«Мақпалды ақтамаңдар»: Бейбіт Сарыбай

Oinet.kz 10-09-2024 991

Белгілі жазушы Бейбіт Сарыбай өзінің Facebook парақшасында Мақпал жүнісованы ақтаудың қажеті жоқ екенін жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_5.jpg

Айтуынша, е талқысына түскен өнер иесі Мақпал Жүнісова қандай жағдайда да өз биігінен түспек емес. 

"Мақпалды шыр-пыр болып ақтап жатқандарды түсінемін. Мақпалды ақтамаңдар! Кімнен қорғап әлек болып жатырсыңдар? Ол – Мақпал ғой. Бәріміз білеміз, түсінеміз, жақсы көреміз. Тобыр деуге аузым бармайды, қоғамда сондай бір слой бар. Солар таратып, жазып жатқан шығар. Оларға керегі де сол. Шибөрілер ғой. Талағанды жақсы көреді. Оларға біз сеніп қалмаймыз ғой. Кім не десе де Мақпал өз биігінде, біз білетін биігінде қала бермек. 

«Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,

Мен өлемін өзімнің биігімде». Төлеген. 

Мақпал шеңберден шығып кеткен адам. Мұқағали Фаризаны екі иығынан ұстап тұрып: «шеңберден шық»,-деген екен. Оны кейін көрнекті ақын Исрайыл Сапарбай керемет өлең қылып өрді. Оқып көріңіз.

«Шеңберден шық! –

Дүние шеңберінен!

Жараспайды ақынға жерде жүрген.

Екі бірдей аяғын ербеңдетіп,

Босанбай ма бөбек те жөргегінен?!

Шеңберден шық!

Сөзімді намыс көрме.

Запыран жұтып,

Қайтесің зар ішкенде?

Кіндігінен байланған Жер-анаға

Шеңберінен шығады Ғарышкер де!

Шеңберден шық! –

Шебінен өрмекшінің.

Кімге керек шерменде шерлі өксігің?

Мен көксеген көкте бір Құдірет бар,

Сол киеден өзіңді көрмекшімін.

Шеңберден шық!

Тентек қыз, текті құрбым!

Беймəлім бір əлемге бетті бұрғын.

Оңашамен дос болмай, көрмеймісің,

Тамашамен тағы да өтті бір күн.

Шеңберден шық!

Шығып кет шектен былай!

Əдірем қалсын өлеңсіз өткен күн, ай!

Батырлардың дəу пірі – Дию болса,

Ақындардың əупірі – Көк пен Құдай!

Шеңберден шық!

Фариза, шеңберден шық!

Серік іздеп қайтесің сергелдеңсіп?

Түу биікке шарықта!

Ал сонан соң...

Екі кездей табарсың жерден меншік...

Шеңберден шық,

Фариза, шеңберден шық!»

Ойпырмай ұят іздеп отырған әлгілердің қылығының өзі ұятсыздық емес пе? Мақпал басқаларымыздай екіжүзді емес. Оның бір ғана бейнесі бар. Ол ешқайыссымыздың қолымыз жетпеген, көксей беретін еркіндікке шыққан. Ол еркін адам. Ешкімге, ештеңеге тәуелді емес. Мақпал имам ба еді, ұстаз ба еді? Ойбай, мама деп шошитындай. Ол нағыз шығармашылық адамы. Шығармашылық адамы сондай «тәртіпсіз» болу керек. Бір сөзбен айтқанда Мақпал нағыз өнер адамы. Өнер адамы жайында Есенқұлдан асырып кім не жаза алғандай: 

Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,

Біздер, біздер біреулерге арманбыз.

Барды бар деп, жоқты жоқ деп жасырмай,

Бақытынан қашып жүрген жандармыз.

Біреулердің оғы жоқ боп атарға,

Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда.

Жыртығыңды жамап беріп жатса да,

Ешкім бізді қоса алмайды қатарға.

Алдымызда жалт-жұлт етіп от шырақ,

Әне-міне бақ қонардай боп тұрад.

Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да,

Ешкім бізді шын түсінген жоқ, бірақ.

Жанымызға бермей ешбір тыныштық,

Көпшілікпен көп жүруге тырыстық.

Бар екенін махаббаттың, шындықтың,

Барша адамға сендіруге тырыстық.

Бізге ғашық ұятты қыз шыбық бел,

Бізге ғашық жаны жайсаң жігіттер.

Біз жүрген жер үлбіреген үміттер,

Біз жүрген жер ақ ниетті бүліктер.

Бәріміз сол жалпы мақтаудан аса алмаймыз. Ешкім оны шын түсінген жоқ. Мақпал түсініңдерші деп те жатқан жоқ. Жанына тыныштық қой, оның. 

Мә, Мақпалмен бірге виски ішер ме еді, «тәте-ау» деп.

“Атақ пенен мансапқа қызықпапты дегейсің,

Кейді ішпейтін ортада қызып қапты дегейсің”,- деп Мекең ән салып отырса", - деп жазды ол. 

«Жүнісовадан ибалы нәзік әйел бейнесін көргісі келетін адам оңбай қателеседі» - Журналист
«Мақпал ханым, іше түсіңіз»: Журналист
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу