Жазасын өтегендерге де жұмыс бар

Oinet.kz 01-11-2023 105

image.png

Бүкіл әлемнің ең өткір проблемаларынан біріне айналып отырған жұмыссыздықпен күрес мәселесі әлемнің әр шалғайындағы саясаткерлерді, ғалымдарды, адамзаттың алдыңғы қатар¬лы өкілдерін қатты толғандыруда. Сөйтіп, қазіргі күндері бүкіл әлем бойынша алғанда Қазақстан өз ішіндегі жұмыссыздықты ауыздықтай алған санаулы елдердің арасынан бой көрсетіп отыр. Бұл әрине, үлкен жақсылық. Мемлекет басшысының  еліміздегі халықтың әлеуметтік проблемаларын белсенді түрде шешу, әлемді кернеген дағдарыспен күресу жөнінде Үкіметке берген тапсырмаларының сәтті орындала бастағандығының бір көрінісі. Қазіргі таңда елімізде тұрғындарды жұмыспен қамтуға арналған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік бойынша ұлттық жоба,  "Жастар тәжірибесі", "Әлеуметтік жұмыс орындары", "Ұрпақтар келісім шарты", "Қоғамдық жұмыстар", "Ұлттық жоба " және "Бірінші жұмыс орны" сынды бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Аталмыш бағдарламалар  жастарды,  белгілі бір кәсіпті игергендерді, мамандығы жоқ адамдарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, тіпті зейнеткерлерді де жұмыспен қамтуға септігін тигізіп жүр. Ал кезінде аяғын шалыс басып, темір торға қамалып, жазасын өтеп шыққан жандар ше? Мемлекет мұндай жандарды да ұмыт қалдырған жоқ.   

«Бір жаманы сонда да үй салмаған, Бір жақсысы абақты тұрғызбаған», – деп жырлапты Қадыр Мырза Әлі ақын. Тентегін қариялары тектеп, жүгенсізін ел ағалары жөнге салған ел едік. Ал қазір мұндай адамдарды түрме түзейді.  Түзеу мекемесінен босатылған тұлғалар, халықтың нысаналы топтарына жатады. Сондықтан оларға  әлеуметтік құқықтық көмек көрсетілуі тиіс.  Жауапкершіліктен босаған азаматтарды қалыпты азаматтық ортаға бейімдеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өйткені, қоғам үшін сол адамдардың келешекте қылмысқа қайта оралмауы маңызды. Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан азаматтар мемлекеттің қолдауына зәру екені рас. Ашығын айтқанда, бостандыққа шыққандардың  көпшілігі бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесіне ұрынады.

Жазасын өтеп келгендерге жеке кәсібін ашып, қоғамның толыққанды мүшесі болуына мемлекеттің өзі ықпал етіп отыр.

Сол себепті оларды  жұмыспен қамту мақсатында арнайы «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып  тұрады. Осындай шараның бірі Созақ ауданында өтті. Нақтырақ айтатын болсақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Созақ аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша бос жұмыс орны жәрмеңкесі өтті. Шара барысында аудан прокуроры Ержан Қожабеков ұйымдастырылған шараның мақсаты пробация қызметінің есебінде тұрғандар және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар арасында қайта қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында екендігін айтып өтті. «Бақылаудағы азаматтардың дұрыс жолға түсуіне ықпал ету мақсатында осы шараны ұйымдастырдық. Жұмыс нәтижелі болады деп сенемін. 

Жұмыспен қамту арқылы сотталғандардың қоғамға қайта оралуына барынша ықпал етіп отырмыз», – дейді ол.Пробация қызметінің негізгі бағыты – түзеу мекемелерінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу.

Созақ аудандық мансап орталығы филиялының директоры Елдос Дәулетбаев пробация есебіндегі азаматтарға бос жұмыс орны мен жеңілдетілген шағын 2.5 пайыздық  несие, «Алғашқы жұмыс орны» және Қоғамдық жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.

Кездесуде пробация есебіндегі азаматтар сұрақтар қойып, мамандар тарапынан тиісті жауаптар берілді. Сондай-ақ білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттар мен ұсынылған бос жұмыс орындары және мамандықтар бойынша өздеріне қажетті мәліметтер алды. 

Жиын соңында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дулат Байзақов пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жәрмеңке барысында ұсынылған бос жұмыс орындарынан өздеріне лайықты жұмысқа орналасып, еліміздің келешегі үшін аянбай қызмет етуге шақырды.

Айта кетейік, жәрмеңкеге 16 жұмыс беруші мекемеден 56 бос жұмыс орыны, 20 мекемеден 110 орын қоғамдық жұмыс орындарына, 20 мекемеден 70 орын жастар практикасына ұсынылды. Жәрмеңке барысында пробация қызметі есебінде тұрған жұмыссыз 6 азамат тұрақты жұмысқа тұру жөнінде өтініштерін өткізді, 1 азамат жастарға арналған жылдық мөлшері 2,5  пайыздық мөлшеріндегі шағын несие алуға «Агронесие» корпорациясына жолданды. 1 азамат қыркүйек айынан бастап қоғамдық жұмыспен қамтылуда.

Айта кетейік, "Пробация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес (11.01.2020 ж.жағдай бойынша өзгерістермен және толықтырулармен) өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, әлеуметтік бейімдеу және оңалту, оның ішінде жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жолымен қамтамасыз етіледі.

Пробация қызметінің есебінде тұрған адамға жұмысқа орналасуға көмек көрсету кезінде Жұмыспен қамту қызметтері мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:

• жұмыссыздарды халықты жұмыспен қамту орталығының бос орындар базасында бар бос жұмыс орындарына жібереді;

• жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жібереді;

• жұмыссыздарды олардың келісімімен қоғамдық жұмыстарға жібереді;

• жұмыссыздарды кейіннен олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесе отырып, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жібереді;

• жұмыс орындарының квотасы бойынша жұмысқа орналасады.

Жалпы Түркістан облысында 2023 жылы 109,7 мың жұмыс орнын ашу бойынша облыс басшысының бастамасымен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы»  бекітілді. Оның ішінде 72,4 мыңы – тұрақты, 37,4 мыңы уақытша жұмыс орындары.

Биыл «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобасын» жүзеге асыруға жалпы 109,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды (99,9 пайыз). Оның ішінде 39,1 мың адам тұрақты, 35,9 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылды.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеріп, тұрмыстық жағдайын түзеуде, жекелеген адамдардың қаржылық күш-қуатын арттыруда аудан, облыс орталығындағы мансаптық орталықтардың атқарып отырған рөлі маңызды. Жұртты кәсіпкерлікке машықтандырып, түрлі оқыту курстарынан өткізіп, олардың жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз қаржы алып, іс бастауына елімізде арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндік береді. Сол үшін бос жүрген немесе мардымсыз жалақы немесе жәрдемақыға иек арту арқылы күнелтіп жүргендер кәсіпке бет бұрса, әрине, тасы өрге домалайтыны анық.

Қоныс аударушыларға қолдау көп
Жастарды жұмыспен қамту - жемісті жоба
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу