Арыстан Оспанов: Бүгінгі отбасылардың ажырасуына жындар әлемінің де үлкен үлесі бар

Oinet.kz 04-04-2024 1091

Арыстан ОСПАНОВ - Түркістан облысы Сайрам ауданының бас имамы, Сайрам аудандық «Ы.Иманалиев» мешітінің бас имамы.

Screenshot_9.jpg

- Арыстан Оразалыұлы, сіз уағыздарыңызда отбасылық мәселелерге көп тоқталасыз. Бұл әсіресе, ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы, біріне-бірі құрмет көрсетудің маңызы, ажырасулардың алдын алу бойынша кеңестерге қатысты. Еліміз ажырасулар бойынша әлем бойынша көш бастап тұрған мемлекеттердің қатарында. Тіпті отбасылық құндылықтары құрып барады деген Еуропа елдеріндегі ажырасулар біздікінен аз екен. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Қазақ отбасыларын ыдыраудан аман алып қалатын тетіктер бар ма?

- Қарап тұрсақ қазақтың салт-дәстүрінің өзі тұнып тұрған шариғат. Ер мен әйел, ұл мен қыз, ағайын-туыс пен көрші-қолаңға дейін қатысты айтылған шариғаттар  мыңдаған жылдар бойы біздің ұлтымызға сіңіп, салт-дәстүр болып қалыптасып кеткен. Сондықтан отбасылық мәселелердің барлығын шариғат пен қатар өз дәстүрімізден іздеуіміз керек. Бұл қазіргі таңда белең алып тұрған ер мен әйелдің қатынасы, ажырасуға да қатысты. 2022 жылғы статистика бойынша 100 мың отбасының 40 мыңы ажырасып кеткен деген мәліметті оқығаннан кейін жүрген жерімізде отбасы құндылығын айтып жүретін болдық. Бүгінгі қоғамда шаңырақтың шайқалуына  көптеген жағдайлар әсер етуде. Біріншісі ол отбасыда еркек пен әйел өз орнын білмегендіктен ұрыс-керіс туындайды. Бір мысал айтайын. Менің жақсы бір ағам бар.  Ол кезде әкесі мен анасы тірі болатын. Сол кісі анасының ба әлде әкесінің бекен туған күнінде «Әке, ана,  осы күнге дейін біз сіздердің  «әй» деп бір-біріңізге дауыс көтеріп, ұрысқандарыңызды  көрмедік. Осындай тәрбие бергендеріңіз үшін рахмет!» деді. Ия бәрімізде ата-анамызға рахмет айта аламыз. Бірақ не деп? «Мені өсіргеніңіз үшін, оқытып, тоқытқаныңыз үшін» дейміз. Бірақ жоғарыдағы сөздерді айта ала ма? Жоқ. Себебі көпшілік ата-аналар  баланың көзінше ұрысып, қырыла береді. Ішіп келіп үйінде «концерт» қоятын әкелер де бар. Мұның барлығы көріп өскен бала ертең өзі де отбасы болғанда осы қателіктерді қайталайды. Айтқым келгені отбасыда ер өзінің орнын білмей, міндетін толық атқармаса,  әйел де орнын білмей басқа шапса береке қашады. Қазақтың дәстүрінде ер мен әйелдің отбасыда өзінің орны мен міндеттері бар. Ал мұны қазіргі отбасылар ескере бермейді. 

Қазақта «Тектіден қыз алсаң ошағың сөнбейді, жиынның ішінде сөзіңді бөлмейді. Ал тексізден қыз алсаң басыңа өрлейді, санасыз сабырсыз айтқанға көнбейді» деген керемет сөз бар.  «Мал таппайтын еркек жоқ , құрарын айт, бала таппайтын әйел жоқ тұрарын айт» дегені тағы бар. Яғни шаңырақтың мерейін кіргізетін әйел заты. Еркектің тапқан азды-көпті табысын орнымен жұмсап, Құдайдан берекесін сұрап жеткізетін   әйелдер. Қазіргі  таңда әлеуметтік желіде жылтыраған дүниесін  күллі елге көрсететіндер көбейді. Оны көрген әйел «пәленшеге күйеуі қымбат көйлек әперіпті, анау көлік сыйлапты, тағы бірі бриллиант беріпті» деп күйеуіне айтады. Телефонның ішіндегі дүниені көрген әйел қолдағы барға қанағат етпейді. Ал бірақ өзінен де тұрмысы төмен отбасылардың барын көрмейді. Міне, осындай ақпараттар да ажырасуға себеп болып отыр.   

Жастардың ажырасуына кейде үлкендер себеп болып жатады. Мәселен ұлының кемшілігін көрмей тек келінін жамандай беретін енелер бар. Керісінше қызының кемшілігіне көз жұма қарап, күйеу баласын жаман дейтін аналар да жоқ емес. Келін мен күйеу баладан кемшілік іздей бермей ұл-қызға, келінге дұрыс тәрбие, бағыт беріп, қолдап отыру керек.  

Халқымыз қызды қырық үйден тыйып отырған. Себебі қызға күйе жағылса кетуі қиын. Әке-шешесі қызды барынша жан-жақтан қадағалап, өсіріп, артынан жаман сөз ермей, аман-есен тұрмысқа шығып кетуін тілеген.  Сол себепті қызды жастайынан тазалыққа, инабаттылыққа, имандылыққа  тәрбиелеген. Ал бүгінгі ата-аналар ұл мен қызға қарапайым ғана ғұсыл алуды үйрете ме? Балиғат жасына жеткен ұл мен қыз ғұсыл алып жүруі тиіс. Білесіз бе, ғұсылы жоқ балалар шайтанның алдында қорғансыз болады. Шайтан күн батқанда  әжетханада, қоқыстарда және арақ ішіліп жатқан жерлерге көп жүреді. Егер 12-13 тегі балалар қараңғыда сол жерлерді басып қойса шайтан оларға жабысып алады екен.  Жүре келе ертең ұл үйленіп, қыз тұрмысқа шыққанда шайтан оларды быт-шытын шығарып, ажыратып тынады. Бұл дәлелденген нәрсе. Ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардан «Не болды?» деп сұрасаң «Мынау көзіме жаман болып көрінеді» дейді. Ер мен әйелді шайтан бір-біріне осылай жек көрінішті етіп тастайды. Сондықтан бүгінгі отбасылардың ажырасуына жындар әлемінің де үлкен үлесі бар. 

- Көпшілік оразаға қатысты ескермей жүрген тұстар бар ма? Оразада тек тағамнан тыйылып қана қою жеткіліксіз емес пе? Осы ретте оразаны сапалы тұту жөнінде  оқырмандарымызға кеңестеріңізді берсеңіз.

- Рамазан айында Алла Тағала адамдар тозаққа түсіп қалмасын, шайтанның азғыруына еріп кетпей өз өзіне келіп алсын,  осы уақытта жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп алсыншы деп бір айға шайтандарды байлап қояды екен.  Сондықтан рамазан айы тек ішіп-жемнен тыйылу ғана емес, жақсылық жасап жарысатын кезең. Жақында ауданда соттың төрағасы ауызашар берді. Сайрамдағы қиналып отырған отбасылар сол кісімен бірге отырып дәм татып, әңгімелесті. Дәл осы секілді көптеген бай-бағландар, шенеуніктер қасиетті айда  ауызашар береді. Ал енді сол кісілерге разаманнан кейін жолығып көрші. Үйі түгілі кабинетінен таба алмайсың. Жолығу қиын. Міне,  рамазан азғындаған заманда меңмеңдік, тәкаппарлықтан арылып, жақсылық жасап, бір ай адам болып өмір  сүруіміз үшін Алланың бізге беріп отырған «акциясы». Ал енді мұны біріміз пайдаланып, енді біріміз пайдаланбай отырмыз. Екінші ескеретін жәйт: ауызашар уақыты жақындағанда көп адамдар  телефон шұқылап отырады. Ал бұл  Алладан нағыз дұға тілеп қалатын уақыт.  Негізі ауызашардан жарты сағат бұрын алдыңызға су, құрмаңыз қойып, құбылаға қарап Құдайдан дұға тілеген дұрыс. Екіншіден, ораза кезінде таңертең көпшілік жылы су ішуді білмейді. Аузын ашқан соң бірден тамақтанады. Содан кейін артынан бір кесе суды сіміріп алады. Бұл дұрыс емес. Себебі ас дұрыс қорытылмайды. Ал ішкен суы денеге тарап кетеді. Осыдан түрлі ауру пайда болуы да бек мүмкін. Бір кесе жылы суды тамақтанардан алдын бір, кемі жарты сағаттан бұрын ішу керек. Немесе тамақтанып болған соң бір немес жарты  сағаттан кейін ішкен жөн.  Сол кезде алдағы  он бір айға жарайтын асқазан «ремонтталып» шыға келеді.  

- «Мектеп оқушылары ораза тұтпасын», «жұма намазына мешітке бармасын» деген ұсыныстар айтылып жүр. Бұған не айтасыз? 

- Алла Тағала балиғатқа толған ұл мен қызға намаз оқуды, ораза ұстауды парыз еткен болатын. Енді айтыңызшы, кімге ораза ұстауға болатынын немесе болмайтынын адамды жаратқан Алла біле ме, әлде мұғалімдер ме? Мысалы мен балама  мектеп уақытында тек қана сабағыңды оқы деп айтамын. Ал сабақ біткен соң  оны мешітке апарамын ба,  ораза ұстатамын ба, өзім білемін ғой. Бәлкім ұстаздар балалар жат ағымға кіріп  кетеді деп қорқатын шығар.  Алайда бала діни сауатты ең бірінші ата-ана және мешіттегі ұстаздардан алуы керек емес пе? Барлық әке-шеше баласын діни сауаттылыққа үйрете алмайды. Сондықтан осындай ақпараттарды бала мешіттен алмағанда қайдан алады. Оқушылар мектеп жасында уахабилер кім, шын мұсылмандар кім екенін ажырата білмесе ертеңгі күні оларда жат ағымдарға қарсы иммунитет болмайды. Сол себепті мұндай иммунитетті балаға мектеп кезінде бергеніміз жөн.  

- Соңғы кездері ислам дініне қатысты түрлі кереғар пікірлер, көзқарастар айтылатын ютуб-жобалар, подкасттар көбейіп кетті. Сіздің өзіңізді қайран қалдырған қандай-да пікір бар ма? Қоғам мұндай пікірлерді қалай қабылдауы тиіс? Белгілі имамдардың әр сөзін аңдып, масқаралауға тырысатындар да жоқ  емес. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

- Қазір тәңіршілер деген шықты.  Менің таңқалғаным олар мұны дін дейді. Дін болу үшін  оның пайғамбары, кітабы, ұстанатын жолы болу керек. Ал оларда оның бірі де жоқ. Қайдан шығарып алатынын білмеймін, олар ата-бабамыз олай жасамаған, бұлай демеген, ол дұрыс емес, ол арабтікі деп салтымызды жоққа шығарғылары келеді. Біле білсеңіздер, ислам діні Алланікі. Кезінде жер бетіндегі ең азғындаған ұлт арабтар болған. Солардың ішінен Алла пайғамбарды таңдап, сол арқылы іріп-шіріп жатқан елді жөнге келтірді. Сондықтан көп адамдар дін арабтікі деп шатасады. Тәңіршілермен имамдарымыз кездесіп, айтысып та жатыр. Өз басым олармен сөз таластырып көрмедім.  Бірақ солардың сойылын сойып жүрген кейбір кісілерге расымен таңқалам.

- Жалпы, ислам дінінің ютубта, инстграмда, тиктотағы бүгінгі кескін-келбетіне көңіліңіз толады ма? Дінді насихаттаймын деп шектен шығып жатқандар, исламның атына кір келтіріп жатқандар бар деп ойлайсыз ба?

- Соңғы кезде сөз бостандығы қатты дамып, нәтижесінде адамдар білгенін, ойына келгенін айта беретін болды. Әлеуметтік желілерде діннен хабары шамалы болса да ақыл айтып, көлгірсіп отыратындар бар.  Олар кейде артық айтып  өзін де өзгені де бүлдіріп жатқанын білмейді. Мұндайлардың барлығына жауап беріп отырған  жоқпыз. Алла адастырмасын, хидаят берсін дейміз. Бірақ намаз оқып жүрген жамағат оларды емес тек имам, ұстаздарды тыңдайды. Ал әлгілердің сөздерін  мешітке бармайтын, ұстаздармен жүздеспейтін адамдар тыңдауы мүмкін. 

- «Зекет – кедейдің ақысы» деп жатады. Асыл дініміздегі бес парыздың бірі – осы зекет. Дегенмен, еліміздегі қалталылардың жүріс-тұрысына, ой-пікіріне қарағанда қоғамда зекет берушілер аса көп емес сияқты. Көпшілік  әлі де зекет берудің қарапайым шарттарын білмейді, түсінбейді. «Онсыз да садақа беріп жүрмін ғой» деп, зекет мәселесіне басын ауыртпайды. Осы тақырыпқа кеңірек тоқталып кетейікші. 

- Шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады. Құранда зекетті 8 түрлі адамға беруге рұқсат дейді. Олар: қарызға батқандар, пақырлар (әйел бала шағасы бар үйі бар бірақ айлығы шайлығынан артылмай жүргендер), кедейлерге, жолда қалып кеткен адамдарға, мұсылмашылдыққа тарту үшін басқа дін өкілдеріне, Алла жолында жүргендер, білім алып жатқандарға, зекетті жинаушыларға және құлдарды азат етуге.  

Зекет пен пітір садақа мешіттің құрылысына, имамға жұмсалмайды. Зекет жылына бір ақ рет берілетін дүние мүлкі зекет нисабына жеткен болса онда соның 40/1 беру керек. Бірақ алдымен қарыздарын өтеуі тиіс. Мысалы үйдегі малын есептегенде 2 миллион теңге болса зекет беру үшін оның 1,5 млн теңгеге дейін  артық дүниесі болуы керек. 

 Шынын айтқанда біздің елде садақа беретіндер көп, ал зекет беретіндер аз. Тіпті оны білмейтіндер көп. Кейбірі түгел бермейді. Мәселен 10 қой беру керек болса 5 қозы беріп отыра беретіндер бар. Олар дүние-мүлкін қызғанады немесе зекет берудің шартын білмейді. Ал зекет беру әрбір бай мұсылман адамның парызы. Айталық бір өңірде жетім жесірлер жылап, қиналып  отырған болса сол жердегі байлар өзінің міндетін толық атқармай отыр деген сөз. Егер дәулетті адамдар зекетті беріп, парызын толық орындап жүрсе  біздің елде кедей кепшік деген нәрсе болмас еді. 

- «Қоғам ақыл-кеңестен, уағыздан әбден шаршады» деген пікірлер де айтылып жүр. Осыған келісесіз бе? Қазір әлеуметтік желілерде, ютубта түрлі ұстаздардың, имамдардың уағыз насихаты аз емес. Сіздің ойыңызша, осы уағыздар жұртқа өтіп жатыр ма? 

- Халық уағыздан бәлкім шаршаған да болар. Интернеттің бәрі уағызға толып кетті ғой. Оны қабылдамайтын адамдар  бар. Олар кімдер десеңіз, оның алдында тыңдағанына амал жасамағандар. Олар кейінгі уағыздарды тыңдағысы да, ондағы амалдарды істегісі де келмейді. Ал бірақ алған білімін Алла разылығы үшін таратуым керек деп  ел алдына, әлеуметтік желілерге шығып  жүрген қаншама ұстаздардың уағызы өтіп жатыр. Себебі жүректен шыққан сөз жүрекке тарайды. 

- Өз баласын мешітке жіберуге қорқатын ата-аналарға не айтар едіңіз? Оларды да түсінуге болатын шығар? Перзенті түрлі теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалмасын деген қорқыныш бар ғой қоғамда.

- Жарайды мешітке жібермесін делік. Онда баласына барлығын өзі үйретсін, сауаты жетсе.  Бізге кейде «балам  жат ағымға кіріп кетті. Жүрші, сөйлесіп берші» деп ата-аналар келеді. Сол әке-шеше  кезінде мешітке өзі де келмеген, баласын да жібермеген. Ондайларға «Біз сіздің балаңыз үшін уақытымызды жұма намазында, кешкі намаздарда арнағанбыз. Неге сол уақытта келмейсіздер?» деймін. Жоғарыда айтқанымдай бала діни ақпарат, сенімді ең алдымен ата-ана немесе мешітте ұстаздардан алуы керек. Ал балада оларға қарсы иммунитет болмағасын арты осындай жағдайға алып келеді.  

- Астанада өткен алғашқы уағызшылар форумында Бас мүфти молдалардың тұғырнамасын бекітті. Қазақстанда енді барлық имам уағыз айта алмайды.  Бұл құзіретті тек сүзгіден өткеніне ғана береді.  Қалай ойлайсыз осы сүзгіден молда имамдарымыздың қаншасы өте алады? 

- Сайрам ауданында 100 ден астам имамдар бар. Соның ішінде жоғары білімдісі 10 пайызға да жетпейді. Сондықтан сүзгіден өтетіндері көп дей алмаймын. Ол жиынға мен де қатыстым.  Сауаттылар айтсын, сауаты жетпегендер бүлдіріп алмасын деген мақсатта осындай талап қойылып отыр. Алдағы уақытта уағыздар жинақталған сайт іске қосылмақ. Ол жерде білімі жоғары, сүзгіден өткен имамдардың уағыздары болады. Одан кейін сол жиында уағызды интернетке жүктемес бұрын үлкен ұстаздарға бір тексертіп алу мәселесі де көтерілді. 

 - Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Айнұр ОҢҒАРБАЙ

Қазақтың басынан кешкені әуелі әнге көшетін сықылды
Рахманәлі Оразбаев: «Әкімнің бәрі ақылды емес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу