер құлқыңыз соқса, қалай болғанын айтып берейін...

— Айта ғой, бар зейінім сенде болсын, — деді Гиена қос құлағын тікірейтіп.

— Онда, мәселе былай болған... — Джимми тамағын тағы бір рет кенеп алды да, әңгімесін бастап кетті: — Бастапқыда Кенгурудың ұсқын-пошымы дәл қазіргідей болмаған. Ол төрт аяқты, үлпілдеген сұп-сұр жүні бар, өте тәкәппар хайуан болған. Австралияның тұп-тура кіндік тұсындағы сай-салада би билеп жүріп, Нка, Нкинг деген құдайларға барып: «Мені жер жүзіндегі ешбір аңға ұқсамайтындай етіп өзгертіңдерші», — деген ғой. Жаңағы екі құдайдың екеуі де: «Жоғал, көз алдымыздан!» — деп, Кенгуруды қуып жіберіпті. Содан құдіреті ең күшті құдай — Нконгқа барса, ол: «Жарайды!» — деп келісімін беріпті.

 Нконг өмір бойы ашқұрсақ жүретін, үсті-басы кір-қожалақ, сап-сары ит Дингоны шақырып алып, Кенгуруды нұсқап:

— Динго, көзіңді аш, Динго! Мына биші мақұлықты көріп тұрсың ба? Ол бүкіл әлемді таңғалдырып, атақ-даңққа бөленгісі келеді. Қане, қуып берші өзін. Егер ол атақ-даңқты қуса, сен оның өзін қуалап көрші! — дейді.

— Қайсысы ол? Мына мақұлық қоянды ма? — дейді орнынан атып тұрған сап-сары ит Динго.

Сөйтіп, өмір бойы ашқұрсақ жүретін, үсті-басы кір-қожалақ, сап-сары ит Динго астыңғы-үстіңгі тістерін бір-біріне қажай шықырлатып, қашып кеп берген Кенгуруды қуып кеп береді.

Кенгуру, байғұс кәрі Кенгуру, екі өкпесін қолына алып, шаба береді. Ағаш-ағаштың астымен, бұта-бұтаның арасымен, биік шөптер мен жатаған көгалдардың үстімен, Шаян және Ешкімүйіз жыныстарының орта-ортасымен шапқылап, төрт аяғының бар-жоғын өзі де ұмытқандай болады.

Әбден ашыққан сары ит Динго Кенгуруға жетіп те алмай, қалып та қоймай Вольгонг өзеніне дейін қуады.

Ал өзеннің бергі жағынан арғы жағаға өтетін не көпір, не болмаса, сал да жоқ. Кенгуру әбден дағдарып, дел-сал болады. Сөйтіп, артқы екі аяғын демеу қылып секірмекке ыңғайланады.

Тастардың үстімен, құмдардың бетімен, Орта Азиядағы бүкіл жазықтықтар бойымен дәл қазіргі кенгурурлар қалай секіріп жүрсе, солай секіреді. Секіре береді, секіре береді...

Алдымен бір аршынға, сосын үш аршынға, бара-бара бес ар¬шынға секіретін болады. Артқы аяқтарының серпіні күшейіп, ұзара түседі. Шыбын жаны шиқылдап әбден қысылтаяңға түскен Кенгуру шегірткеше, ыстық табаға түскен бұршақша, жас баланың резеңке добынша секіріп, өмір бойы ашқұрсақ жүретін, үсті-басы кір-қожалақ, сап-сары ит Дингоға жеткізер болмайды.

Алдыңғы аяқтарын кеудесіне қысып, тек артқы аяқтарымен секіре береді. Секірген кезде құлап қалмайын деп, құйрығын әбден созып жіберген. Сөйтіп, сахара бойымен секіруін жалғастырады.

Енді не істеу керек?

Динго — әбден итсілікпесі шыққан, ашыққан үстіне ашыға түскен, сап-сары ит Динго Кенгурудың қашан шаршап, тоқ¬тайты¬нын білмей, ми қауашағының шат-шәлекейі шығады.

Дәл сол кезде өзінің тұзды көлінің бетіне көтерілген құдіретті құдай Нконг Кенгурудан:

— Қалай, ризасың ба? — деп сұрайды. — Сен неге сары ит Дингоға алғысыңды білдірмейсің?

— Түк түсінсем бұйырмасын?! — дейді Кенгуру. — Не үшін мен оған жылы қабақ танытуым керек? Ол мені бүкіл балалық шағым өткен жерден қуды, жол-жөнекей нәр татқызбады, ең бастысы —

менің төрт аяғымның барлығын жан баласы танымайтындай мүсәпір халге ұшыратты. Мен бұл иттің күшігіне сол үшін алғыс айтуым керек пе?

Сонда құдіреті күшті Нконг құдай:

— Егер мен ұмытып қалмасам, өзіңді жер-дүниедегі аң-құстың бәрі таң-тамаша болатындай, өзге хайуанаттың ешқайсысына ұқ¬самайтындай аңға айналдырып бер деген сен емес пе едің? — дейді.

Қанша дегенмен, Кенгурудың аздаған болса да ұяты бар болғаны ғой, Нконг құдаймен салғыласуға дәті бармай, кері бұрылып, қосаяқтап, басы ауған жағына секіре жөнеліпті.

— Иә, сауап болған екен, өзіне де. — Джиммидің Гиена тәтесі былшық басқан көздерін жыпылықтатып алып, ары қарайғы әңгімеге зауқы жоқ екенін танытты. — Енді аздап көз шырымын алмасам, әлім құрып бара жатқан секілді.

— Е, бопты, дұрыс екен, — деді жабайы ит Динго — Джимми. —

Сіздердің арғы жағыңыздағы «Кайота» деген кімдер? Таныс-бі¬лістігіңіз жоқ па?

— Білмей не болыпты, құдайы көрші емеспіз бе? — деді Гиена. — Олар жабайы иттер емес пе? Кәдімгі жабайы иттер.

«Ойпырым-ай, ә! Торға қамалып тұрғанымыз болмаса, біз немене, біз де жабайы ит емей кімбіз?! — деп ойлады Джимми. — Бәріміз де жабайы иттерміз».

Кайотадан кейінгі торда жүрген, жүрген емес, сала құлаш қып-қызыл тілін салаңдатып бір бұрыштан екінші бұрышқа безектеп, тыным таппай жүгіріп жүрген хайуан — кәдімгі түлкі. Қайдан келгенін кім білсін?! Жергілікті — қазақстандық па, әлде, өзге құрлықтан әкелінген бе, тек бір тәңіріге ғана аян. Бұл түлкілердің жер-дүниеде жиырма бір түрі болатын көрінеді. Ал енді, сол жиыр¬ма бір түрді жік-жікке бөліп, жіліктегенде — олардың сала-саласының саны қырық сегізден асып жығылады дейді, мәссаған!

Сол қырық сегізді айтпағанның өзінде, әр түлкінің қай-қай¬сының қырық сегіз түрлі айласы бар екен. Өте қу, залым хайуан ғой, бұл қу түлкі дегенің.

Баяғыда, XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың бас кездерінде бір түлкі көк бөріні алдап, суаттан құйрығымен балық аулауға болады деп таң атқанша мұздың ойығына отырғызған ғой. Балық аулап қарнын бір тойғызуды ойлаған қасқыр байғұстың құйрығы таң атқанша мұз болып қатып, ауылдың шәуілдеген иттерінен қашамын деп, құйрығын мұз-суатта қалдырып, құйрығының тұқылын шолтаңдап тұра қашыпты деген әңгіме бар.

Тағы бір қызығы, жиырмасыншы ғасырдың басы, он тоғызын¬шы ғасырдың соңы болуы керек, бір түлкі, анадайда келе жатқан ат шананы көріп, өтірік өліп, жолдың үстіне сұлай құлаған ғой. Сөйтсе, шанада келе жатқан кәрі шал: «Ойбай, шіркін, мына бір түлкіні жаратқанның өзі маған жолықтырған екен. Өзіме тұмақ, кемпірімнің шапанына жаға болуға бұйырған шығар», — деп балық толған шананың үстіне түлкіні лақтыра салған көрінеді. Содан соң қуанышы қойнына сыймай ауылына қарай шаба жөнеліпті. Ал жаңағы қу түлкі болса, жол бойы шанадағы балықты шетінен жол жиегіне лақтыра беріпті. Ауылға жақындағанда өзі де шанадан секіріп түсіп қалыпты. Сөйтіп, шал байғұс үйіне түлкі де жоқ, балық та жоқ, сымпиып барыпты. Бұл қырдың түлкісіне қатысты әңгіме.

Арғы көршілес тордағы түлкі анау жүрген қырдың қызыл түл¬кісінен мүлде бөлек. «Поляр түлкісі» деп жазылыпты. Өзінен соң екі тордан кейін болса да, дауыс жетер жер ғой деп ойлаған, Джиммидің Поляр түлкісімен де тілдескісі келді. Дауыстап шақыра қояйын десе, атының кім екенін білмеген соң қырдың қызыл түлкісіне өтінішін айтты:

— Түлкі апай, арғы жақтағы көршіңізді бергі жаққа мойын бұрғызып жібермес пе екенсіз?

— Түлкі де болса, ит тұқымдас емес пе? Қанына бұрмағанның қары сынсын. Арғы жағындағы Поляр түлкісін бері қаратты.

— Кешіріңіз, — деді Джимми. — Айыпқа бұйырмасаңыз, сізден бір жағдаятты білгім келіп еді?..

— Айтарыңды тезірек айтшы, жарқыным. Мына қапырықтан жүрегім лоблып, қан қысымым көтеріліп тұр. Құдайдың күнінің суығында жылы қораға қамап, көресіні көрсетті ғой бұлар. Тезірек далаға шығарса екен, — деді Поляр түлкісі.

— Даладағы торларға бүгін-ертең ауыстырамыз деп жанталасып жатыр ғой, осындағылар. Бірақ түнде тау жаққа қар түсті дейді. Әлі де ертерек емес пе екен? Салқынның шалығы кетпеген сияқты ғой, әлі?

— Тух! Айналып кетейін, — деді Поляр түлкісі. — Менің тұқым-тұяғым сонау полюс шеңберінің арғы жағындағы Тундра және Шығыс пен Батыс жартышарындағы Солтүстік Мұзды мұхитты мекендеген. Енді, өзің ойлап қарашы. Солтүстік мұзды мұхит пен Қазақстанның оңтүстік астанасы — айырмашылық бар ма, жоқ па? Оның үстіне, төрт қабырғасы тұйықталған темір торқамау. Мені шаршата бермеші, күшігім.

Поляр түлкісінің соншалықты шаршап-шалдығып айтқан әңгімесінен Джиммидің түйіткілдей түсінгені, Солтүстік мұзды мұхит деген жақта аз да болса салқын самал есетін болуы керек.

Ыссылап тұрған туысқанынан жөні дұрыс әңгіме суыртпақтай алмайтынын сезген Джимми — жабайы ит Динго, тұп-тура қарама-қарсы беттегі торда жүрген аңға назар салды.

— О, тоба! Мына біреуі қандай мақұлық тағы да? — Джиммидің жон арқасындағы түктері тікесінен тік тұрды.

— Ал саған керек болса, аңның аты — Фенек. Бойы — бір қарыс, құлағы — қырық қарыс. Нағыз кереметтің өзі ғой. Түріне қарасаң, түлкі сияқты. Басынан үлкен, қалқайып тұрған қос құлағына қарап, осындай нақұрыстармен бір итатадан тарайды екенбіз дегенге Джиммидің намысы келді.

— Фенек, а Фенек! — деп айқайлады Джимми.

— Неге соншама даурығасың? Сыбырлап айтсаң да бір жарым шақырымнан естіледі. Қандай шаруаң бар еді? — деді қарама-қарсы тордағы мақұлық Фенек.

— Жәй ғой, әшейін. Қарама-қарсы торда тұрған соң, танысайын дегенім ғой.

— Бүкіл қыс бойы қайда болдың таныссаң. Ес-ақылың енді кірді ме?

— Жоғ-а-а, жазғы алаңға шыққан соң тұрақтармыз алшақтап кете ме дегенім ғой. Өздерің қай өңірдің туғаны боласыңдар?

— Анау әпкем Оңтүстік Африкада туған. Мен... мен ұмытып қалдым. Әлде Шымкенттен, әлде... иә, иә, Қарағандының хай¬уанаттар бағынан алғызды-ау деймін. Асырап алған апам ұйықтап жатыр еді. Күте тұрасың ба, сұрап келейін?

— Ие-е, керегі жоқ...

Тұқым тұяғының осыншалық ұсақтап бара жатқанына Джим¬мидің шын мәнінде намысы келе бастады. Сөйтті де, бүкіл осы иттектілердің көшбасшысы қасқыр екенін есіне алды. Есіне алды да, қарсы бетке, дәл жаңағы қалқанқұлақ Фенектің сол жақ қапталына қараса, жон арқасы күжірейген көкжал қасқыр тұр екен.

Ә, дегенде алдында тұрған алпауыттың түр-әлпетіне қарап-ақ Джиммидің мысы басылып қалғандай болды. Содан кейін бойын тіктеп алып, көкейіне келген алғашқы сауалын көкжалдың өзіне тікесінен қойды:

— Сіз, Қасқырсыз ба?

— Иә, сөйтсе қайтеді екен? Мен — Арланмын.

— Осында көптен тұрасыз ба?

— Қайда? Қазақстанда ма? Дүниеге келіп, көзімді ашқалы бері Сарыарқаның кең байтағында көсіліп шауып едім. Ашкөзденіп, өзіме қажетін ғана алмай, бейбіт отырған бір шопанның жарты отарын жайратып салып, қара басты да, осы жерден бір-ақ шықтым. Сол жарты отар қойды қарным ашқандықтан, бәрін бір-ақ жеу үшін емес, өзімнің жыртқыштық қасиетімді тежей алмай, қырып салыппын. Қанша жерден ит болсаң да, иттік жасауға болмайтынын енді түсіндім.

Жабайы ит Дингоның баласы Джимми ойланып қалды.


Толымбек ӘБДІРАЙЫМ:

ЖОҒАЛҒАН СӨМКЕ

Күрең күз. Күн желкем. Ымырт қоюланып, қараңғылық түскен. Секпіл бет сары ұл селк етті. Алда қараңдап әлдекім көрінді. Бұл көшенің балалары басқа жақтың ұлдарын жолықтырса, әлімжеттік жасап, себепсіз ұрып кетеді дегенді еститін. Сол керек өзіне! Жарық көшемен жүрмей, төтелетіп несі бар?

«Ал қамдал, батырым!..»

Қараңдаған сұлба тұра қалды.

— Балақай, түн ішінде қайда барасың? — деді жылы ұшырап.

— Тентек бала ма деп зәрем ұшқаны-ай!..

— Есімің кім?

— Жанәлі.

— Қай сыныпта оқисың?

— Үшіншіде...

— Жалғыз неге жүрсің?

— Сөмкемді іздеп...

— Қайдағы сөмке?

— Кәдімгі... күнде мектепке таситын...

— Кітап-дәптерлеріңді салып жүрген бе?

— Оны қайдан білесіз?

— Өзің айтып тұр емессің бе?!. Сонымен...

— Сол... сөмкем жоғалып... Әлгінде, сабақ қарайын десем жоқ... Үй ішін олай ақтардым, былай ақтардым. Әкем қатал адам... Жерден шұқысаң да тап, құр қол оралсаң, таяқ жейсің деген соң іздеп шықтым...

— Енді қайда барасың?

— Бағана мектеп жанындағы стадионда футбол ойнағанбыз. Сол жерде ұмытып кеткен шығармын.

— Болжамың дұрыс... Ім-м... Қорқып келесің бе?

— Ия, ағай.

— Жүр, ертіп барайын.

— Рахмет! — деді бала.

Бейтаныс аға мен Жанәлі мектеп жаққа бет алды.

Бағана басындағы электр шамдары стадион алаңын жап-жарық етіп тұр. Екеуі әрі қарады, бері қарады. Көздеріне ештеңе түспеді. Біраздан соң бейтаныс аға:

— Айналайын, сен тағы ізде. Мен осы жерде тосам, — деді.

Жанәлі стадионды қайыра қарап шықты. Айтақыр алаңның шетіндегі шөптің арасын да қалдырмады. Сөмке түгіл, ныспы жоқ.

— Аға, — деді ол. Өзі де шаршаған сияқты. — Айып етпеңіз... Жолыңыздан калдырдым... Сөмкем табылар емес...

— Енді қандай амал бар?

— Білмеймін...

— Үйіңе қайт, қорықпайсың ба?

— Қорықпаймын...

— Қорықсаң, жеткізіп салайын.

— Өзім барам. Рахмет, аға!

Былай шыға бойын үрей биледі.

Шынымен, сөмкесі жоқ па? Кімге керек болды екен? Сөмкені қойшы, сатып әпереді ғой. Бәрінен бұрын күнделігі мен дәптерлері, мектеп кітапханасынан алған оқулық кітаптары да жоғалды-ау!

Зытып келе жатқан ұл қараң-құраң еткен затты көріп, тұра қалды. О, тоба! Әлгі біраз жүріп тоқтайды, аздан соң тағы жылжиды. Көзі бақырайып, жүрегі дүрсілдеп кетті. «Не болса да, жақындап көрейін...» Қараса, көк күшігі өзінің.

Жазғытұрым жапсарлас ауылдағы Ермек құрдасынан алты айлық күшікті сұрап әкелген көкесі:

— Жер үйде тұрған соң, ит ес болады! Кейін байлап қоярмыз. Әзірше бос жүре берсін, — деді.

Жанәлі күшікпен достасып кетті. Көк күшік қайдан келсе де, жүгіріп баланың алдынан шығады. Бала күшікті мойнынан құшақтайды. Сөйтіп екеуі біраз тұрады. Келе сала итаяғына ас құяды. Содан асыр-салып ұзақ ойнайды, екеуі. Қолындағы добын, басындағы қалпағын, болмаса ағаш-таяқты әдейі лақтырып, алып кел деп жұмсайды. Көк күшік баланың жұмсауына әбден үйренді. Елгезек. Тағы тапсырмаң бар ма дегендей көздері жәудіреп қарайтыны бар. Бәрін түсінеді, бәрін біледі.

— Күшігің үлкейді, көп еркелетпе, — деген көкесінің сөзін мойындағысы келмейді бала. Оған көк ит әлі кішкентай сияқты.

Мына қызықты қараңыз. Көк ит сүйрелеп жүрген баланың сөмкесі! Мұндай қуанбас. Есіне түсті. Бағана доп ойнап жүргенде итін көрген. Ойыннан соң достарымен сөйлесіп, сөмкесін алуды, Алыпсоқты ертуді ұмытып үйге кетіп отырған. Көк ит сөмкені көріп қалған ғой. Қараңғы түскенше баланы тосып, үйге қайтқан беті осы болды.

— Ақылдым менің! Көмекшім менің!

Жанәлі итін құшақтады. Ал иті құйрығын бұлғаңдатып, еркелей бастады.


Әлібек ФАЙЗУЛЛАЕВ:

ҚЫЗҒАНЫШ

Ертеде жұрт жазға таман жайлауға, қысқа қарай қыстауға қо¬ныс аударып, арлы-берлі көшіп жүргенде, сол төңі¬рекке ақыл¬дылығымен, қайырымдылығымен танымал болған Кәдір деген бай алғаш рет отырықшылдық тіршілікті бастаған екен. Ол көрші елден жердің «тілін» білетін дихан алып келіп, бақша салдырады. Суы мол, топырағы құнарлы жерді жыртқызып, көкөніс ектіреді.

Қауын-қарбызды өмірінде бірінші рет көріп, дәмін татқан ауылдастары байдың бұл бастамасына риза болады. Ісінің оң нәтиже¬сін көрген Кәдір де енді жыл сайын ерте көктемнен өзінің сүйікті шаруасына құлшына кіріседі.

Байдың жаңа тіршілігінен хабардар болған алыс-жақын тұр¬ғындар науқан кезінде арнайы жалданып, табыс табады. Бірде жұмыс сұрап, ала шапан киген бір жас жігіт келеді. Кетпен-шотын әзір ұстап, сақадай сай тұрған жігітке риза болған Кәдір:

— Бақшада жұмыс істей ғой, еңбекақыңды жемеспін, — дейді.

Бақшалықты аралап, жұмыстың ауқымын шамалаған жігіт:

— Алдымен еңбекақы жөнінде келісіп алсақ, — дейді.

— Жарайды, қалауың білсін, — дейді Кәдір жігіттің пысықтығын құптап. — Еңбегіңе не сұрайсың?

— Бес тоқты...

— Келістік, айтқаның болсын, — дейді Кәдір еш саудаласпастан.

Жігіт құлшына жұмысқа кірісіп кетеді. Ерте тұрып, кеш жатады. Күн бойы кетпенін арқалап, бақшаның басында жүреді.

Арада тура ай өткенде жұмыс сұрап, байға және бір кісі келеді. Кәдір бір көзі соқыр, таяқ сүйенген жанның меселін қайтармай оны да бақшада жұмыс істеуге жібереді.

Содан және бір ай өткенде байдың қақпасын дорба асынған диуана келіп қағады. Үсті-басы кір-қожалақ, азып-тозған кісіні бастан-аяқ шолып өткен Кәдір:

— Әй, пірәдар, бүйтіп жүріп бір жерде қылжиып өліп қаласың ғой, одан да сен маған жалданып жұмыс істе, тамағыңды тойдырып, әл-қуат жина, еңбекақыңды да жемеспін, — деп ақыл-кеңес береді.

Бұған диуана келіседі. Сөйтіп ол да бақшадағы жұмысқа араласады.

Сол жылы көкөніс жайқалып шығып, күзге қарай мол өнім жиналады. Бақша күтушілердің еңбегіне сүйсінген бай сондай бір ризашылық пейілмен олардың еңбекақысын үлестіреді. «Істі бірінші бастаған өзің едің, негізгі еңбек сенікі ғой, үлкен рақмет саған!» — деп, Кәдір ең семіз, мықты деген бес тоқтыны қорасынан шығарып, ала шапанды жігіттің алдына салады. «Кейінірек келгендеріңмен, сендер де аянып қалған жоқсыңдар ғой!» — деп және бір бес тоқтыдан қалған екі кісіге бөліп береді.

Бірақ Кәдірдің мұнысына жігіт тулап кеп ашуланады.

— Байеке, бұ қалай, олар менен көп кейін келіп, неге бірдей үлес алуы тиіс?! — дейді ол қатты қапаланып.

— Алса ше, бірақ мен сенің де ақыңды жеген жоқпын ғой, — дейді Кәдір о бастағы екеуара әңгімені еске түсіріп. — Келісілген бес тоқтың әнеки алдыңда.

— Дегенмен кейін келгендер де бес тоқтыдан алғасын, мен олардан көбірек алуым керек емес пе?! — деп жігіт жеңістік бермейді.

Өзара түсінісе алмаған екі жақ биге жүгінуге барады.

Жігіттің шағымын мұқият тыңдаған би:

— Шарт бойынша қанша алашақ едің? — деп арызданушыдан сұрайды.

— Б-бес... тоқты-ы... — дейді жігіт күмілжіп.

— Ал сен нақты қанша алдың?

— Б-бес... т-тоқты...

— Демек, шарт бұзылған жоқ қой! — дейді би жігітті мойындата сөйлеп.

— Бірақ менен көп кейін келгендер...

— Жә, ол жағын да қазір анықтаймыз, — дейді би дауласу¬шы¬лардың қастарында тұрған екі кісіге бұрылып. — Қане, сен айтшы, бақшадағы жұмысқа мына шағымданушы жігіттен қанша уақыт кейін кірістің?

Би таяқ сүйенген адамға иек қағады.

— Бір ай шамасында...

— Сен ше? — дейді би дорба асынған кісіге.

— Екі айдың төңірегінде...

— Істеген еңбектеріңе қандай төлем алдыңдар?

— Бес тоқты-ы... — дейді бір көзі соқыр кісі.

— Маған да бес тоқты тиді... — дейді диуана.

— Бәрі түсінікті, — дейді би өз шешімін жариялауға оңтайланып. — Бұл жерде мен ешқандай әділетсіздікті көріп тұрған жоқпын. Ең бастысы, уәде бұзылмаған. Яғни о бастағы келісілген бес тоқты бірінші жалданушының қолына тиіп отыр. Ал кейінгі екеудің аздау жұмыс істегеніне қарамастан бес тоқтыдан алуы — байдың мырзалығы шығар. Дәлірек айтқанда, олардың бірінің кемтарлығы, екіншісінің тұрмыс-жағдайының нашарлығы ес¬керіл¬се керек. Ендеше біз, осынау мұқтаж бейбақтарға қайырым¬дылық танытқан жанды даттаудың орнына, қайта мадақтасақ етті. Қолдан келсе жақсылық істегенге не жетсін, шіркін! Сол үшін де, әсте, біреудің жомарттығын қызғанбаған абзал-ау.

Бидің шешіміне риза болған Кәдір:

— Мен де осыны айтқан едім ғой саған... — деп ала шапан киген жігітті түсіністікке шақыра оң қолын ұсынады.


Әбділдабек САЛЫҚБАЙ:

АЗАТТЫ АЗАТ ЕТКЕН АРМАН БАЛА

Ерте, ерте, ертеде, ешкi жүнi бөртеде, ұшы-қиырсыз са-йын далада өмiрi бiр етек-жеңi жиылмайтын, үстiнен атан түйе жүрiп өтсе де мыңқ етпейтiн марғау да маңғаз, бейғам да бейуайым бiр ел болыпты. Бұл елдiң ныспысы азат екен, көргенi мазақ екен, тартқаны азап екен. Өйткенi оның басқа бiрде-бiр елге ұқсамайтын қораш қылығы көп екен. Өзгесi өзге, құнтсыздығының өзiн санасаң сан жетпептi. Қауымдасып бастаған бiрде-бiр iсiн өмiрi соңына дейiн жеткiзбептi. Тiптi соғыс екеш соғысты да жаудың бетiн қайтарған iрi жеңiстен соң бiттiге санап, әрқайсысы өз жөнiне бет-бетiмен тарап кете барыпты. Мұны бiлетiн жырынды жаулары жеңiлiп бара жатса, қаша соғысып, кейiн ес жиып алған соң қапысын тауып, қайта шауып ала берiптi.

Әйтсе де азат елi жау қайдалаған батырларға, елiм деп еңiреген ерлерге кенде емес екен. Тек, сол жалаңтөс, жаужүрек ұлдарының басы бiр қосылмай, қапияда қан құсып, аңғалдықтан у жұтып, шетiнен шерменде халде өле берiптi. Батыры бiр оқтық, малы бiр жұттық болып, жиi-жиi ел iргесi сөгiле берген соң халық үнемi жаңа қоныс iздеп, сайын даланың сахара шөлiне қарай ығысып, бiрте-бiрте салт-дәстүрiнен де, ұлттық болмысынан да ажырап, азып-тоза бастапты.

Күңiренiске толы күндер, жылаулы жылдар жылыстап өте берiптi. Ел қамын ойлаған ақсақал, қарасақал, қабасақалдар жиылып, құдайдың құтты күнi кеңес құрса да бiр шешiмге келе алмапты. «Күлтөбенiң басында күнде жиын» деген сөз солардан қалған деседi.

Күндердiң бiр күнiнде ел еңсесi езiлiп, әбден үмiт жiбi үзiлер шақта Азат бабаның жетпiс жетiншi ұрпағы дүниеге келiптi дейдi. Осының өзi жүректердегi сөнуге айналған қоламтаны қоздатып, ұлан-асыр той жасалып, елiнiң арман-мүддесiн арқалаған ер болсын деп сәбидiң есiмiн Арман қойыпты. Мұқым ел-жұрт тiлеуiн тiлеп отырған соң Арман бала айлап емес апталап, сағаттап емес сәт сайын өсiптi. Бесiктен белi шықпай жатып-ақ елiнiң өткенi мен бүгiнiн, бүгiнi мен ертеңiн салиқалы жандарша саралайтын әдет тауып, алды-артына қараған сайын халқының қайғылы халi намысын қамшылап, жiгерiн жани түсiптi. Қаршадайынан-ақ қайтсем халқымды бақытқа кенелтiп, iргелi елдердiң қатарына қосамын деген ой баланың жатса да, тұрса да есiнен шықпайтын болыпты. Басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып көкейiн қоздатқан сауалға жауап iздеп жүргенде Арман баланың буыны бекiп, бұғанасы қатып, ел тiзгiнi қолына тиiптi.

Сонда Арман халқын жиып, көңiлiн күптi қылған сауалын ортаға салыпты. Жиналған ел нәтижелi сөз айтпай, әркiм әр саққа жүгiртiп, бесенеден белгiлi жәйттердi тiзбелептi.

Бiр қария тұрып сонда:

— Адамдық болмысын жоғалтқан, өзiнiң кiм екенiн, не iстеп жүргенiн бiле бермейтiн маңайыңдағы аз ғана тобырдан не үмiт, не қайыр? Ол үшiн қиырларда жатқан ауыл-ауылды түгел хабардар етiп, жалпақ жұртты жидыру керек, — дептi.

— Оған қанша уақыт қажет,— деп сұрапты Арман әмiр.

— Берiсi — бес ай, арысы — алты ай.

— Жоқ, бiр күн де бейқарекет бос қарап отыра алмаймын. Оның үстiне жалпақ жұртты менен бұрынғы әмiрлер де жидырып, еш нәтиже шығара алмаған, — деп, Арман әмiр көкейiн қоздатқан сауалдың жауабын iздеу үшiн жолға шығатынын мәлiмдептi.

— Онда Қараспан тауын мекендейтiн Ақылман Әулие бар. Ат аяғы жетер жерде жол көрсетiп, жөн сiлтейтiн екi адам болса, соның бiрi, бiреу болса, нақ өзi сол Әулие. Соған жолық,— дептi әлгi қария.

Сөйтiп, Арман әмiр ел тiзгiнiн сенiмдi адамдарына тапсырып, қасына екi-үш жаужүрек жiгiт ертiп, Қараспан тауына бет алыпты. Тауға жетуiн жеткенiмен, Ақылман Әулиенi табу оңайға түспептi. Бiр күн iздейдi, тiрi пенденi кезiктiрмейдi. Екi күн iздейдi, тағы да тым-тырыс. Үшiншi күнi қасындағы серiктерiнен жырылып, әдейi бөлек кетiптi. Күнi бойы табанынан таусылып, шаршап-шалдығып ұйықтап кетсе, таң қылаң бере бiреу атын атап шақырғандай болыпты. Ояна келсе, үстiне ақ шапан киiп, басына ақ сәлде ораған күмiс сақалды қария тұр екен.

— Есiңде болсын, қарағым! Бұл сапарға сенен бұрын да талай-талай жүрек жұтқан батырлар мен «елiм» деп еңiреген ерлер аттанған-ды. Көкiрегiн кернеген арманы адыра қалып, жол ортада мерт болмаса, әлдеқашан келмес пе едi?! Мұндай азапты да қатерлi жолда солардың жолын құшсаң, өкiнбеймiсiң? — деп сұрапты қария.

— «Жазмыштан озмыш жоқ» демеп пе едi бабаларымыз. Арманымнан адасып, көздеген мақсатыма жете алмасам, солардан жаным артық па? Бағыт нұсқап, жолға сал, Ақылман Әулие, — дептi Арман әмiр.

— Ендеше құлағыңды сал, балам! Мынау түйенiң өркешiндей айыр шоқының ортасынан өтсең, алдыңнан дәл осындай тоқсан тоғыз тау және қырық қырқа кезiгедi. Iздегенiңдi солардың арғы жағынан табасың. Жол-жөнекей небiр адам сыпаттас сұрқия-сұмдар, әзәзiл-азғырушылар кезiгуi ықтимал. Олардың бiрiнен де жөн сұрама, айтқан тiлiн алма! Жүрегiңнiң әмiрiне, көңiлiңнiң қалауына салып, жолсыздан жол тап! — деп Ақылман Әулие Арман әмiрге жөн сiлтеп, бата берiптi.

Оған алғысын жаудырып, Арман әмiр сапарға шығыпты. Ақылман Әулиенiң айтқанындай жол-жөнекей кезiгiп, бағытынан адастырмақ болған сұм-сұрқиялардың сөздерiн елең қылмай ұзақ-ұзақ жол жүрiптi. Күндердiң бiр күнiнде тiк беткейдi қиялап келе жатса, әудем жерде асудың аузындағы бұлақ басында ақ сөңке болып шашылып жатқан сүйектi көзi шалыпты. Жақындап келiп үңiлсе, әлгiсi адамның сүйегi болып шығыпты.

Арман әмiр дереу еңкейiп, сүйектiң үстiне бiр уыс топырақ салыпты. Әруағына бағыштап құран оқып, ендi аттана берейiн десе, ақ сөңке сүйектiң жанында өсiп тұрған Тiкенекке тiл бiтiптi:

— Ықыласыңа разымын, мейiрбан жан! Мен де өзiңдей iзгi ниет-пен жолға шыққан пенде едiм. Мақсатым әруақтарға тәу ету емес деп, жол бойы шашылған сүйектердi елең қылмай, аттап өтiп жүре бердiм. Ақыры әруақ атып, бiр басқан iзiмдi мың басып, шиырлап бағытымнан адастым. «Өлi разы болмай, тiрi байымайды» деген сөздiң мәнiсiн ажал аузында жатқанымда ғана ұқтым. Ендiгi тұрысым мынау ербиiп. Осы қателiгiмдi ендi сен қайталай көрме, жас батыр! — дептi Тiкенек.

— Өзегiңдi өртеген өкiнiш уытын сезгендеймiн. Жалқы жаным аман болса, айтқаныңды жадымнан шығармаспын, — деп, Арман әмiр тағы да жолға шығыпты.

Ол құлан жортпас құла түзбен айшылық алыс жол жүрiптi. Қаншама шаршап-шалдықса да аяқ суытып, көз шырымын алғаны болмаса, сапарын тоқтатпапты. Күндердiң бiр күнiнде манағы Ақылман Әулие айтқан қырқыншы қырқаны асып түссе, етекке ала алақандай ғана төбешiктiң басында бiлiнер-бiлiнбес құлпытас тұр екен. Жанына келiп, құлпытас бетiндегi «Бiз де сiздей болғанбыз, сiз де бiздей боларсыз» деген жазуды оқып, тiзе бүгiп, құран бағыштайды. Бетiн сипап, орнынан тұра бергенде:

— Ықыласыңа рақмет, қандасым! — деп күңiренген дауыс шығады мола басына орнатылған құлпытас астынан. — Мен дағы өзiңдей ел басқарған әмiр едiм. Бiрақ «бұйырған кетпейдi, қуған жетпейдi» деп, қам-қарекетсiз күн кешiп, азат халқын ашаршылыққа ұрындырып алдым. Бұрынғылардың бұл сөзiнiң күнi өткендiгiн к-е-еш, тым-тым кеш түсiндiм.

— О, қандас бабам! Қанағат, ынсапсыз да күн көру қиын ғой, — деп таңданыпты сонда Арман әмiр. — Бұл нақылдың күнi өткендiгiн қайдан бiлдiң?

— Көзiм жетпесе айтам ба? — деп қабiрден шыққан дауыс азы-рақ бөгелiп барып, мынадай шежiре-сыр шертiптi.

— ...Баяғыда, түу-түу баяғыда Құдай-Әке өзiнiң жаратқан пен-делерiне еншi үлестiрiп жатқанда бiздiң Азат бабамыз Табиғат-Ананың омырауынан ажырамаған сәби екен. Алғашында Құдай-Әке жомарттық қылып үлкен ұлдарына қолындағының бәрiн үлестiрiп қойыпты да, емшектегi Азат бабамызға еншi бұйырмай қалыпты. Сонда Табиғат-Ана сүт кенжесi Азатты жұбатып: «Қамықпа, балам! Сенiң, сенен тараған ұрпақтардың ғұмыр бойғы азығы менiң мойнымда болсын», —дептi. Содан Азат бабамыз «бұйырған кетпейдi, қуған жетпейдi» деп, еншiге таласпай-ақ өмiр сүре берiптi. Азаттан тараған ұрпақтың барлығы да ата-бабадан қалған осы сөздi дәтке қуат етiп, Табиғат-Анаға арқа сүйеп, ғұмыр кешiптi...

Одан берi сан-сан ғасыр өтiп, төрткүл дүние төрт рет жаңғырды. Азат бабаның ағаларының ашкөз ұрпақтары Құдай-Әкеден алған еншiлерiн қанағат қылмай, ауызды Табиғат-Анаға салды. Оны тонап болып, бермесiн тартып алмақ ниетпен ендi Құдай-Әкемен арпалысуда. Өзiң ойлашы, қандас бауырым! Басқа жұрт өзiнiкiн былай қойып, өзгеге тиесiлi еншiге таласып, Құдай-Әкемен жағаласып жатқанда, бiздiң ырыс-несiбемiзге қол сұқпас деймiсiң?! Ендеше, «бұйырған кетпейдi...» деп қам-қарекетсiз қарап отыруға бола ма?..

Арман әмiр бұл әңгiменi де жадына тұтып алып, жол жүрiп кетiптi. Ол кезектi бiр тауды асып түсiп, етектегi қойтастарды аралап келе жатса, әудем жерден адамның бас сүйегiн көрiптi. Қасына келiп, мұсылмандық мiндетiн атқарып, орнынан тұра бергенде қу бастың iшiнен бiр Шыбын ұшып шығып, айтақыр маңдайға қонып, былай деп тiл қатыпты:

— Пейiлiңе рақмет, жолаушым! Мен дағы өзiңдей ел қамын жеген ер едiм. Ниетiм түзу-дi, амал не. Халқымды тығырықтан шығару үшiн iргелi елге телiп, арқа сүйесем деп соның құлақкестi құлына айналдырып алдым. Содан ел iшi бүлiнiп, аяр елге қарсы күрес ашып, халқым қанды қырғынға тап болды. «Ел шайқалса, төреге қатер...» емес пе, өзiм ел iшiнен аласталып, мiнекей, қу басым күнге қаңсып, далада қалдым.

Менiң басты қасiретiм — «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген ақиқат қағиданың жалқы жандарға ғана емес, бүтiн бiр ұлтқа, ұлысқа да қаратылып айтылғанын аңғара алмауымда. Ендi осы қасiретке сен ұшырама, жолаушым, — деп Шыбын жан қу бастың iшiне қайта кiрiп кетiптi.

Тумысынан зерек Арман әмiр мұны да көңiлге тоқып алып, сапарын әрмен қарай жалғастырыпты. Қилы-қилы кезеңдердi артқа салып, күндердiң бiр күнiнде әуелгi Ақылман Әулие айтқан тоқсан тоғызыншы таудың етегiне келiптi. Ол таудың етегiнде, дәл асудың аузында бетiн шөп-шалам басқан бiр кiшкене бұлақ жылтырайды. Арман әмiр дереу бастаудың көзiн ашып, тұндырып жiберiп, мұздай судан қанып iшiптi. Аз ғана аялдап, әлденiп алып тұра бергенде манағыдай емес қуаныштан сылқылдай күлiп, сылдырап аға бастаған Қайнар бұлаққа тiл бiтiптi:

— Атақ-даңқыңа әуелден-ақ қанық едiм, Арман әмiр, — дептi ол. — Ендi қайырымыңды көрiп, тәнтi болдым, рақмет! Алла-Әке алдыңнан жарылқап, жолыңды оңғарсын.

— Уа, тiлегiңе рақмет! Өзiң кiмсің? — деп сұрапты аң-таң болған Арман әмiр.

— Мен де өзiңдей ел қамын ойлап, жамиғаттың арманын арқалаған жанкештiмiн. Дәл өзiңдей тауқымет тартып, барлық қиын-дықты артқа салып, тоқсан сегiзiншi асуды асқанымда пайғамбар жасына жеткен едiм. Сонда жиған-терген бiлiмiм, көкiрекке түйгенiм ендiгi ғұмырыма азық болсын, бұдан былай дүниенiң қызығын ғана көрейiн, «болдым-толдым» деп күпiндiм. «бiлге-нiң — бiр тоғыз, бiлмегенiң — тоқсан тоғыз» деген қағиданы ұстану былай тұрсын, құлағыма да ілмей күпiрлiк қылыппын. Ақыры, мiне, «Оқыс болса, быламыққа тiс сынады» дегендей, қарға адым жер қалғанда болмашыдан мертiгiп, қара жердiң қойнына түстiм. Мына бұлақ — менiң өзегiмдi өртеген өкiнiштен ағып жатқан көз жасым, — дептi әлгi дауыс.

— Алланың әмiрiне көнбеске шара бар ма? Атымыз әмiр болғанмен бiз де оның құлымыз, — деп, Арман әмiр iлгерi жүрiп кетiптi.

Жарым дүниенi көктей етiп Арман әмiр әуелдегi Ақылман Әулие айтқан тоқсан тоғызыншы тауды асып түссе, алдынан күмбезi көк тiреген зәулiм де сәулеттi Ақ орда көрiнiптi. Ақ орданы айнала кең шеңбер сызылып, шеңберден көрiнер-көрiнбес сызық шығып, сонау шығыстағы көкжиекке қарай сымша тартылып жатыр екен. Аяңдап қасына тақау келсе, әлгiндегi шеңбер дегенi — лақтырсаң тасың жетпес биiк қамал, көкжиекке сымша тартылған сызық дегенi — үйiр-үйiр жылқы, қотан-қотан қой айдасаң да сыйып кете беретiн далиған даңғыл жол болып шығады. Сол даңғылмен қамалға қарай ағылған адамдарды көрiп, бiрiнен жөн сұраса, Ақ ордада әлемдi аузына қаратқан ғұлама бар екен дейдi. Оған күн сайын дүниенiң төрт бұрышынан мың-мың әмiр, сан-сан қолбасшы келiп, ел басқару жайынан жөн-жосық сұрап, ақыл-кеңес алады екен. Арман әмiр де еш iркiлместен нөпiрге ерiп, iшке енiптi. Қамал iшiнiң өзi қарасаң көзiң тоймайтын, сәулетiне дәулетi сай кең шаhар екен. Ақшаңқан әппақ үйлер, әр бұрышта қаққан қазықтай қаздиып, қару-жарақ асынған әскер күзетi. Ғұлама Арман әмiрден жол-жөнекей көрген-бiлгендерiн, көкейге түйгендерiн шып-шырғасын шығармай айтып беруiн өтiнiптi. Арман әмiр оның айтқанын орындап, жадына тұтқанын еш iрiкпестен түгел баян қылыпты.

— Солай де, сон-а-ау қиырдағы, қол жетпес шалғайдағы Азат елiнен келдiм де, балам! Орда бұзар отызға жетпесең де көңiлге то-қығаның мол екен, шырағым, — дептi Ғұлама разылығын жасыра алмай. — Менiң бiлуiмше, әлi сәби түсiнiктен арыла алмай жүрген аңғал халқыңның үш бiрдей кемшiлiгi бар. Бiрiншiсi — халқың көкiрегiне нұр құятын жанды өз iшiнен iздемей, өзгеге көзiн сатады екен. Екiншiсi — өздерi қулық-сұмдық, айла-шарғыға епсiз болған соң, өзара iстейтiн айла-амалды бес саусағындай бiлген соң, бөтен жұрт ала жiптi аттамастай көрiп, дау-дамайға төрелiктi өзгеден күтедi екен. Үшiншiден — ең елеусiзi әрi ең қауiптiсi — өздерiн жат жұртқа табиғи жолмен мойындатудың орнына алдымен басқаға түсiнiктi болсыншы деп, өз таразысындағыны өзгенiң безбенiне салып, берекесiн кетiредi екен. Тағы бiр байқауымша, халқың көнтерiлi екен, көнбiс екен. Өйткенi оған күштi қозғау салып, бұзылған сеңдей жүйткiтiп әкететiн көсем тектi серке азамат көптен берi болмапты. Бодандықта болған соң көшбасшылыққа жарайтынның бәрiнiң басы алынып келiптi. Себебi жүрегi шай-лыққан, жалтақ халқың көп ретте олардың соңынан ермей қалып, не сын сәтте жалт берiп тайқып кетiп, арандатып отырыпты. Соны бiлгендiктен сенен бұрынғы әмiрлер маңындағы көршi елдерге қарсы келмейтiн, көпiрме сөзi болмаса, көк тиын пайдасы жоқ, бойындағы ұлттық болмысы жылмағайланып, мәймөңкеленiп бiткен пысықайларды ғана қасына жинапты. Елiңдi «бейбiт-шiл» қылам деп оның рухын, елдiк бет-бейнесiн жерлеп келiптi. Халқыңның намысын жерлеп, еңсесiн езiп бiтетiн ондай қан-сөлсiз құр сүлдерлерден құтылмай, ел болмайсың. Мiнекей, көзбен көрмесем де көңiл таразысында салмақтап, арғы бiр аңғарыммен ұққандарым.

Ал өз көкiрегiңдегi тәуекелге тас байлаған сенімнің кемшіндігі едi. Оны сен жолай көңiл сүзгiсiнен өткен дүниелер арқылы көкейiңе мықтап қондырыпсың. Ендiгi қалғаны — әрекет. Тек қана әрекет, — деп, данышпан Ғұлама Арман әмiрдi жолға салыпты. Мұны естiгенде көкiрегiне күн қондырғандай болып, жол азабын бiр-ақ демде ұмытқан Арман әмiр дереу елiне жетiп, билiктi қайта қолына алып, көрген-бiлгендерiн, көңiлге түйгендерiн кәдеге жарата бастапты. Өмiрi асып-таспапты, бiрақ халқына көз алартқан жаудың жанжалынан қашпапты. Ал азат жұрты Арман әмiр билеген күннен бастап, шын мәнiндегi азат елге айналып, ен дәулетке кенелiп, арман-мұратына жетiптi.

Ертегілер әлемінде
Оқырман өрендер Республика күнін апталап атап өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу