Жаназада уағыз айтқан молдаға айқайлап ұрсып бердім

Oinet.kz 28-08-2022 15277

Ана жылы Шыңғыстауда, өзім қатты сыйлайтын жездем қайтыс болды. Әдеттегідей, жаназа алдында - молда "лекциясы". Ол "лекциясы" "Қатындар былай тұрыңдар!.." дегеннен басталды. 

Screenshot_5.jpg

Оған шыдадым. Жер басына барып қайттық. Сонсоң, ас алдында әлгі молда дәмхананың сахнасына шығып алып, тағы да "лекциясын" бастады. Тіпті ұзап барады. Жұрттың бәрі бас изесіп әлек. Мен со жолы молданың мазағына шыдай алмадым. Өйткені бет-жүзінде уайым-қайғының еш нышаны жоқ. Семірген. Елдің бәрін ақымақ санайтын пиғыл көзінен жылт-жылт етеді. Бейне бір, о Дүниеге өзі барып келгендей, құдайдан сәлем алғандай, өз сөзіне өзі удай мас. Шыдай алмадым да: 

- Айналайын, уағызыңды мешітіңде жүргіз. Біз қазір ардақты адамымыздан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырмыз. Мында көптеген ағайын қоштасу сөзін айтқалы келіп отыр. Олардың жұбату сөзін де естігіміз келеді. Соңынан басқа да шаруалары бар тірілердің. Сенің бітпейтін "шариғатыңды"  қайта-қайта тыңдап отыруға уақыт жоқ. Тоқтат! - деп ақырып жібердім. Сонда, қалың қазағымның арасынан тек бір шалдың ғана қарсылық дауысын естідім. Не болар екен деп, жұрт сілейіп қалған. Ештеңе де болған жоқ. Молда абыржып, сахнадан түсіп кетті. Ас бітті. Шығуға бет алғанымызда, тар дәлізге кептелген жұрт ішіндегі көптеген "ақсақалдар" елге білдіртпей: - Сенікі жөн болды, жөн болды - десіп, сыбырласа қолымды қысып, өтіп жатты қасымнан....

Әрине, біздің со жолғы ренішіміз нақты со молдаға ғана емес, барша имам-молдаларға деген реніш болатын. Өйткені олардың сондай сүйкімсіз-жөнсіз қаракеттері талай жылдардан бері жаппай тенденцияға айналып кетті.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Пейішке түскендер мен тозаққа түскендер арасындағы диалог
Шайтан айтқан шындықтар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу