Анам бізді бес бөлмелі пәтерге айырбастап жіберді...

Oinet.kz 23-08-2022 7001

Екі баласын бес бөлмелі пәтерге айырбастаған ананы көріп, естіп-білгендеріңіз бар ма? Менің өмірім бір кітап, бір дастан десем де болады. Мені кішкентайымнан мазалап келген бір оқиғаны жазып, оқырманмен ой бөлісіп, іштегі шерімді тарқатсам ба деймін...

Screenshot_1.jpg

Менің өмірде мүлдем қатыгез болғым келмеген. Бірақ, аяусыз тағдыр мені қатал, қатыгез қылды десем де болады. Үйде мен мен және інім, әкем бар. Анамыз жоқ. Өйткені, бізді анамыз кішкентай кезімізде әкемізге тастап кеткен. Туысқандардың айтуы бойынша інім ол кезде бесікте болған. Қазір інім жасы он сегізде. Жастайымыздан көрген қиыншылығымыз көп.

Анамыз тастап кеткенде әкемнің туысқандары інім екеуімізді «балалар үйіне екеуін өткізіп жібер, өзің әлі жассың, әлі-ақ үйленіп кетесің» депті. Әжем шырылдап жүріп алып қалған екен. Әкеміз үнемі бізді әжеміздің қасына тастап, өзі айлап іссапарға кететін еді.

Әжеміз қайтыс болып, інім екеуімізге қарайтын адам болмады. Әкеміз бізді көршінің үйіне тастап өзі жұмысқа кететін. Уақыт өте келе бір көрші апайымыз әкеме «үйленсеңші, әлі жассың, бала-шағаңа қарайтын адам керек» деп өзінің күйеуінен ажырасқан, екі қызы бар сіңілісімен таныстырған болатын. Әкем сол кезде екінші сынып оқитын менен рұқсат сұрағаны есімде. Бала емеспін бе не ұғатыным бар, әрине «иә» дедім. Сөйтіп әкеміз көрші апайдың туысқан сіңілісіне үйленді. Болашақ анам екі қызымен біздің үйге көшіп келді.

Осылайша уақытшалық «бақытты өмір» басталды. Басында бәрі жақсы еді, бізге де жақсы қарап жүрді. Ойын баласына мейірімнен басқа не керек? Әкем сол жұмыс бабымен айлап іссапарға кетіп жүрді. Үйде төрт бала және анамыз қаламыз.

Әкем кезекті бір іссапарға кеткенде өгей шешемінің қызымен ұрсысып қалдым. Қызы менің киімдерімді рұқсатсыз киіп алғаны үшін, қатты ренжістік. Сол кезде өгей шешемнен және екі қызынан аямай таяқ жеген едім. Сол кезден бастап арамыз ит пен мысықтай болды. Қит етсе ұратын болды. Денем көгеретін болды, «әкеңе айтсаң, өлтіреміз» деп қорқытатынды шығарды. Мен қорыққанымнан ештеме айтпайтын едім.

Бір күні сабақтан кешігіп келгенім үшін пышақпен басымнан ұрып жатқан болатын, аяқ астынан келген көрші Зина апай көріп қойды. Келесі күні әкем іссапардан келгенде Зина апай әкеме бәрін айтқан екен. Аяғымнан, бетімнен пышақтың ізін көріп, әкем қатты ашуланды. «Менің балаларымды ұрғанды көрсетемін» деп өгей шешемді тепкінің астына алып, үйден қуып шықты. Екі қызын алып өгей шешем өз жөнімен кетті.

Біраз уақыттан соң тағы бір көршіміз оң жақта отырып қалған қызбен таныстырып, әкеміз екінші рет үйленді. Ол әйелмен де бір жылдай тұрды. Бірақ, сол уақыттан бастап әкеміз ішетінді шығарды. Үнемі ішіп алып, інім екеуімізге «сендер жетімсіңдер, шешелерің тастап кеткен, ана деген осынша қатыгез бола ма екен» деп егіліп отыратынды шығарды. Тіпті бірде, «шешелерің сендерді бес бөлмелі пәтерге ауыстырып кеткен» деп айтып қалды.

Әкемнің айтқан сөзі есімнен кетпей, бір күні әкемнің үлкен әпкесінен сұрадым. Кезінде әкемнің қалада бес бөлмелі пәтері болған екен. Шешем кетерінде «егер, бес бөлмелі пәтерді маған берсең, екі баланы саған қалдырамын» деген екен. Сол кезде нотариус болмағандықтан, параққа «мен қызым мен баламнан өз еркіммен бас тартамын» деп жазып беріпті.

Қазір есейдім, әкеме қатты жаным ашиды. Қаншама қиыншылықтар көрсе де бізді өсіріп-жеткізді. Тіпті сенесіздер ме, қыздарға айына бір келетін жағдайды да әкем айтқан еді, түсіндіріп. Өзі айтпай қайтсін, еш туысқанмен араласпайтын едік. Мен «ана» туралы сөз естігім келмейді, тасжүрек болып өстім. Теледидардан ана туралы өлең естісем тез қаным басыма шауып, бірден өшіріп тастаймын.

Әкеме «үйленіңіз» десем, әкем «үйленбеймін, осы да жетеді» деп отыр. Анасыз өссек те әкеміз жаман жолға түсірмей жақсы тәрбие беріп келеді. Өзі бір айдан соң елуді алқымдайды. Бізге көрсеткен жақсылығын інім екеуіміз қолымыздан келгенше қайтарғымыз келеді.

Осыдан екі ай бұрын туған анамның әпкесі біздің үйге келіпті. Айтуы бойынша кешкісін сап-сау болып ұйықтаған анам, таңертең жынды болып оянған екен. Есінен ауысып кетіпті. Туысқандары «жындыханаға (психбольница) жатқызамыз» дейді. Әкеме әпкесі «кеште болса туған аналары, қайта үйленіңдер» деп келген екен. Сөзін де тыңдамастан «шешеміз осыдан жиырма жыл бұрын өліп қалған, барыңыз, біз ешкімді танымаймыз» деп қуып шықтым. Өмірден көрмегеніміз жоқ, айта берсем үлкен бір кітап болайын деп тұр. Анамызды кешіргеніміз дұрыс па? Әлде...

Гүлжан, Қарағанды облысы

alashainasy.kz

Күйеуімнің қырқын берген күні мені бірден кайын ағама қосты
Қызым өзінің де, менің де бақытыма балта шапты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу