Қазақтың басынан кешкені әуелі әнге көшетін сықылды

Oinet.kz 27-03-2024 1725

Неге екенін білмеймін осы гүл атаулары, олардың түстері бүгінде қыздардың сұлулығын жеткізу үшін таптырмайтын метафораға айналып кетті. Ал, менің есіме гүл дегенде, әсіресе күнбағыс, бақбақ, түймедақ дегенде  – Ван Гогтың картиналары, сол картиналарындағы кіршіксіз түстер оралады. Ал Ван Гог картиналары десе – ойыма болмысы кір түстерден ада Мехриддин Өтегенов оралады. Яғни, Гүл, Ван Гог картиналары, Мехриддин үшеуі менің санамдағы мызғымас ассоциациялар. 

Screenshot_8.jpg

Мехриддин – ақын. Эстет ақын. Болмысы қандай бірсыдырғы, бетегеден биік, жусаннан аласа болса, өлеңдері де сондай байсалды. Беталды айқайламайды, әлдекімге әлденені дәлелдеуге тырыспайды. Өзінше сүйкімін құрғақ пафосқа шалдықтырмаған сұлу өлеңдер. Мехриддиннің өз арамызда бірнеше есімі бар және. Есінек, Күнбағыс, Торғай, Қоңыр... Мұның бәрі Мехридиннің болмысына, өлеңіне, эстетикалық аурасына сай таңылған сойлар.

Жақында Мехриддиннің «Мен торғаймын» атты алғашқы кітабы жарыққа шықпақ. Мұны естіп бір кісідей қуанып, ақынның өзімен аз-кем сұхбат құрдық. Одан бөлек өлеңдерінен дәм-ауыз ұсынып отырмыз. Мархабат...

Screenshot_15.jpg

– Мехриддин, ең әуелі өлеңге қалай келгеніңді, қашан келгеніңді, не әсер еткенін айта өтсең...

– Менің өлеңге қашан, не себепті, қалай, қайтіп келгенімді білмеймін. Тек жаза бергенімді білемін. 

– Жақында алғашқы кітабың жарық көргелі отыр. Құттықтаймын! Сол кітап туралы ашып айтсаң. Қайда басылды, алғысөзін кім жазды, неше таралыммен шықпақ?

– Рақмет! Кітап осы кезге дейінгі жазғандарымның есебі іспетті дүние. Бүгінге дейін кешкендерім, сезінгендерім – өлең болып осы жинаққа еніп отыр. Кітап Алматыда басылып жатыр, «Samga press» баспасынан жарық көреді. Алғысөз кітапта жоқ, оқырман кітапты өлеңнен бастап, өлеңмен тәмамдайды. Таралым саны – 1000.

– Алғашқы кітаптың алғысөзсіз шығып жатқаны қызық екен...

– Иә, ешкімге алғысөз жаздырмадым. Алдына «ағалап» бара қоятындай, аға буынмен аса араласа бермейді екенмін. Оның үстіне алғысөзді аса қажет деп таппадым.

– Кітап «Мен торғаймын» дейтін өлеңіңмен аталып отыр. Сол өлеңде «Сайрағаным өзімнің үнім емес, кешегі халық әні жаттап алған» дейтін жолдар бар. Қазақта не көп халық әні көп. Осы өлеңді жазған кезде көңіліңде қай халық әні тұрғаны қызық... Жалпы өлең қай кезде жазылды?

– Қазақ халқы ұлт болып ұйысқалы бері не бір теперіш көріп келе жатыр. Сол қазақтың басынан кешкені әуелі әнге көшетін сықылды. «Елім-ай» әні кешегі қазақтың – жан үні. Өлең «Қаңтар оқиғасынан» соң жазылды. 

– Біраз бұрын өзбек ақындарынан аударма жасап жүргеніңді естіп едік. Бүгінде сол аудармаларыңның жайы қалай? Неше өлең аудардың? Кімдерді аудардың? Олар кітапқа ене ме?

– Иә, қазір де аудару үстіндемін. Бұған дейін Орипов Абдулла, Алишер Файз, Мухаммад Юсуф сынды ақындарды аудардым. Кітапқа Мухаммад Юсуфтың 5-6 өлеңі кіріктірілді. Алда сол кісіні толық жинақ етіп аударсам деген ой бар. Бұдан бөлек, Ғафур Ғұламның «Шум бола» («Сотқар бала») қиссасын аударып жүрмін...

– Осы ел алдында жүрген қаламгерлер «ақын көп ізденіп, көп оқу керек», «өлең былай жазылу керек» деген сынды кейінгі буынға білген-түйгенін айтып жатады. Жалпы өзің кітап оқығаннан бөлек, тағы қандай дүниелермен айналысасың?

– Кітап оқығаннан бөлек, кино қараймын (театр), сурет саламын немесе әлемдік суретшілердің туындыларына шолу жасаймын. Ән тыңдаймын, аниме көремін, адамдармен сұқбаттасқан және ұнайды. Кітаптан бөлек, уақытымның көп бөлігі осыларға кететін секілді. 

– Ерлан Жүніс  «Ақындар кінәлі болып туады» дейді ғой. Сенің де шығармашылығыңда қоғамдық, жаһандық мәселелерге қалай  алаңдайтының, жаның ауыратыны көзге ұрып тұрады. Бүгінде көңіліңді пәс тартқызып жүрген қандай да бір дүниелер бар ма?

– Адам болған соң, адамзат мәселесі әрдайым өзекті. Ол үшін шынында жан ауырады. Әлемнің қай бұрышы болмасын зұлымдықты естісем, мұңаятыным рас...

Сұқбаттасқан Сезім Мергенбай

Screenshot_11.jpg

ТҮЙМЕДАҚ ЖҰЛЫНҒАН СӘТ

Сол кеште,

Сеніміңді ақтамағам,

Қойып кеткем белгісіз жаққа қадам.

Сұрағыңа бір жауап бере де алмай,

Өзімді өзім іштей отқа орағам,

Сол кештің,

Гүлі семді, сенім кетті,

Құлазып құздан құлап көңіл кетті,

Айырылу жарығым қандай ауыр,

Қайырымсыз қоспайды Өмір көпті.

Сол кеште,

Ерініңнен соңғы рет сүйіп қалғам,

Қалай кеттік сол кешті қиып, қарғам!

Шыңырауға тас байлап тастайды екен,

Шығармай арзуыңды биікке арман!

Сол кеште,

Тыным кетіп,

тіл байланып,

Бақытымыз кеткенді мұңға айналып,

Ұмытылып кеткенше еске түсіп,

Түн ұйқыңды Естелік ұрлайды анық.

Сол кеште,

Күлкің қалды, күлкің қалды...

Шындығым шат-шадыман шырқыңды алды,

Сағымға сіңіп кетіп сан қиялың,

Қанаты арманыңның қырқылған-ды!

Сол кештен соң,

жан құса ғып өткердің қанша түнді,

қайғы салып өткердің қанша күнді?

Сол кеште,

Көзіңдегі жасыңды сүрте алмағам,

Күйдіріп алам ба деп саусағымды!

Screenshot_10.jpg

МАХАББАТЫМ АЛҒАШҚЫ

(Абдулла Ориповтен тәржіме)

Кешкі ақшам уағында, ай бозарып батқанда,

Шолпан жұлдыз жымыңдап, түнек есік қаққанда,

Жаным мөлдір мұңға елтіп, аңсар шамын жаққанда,

Есіме алдым мен сені, махаббатым алғашқы.

Жасы болдым мұңлықтың махаббатым алғашқы.


Өтті жастық шаттықпен,басылмады құмарым.

Жақсылықпен жамандық арпалысар мына күн!

Мен ынтызар көңілмен алдыңызға құладым.

Бірақ сені ұмыттым махаббатым алғашқы.

Жүрегімді суыттым махаббатым алғашқы.


Дүние деген сенсеңіз, жанға жұмбақ сыр екен,

Кейде шексіз шұғыла, кейде түпсіз мұң екен,

Ал, адамдар мәңгілік махаббаттың құлы екен.

Не үшін бұрын білмедім махаббатым алғашқы.

Соңғы сәтте бүрледім махаббатым алғашқы.


Ең аяулы арманнан қолым үзіп қалғам жоқ,

Жұлдыз сынды жымиып, Ай секілді толғам жоқ.

Күзде ашылған гүл сынды, ерте гүлдеп солғам жоқ.

Сені еске алып жылаймын, махаббатым алғашқы.

Көзім жасын бұлаймын махаббатым алғашқы.


Өз жолынан адасқан – махаббатқа сүйенгей.

Мұңға терең батса адам – махаббатқа сүйенгей.

Дәрменсіз боп қалса адам – махаббатқа сүйенгей.

Ал, мен кімге сүйенем махаббатым алғашқы.

Ар отына күйер ем махаббатым алғашқы.


Құлақ түрдім тылсымға, жүректі кеп жылытқым.

Жұмбақ түстің ішінде, дүниені ұмыттым

Таңда өзіңе арнадым, осы өлеңді...

үмітпін…

Жалғыз сені білемін, махаббатым алғашқы.

жалғыз Құдай сүйгенім, махаббатым алғашқы.

Screenshot_16.jpg

УКРАИНА БАЛАЛАРЫНЫҢ СӨЗІ

– Зымырандар дауысы

Тыныштықтың нәзік

пердесін жыртты,

арттырып қайғының жүгін…

жұдырықтай мына жүректер

Сағат тықылынан да

шошиды бүгін.


* * *

– От шашу, от шашу,

аспанда неге жарқырамайды моншақтар?..

– От шашу дегенім – қарудың дауысы екен,

біздің тыныштығымызға қарсы атқан.

* * *

– Анашым, біз қайдамыз?

– Тасасында оқ заулаған

қаланың…

– Анашым, әкем қайда?

– Туған жердің құшағында,

қарағым…


* * *

– Әкемнің ораламын деген

сөзі қалды,

Шешемнің ораламын деген

сөзі қалды.

Өздері қалды майданда…


* * *

– О, Жаратқан

Соғыс – қайғы,

бас сауғалау,

өлім құшу,

Құлазу.

Байрағымды

желбіретші құлатпай,

жасымды ішіп тұр әзір…

Screenshot_14.jpg

СОҒЫС номинализм

Құс:

Мен көктен қанатым

талып құламадым,

Құладым қанатым сынып.


Гүл:

Мен сұлулардың құшағына

бітпедім

қабірге қойылдым суық.


Адам:

соғыс – бас әріптің ермегі.

жансыз жатқан дене көрдім,

қан көрдім,

маған –

өлім өзі келмеді,

мен өлімге өзім бардым,

жан бердім!


Табиғат:

құрсағымда бүлкілдейді

күрсіністер бөбегі…

бөбегімді жұбата алмай,

һәм өзім де жұбана алмай келемін.

– ұйықта, соғыс, ұйықта…

Screenshot_18.jpg

МЕН ТОРҒАЙМЫН

Мен торғаймын,

Қанатын суға малған, отқа малған.

Ұясы қырық бөлініп, жатта қалған.

Сайрағаным өзімнің үнім емес,

Кешегі халық әні жаттап алған.

Жанымды аясаңшы дірдектеген,

– Дүние, - дейсің бе іштей, – кім кетпеген.

Құдайдың жаратқаны екеуміз де,

Бізге һәм қарасаңшы құрметпенен.

Үсті-үстінен қайтара қырсық ұрды

тасқа соғып сындырдым тұмсығымды,

уыстай жан иесі саған келді,

сенен өзге ұғады кім сырымды?

Шырылдап айнала ұштым төбеңізде,

Мейіріңді төкпейсің неге бізге?

Қалтыратты қаңтардың сары аязы,

Қар астына көміліп өлеміз бе?

Мен торғаймын,

Қанатын суға малған, отқа малған,

Ұясы қырық бөлінген, жатта қалған.

Сайрағаным өзімнің үнім емес,

Кешегі халық әні жаттап алған

Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын: «Айтыстан әркім өзінше идеологиялық құрал жасағысы келеді»
Арыстан Оспанов: Бүгінгі отбасылардың ажырасуына жындар әлемінің де үлкен үлесі бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу