Ақан МЕРГЕМБАЙ, отбасылық кеңесші: Кездейсоқ таңдаудан кездейсоқ проблемалар туындайды

Oinet.kz 10-08-2021 2887

Тойбизнес шарықтаған сайын қоғам сұранысына таңырқаймын. Алты қабатты тәтті торт өмірді тәтті етіп жіберсе, тойхананың төріне дейін кірген көлік отбасыдағы татулыққа кепіл болса, некенің 40 пайызы ажырасумен аяқталмас еді. Психологқа адам ойында ауытқу болғаны үшін емес, ауытқу болмауы үшін баратынын түсіну – мұқым іс. Сыртқы, ішкі агрессиялық факторлар, адаммен қатынас, стресс басу жолдарын зерттеу – адамның өзін тануының бөлшегі. 

«Дайындықсыз үйленбе» атты кітапты кездестіріп қуанып қалдым. Авторымен байланысып, ажырасу, отбасы бақыты, баланы «қару» ретінде қолдану тақырыбында әңгіме өрбіттік.  

image.png

–Фрейдтің тұжырымына сүйенсек, бақытсыз ересектердің қаңқасы бақытсыз балалық шақты өткергеннен қаланады. Қазірде сыртқы факторға реакциясын балаға агрессия көрсету арқылы шығаратын ата-аналар бар. Қатесін түсініп, сіздің қабылдауыңызға келетіндері бар ма? Психикалық травмасыз баланы тәрбиелеу мүмкін бе?

– Иә, кеңес беру барысында немесе ерлі-зайыптыларға арналған тренингтерді өткізу барысында көп мәселелердің сонау балалық шақтан бастау алатындығы көрініп жатады. Яғни, балалық шақтағы орын алған жайттар есейіп отбасын құрғаннан кейін де жұбайымен қарым-қатынаста өз әсерін береді. Әрине, бір жағынан ата-аналарды, балалық шағымызды кінәлі қылуға болады. Бірақ, қай кезге дейін басқаларды кінәлі қылып өмір сүруге болады?! Бәлкім, бір сәт тоқтап, егер психикалық травма болса, арнайы ем алып, сосын отбасылық өмірді жалғастыру керек шығар. 

Бақытсыз балалық шағымыз үшін жұбайымыздың, өмірге келген балаларымыздың кінәсі жоқ. Өкінішке қарай, ата-анамен баланың қарым-қатынасына өз басым кіріспеймін. Ол бөлек сала. Біздің қызметіміз тұрмыс құрмаған қыз бала мен бойдақ жігіттер, олардың тойға дейінгі қарым-қатынастары және отбасылық өмірдегі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы. Осы сұрақтар аясында қызмет көрсетеміз. Алайда, жақында бала тәрбиесімен айналысатын әріптесімнің айтқанын пост қылып жариялағанбыз. Сонда оның айтуынша ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы жақсы  болса, бала тәрбиесіне бас қатырудың керегі жоқ. Себебі, «балалардың ата-аналарының ұрыс-керісінен көретін зардабы» орасан дейді.    

–Отбасыда бала ауырса, көбіне әйелдер «жүгіреді». Сізге де тек отбасының бір мүшесі келіп, проблеманы шешуі мүмкін бе? Мүлде ұрыс болмайтын отбасыны ғана бақытты отбасы деп айта аламыз ба?

–Отбасының бір мүшесі ғана жүгінетін кездер көп болады. Алайда, ол мәселенің шешілуін кешіктіреді. Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де мәселені түсініп келсе, оны шешу әлде қайда тезірек жүзеге асады. Күйеуін алып келе алмай жүрген әйелдер бар, сондай-ақ, әйелін алып келе алмай жүрген ерлер де баршылық. Біз мәселені қарастыра отырып кірісуге тырысамыз. Бұл  жағдаят әсіресе, күйеуі «ажырасам» деп айтқанда немесе  әйелі төркініне кетіп қалған жағдайда орын алады. 

Жалғыз қалып, тығырықтан шығар жол таппаған кезінде барып кеңеске жүгінеді. Алайда бұл ерлі-зайыптылардың біреу кетіп қалмай тұрғанға дейінге жағдаймен салыстырғанда қиын. Шешілуі де ұзақ уақыт алуы мүмкін. 

Менің көзқарасымда «ұрыспайтын отбасы» болу жеңіл әрі ұрыс болмайтын отбасылардың бәрі керемет деген мағынаны білдірмейді. Отбасында ұрыс болмай, бірақ, ерлі-зайыптылардың екеуі бір-біріне теріс қарап отыруы мүмкін. Біреуі екіншісінен қорқып ұрыспайтын отбасын құрып отыру мүмкін. Бір-біріне бала үшін, тағы басқа да себептермен «шыда жаным, шыда» деп өмір сүріп жатқан болуы мүмкін. Меніңше, ұрыспайтын отбасылардың ішіндегі ең жақсысы ондағы ерлі-зайыптылардың бір-біріне риза болғандығы. Ер мен әйел бір шаңырақ астында дәл осы адаммен тұрып жатқанына риза болса, меніңше бұл – жетістік. Ал өз басым отбасына байланысты «бақыт» деген сөзді отбасына қатысты қолданбайды екем. Оның орнына қазақта нақтырақ картинаны көрсететін «тату-тәтті», «ұйымшыл» деген секілді сөздер әлдеқайда нақтырақ ашады деп ойлаймын. Ал «бақыт» сөзі көбіне абстракт және оны әркім әр түрлі қолданады. 

–Бірде досым жеңгесі туралы  «мінезіндегі кемшілікке байланысты ағам ажырасамын десе, жеңгем бала туады»,- деп айтып еді. Бізде баланы отбасыны нығайтушы фактор ретінде қарайтын жалпылама түсінік бар. Проблемалы отбасыдағы бала «проблемаға шешім» бе, әлде бұл қадам бақытсыз балалардың санын көбейту ғана ма?

image.png

– Өкінішке қарай кей отбасыларда баланы «құрал» ретінде қолданушылық басым. Сондықтан да, ерлі-зайыптылар бірге тұру я тұрмау қадамында тұрғанда біздің беретін кеңесіміз барынша таразы басына баланы салмау. «Енді балаларым бар ғой» дей бастағанда: «Балаларыңыз жоқ деп есептеп көріңізші. Араларыңызда бала жоқ болса, осы әйеліңізбен немесе еріңізбен бірге тұрар ма едіңіз?» деп сұрақ қоямыз. Сол кезде адамда мәселені көру картинасы өзгеріп кетеді. Бұл арқылы біз ерлі-зайыптыларды басқа бір (бала үшін, ата-ана үшін немесе жұрттан ұят болады деген) нәрсе үшін емес, өмірін бірге өткізетін адам ретінде бірге тұрғысы келе ме, жоқ па деген сұраққа жауап табуына көмектесеміз. 

Ал ажыраспаса болмайтындай дәрежеге жетсе, олардың  айырылысуынан барынша басқалардың, әсіресе балалардың зардап шекпей және ерлі-зайыпты болған екі адамның да өзара қарым-қатынастары қалыпты болуына жұмыс істейміз. Себебі, екі адам ажырасса балалар бар. Олар екі жаққа да ортақ. Солар үшін де бір-бірімен байланысу керек болады.

–Отбасылық қарым-қатынаста тек бір тарап қана кінәлі бола ма?

–Отбасылық тақырыпта кінәлілерді іздемеген жөн деп санаймын. Бұл жерде «келіседі» я «келіспейді» деген нәрсе болады. Мәселен, ерлі-зайыптыларда бала болмаса, баласыз өмір сүруге келісе ме, жоқ па?! Ата-енемен тұрып жатса, бірге тұруға келісе ме, келіспей ме?! деген секілді. Ал отбасында орын алған кез келген ұрысқа екі тарап та қатысты болады. Себебі, бір қол шапалақтамайды. Екеуі қосылған кезде ғана шапалақтың дауысы шығады. 

-Шаңырақ көтергенге дейін қос тарапта қандай дайындық болуы керек. Шарты бар ма? Материалдық нормаларды заң бекіткен, моральдық тұрғыда не дей аласыз?

– Бұл туралы кітапта айтылған. Қысқаша айтар болсам: біз жалпы бойдақтар мен бойжеткендерді екі нәрсеге басымдық беруге шақырамын. Біріншісі – тойдан кейінгі өмірге дайындалуға, екіншісі – жақсы жар табуға. Кітапта біріншісі жайлы айтамыз. Яғни, дайындықты материалдық және моральдық деп екіге бөліп қарастырамыз. Материалдық – қарызсыз той өткізу. Моральдықты үшке бөліп қарастырамыз. Олар:  ер мен әйел психологиясын білу,  реалды қарау, өзін тану;

Қысқаша осылай. Толығын кітаптан оқып алған дұрыс.

–Қазіргі перфекционист балалардың артында талабы таудай биік ата-ана тұр.Бала қандайда бір ерекшелікпен дүниеге келсе, ата-анасының қабылдауы қиын кешеді. Ата-ананың баланың алдындағы жауапкершілігі қандай?

–Мен маманы емеспін. Тек жеке отбасын құрған адам ретінде және балаларымның әкесі ретінде ғана айта аламын. Ол салада маман емеспін. Ал әке ретінде пікірімді сұрасаңыз, балаға бірінші кезекте мейірім (жақсы көру, сүю, еркелету, бәріне әділ қарау) керек, екіншіден, баласының тәрбиесіне көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Бұл жерде білім емес, себебі, мамандық таңдау, өмірде не істегісі келеді т.б. бала өзі шешетін нәрсе. Ал адамгершілік, адалдық, имандылық, тазалық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, бұл ата-ананың тәрбиесіне жатады деп ойлаймын.

–Кітабыңызды  сатып  алуға нақты 3 себеп көрсету керек болса, нені негізге алар едіңіз?

image.png

– Кітап – «біздің қоғамның айнасы» екендігі. Себебі, кітап ішіндегі контент қаншама жылдан бері өткізіп келе жатқан консультацияларымызда қозғалған мәселелер.  Ал консультацияға оқып отырған оқырманның туысқаны, ағасы, баласы, қарындасы секілді адамдар келген. Яғни, алыс анау бір еуропада жарық көрген кітаптың мазмұны емес, біздің қоғамдағы отбасылардың өмірі көрсетілген. Демек, сатып алатын адам өз қоғамындағы болып жатқан тірі мысалдарға қанығады. Өмір сүріп жатқан ортасындағы отбасыларда не болып жатқанын білгісі келген адамға кітап пайдалы болады деп ойлаймын.  

Екінші себеп – кітапта отбасын ұстап тұратын базалық дүниелер қамтылған. Осы кітапта айтылған дүниелер болашақта отбасын ұстап тұра алатын ұстындар деп білем. 

Үшіншіден, кітап саналы қадам жасауға шақырады. «Кездейсоқ таңдау – ертең отбасылық өмірде кездейсоқ проблемалардың туындауына алып келеді» деген бар. Ал бұл кітап мүмкін болған үлкен қатерлердің алдын алып, саналы қадам жасауға шақырады. 

–Әңгімеңізге көп рақмет! 

Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Ербол Серікбай: Мифке толы жалған ақпарат қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін
Мейіржан Жылқыбай: Кибербуллинг ықпалымен суицид көбейіп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу