«Аягүлді өз елі бөтен көрді»: Бану Оңдасынова

Oinet.kz 23-02-2023 1859

Жақында марқұм жазушы Аягүл Мантайға арналған «Аягүл» атты кітап жарық көрді. Біз өмірден мезгілсіз өткен жазуышының жақын құрбысы Бану Оңдасыновамен осы дүние туралы сұхбаттасқанды жөн көрдік. 

Screenshot_5.jpg

– Жазушы Аягүл Мантайдың өлімі оның оқырмандарын, жалпы қазақ қоғамын қатты өкіндірген оқиға болды.  Сіздің марқұмның жақын құрбысы екеніңізді білеміз. Аягүлмен таныстықтарыңыз қалай басталды?

– Аягүл екеуіміздің арамызда тығыз байланыс болды. Сондықтан оның өмірден кетуі жанымды қатты жаралады. Көкейде ыза, ашу, өкініш, жалғызсырау – бәрі аралас. Бір жылдан астам есімді жия алмадым. 

Аягүлмен 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетіне түскен жылы таныстық. Екеуіміз бірдей 80 балл алыппыз. «Аягүл Мантаева» деген кім екен деп қызығып, көргім келді. Жетісайдың қызы екен. Бойы аласа, ол кезде шашы ұзын, толқынды келген сары қыз. Жүрісі, болмысы өзгеше, ешкімге ұқсамайтын. Мақсаттары көп, өзіне сенімді, батыл қыз екені, көп оқығаны байқалды бірден. Әрі ол менен үш жас үлкен. Аягүл бірінші курстың ортасына келгенде-ақ Алматыдағы бірнеше басылымға мақалаларын апарып, танымал тұлғалардан сұқбат алып, газеттерге жариялай бастады. «Ақ желкен» журналына алғашқы әңгімесі жарияланғанда факультеттегі студенттердің бірі ғой деймін «Аягүл, сен жазушы екенсің ғой» деді. Аягүл публицистикалық материалды да сезіммен жазатын. Сөйтіп жүргенде Әмірхан ағамыз (Балқыбек) Аяшпен танысып, бағыттап, «проза жазсаңшы» деп кеңес берді. Аяштың жазғандары басылымдарда жарияланып, жылы пікірлер айтылып жүрді. Деканымыз Бауыржан Жақып аға да Аягүлді жақсы көретін. 

Баспасөзге араласып, журналист қызметінің қызығына кіріп, оның үстіне тұрмыстық себептерге байланысты Аягүл бірінші курстан кейін оқуды жалғастырмады.  Алдында Шымкенттегі бір шағын университетті бітіріп, «филолог» мамандығы бойынша алған дипломы бар. Үлкен қала Алматыдағы газеттер, журналдардың біразымен байланыс орнатып, аз уақытта белсенді авторға айналды. Бір топта бірге оқыған студенттер үшін ол арамыздан шыққан жұлдыз еді.

Біреумен әңгімелескім келгенде Аягүлді іздейтінмін. Екеуіміз сырласып тұратынбыз. Біртіндеп көбірек, жиірек сөйлесетін болдық. Екеуіміздің тұлғамыз бірін-бірі толықтырды деп ойлаймын. Жанымызда үйлесім болды. Онсыз достық байланыс орнамайды. Бір-бірімізге бар сырымызды ақтаратынбыз. Мен оны жақсы түсінетінмін. Аягүлдің биігін де білетінмін. Аягүлдің әлеміне тереңдеген сайын ол маған ұнай түсті.

2012 жылы мен МПГУ-ға аспирантураға түсіп, Ресей астанасы Мәскеуге кеттім. Арада жыл толмай Аяш та Мәскеуге кеткісі келді. Ақыры артымнан Мәскеуге менің қасыма келді. РУДН менің жатақханама жақын жерде еді. Көп ойланбай, барып көріп ұнатты да, 2013 жылы жазда соған құжаттарын тапсырып, емтиханнан өтіп, бюджеттік негізде «Литературоведение» мамандығы бойынша магистратураға түсті.  Сөйтіп, Аягүлдің Мәскеудегі өмірі басталды. Мәскеуде оқуын бітіргеннен кейін де тұрды. Сонда балаларды дамыту орталығында (желі) қосымша жұмыс істеп жүрді. Елдегі басылымдарға материал жазып, қаламақы алып тұрды. 

Елге келмек ойы жоқ еді. 2018 жылы Аягүлдің жалғыз інісі көлік апатынан қайтыс болды. Аягүл бәрін тастап, ауылына кетті. Қайғырып, қара жамылған үй ішіне тіреу болу, анасын жұбату жаны нәзік Аягүлге оңай болмады. Інісінің алдында ғана әкесі онкология дертінен көз жұмған еді. Жалпы, сол жағдайдан кейін Аягүл түңіліп, жігері мұқалды. Интернетке де кірмеді. 2019 жылдан бастап байқасаңыз, Аягүлдің жазбаларында ауыр мұң, торығудың зілі бар. 

– Жақында Аягүл Мантай туралы естеліктер, сұқбаттар, әңгімелер жинақталған «Аягүл» атты кітап жарық көрді. Осы кітап туралы айтып өтсеңіз. Демеушілік еткен жандар бар ма? Қанша таралыммен шықты? 

– Аягүлдің көзі тірісінде екі кітабы жарық көрген. Біріншісі 2009 жылы «Жалын» баспасынан Б.Нұржекеевтің ұсынысымен мемлекеттік бағдарлама бойынша «Жаңбырлы көктем» прозалық жинағы басылды. Екінші кітабы «Жүрекке оралу» ақын Айжан Тәбаракқызының ұйытқы болуымен «Қаламгер» баспасынан 2019 жылы жарыққа шықты және бірқатар әңгімесі өзге де жинақтарға енген екен. Нью-Иоркте жарық көрген «Amanat» атты альманахқа әңгімелері еніпті. Одан өзге отандық басылымдарда әңгімелері жарияланып тұрды.

Аягүл өмірден өткен соң да екі кітабы жарық көрді. Біріншісі «Уақыттың көз жасы». Аталған кітапты 2021 жылы 500 таралыммен ақын Қасымхан Бегманов ағамыз өз қаражатына шығарып берген болатын. Оны да кейін өзімен сөйлесіп отырып білдім. Ол кітаптың бәрі тегін таралып кеткен. Ағамыз кезінде марқұм Әмірхан Балқыбектің де кітабын шығарып берген екен. 

Жақында жарық көрген екінші кітаптың аты «Аягүл». Аяш өмірден өткен соң осы кітап шығару жайлы ойланып жүрдім.  Жазушы артында қалған еңбегімен жасайды. Сонысымен Аягүлдің екінші өмірі басталып кетті десек те болады. Алайда кітап шығару процесін созып алдым. Қатты депрессияға түсіп, өз басыммен қайғы болып кеттім. Өз-өзімен келген соң кітапқа кірістім. Кітапқа ең маңызды деген, Аяштың болмысын жақсы ашты деген естеліктерді, сұқбаттарды жинадым. Аяшты тереңінен таныған адамдардың бірі ретінде кітаптың алғысөзі мен қорытындысын өзім жаздым. Мұқабасын Алмас Сырғабаев деген дизайнер жасады. Кітаптың дизайны, сапасы бәрі ұнады. Кітапты басып шығарып берген «Курсив» баспаханасына мың алғыс. 

Ақын Мақпал Мысамен Аяш қайтыс болған соң хабарластық. Ол кісі деректі фильм, бағдарламалар түсіріліміне көмегін ұсынды. Мақпалға осы іске көңіл бөліп, назар аударғанына разымын. Бірақ алдымен кітап шығарайық деген ұсынысымды айтып едім, Мақпал екі сөзге келмей қаражат жағын шешіп берді. Баспахананы таңдауыма да, кітапты таратуға да көп көмектесті. 

Кітап үш бөлімнен тұрады. Біріншісінде Аягүл туралы журналистердің, көзін көрген дос-құрбыларының, әдебиеттанушылардың естелік-мақалалары. Екінші бөлімде Аягүлдің ең құнды деген сұқбаттары. Үшінші бөлімде Аягүлдің өзінің прозалық туындылары. Аз күнде кітап Республикамыздағы ірі кітап дүкендеріне түседі. Кітаптан түскен қаражатты Аяштың шығармашылығын дәріптеуге, алда тағы  кітаптарын басып шығаруға жұмсаймыз деп отырмыз.

– Аягүл Мантайдың дүниеден өтуіне қоғамдағы қысым себеп болды деген пікір басым. Әрине, өткен жәйтті қозғау кімге де болсын оңай емес.  Дегенмен бұл тақырыпқа қатысты не айта аласыз?

– Аягүлдің бойында жарқыраған жарық сәуле болды. Көп адамның ішінде сонысымен ерекшеленіп тұратын. Оны харизма дейсіз бе, еркіңіз білсін. Сол жарық жазуында да болды. Журналист ініміз Дастан Қастай «Аягүлді біз не үшін сүйдік? Айналамыздан таппаған аппақ әлемге Аягүл арқылы сығалай алғанымыз үшін» деп жазды жақында. Жарқыраған жарық әлемі, болмысы біреуді сүйсінтті, басқа көпті күйіндірді. Күншілдік, іштарлық жасады қаламдастарының көбі. Тіпті өмірден өтуін де елемеді. Ұялғанынан амалдап бір әрекеттер жасалыпты. Бірақ ешкім ақымақ емес қой, оны бәрі түсінді. Бірақ сол керісінше Аягүлге деген халық сүйіспеншілігін арттыра түсті. Көп нәрсе түсінікті болды. «Аяүл Мантай феномені» деген ұғым айтыла бастады. Ол біздің қоғамың шындығын түсінуге мүкіндік беретін феномен.  

– Марқұмның өліміне қатысты тергеу амалдары басталды деген болатын. Кейін тынышталып қалды. Істің соңы немен бітті? Әлде әлі де жалғасып жатыр ма?

– Аягүл 2021 жылдың  29 шілдесінде Түркістан облысындағы Жетісай ауданындағы туған ауылы Байқоныста қайтыс болды. Суицидке қатысты қылмыстық іс ешкімнің арызынсыз-ақ факті бойынша қозғалған. Істі Жетісай ауданы Ішкі істер басқармасы жүргізді. Қылмыстық іс бірнеше айға созылды. 2021 жылдың желтоқсан айында жабылды. Естуімше, «қылмыстық құрамы жоқ» деген қорытынды жасалған. Заңгерлер Аягүлге қатысты фейсбук әлеуметтік желісінде жазылған жазбаларға лингвистикалық сараптама жасатып, «ар-намысын таптау» фактісі бойынша шағым түсіруге болатынын айтыпты. Тап сол кездері   2022 жылдың бірінші аптасында қанды Қаңтар оқиғасы болды. Елдегі ойранды көріп есіміз кетті. Сол әсерде жүріп Аягүлдің заңды мұрагері Тоты қылмыстық істі әрі қарай қозғамады. 

2021 жылдың 30 желтоқсанында Сәуле Әбілдаханқызы фейсбук әлеуметтік желісінде «Құдай аққа жақ. Менің еш кінәм жоқ» деп жазыпты. Егер ол ақ болса, «Аягүл қайтыс болды» деген хабар тараған сәтте-ақ, қоғам белсенділері, қарапайым оқырмандар оны айыптап,  ренжіп, жазба жарияламас еді. Аягүлге кибербуллинг жасалды. Ол факт. Сәуле Әбілдаханқызы өзі қабырғасымен сырласып, оңаша қалғанда бұл туралы не ойлайды екен, білмеймін...

Бұл оқиға туралы көп ойланамын. Кибербуллинг басқа адамдарға да жасалып жатыр. Бірақ олар өлімге барып жатқан жоқ. Аягүлдің оған дейінгі тағдыры: отбасындағы жағдай, әдеби ортаның елемеуі, қысымы, «мен тұрғанда «Қазақ әдебиеті» газетіне сенің еш жазбаң шықпайды» деген бастығының сөзі бар. Еліміздің ақын, жазушыларының шығармаларын антологияға топтастырып, оны миллиондаған қаражат шашып, әлемнің алты тіліне аударды. Сол жинаққа Аягүлдің әңгімелері кірмеді. Мемлекеттік бағдарламамен небір графомандардың кітабы шығады, бірнеше мың тиражбен, жақсы қаламақымен, ал Аягүлдікі шықпады. Тіпті, 2019 жылы еліміздің төрт қаласында әдеби кештері өткенде де әдеби орта, Жазушылар одағы басқармасы тарапынан құттықтау да, қолдау да болмады. Аягүлдің  әңгімелері орыс, мажар, түрік, басқа тілдерге аударылды. Елді танытып жүрген прозаик еді. Өз елі бөтен көрді. Аягүл де өзін бөтен сезініп, Ресейге 2020 жылы тағы бір рет кетіп еді, коронавирус пандемиясы басталды. Амалсыз қайтып келді. Осының бәрі Аягүлдің бұл өмірді тәрк етуіне апарды.

Сұқбаттасқан Сезім Мергенбай

Әзімхан ИСАБЕК: Шымкентте Абайдың төрт бірдей үрім-бұтағы жерленген
Әміреқұл Әбуов: «Оңтүстік мегаполисті ұлтымыздың мәдени ошағына айналдыруымыз қажет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу