Қазақстан «ресурстық қарғыстан» қалай құтылады?

Oinet.kz 06-09-2019 2290

1464092912393028.jpg

Біз «Қазақстанда Менделеев таблицасының барлық элементтері бар» деп мақтанғанда ыштан бауымыз үзіліп кете жаздайды. Бізде бар жер асты байлықтары, бізде бар мұнай мен газ, мыс пен мырыш Еуропада жоқ. Бірақ Кәрі құрлық тұрғындарының өмірін ауылдағы ағайын былай тұрсын, Алматы, Астана немесе мегаполистіктен дәмелі Шымкент қаласымен салыстыруға болмайды. 

Осы тұрғыда әңгіме өрбігенде экономистер «ресурстық қарғыс» деген теорияны тілге алады. Ресурстық қарғыс – бұл табиғи қазба байлықтары мол бола тұра, экономикалық дамуы тежеліп қалған 

елдерге (негізінен Азия және Африка аймағы, ТМД елдері) қатысты қолданылатын  термин. Бұл «қарғыстың» мәні мен көрінісінің сипаттары мынадай: табиғи шикізаттарды экспортқа шығарып сатудан ел ішіне қыруар қаржының кіріс болып енуі нәтижесінде ішкі нарықта тауармен қамтамасыз етілмеген ақша айналымының күрт өсуі, әлемдік нарықтағы шикізатқа деген бағаның тұрақсыз болуы, ресурстарды бөлу мен қайта бөлудегі мемлекеттік реттеудің дұрыс болмауы, шикізат сатудан түскен «оңай ақша» сыбайлас жемқорлықтың дамуына ықпал етуі, шикізат ресурстарын экспорттаудан түскен мол қаржы тұрақтылық пен дамудың иллюзиясын туындатып, оның ақыры тоқырау мен экономикалық стагнацияға ұласуы, табиғи байлықтарды шетелге сатудан түскен оңай олжаның буы бас айналдырып, мемлекетте немқұрайдылық пен жалқаулық туындап, экономиканың шынайы секторларын, өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға деген ынта-жігердің, мотивация мен қажеттіліктің болмауы және тағы басқалар. 

Бүгінгі күннің Карл Марксы – норвегиялық экономист Эрик Райнерт «ресурстық қарғыстан» құтылу үшін «шикізаттық пирамиданы талқандап, нөлден бастау» керек дейді. Ия, айтуға оңай, бірақ саяси басшылық түбегейлі реформаларға бет бұрмайынша, біз осылай шикізатқа тәуелді ел болып қала бермекпіз. 

«Ресурстық қарғыстың» тағы бір қауіпті жағы – сол шикізаттық тәуелділіктен туындайтын саяси жүйе. Эрик Райнерттің теориясына орай «шикізатқа негізделген экономика феодалдық жүйені қалыптастырады». Тарихтан білеміз: феодал шаруаның бар тапқанын тартып алатын. Тек жан сақтайтын азық-түлікті ғана қалдыратын. Феодал шаруаның баюына мүдделі емес. Шикізат сатып күнелтетін елдерде де экспорттың қызығын ат төбеліндей билік басындағылар мен билік маңындағы олигархтар көреді. Қара халық шикізаттан түсіп жатқан табыстың «теңізден – тамшысына» ғана қанағат етеді. 

«Ресурстық қарғысқа» ұшыраған елдер әдетте экономикаға тартылған инвестиция көлемімен мақтанып жатады. Бұл ауру Қазақстанда да бар. Өкінішке орай, әдетте мақтаныш етілетін инвестициялар шикізат саласына тартылады да, елдің шикізаттық тәуелділігін арттыра түседі. Норвегиялық экономист Эрик Райнерт «инвестиция көлемі мен емес, елге тартылған мамандардың санымен мақтану» керек деп санайды. Бірінші Петрдің кезінде мыңдаған неміс мамандары орыс жеріне келді. Сол немістер бүгінгінің тілімен айтқанда «Ресейде нарықтық қатынастарды» қалыптастырды. Экономикада жаңа салалар, базарларда – жаңа тауарлар, өндірісте – жаңа құрылғылар пайда бола бастады. Менеджмент, яғни өндірісті, шаруашылықты басқарудың тиімді тәсілдері енгізілді. Эрик Райнерт: «Қарызға құныққан елдің болашағы – бұлынғыр, табысты елдер өз өндірісі мен өнеркәсібін дамыта отырып байиды. Инвестициялар көлемін арттыру – қарызды көбейту» деген сөз дейді. 

Қайсы ел болсын «ресурстық қарғыстан» құтылып, бай, дамыған елдер қатарына қосылуы үшін өзімен тең елдермен интеграциялануы керек. Тек сонда ғана интеграция позитивті сипат алады. Еуразиялық экономикалық одақ интеграция бай, қуатты елдер үшін тиімді екенін көрсетіп отыр, яғни бұл Одақ Ресейге саяси дивидендтермен қоса, толағай теңіз экономикалық пайда да әкеліп отыр. Эрик Райнерт: «Бай ел мен кедей елдің арасындағы интеграция қашанда бірінші ел үшін тиімді болады» дейді. Қазақ билігі осыны ескере жүруі керек. 

Үсен АСҚАРОВ,

2017 ж

Ақша жайлы ырымдар
Приватизация ма әлде «прихватизация» ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу