Жастарды жұмыспен қамту - жемісті жоба

Oinet.kz 02-11-2023 154

image.png

Жастар дегенде ойымызға әуелі еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы түседі. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзінде терең мағына бар. Ал жастарымыздың бәсекеге қабілетті, өркениетке бейім болу керектігі күмән тудырмайды. Бүгінгі таңда қоғамда жас болса да талай белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген жастар жетерлік. Жетістікке жетудің басты кілті ол әрине білім мен жұмыс. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтамасыз ету ең маңызды мәселелердің бірі. Себебі жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін.  Мамандардың  айтуынша, жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне еңбек нарығында жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді. Жастар әрқашан дүниеге «кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімдік секілді мәселелер туындайды. 

Ал саясаттанушы Гүлден Жоламанова «жұмыссыз жастардың экстремистік және террористік топтарға еруі – негізгі қауіп» деп санайды. Бүгінде халықтың осал топтарын, әсіресе жұмыссыз жастарды деструктивті құрылымдарға әлеуметтік желі  немесе қолма-қол қаржылай көмек көрсету арқылы тартудың түрлі тәсілдері бар. 

Жұмыссыздық халықтың  табыс деңгейінің төмендеуі мен өмір сүру сапасының нашарлауымен тығыз байланысты, ол өз кезегінде қылмыстың өсуі және жасаруына әкеп  соғады. Сол себепті жастарға екі қолға бір күрек ұстап, өмірден өз орын тауып, белгілі бір кәсіптің иесі атануы аса маңызды.  Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту шаралары жақсы жолға қойылған. Мемлекет тарапынан жастарды тегін оқыту, кәсіпке баулу, жұмысқа орналастыру, тәжірибе жинақтау, несие беру секілді көмектер қарастырылған. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін айтты. 

«Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің дерегінше, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды.

Бұл орайда, жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Биыл бұл бағдарлама аясында еліміз бойынша 5,8 мың жас 5 млн теңге сомасында шағын несие ала алады. Ал Түркістан облысы бойынша 594 жасқа жеңілдетілген шағын несие берілмек. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану мақсатында Түркістан облысында жергілікті жерлердегі NEET санатындағы жастар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жүйелі жұмыстар мен тиянақты ақпараттық түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өз кәсібін бастауға ниеттілер қатары артқан. Тарқата айтсақ, бүгінде облыс бойынша жалпы 200-ден аса жас бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытқан. 

   Мұндай ақпараттық-түсіндірме жұмыстары Созақ ауданында да ұдайы жүргізіліп келеді. Ауданда жастар саясатын жүзеге асырып, еңбекке, кәсіпкерлікке, білім мен ғылымға бейім жас азаматтарымызды қолдау мақсатында Созақ аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің ұйымдастыруымен мемлекеттік бағдарламалар бойынша үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. 

Барлық ауыл, кент округтерде базарларды, көшелер мен аулаларды, тіпті үй-үйді аралап, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан ұтымды жобалардың қыр-сырын бұқаралық тілде түсіндіріп, ақпарат жеткізуде. 

Түсіндіру жұмыстары кезінде «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Бастау Бизнес», «Дипломмен –ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламалар мен қоса 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие туралы барлық мәліметтер жеткізіліп, жадынама парақтары таратылуда.

Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кездесулер мен насихаттау жұмыстары жылдың соңына дейін жалғаспақ.

«Алғашқы жұмыс орны». Жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай бос жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық жасайды. Ал мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына түсе алмай қалғандардың жағдайы одан да қиын екені айтпаса да түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде жаңа бағдарлама өз жұмысын бастады. Бұл жоба алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жиырма тоғыз жастан аспаған жұмыссыздар, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды қамтиды.  Халықаралық еңбек ұйымының NEET индексі –  жастардың жұмыс істемейтін, оқуға түспеген немесе кәсіптік білім алмайтын, білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту саласынан тыс қалған (15-тен 28 жасқа дейінгі)  бөлігі және бұл жастар еңбек нарығының әлеуетті көзі болып табылады. «Жастар практикасы» -  колледж және ЖОО түлектері үшін алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алу, яғни тәжірибе жинау мақсатында ұйымдастырылады. «Жастар практикасының»  ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді. Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болса жастар практикасына қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.

Талаптар: 35 жастан аспауға тиіс; жұмыссыз ретінде тіркелу; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл болмау; меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы;

«Қоғамдық жұмыстар». Мансап орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскерлердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік пайдалы бағыттағы еңбек қызметінің түрлері. Алдын ала кәсіптік даярлаудан өту талап етілмейді.  Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жұмысқа орналасқан адамның жалақысы 20 АЕК мөлшерінен төмен болмауы керек. Қоғамдық жұмыстарға 16 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін келесі санаттағы адамдар қатысуға құқылы: жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар; өндірістің тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар; оқудан бос уақытта студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары.

«Әлеуметтік жұмыс орны» – жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құратын уақытша жұмыс орны. Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.

Жалақыны жұмыс беруші белгілейді. Жалақының 35%-ын мемлекет субсидиялайды, бірақ оның сомасы 20 АЕК мөлшерінен аспауы қажет. Қалған соманы жұмыс беруші төлейді. Ал ҮЕҰ құрған әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдар үшін жалақының белгіленген мөлшерінің 70%-ын мемлекет өтейді. Оның да сомасы 20 АЕК мөлшерінен аспайды.

Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болса қатысушының келісімімен тұрақты жұмыс орнына еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмысқа орналаса алады. Жұмысқа тұратын адамның жасы 16 жастан асуы қажет және зейнет жасына толғанға дейін қатыса алады. Сондай-ақ, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында зейнет жасына таяған қызметкерлер жастарға жинаған тәжірибесін және дағдыларын үйретеді. Сол үшін арнайы жұмыс орындары құрылады. Ұрпақтар келісімшартына қатысу ұзақтығы 6 айдан аспайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны тұрақты жұмысқа алады немесе ол зейнет жасынаа толған қызметкерді алмастырады. Жалақы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен төленеді.

Талаптар: 35 жастан аспауға тиіс; колледж бен ЖОО бітіргеніне 3 жыл болмауы керек; жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.

Жастарға берілетін 2.5% несиенің  негізгі шарттары: 18 ден 35 арасындағы жастар қатыса алады. (35 жас кірмейді). ИП немесе ТОО секілді заңды тұлға атынан өтінім бересіз; ИП-ның тіркелген мерзімі 5 жылдан аспауы керек! 2.5%-бен 5 млн теңгеге дейін несие беріледі.

 Мал шаруашылығы үшін 7 жылға, ал басқа да кәсіптерге 5 жылға дейін. Несие берілетін уақыттың үштен бірінен аспайтын мерзімге жеңілдік қарастырылған. Ол дегеніміз 5 жылға алсаңыз 1.5 жылдан астам уақыттан кейін;ал 7 жылға алсаңыз 2 жылдан астам уақыттан кейін несиені қайтарып бастайсыз деген сөз. Кепілдік болуы міндетті. Кепілге жылжымайтын мүлік немесе көлік, арнайы техникалар қоя аласыз. Өз туыстарыңыз сенім білдірсе олардың атындағы мүлікті кепілге бере аласыз.

Жазасын өтегендерге де жұмыс бар
«Ауыл аманаты» жобасы түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу