Әз-Наурыздың символы не?

Oinet.kz 14-03-2013 1625

Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың көбейетін, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі - Наурыз мейрамы келіп жетті. Наурыз шығыс халықтарының мерекесі дейді. Бірақ ол қазір шығыстың шеңберінен асып, Еуропа елдерінде де аталып өтіліп келеді. Наурыз десе, ойымызға ұлттық ойындарымыз, ұлттық тағамдарымыз, киіз үйдің бейнесі оралатыны сөзсіз. Дегенмен Наурыз мейрамын бір көргеннен білдіретін, символдық мағынадағы белгісі қандай? Қолында таяғы, дорбасында сыйлығы бар  Аяз ата немесе түрлі ойыншықтармен безендірілген  шыршаны көрсеңіз, Жаңа жылдың белгісі екенін түсіне қоясыз. Ал,Әз-Наурыздың айтпай-ақ аңғартатын символдық белгісі не? Оның символын жасау қажет пе? Біз осы жөнінде біраз азаматтарға хабарласып, ой-пікірін білген едік. 

image.png

Мархабат Байғұт, жазушы:

«Әлем мойындайтын рәміз жасасақ»

- Бұл тақырып бұған дейін де қазақ қоғамында талқыланған.  Академик Өмірзақ Айтбаев, басқа да азаматтар және мен  «Наурыз мейрамының рәмізі болу керек» деген пікірге қосылғанбыз. Шын мәнінде символдың болғаны дұрыс. Қазір «Наурыз» деген жазуы бар гүл және қазақы оюмен өрнектелген белгіні көп жерлерде қолданып жатыр, халық та оң қабылдап жатыр. Бірақ  оны әрі қарай зерттеп, наурыздың шын келбетінен, тарихынан сыр шертетін керемет эмблема ойлап табу қажет. Мәселен қазақ қызғалдағы, көктемнің жаршысы болған нәуірзек құсы мен нәуірзек гүлі, қошқар мүйізді ою-өрнек секілді ұлттық нақыштарды қосқан жөн деп санаймын. Қалай болса солай жасап, бейжай қарамай, асықпай, ойланып, толғанып, дизайнер, суретші, тарихшы, ақын, жазушылардың басын қосып, конкурс жариялап, ең мықты дегендерін іріктеп алу қажет. Себебі сол белгі арқылы Наурыз мейрамын бүкіл ел, күллі әлем танитын болады.  

Әмзе Қалмырзаұлы, ақын:

«Символ арқылы Наурызды да, қазақты да таныта аламыз»

- Ұлыстың ұлы күні шығыс халықтарына ортақ мереке. Наурызда біздің  ұлттық салт-дәстүріміз, бүкіл болмысымыз жатыр. Ғасырдан ғасырға жалғасып, тойланып келе жатқан мерекені әсте, өшіріп алуға болмайды. Сол себепті Наурыз мейрамын, соның ішінде қазақ халқын танытатын символдың болуы шарт. Аталған мәселені мен ең алғаш 1988 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Отан отбасынан басталады» деген мақаламда көтерген едім. Өйткені сол жылы жарты ғасырдан астам тұншығып, құрсауланып келген ұлттық мейрамымыз «тәуелсіздігін» алған болатын. Керемет жаңалықтан кейін Наурызды қайта «тірілтіп», өркендету баршамыздың міндетіміз  еді. Міне, осындай мақсатпен оның дәрежесін көтеру үшін, ең алдымен өзінің символы болу керек деген ой туды. Өкінішке қарай, ол әлі күнге дейін қолға алынбай келеді.   

Хадиша Шалабаева, әнші:   

«Оның қажеті бар ма?»

- Наурыз мейрамы көктемнің шуақты күндерінің бірі. Бұл күні табиғат атаулының барлығы оянып, айнала құлпырып, бәйшешек, қызғалдақтардың жайнайтын кезі. Наурыз десе барлығымыздың көз алдымызға қуанып жүрген халық, киіз үйлер, кең жайылған дастархан, алтыбақан, қыз қуу, көкпар, ақсүйек ойындары елестейді. Ең бастысы, бұл күні күн мен түннің тұтылуын табиғи символ деуге болады. Бағзы заманда ата-бабаларымыз  күнтізбесіз-ақ табиғат құбылыстарына, аспан денелеріне, аң-құстарға қарап қай күн екенін біліп отырған ғой. Сондықтан қолдан жасалған белгінің, символдың қажеті бар ма? Себебі Наурыздың, жаңа күннің, жаңа жылдың келгенін табиғаттың өзі-ақ білдіріп тұр. Бірақ  нақты символын жасап шығарып жатса, әрине қосыламын.   

Мінез қай мезгілді ұнататыныңызға байланысты
Қай сурет ұнайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу