Батырхан Сәрсенхан, ақын: «Ақынды өлтірудің басты жолы – елемеу»

Oinet.kz 10-08-2019 1584

 Screenshot_7.jpg

-          Батырхан, ХҚТУ-дың түлегі атануыңмен құттықтаймын. Жыр сүйер қауымға сенің ендігі қадамың қызық болып тұр...

-          Рахмет. Студенттік жылдарды ойдағыдай өткіздім. Қазір ізденіп жүрмін. Кітап әлемі мені қызықтырады. Алдағы екі жыл өмірімді Алматыда өткізсем деймін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасынан үміттімін.

-          Өнер өскен ортаға, топыраққа байланысты дейді. Өзіңе ақындық өнер кімнен дарыды?

-          Ата-бабамның бойында ақындық қасиеттің бары рас. Бірақ кез-келген  қазақтың  атасында ақындық болуы мүмкін. Менің түсінігімде,  үлкен еңбек шығармашылықты ұштайды. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді». Біздікі, әрине, ой еңбегі. Ол – ең азапты жол екенін аздап сезінген секілдімін.

-          Сенің «Бейбітшілік әлемі», «Шырайлы Шұбайқызылым», «Туы биік, тұғыры мығым - Тәуелсіздік» секілді халықаралық, республикалық, облыстық бірнеше  байқауларда топ жарып шыққаныңды жұрт жақсы біледі. Жалпы жеңімпаз атану, атақ-абырой әсіресе, жас ақынға қаншалықты қажет?

-           «Абұйыр атақ сол жанда,

        Кімді көп жұрт мақтаса.

        Ол мақтаудан не пайда,

        Көп мақтауын таппаса»,-дейді ақын Абай. Көптің ықыласы, мемлекеттің   бағалап сый бергені жақсы ғой. Оның несі жаман? Ақынды өлтірудің басты жолы –елемеу, ескермеу. Әркім еңбегіне қарай бағасын алсын. Талантты ұштамаса, бұл ықылас өлтірмейді.

-          Бүгінгі қазақ поэзиясына көңілің тола ма?

-          Кейде өз буынымды ойласам тісім ауырады. Бүгінгі біздің басты жауымыз интернет емес, әлеуметтік желілер. Желілердің ішінде де түкке қажеті жоқ, уақыт жұтуға шеберлері шаш етектен.Әрине, кейбір  желілердің поэзиямызды оқырманға жеткізуде маңызы зор, алайда біз оны шектен тыс қолдану арқылы «Кітап мырзаны» қатты ренжітудеміз. Желілерден Румидің екі сөзін оқып алып, кешкі ізденісін қорытындылайтын кейбір сөз етін жеуге құмарларды мен түсінгім келмейді.

-          Ақындарды музасыз елестету қиын. Сенің музаң не ?

-          Біріншіден, Муза сөзі маған ұнамайды. Өлең жазуға не нәрселер түрткі болады десеңіз, түрткі болатын құбылыстар жетерлік. Табиғаттың мінезі сан түрлі өлең. Жаңбыр астында жалаңаш жүгірген ұнайды.

-          Кімді үлгі тұтасың?

-          Пайғамбарымыз Мұхаммедті  (с.а.с.).

-          Ақынды қоғамның барометрі деп жатамыз. Бүгінгі қазақ қоғамында сені қатты алаңдататын жайт не?

-          Дәл қазір Ұлт тағдыры алаңдатады. Меніңше, Ұлттың дәрумені – Ар-Иманы. Арандатуды ойлағандар дәл осы тамырдың үстінен басып, түрлі ағымдар арқылы жұрттың миын ашытуда. Өткенде бір жас  жігіт сұрақ қойды. «Ұлтқа қалай қызмет етсем болады?» дейді. Мен үйінің есік алдына гүл немесе тал отырғызуын өтіндім. Біз әрқайсымыз өз басымыздың директорымыз. Қол мырзаны, Ерін ханымды, Аяқ мырзаны дұрыс іске жұмылдыра білсек, қоғам өзінен-өзі түзелер еді. Әйтпесе, көршім Ерекеңе барып, әркімді бір  жамандай беру  оның да қолынан келеді.

-          Кімді сүйіп оқисың?

-          Өмірді.

-          Сынды қалай қабылдайсың?

-          Бірде университетте сабаққа кіргенімде, бәрі маған қарап күле бастады. Ыңғайсыз жағдайда қалдым.Сөйтсем бір досым байқатпай бетіме мұрттың суретін салғанға ұқсайды. Айтпағым, өзімді сын айнасынан көріп тұрғаным жақсырақ. Бәлкім мен күлкілі шығармын? Адамдармен оңаша сөйлесіп, өзім жайлы, өлеңім жайлы сұрағанды жақсы көремін. Ең кемі төрт-бес тармақты сыни пікір сұрап қарсы алдымдағы адамды абыржытатыным бар. 

-           Алдағы жоспарларыңмен бөліссең...

-          Жоспар көп. Адамдарға жақсылық жасауға құштармын. Толстой секілді ұзын  асхана ашып, мұқтаждарды  тойындырсам, бақыттың кекілін табар едім. «Өмір – адамдарға жақсылық жасаудан басқа ештеме емес». Бес жыл ішінде өз мектебімдегі үздік оқушыларға шәкіртақы тағайындасам, он жыл ішінде мұқтаждарға көмек қолын созатын қорлар ашсам деймін. Алдағы жылға жаңа жинақтың сұлбасы санамда  жүр.   

Сұхбаттасқан: Айнұр АСАНҚЫЗЫ, 2016 ж

Қытайлық рецепт: Асығыссыз бәріне қалай үлгеруге болады?
Ілияс Есенберлин: - Адам болмысы үшке бөлінеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу