Келінге күн көрсетпей жүріп, ұлынан айырылып қала жаздап тәубесіне келген ене

Oinet.kz 02-03-2024 5223

Құрметті ата-аналар, мен бүгін Есбол атты жас жігіттің өмірде өз орнын тауып, отбасын қалай сақтап қалғаны жайлы жазып отырмын. Мұндай жағдай қазіргі кезде көп отбасыда болып, арты ажырасуға алып келіп жатыр.

Screenshot_11.jpg

(фотоның материалға қатысы жоқ)

Есбол үйдің кенжесі еді. Өзінен үлкен екі әпкесі болды. Әпкелеріне қарағанда, Есболды ата-анасы ерекше еркелетіп өсірді. Не ішіп, не киемін деп ойланбады. Ең жақсының бәрін Есболға ата-анасы алып беретін.

Есбол ер жетіп, жоғары оқу орнын бітірген жылы әкесі жол апатынан қайтыс болды. Бұл кезде екі әпкесі де тұрмыс құрып кеткен еді. Әкесінің өлімінен кейін Есбол бұрынғы еркелігін тастап, анасының бір жағына шығысып, қолғабыс ете бастады.

Әкесінен гөрі Есбол анасына көп жақын еді.

Осылайша, әкесінің қайтқанына да екі жылдай болып қалды.

Өзі жұмыс істеп жүрген мекемеде Сәния атты жақсы, тәрбиелі қыз бар еді. Сол Сәния осы мекемеге жұмысқа келгеннен бері Есболға өте қатты ұнайтын. Сәнияны кездестіріп қалған кезде есі шығып, не істерін білмей, сасқалақтап қалатын. Мұны Сәния да байқап, жымиып өте шығатын.

Бір мейрам кезінде Сәнияға гүл апарып сыйлап, содан аралары жақындай түсті. Жұмыстан кейін үнемі шығарып салатын, екеуі қыдыратын. Осы достықтың арты үлкен махаббатқа ұласты.

Есбол анасынан ешнәрсе жасырмайтын, өзінің ұнататын қызы бар екенін әңгіме арасында айтып отыратын. Сонымен Есбол Сәнияға ұсыныс жасады. Өзінің үйленгісі келетінін білдірді. Бір-бірін жақсы танып, білісіп қалған соң Сәния да бұл ұсынысты қуана қабылдады. Рұқсатын берді.

Есбол жақсы жаңалығын анасына жеткізді. Анасы да бұл жаңалыққа қуанды.

Екі жақта той болды, бәрі өте жақсы өтті. Есболдың енді Сәниямен отбасылық өмірі басталды. Анасы жалғыз болған соң еш ойланбастан, бірге тұрды.

Бірге жұмысқа барып келеді, бірге жүреді. Бәрі қызығатындай жұп еді.

Бір жылдан кейін Сәния жүкті болып, дүниеге ұл алып келді. Есболдың қуанышында шек жоқ. Осылай тіршілікпен күндер өтіп жатты.

Сәния болса, бір үйдің еркесі. Енесіне кей кездері «Мама, бұлай емес қой» деп, өз ойын айта салады. Бұрын басқа тәрбиемен өскен Есболдың анасына бұл қылығы ерсі көрінетін. Ол кісілер енелеріне еш қарсы сөйлемейтін еді. Дұрыс болсын, бұрыс болсын, үндемей қоя салатын. Ал енді Сәнияның бұл сөздерін енесі өзіне қарсы шыққандай қабылдайтын. Сания болса, еркін өскен, ойын еш жаман ойламай, айта салатын.

Осылай ақырындап енесі мен келіні арасында түсініспеушілік пайда бола бастады. Есболдың анасы оны өзінің құрбыларына айта бастады. Олар «Келінді бастан тәрбиелеу керек» деп ақыл айтып шықты.

Сонымен келінді тәрбиелеу басталып кетті, біреулердің ақылына еріп. Ендігі жерде Сәния не істесе де, енесіне жақпайтын болды. Істеген ісінің бәрі дұрыс емес болады да тұрады. Қашанғы бұлай бола берсін, бір күні енесіне «Сізге не болды? Не істесем де жақпаймын ғой» - деді. Осыны күтіп жүрген енесі де дүрсе қоя берді. Енесі мен келінінің беті ашылды деген осы, бір-біріне іштегі жарылайын деп жүргеннің бәрі айтылды артығымен.

Есбол жұмыстан келгенде бұрынғыдай емес, үйдің берекесі кеткен. Анасы да бұрынғыдай жадырап жүрмейтін болды. Сәния да бұрынғыдай емес, бірақ ешнәрсе айтпайды.

Бір күні жұмыстан ерте келген Есбол анасы мен Сәнияның ұрысып жатқандарының үстінен түсті. Мұндайды күтпеген Есбол сасып қалды.

Сәния болса, бұрылып жылап, жататын бөлмеге кіріп кетті.

— Мама, сіздерге не болды? - деді есі шыққан Есбол.

Анасы:

— Әйелің тыңдамайды. Не айтсам да қарсы шығады. Көзін құрт, апарып таста, - деді.

Сәния болса, жылап жатыр. Есболға:

— Не істесем де, анаңа жақпаймын. Міне, екі жыл болды, мазам кетті. Егер қоймаса, кетемін, - деді.

Екі оттың ортасында қалған Есбол не істерін білмей, басы қатты. Анасымен сөйлесіп көріп еді, «Кетсін, мен саған әйелді өзім тауып берем» деп тұрып алды. Сәния да «Мен кетем үйге, бұлай тұра алмаймын» деп, ертесі баланы алып кетіп қалды.

Үйге келіп жүргенде Есбол көбіне баласымен ойнап, үйде не болып жатқанына еш мән бермеген. Мынадай болады деп еш ойламаған.

Бұрынғыдай емес, жұмыста да еш көңілі жоқ. Үйге келсе, сүйікті жары мен баласы жоқ. Есбол өз бөлмесіне кіріп, ойға батып жатады. Анасы қаншама көңілін тапқысы келсе де, ойы бәрібір Сәния мен баласын ойлап отырады.

Күн өткен сайын оларға деген сағынышы үдей түсті. Арасында іздеп барып, қалдарын біліп тұратын. Сәнияның анасы мен әкесі жақсы қарсы алып, еш нәрсе айтпастан шығарып салатын. Мүмкін анамның ашуы басылар деп, өзін іштей жұбататын.

Уақыт тоқтай ма, осылай екі арада жүргеніне бір жылдың көлемі де болып қалды.

Анасы таныстарының қыздарын үйге әкеп әлек. Есболды басқа қызға үйлендірмек. Есбол болса, олармен танысудан қашып әлек. Осылай не істерін білмей, басы қатып жүргенде бір күні әкесінің досы Марат аға звондап, қалын сұрады. Есбол әкесі тіріліп келгендей, қатты қуанды. Болған жағдайды айтып түсіндірді. Ол кісі «Уақытың болса, үйге кел, ақылдасайық» деді. Есбол кешке жұмыстан кейін баратын болып шешті.

Кеш те келіп жетті. Есбол Марат ағасының үйіне келді. Ол кісілер тамақ әзірлеп, дайын отыр екен. Әкесін сағынғанын енді сезген Есбол ол кісілерге еркелеп, құшақтасып жатты.

Тамақ үстінде болған жағдайды айтып, Сәнияның өз ата-анасының қолында екенін айтты. Марат ағасы Сәнияның ата-анасын жақсы танитынын, ол кісілердің жақсы адамдар екенін айтты.

Марат ағасы Есболға «Сен ер азаматсың, отбасыңа өзің жауап беруің керек. Жұбайың да біреудің бағып қағып өсірген қызы. Балаң бар. Оларды сен ойламасаң, кім ойлайды? Анаңның сөзіне еріп, басқа әйел алғанда бақытты болып кетуіңе кім кепіл? Оларды жетім қалдырып, не опа таппақсың?» - деді.

Есбол «Аға, мен анамды тастап кете алмаймын ғой», - деді.

— Кім саған анаңды таста деп жатыр? — Отбасыңмен жеке тұр. Анаңа қарайласып тұрасың. Немересін апарып бер, бір уақыт қарайды, ермек болады. Қартайып кеткен ештеңесі жоқ, өз-өзімен болады, - деді. — Мүмкін басында ренжір. Баласына қай ана жаманшылық тілейді? Бәрі дұрыс болады, - деп Марат ағасы өз ойын білдірді.

— Біздің қыз тұрмысқа шығып кетті. Осы жердегі екі бөлмелі квартиралары бос, соған тұрыңдар өз-өздеріңе келгенше, - деді. — Анаңмен сөйлес. Ер азаматсың ғой, сендер ертең жақсы болып жатсаңдар, неге қуанбасқа?! - деді.

Есбол өзінің ризашылығын білдіріп, анасына өзінің ойымен бөлісетіндігін айтып, қош айтысты.

Шыға сала Сәнияға барды. Болған жағдайды айтып, ақылдасты. Сәния бұл жаңалыққа қуана ризашылығын білдірді. Бірге тұратын болып шешті.

Үйге келген Есбол қанша оқталса да, анасына айта алмай қиналды. Қалай қабылдайды екен деп, ренжітіп алам ба деп те қатты қорықты.

Осылай басы қатып, екі-үш күн жүрді. Үшінші күні анасы «Балам, бірдеңе айта алмай жүрсің бе?» - деді. Ана жүрегі бәрін сезіп тұрады ғой.

Есбол әрең дегенде «Иә, анашым, сізбен ақылдасайын деп едім» деп, ойын әрең айтты.

Анасы ойланып отырып, «Өзің шеше ғой» деді.

Есболдың маңдайынан тер бұрқ ете қалды.

— Анашым, мен келіп тұрам, сізді ешқашан тастамаймын, - деген сөз қалай шыққанын өзі де байқамай қалды.

Қатты қобалжуда еді. Осы жасқа дейін көбіне анасының айтқанымен жүретін. Ух деп іштей дем алды.

Ертесі Марат ағасымен хабарласып, анасына өз ойын жеткізгенін айтты. Бұл шешімге қатты қуанған ол кісі квартираның кілтін алып кетуін ұсынды. Осылай отбасымен қосылып, Есбол өз өмірін бастап кетті.

Жұмыстан шыға сала Есбол үйге асығатын. Үйде сүйікті жары, ізбасар ұлы күтіп отыратын. Өзінің отбасы қамқоршысы отағасы екенін жеке шыққалы ғана сезінді. Анасымен бірге тұрғанда мұндай сезім мүлдем болған емес. Көбіне анасына сенетін, анам бар ғой деп. Ойланбай жүре беретін.

Енді бәрі мүлдем басқаша.

Бір күні «Сәния, мен хабарламадан көрдім. Біз сияқты жас отбасыларға мемлекеттік көмек бар екен квартира алуға төмен пайызбен», - деді.

— Барлығын жазып алдым, - деді.

— Есбол, хабарласып көрейік. Егер олай болса, неге көрмеске? - деді Сәния. Ертесі хабарласып, қандай құжат керек екенін толығымен білді. Өздерінің де сол мемлекеттік бағдарламаға толық сәйкес келіп тұрғандығынан хабар алды.

Екеуі қуана құжаттарын жинап, тиісті мекемеге өткізіп қойды.

Күндер өтіп жатты. Есбол анасын ұмытпай, жиі қалын біліп тұратын.

Үлкен өмірге өздеріне жауапкершілік алып, қадам басқан жастарға Жаратушының да тосынсыйы мол.

Жарты жылдың ішінде үлкен мереке алдында Есболдарға ойламаған тосынсый болды. Әкімшіліктен хабарласып, бірнеше жас отауға квартира кілтін тапсыратындығын, бұлап солардың бірі екендігін хабарлады.

Қуаныштарында шек жоқ, өз-өздеріне сенер емес. Мемлекетіміздің шынайы көмектесетініне көздері жетіп, таң қалды.

Ол күн де жетті. Үшінші қабаттан жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтер алды. Қуаныштарына ортақтасқан туыстары мен достары үйді керек-жараққа әп-сәтте толтырып тастады.

Ендігі жерде өз баспаналары бар. Есбол мен Сәния бақытты өмір сүріп жатты.

Қай жерде бірлік бар, сол жерге береке де, байлық та өзі келеді деген, міне, осы екен ғой.

Есболдың анасының туған күні болатын. Сәния «Мен де барайын сыйлығымды алып. Немересін де көп болды, көрмеді ғой, - деді.

Тәуекел деп, олар анасына сыйлықтарын алып, кешке ойламаған жерден барды. Анасы баласының отбасымен келеді деп ойламаған. Бәрін көргенде кәдімгідей есі шығып, қуаныштан көзіне жас алды. Сәния да «Ағаттық істесем, кешіріңізші» деп, енесін құшақтап кешірім сұрап жатыр.

— Жоқ, қызым, сен мені кешір. Мен үлкен басыммен қателік жібердім. Сен жассың ғой, - деп құшақтасып, бір жылап алысты.

Немересі де есейіп қалған, «әжелеп» қасынан шықпайды.

Сәбит Шаймұрат

Instagram парақшасынан

35 жасар еңгезердей еркек болсам да, үйдегілерді озбыр ағамнан құтқара алмай келемін
Ауызашарда бата берген шалды көрген қызым ызадан жарылардай болып кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу