Өзбекстан ислам қозғалысы

Oinet.kz 15-04-2019 1108

Screenshot_22.jpg

Жалғасы...

1999 жылдың 29 тамызында Өзбекстанның ұшақтары терроршылар орналасуы мүмкін деген нысандарға әуден соққы берді. Ұшқыштар қателесіп, Қырғызстанның Чон Алай ауданының Кара-Тейит ауылын бомбалап, ауылдың үш бейбіт тұрғыны және жергілікті учаскелік инспектор қаза тапты. 10 тұрғын үй жермен жексен етіліп, 19 үй, мешіт, дүкен, медициналық мекеменің ғимараты апатты жағдайға түсті. Бүлінген, жөндеуді қажет ететін үйлердің саны 118-ге дейін жетті.    Қырғыз өкіметі зардап шекен аймаққа дереу жәрдем жіберді. Далада қалған халық уақытша баспаналарға қоныстандырылды. 

Кепілде отырғандарды азат ету

Қыркүйек айынан бастап терроршылар кепілде отырғандарды жібере бастады.  Алдымен содырлардың қолына 21 тамызда түсіп қалған бір топ альпинистер босатылды. Бұдан кейін тұтқындағы милиционерлердің алғашқы легі қайтып оралды. Содырлар тек сержанттарды босатып, ал офицерлерді, оның ішінде генерал мен полковниктерді жіберген жоқ. Ал ең басты кепілдер—генерал Шамкенов пен жапон геологтарының тағдырлары беймәлім күйде қалды. Барлау арқылы алынған мәліметтерге бойынша содырлар оларды Зардалы ауылында ұстап отыр. Жапондарды ауылдың мешітіне, ал генералды ауылдың мектебіне әкеліп қамаған. 

4 қыркүйекте қырғыз әскери күштері Чон-Алай ауданында ұрыс жүргізді. Қорғаныс министрлігіне қарасты сарбаздар содырлар орналасқан базаға шабуыл жасап, күйрете соққы берді. Оған шыдас бермеген жау тәжік шекарасына қарай бет алды. Бұл кезде Баткент ауданын дұшпандардан қорғау үшін жергілікті тұрғындардан ерікті жасақтар құрылған болатын.  Олардың ұзын-саны 1000-ға дейін жетті. 

Қыркүйектің ортасына дейін Баткентте анау айтқандай ұрыс қимылдар болған жоқ. 17 қыркүйекте түн ішінде содырлардың үлкен тобы Хайдаркан деп аталатын елді мекендегі қырғыз әскерилерінің базасына кенеттен шабуыл жасады. 150-ге жуық содырға 30 жауынгер қарсы тұрды. Ұрыс таңертеңгі сағат 4-ке дейін созылды. Осы ұрыста содырлардың әскери көсемі Абдулазиз Юлдашев оққағарымен бірге өлтірілді. Қырғыз әскерилерінен 7 адам қаза тауып, 6-уы жараланды. Бірақ тау ішіне бекінген жау қарымта шабуылға шықты. Олар  қырғыз бекіністеріне үздіксіз шабуыл жасады. Қырғызстанға Тәжікстандағы терроршылардың лагерінен ағылған содырлардың саны 1000-нан 5000-ға дейін жетті. 18-20-21 қыркүйекте болған ұрыстарда олар кепілге алынған азаматтардың санын көбейте түсті.  Енді ешнәрседен тайынған жоқ. Ауылдарды тонап, тұрғындардың азық-түлігін, киім-кешегін күштеп тартып алып отырды. Содырлармен соғыс қазан айының ортасына дейін созылды.  Өздерінің ешқандай жеңіске жете алмайтынын түсінген бандиттер Тәжікстанға қарай шегінді. Кепілде алынған азаматтарды олар өздерімен бірге ала кетті. 

Қырғыз өкіметі кепілде отырғандарды босату үшін содырлармен келіссөз жүргізуді тамыз айында бастаған болатын. Қазан айында осы келіссөздерден нәтиже шыға бастады. Алдымен ішкі істер органдарының офицерлері босатылды. Бұдан кейін кезек генерал Шамкеновке келді. Кепілде отырғандарды азат етуге Қырғызстанның депутаттары, Тәжікстан азаматтары көп көмек көрсетті. 

 20 қазанда елдің Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Жанұзақов Қырғызстанның терроршылардан толық тазартылғанын мәлімдеді. Баткентте тыныштық орнап, тұрғындар тастап кеткен ауылдарына қайта келе бастады. 25 қазанда 4 жапон геологы аудармашысымен бірге Қырғызстанға қайтарылды. Ақпарат құралдарында оларды қырғыз өкіметі ақшаға сатып алды деген әңгімелер айтылды. Президент А.Ақаев мұның бәрін жоққа шығарып, қырғыз әскерлерінің содырларды қоршауға алып, шегінетін жолдарын жауып тастағанын, тірі қалу үшін олар барлық талаптарды орындауға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Жалпы Баткент оқиғасының көпшілікке белгісіз құпиялары әлі де болса көп. Бұл қырғыз армиясының сыртқы жаудан қорғауға қаншалықты қауқары барын көрсетті. Қорғаныс саласында көптеген кемшіліктің, былық-шылықтың беті ашылды. Баткент оқиғасында қанша адамның қаза тапқаны туралы әртүрлі ақпарат бар. Тұрғындар содырлардың басып алған ауылдарда 50 адамға дейін атып тастағанын айтады. Ал ресми мәлімет бойынша 32 адамның өмірі қиылды. Оның 17-сі ұрыс алаңында қаза тапқандар. Өкімет содырлармен соғысқа 400 миллион сом қаржы шығындаған. 

Қозғалыстың белсенділері

«Өзбекстан ислам қозғалысының» Баткенттегі әскери күштеріне қолбасшылық жасап, ақыр аяғында ажалын осы жерден тапқан  Абдуали Юлдашев 1963 жылы Наманган облысында дүниеге келген. Орыс, қырғыз, араб тілдерін жетік білген. Уаххабит. Терең діни білім алған, имамдық еткен. «Абдулазиз» деген лақап аты бар. 

А.Юлдашевтің Баткентте соғысқан әскері негізінен өзбек, тәжік, араб ұлтының өкілдерінен және ауғандықтардан тұрған. Барлығы дерлік жалдамалы жендет ретінде ақшаға соғысқан. Содырлардың құрамындағы өзбектердің бәрі Өзбекстанда іздеу жарияланған, туған-туыстары сол үшін түрмеге қамалып, азап шекен.  Бұл жағдай оларды одан бетер ашындырып, билікке деген наразылығы мен өшпенділігін өршіте түскен.  А.Юлдашевтің әкесі Махмадали Юлдашев Қырғызстанда ұсталып, Өзбекстанға берілген. Қырғыз өкіметімен жүргізген келіссөздер кезінде «Абдулазиздің» өзі Өзбекстанда түрмеде оның бауырлары мен әйелі отырғанын, егер  Өзбекстанға кедергісіз өтетін болса, Каримов режиміне қарсы 20 мың әскермен соғыса алатынын айтқан. 

«Өзбекстан ислам қозғалысының» тағы бір жетекшісі, Баткенттегі ұрыстарға басшылық жасаған Жұма Ходжиев 1987 жылы Намангандағы кәсіптік техникалық училищені бітірген соң әскери борышын  Ауғанстандағы кеңес армиясының құрамында өтеген. Жұма Намангани деген лақап ат алған. Тоқсаныншы жылдары  Тәжікстандағы азаматтық соғысқа қатысып, осында қару-жарақ, есірткі, алтын саудасымен айналысқан.   

Ал қозғалыстың көсемі Тахир Юлдашев 1968 жылы Наманган қаласында дүниеге келген. «Өзбекстан ислам қозғалысының» тарихы осы азаматтың есімімен тығыз байланысты. 

...Өзбекстан Орта Азия елдерінің ішінде терроризммен, діни экстремизммен бетпе-бет келген алғашқы ел. Терроризмнің түп-тамыры мұнда 1987 жылдан басталады. Осы жылы Наманганға Сауд Арабиясынан, Ауғанстаннан, Пәкістаннан эмиссарлар келген. Қаладағы «Гумбаз» деп аталатын мешітте олар дінбасылармен кездесіп, үгіт-насихаттарын жүргізеді. Ақыр аяғында «Исламның қайта өркендеуі» атты партияның негізін қалайды. Партияның басты мақсаты Ферғана алқабында ислам республикасын құру болатын. Партия «Товба» деп аталатын әскери топ жасақтайды. «Товбаның» алғашқы ұйымдастырушысы жоғарыдағы «Абдулазиз»—Абдуали Юлдашев болатын. Бұдан кейін топқа Тахир Юлдашев пен Жұма Ходжиев (Намангани) кіреді. Ауған жеріндегі соғыста әбден шыңдалған  жігіттердің бұл кезде сөзі өтімді, абырой-атақтары аспандап тұрған еді. Екі «ауғандық» эмиссарлар үшін іздегенге сұраған болды. 

«Товба» өзінің жұмысын Наманганда Лениннің ескерткішін алып тастаудан бастады. Кәпірлерге қарсы соғыс жариялады. Алайда «товбалықтардың» ізіне құқық қорғау органдары түседі. Қуғын-сүргін күшейген соң Тахир  Юлдашев пен Жұма Ходжиев Тәжікстанға кетеді. Бұл 1992 жыл еді. Олар  осында президент Рахмоновқа қарсы соғысып жатқан оппозицияға қосылады. 

Жұма Намангани өзінің әскери білімін Ауғанстанда, Пәкістанда терроршылардың лагерлерінде жетілдірген. Бұдан кейін Тәжікстанға қайтып оралып, терроршылар даярлайтын лагер ашады, оған Өзекстанның құқық қорғау органдарынан қашып келген өзбек жігіттерін тартады. Тахир Юлдашев та осындай істермен айналысады. Лагерде дайындықтан өткен терроршыларды ол Өзбекстанға қарақшылық шабуыл, адам өлтіру қылмыстарын жасау үшін қайта аттандырып отырған. 1997 жылы Тәжікстандағы «Өзбекстан ислам қозғалысына»  Өзбекстанда екі милиция офицерін өлтіргені үшін іздеуде жүрген Абдуали Юлдашев келіп қосылады. 

«Өзбекстан ислам қозғалысы» халықаралық террористік ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасаған. Мәселен Тахир Юлдашев Шешенстанда соғысып жүрген дала командирі Хаттабпен келіссөз жүргізіп, оған ай сайын 20 адам жіберіп отырған. Осыдан кейін Шешенстанда «өзбек майданы» құрылған. 

1999 жылдың ақпанында Ташкентте террорлық жарылыстар болды. Ресми мәліметтер бойынша бұл терактіні «Хизб-ут-Тахрир» партиясы мен «Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымдастырған. Алайда бұл туралы әлі күнге бір жақты байлам жоқ. Көп жайттар белгісіз. Бізге белгілісі, Қырғызстаннан Тәжікстанға шегініп кеткен «Өзбекстан ислам қозғалысының» содырлары ұзамай Ауғанстандағы тәліптерге барып қосылған. Пәкістанның Солтүстік, Оңтүстік Вазиристан аймақтарындағы ұрыстарға қатысқан. 2001 жылы Ауғанстанды АҚШ ұшақтары бомбалаған кезде Жұма Намангани өлтірілді. Тахир Юлдашев дәл осындай ажалмен 2009 жылы қаза тапты. 

«Өзбекстан ислам қозғалысы» 2002 жылы Бішкекте, 2003 жылы Ошта теракт ұйымдастырды. Осы кезден бастап қозғалыс «Түркістан ислам қозғалысы» деп аталып келеді. 


Имам әбу ханифа – мазһаб негізін қалаушы
Абдулла қажы Жолдасұлы: «Жастарды кейбіреулер теріс пиғылда пайдаланып жүр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу