Жаңа үлгідегі трактормен кәсібін дөңгелетіп отыр

Oinet.kz 04-09-2024 68

Screenshot_1.jpg

Сайрам аудандында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанын осыған дейін айтқан едік. Сайрамда жер бау-бақша, егін егімен айналысуға қолайлы болғандықтан, мұнда осы саланы таңдаған кәсіпкерлер өте көп. Олардың бәрі жыл басында жерлерін егінге дайындап, жыл соңында мол өнім алғысы келеді. Дегенмен осы тұста бір мәселе қылаң береді. Ол – техника мәселесі. Қазіргі заманда баяғыдай қолға күрек ұстап жер жыртып жүретін заман емес. Қазіргі шаруалар техниканың көмегіне жүгінеді. Техника болмаса іс мүлде өнбейді. Жұмыс баяулап, алар өнім де азаяды. Сондықтан да шаруалар көбінесе бірінші кезекте техникаларын реттеп алуды жөн көреді.

Дегенмен техникалар арзан тұрмасы белгілі. Сондықтанда көптеген шаруалар техника алуға шамалары жетпей, аз ғана үйіргелік жерлерін қанағат тұтуға мәжбүр. Бұрын Махмудулла Райымкулов есімді жеке кәсіпкер де аз ғана жерді игеріп, сол жерден жинаған өнімін қанағат тұтатын еді. Ол жерін кеңейткісі келген кезде ауыл шаруашылығы техникаларын өзгелерден жалға алып, жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ал біреуден техника жалға алу деген моральді тұрғыда өте ауыр. Екіншіден оның жалға алу ақшасына өте көп қаржы кетеді. Және техниканы жылынына оншақты рет алу керек. Ал техника деген бұзылады. Оның бәрін жалға берушінің қас-қабағына қарап төлеп беру керек, көңілін табу керек. Бұндай жағдайда ешқандай кәсіп алға жылжымай тоқырайды.

Осыны түйсінген Махмудулла Райымкулов өзгеге жәутеңдемей, өз техникасын сатып алуға бел буады. Дегенмен қолда артық қаржы жоқ. Сондықтан да ол жергілікті әкімдікке барады. Ол жердегі жауапты мамандар Махмудулла Райымкуловқа мемлекеттен лизинг бойынша жеңілдетілген несие алуды ұсынып, оған бизнес жоба даярлауға қол ұшын созатындарын айтады. Нәтижесінде жеке кәсіпкер жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеп, «КазАгроҚаржы» АҚ-дан жалпы құны 15 225 000 теңге қаржыны құрайтын, LX 954YTO маркалы тракторы лизинг бойынша алды.

Қуанышы қойнына сыймаған кәсіпкер Махмудулла Райымкулов енді бұл трактормен өңдейтін жер көлемін арттыруды көздейтінін айтқан еді. Содан бері 1 жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда Махмудулла мырза тракторын толықтай меңгеріп, оны өз кәсібіне барынша қолданып жүр. Трактордың арқасында кәсібі өрге домалап, өнімінің көлемі артқан. Сонымен қатар ол бос уақытында өзгелердің жерін өңдеп, өнім алуға да көмектеседі. Осылайша ол тек өз кәсібін емес, ауылдағы өзге де әріптестерінің кәсібін дамытуға үлесін қосып жүр.

Ол үкіметтен алған жеңілдетілген несиесін де тезірек жабуға ниетті екендігін айтты. Себебі ол қарызын төлеп біткен соң, бұдан да ірі мөлшерде несие алып, тағы да бірнеше техника алуды жоспарлап отырғандығын айтты. Яғни техника арқылы ол ірі масштабқа шығып, шағын кәсіпкерліктен орта кәсіпкерлікке өткісі келетінін мәлімдеді. Әрине генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес демекші, барлық кәсіпкер өсіп-өркендеуді мақсат тұтаты. Міне осы тұста оларда мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер орасан зор рөл ойнайды. Жеңілдетілген несиелер кәсіпкерге күш-қуат береді. Мемлекет пен жеке кәсіпкер бір-бірімен тығыз жұмыс істегені абзал. Екі ортада ынтымақтастық қалыптасқан кезде алынбайтын қамал жоқ. Бастапқы кезде мемлекет ақшасы жоқ, бірақ идеясы мол кәсіпкерге қолдау көрсетсе, кейін кәсіпкер жаңа деңгейге шыққан соң Үкіметке салық төлеп, өзгелерді жұмыспен қамтып, оларға жалақы төлеп, мемлекетке көп пайда келтіреді. Ал мемлекеттің экономикалық драйвері осындай кәсіпкерлер екенін айта кету керек. Шағын және орта кәсіпкерлігі дамыған мемлекеттік болашағы әрқашан жарық болатынын білген абзал.

Сайрамдық келіншек отбасын сауынды сиырмен асырап отыр
Сайрам ауданында референдуа өткізуге байланысты дайындық жұмыстары талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу