Рахманәлі Оразбаев: «Әкімнің бәрі ақылды емес»

Oinet.kz 10-04-2024 654

Рахманәлі ОРАЗБАЕВ, Орталық Азия және Қазақстан Құрылысшылар одағының вице-президенті.

Screenshot_5.jpg

– Рахманәлі Дүйсебекұлы, Шымкентте әкім ауысқан сайын қаланың бас жоспарына өзгерту енгізіліп жатады. Ал, әкімдіктегі шенеуніктер қаланың бас жоспарымен санаспайтыны айтпаса да түсінікті.  Жалпы осы жүйесіздіктен қалай арыламыз?

– Иә, бұл туралы талай жылдан бері айтып келемін. Бірақ «баяғы жартас сол жартас». Бүгінде, бас жоспарға сәйкес келмейтін әртүрлі салаларға қаражат оңды-солды жұмсалып жатыр. Елді мекеннің даму іс-шараларының барлығы бір жүйенің шеңберінде болуы тиісті. Дамыған елдердің бәрінде де солай. Кез келген мемлекеттік орган бас жоспарды көпшіліктің алдына шығарып есебін беріп отырса, тұрғындар да өз қаласының қалай дамып жатқанын, қалай дамитынынан хабардар болып отырар еді. Ертеден келе жатқан бастапқы елдімекеннің даму жүйесі, ол қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейі.  Сол себептен ол құжаттарды қайта қолға алмай, қаланың дамуына бір жүйе енгізбей, шаһардың,  керек болса мемлекеттің жағдайы оңалмайды. 

Бүгінгі таңда әкім бағынатын жүйе болмаған соң, бар билік соның қолында болып тұр. Әкімнің түсінігімен өмір кешіп келеміз. Әкім не дейді сол болады. Жаңа әкім алдыңғы әкімінің алдына қойған жоспарларының бәрін жоққа шығарып, өзінің бағдарламасын енгізуде. Бұл тұрақты жүйе болмағанын дәлелдейді. Әкімнің бәрі бірдей ақылды емес қой. Бірі жұмыс барысын дұрыс бағытқа қойып кетсе, кейінгісі, бүкіл оң істің тас-талқанын шығарады. Одан кейін ешқандай іс өнбейді, алға баспайды. Бір іс соңына жетпегесін қала қалай дамымақ?! Сол себепті, билікте отырған шенеуніктер бас жоспарды енгізу мен оны жүзеге асыруда бір жүйені орнатулары керек. Әкім-қаралардың, жауапты басшылардың оңға-солға бейпіл қадамдар жасауына мүмкіндік бермеу керек. Әрине елдімекеннің даму жүйесі, заңы керек болса регламенті, тек сол қала құрылыс ережелері, бас жоспар мен оның егжей-тегжейі деп түсінуіміз қажет. Әкім қала тұрғындарына: «мен үйтем- сүйтем» деп уәдені үйіп төккенше «мен жүйеге сәйкес депутаттарға ұсынамын, олар қолдаса, мәселені шешіп беремін»  деп айтып жүрсе заңды болар еді. 

Бұдан бөлек «Құрылыс ережелері» дейтін құжат бар. Қазір ол құжатты  елеп жатқан ешкім жоқ. Қала құрылысына қажетті барлық шарттарды соның ішінде енгізуге болар еді. Мысалы, қала көшелерінің архитектуралық стилі, сәні қалай болуы керек, сауда орындарының кескін-келбеті қандай болуы керек, тұрғын үйлердің салыну тәртібі, қоғамға қызмет көрсету орындары қалай орналасу керек  деген секілді мәселенің барлығы сол құжатта көрсетіліп және ол орындалуы тиіс еді.  Алайда, ол құжат ұмытылды. Қала тұрғындары, кәсіпкерлер  құрылысты өз қалауымен салып жатыр. Мысалы Ташкент қаласының «Құрылыс ережесінде» орталық көшелердің ғимараттарының беткі бетіне өз бетімен құрылыс жұмыстарын жүргізуге, балконды жабуға, кондиционерді ілуге тиым салынған. 

– Қаланың дамуы тек биік ғимарат, әсем үйлер мен  саябақпен өлшенбесі анық. Шаһардың  әлеуеті, экономикасы зауыт пен фабрика, өндіріс орындарына тәуелді. Айтыңызшы, Шымкент өндіруші қалаға айнала алды ма?

– Қала, ауыл-аймақты дамыту үшін алдымен тұрақты жұмыс орындарын ашу қажет. Ол түрлі өндіріс орындары, зауыт, фабрикалар. Мұндай кәсіпорындар болмаса жұмыссыздық белең алып, халықтың табысы, тұрмысы төмендейді. Әлеуметтік жағдай оңалмаса қала да дамымайды. Сол себепті бас жоспарда  өндіріс орындарын ашу, оларға берілетін арнайы жер телімі барлығы қарастырылуы қажет. Ал оларды ашу үшін аукцион өткізіп, инвестиция тарту керек.  Кезінде «Импорт алмастыру», жәй сөзбен айтқанда "импортқа тосқауыл" дейтін жақсы бағдарлама енгізілген болатын. Ол бойынша шенеуніктер өзімізде шықпайтын импорт тауарлардың тізімін дайындап, өнеркәсіп орындарын бас жоспарға енгізіп, аукцион өткізіп, инвестор шақыру керек болатын. Өкінішке қарай, әкімдікте қазір ондай тізім жоқ. Салдарынан бағдарлама іске аспай тұр. Импорт алмастыруды қарапайым, күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарлардан бастауымызға болатын еді. Күрек, шеге, тостақ, қазан-ошақ, қасық сияқты заттарды неге өзімізде шығармасқа?! Осындай қарапайым тауарлардың өзіне шетелге миллиондаған, миллиардтаған тұрақты валюталарымыз кетіп жатыр. Соңынан теңгеміз құлдырап тұрақты валюта қатарына іліне алмай келеді. Бір сөзбен айтқанда, халыққа тұрақты жұмыс пен табыс керек. Зауыт пен фабрикалар ашылып, оларда тұрақты табыс болмаса, қалтасы толмайды, ел дамымайды. Ал қарны аш адамға көшеге қызғалдақтар егіп, әшекейлеп безендіргендерің немесе той тойлап жатқаның көк тиын. Олардың көңіл көтеріп жүруге қалтасы көтермейді. 

Мұндағы бір мәселе қаланың Бас жоспарында өнеркәсіпке арналған жер жоқтың қасы. Тек шағын ғана индустрия аймақтары бар. Ол аймақтар миллиондық қалаға аздық етеді. Бас жоспарда, зауыт түгілі, басқа тұрмысқа қажетті транспорт компанияларына, таксопарктерге және ауыр техникаға да орын қарастырылмаған.

– Шымқала еліміздегі  халық тығыз қоныстанған аймақтардың бірі.  Мұнда жер мәселесі өзекті. Бас жоспарда тұрғындарға қажетті, қызмет көрсету мекемелерін салуға қаншалықты көңіл бөлінген? 

– Бізде жүйенің жоқтығына тағы бір дәлел осы қажетті нысандарға жер телімінің жеткілікті бөлінбеуі. Мәселен  үшінші мегаполисте  мектеп пен аурухана жетіспейді. Себебі оларға жер қарастырылмаған. Парадокс жағдай ғой. Керек десеңіз әкімдік «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынуы тиіс мектептердің өзіне жер таппай әбден әлек болды.  Шаһарға «Жайлы мектептерден» бөлек, тағы да бірнеше білім ошақтары керек. Осы ретте неге жеке кәсіпкерлерді шақырып, мектеп салуға арналған жерлерге аукцион өткізбейді? Инвестиция тарту деген осы ғой. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған офистер неге халықтың қаражатына салыну керек? Міне, осы   мемлекеттік органдарға салынып жатқан кеңселерді бизнеске ұсынуымыз керек. Шет елде әскери объекттердің өзін жеке меншік кәсіпкерлер салып, жалға береді. Тіпті, инфроқұрылымның өзін, жол, су, кәріз немесе газ құбырларының бәрін жекеменшік кәсіпкерлер жасайды. Ал бізде, неге тек бюджеттен салынатынын түсінбеймін.  Сол себепті мектеп, аурухана, мемлекеттік мекемелерді бюджеттен емес инвестор, кәсіпкерлердің есебінен салатын болсақ қаржыны үнемдейміз. Алайда кәсіпкерлерге бір шаршы метр жер  болса да, тек аукцион арқылы берілуі тиісті. Тек, ең беделді де қалталы азаматтарға халықтың жерін сеніп тапсыру қажет. Олар жұмыс орындарын ашып, бюджетті толтырсын. 

Тағы айтамын, елдімекен дұрыс дамуы үшін алдымен жүйе құру керек. Ал жүйе дегеніміз – бас жоспар. Осыны бір ретке келтіріп алсақ, Шымкент  дұрыс бағытта дамитын болады. 

– Жалпы жемқорлық қылмыстардың басым бөлігі осы құрылыс саласына барып тіреледі. Бюджеттегі ақшаның басыи бөлігі сонда емес пе? Осы ақша жемқорлардың жемсауында кетпеуі үшін, нақты не ұсыныс айтар едіңіз? 

– Тек мемлекеттік орган, ондағы қызметкерлер араласқан жерде ғана жемқорлық өршіп тұр. Жемқорлықты жоятын бір ғана жол бар.  Ол өзін өзі реттеу заңына сәйкес, мемлекеттік қызметкердің функциясын ақырындап, әр саланың мамандары мен олардың қоғамдық ұжымдарына өткізу. Өкінішке қарай шенеуніктер қамшыларынан айырылғысы жоқ. Салдарынан заң жұмыс жасамай тұр.

Ал бюджетке келетін болсақ, әрине оны үнемдеп, тек тиімді бағыттарға пайдалану керек. Бет алды немесе тек әкімдердің түсінігімен жаратуға болмайды. Менің ойымша, бюджеттің шығысын үш этаптқа бөлген жөн. 

Бірінші, бас жоспарда көрсетілген барлық нысандарды, алдымен сол кәсіпкерге ұсыну қажет. Ол үшін жыл сайын қандай нысандар болатыны нақты жазылып тұру керек. Керек болса әкімшілік аппаратының ғимаратын да бірінші кәсіпкерге ұсыну керек. Яғни, өкіметтегі барлық ғимараттар жалға алу системасына көшеді. Бұл өте тиімді болады. Жемқорлық – мемлекеттік қызметтердің арасында жүреді ғой. Міне, мемлекеттік қызметтен осы функцияны алып тастасақ, жемқорлық түбімен жойылады. 

Екінші, егер кәсіпкердің қаражаты жетпей жатса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қолдау көрсету керек. 

Ал үшінші, екі этаптың да әрекеті жүзеге аспаған жағдайда мемлекеттен бюджеттен қаржы бөліну керек. Мысалға, бір өңірге мектеп керек болды. Кәсіпкерлер оған қызықпайды, тиімді деп таппайды немесе қаражаты жетпейді, мемлекттік-жекеменшік әріптестікке де құлық танытпайды делік. Сонда ғана мемлекеттен қаражат бөлінуі тиіс. 

Қазіргі таңда мұндай аукциондар өтіп жатқан жоқ. Кәсіпкерлерге ештеңе ұсынылмайды. Барлық тірлік тек мемлекет бюджетімен шешіліп жатыр. Мемлекеттік сатып алу арқылы бюджеттен қисапсыз қаражаттар бөлінініп келеді. Бұл жағдай нарықтық экономикаға мүлдем сәйкес келмейді. Оның үстіне мемлекеттің массалық үлесі жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Жаңа нысандардың бәрін ертеңгі күні пайдалану үшін, бюджеттен тағы да қаражат жұмсалып жатыр. 

– Қазір шенеуніктердің жұмысы тартқан инвестиция мен ашылған жұмыс орнымен өлшеніп жүр. Алайда біз осы инвестиция ұғымын қаншалықты дұрыс түсініп жүрміз? 

– Инвестицияны тарту үшін, алдымен біз соған дайын болуымыз керек. Құжаттарымыз тап-тұйнақтай болса, аукцион арқылы дүние жаһанға жар салып, инвесторларды шақыруға болатын еді. Ал бізде мұндай жоспар түгілі, әңгіме де жоқ. 

Егер дұрыс түсінсек, алғашқы инвестор ол – сол елді мекеннің өз тұрғындары, халқы. Әр отбасында белгілі бір қаражат жиналған соң, олар оны әрі қарай ұлғайтуға тырмысады. Барлық отбасында солай. Алайда, олардың қай салаға қаражатын жұмсау керек екенін біле бермейді. Оларға үкімет, әкімдік ешқандай жол көрсетпейді, бизнеске шақырмайды. Егер халыққа қандай да бір бағдарлама бар екенін, мысалы «индустриялық аймақта осындай цех бар, айналымы осынша болады, сен инвестицияңды құй, біз саған осынша пайыз еселеп әкеліп береміз» немесе «зауыт салып жатырмыз, сен осының акциясын ала ғой, ертең пайдасын көресің» деп түсіндіру керек. Халықтың қалтасындағы ақшаны дұрыс пайдалану керек. Ол дегеніміз сол елді мекенді өркендетудің алғышарты. Қазір халық өз қотырын, өзі қасып жүр. Тойхана соғады, дүкендер мен шаштараз ашады. Сауда мен тұтынушыға қызмет көрсетуден бөлек ештеңе ойларына келмейді. Себебі олар өнім шығаруды білмейді. Оларға жол ашып беретін билік жоқ. Мысалы, Шымкенттен Ташкентке шығып бара жатқан жолда 10 шақты жанармай бекеті бар. Сол он бекеттің орнына, екі бекет салсақ та жетеді. Егер әкімдер тарапынан тиімді ұсыныстар жасалса, кәсіпкерлер жанармай бекеттерін емес, зауыт, фабрика да салады. Істің көзін табу  шенеуніктердің өздеріне байланысты.

Міне, осының бәрі бас жоспарда қаралу керек. Халық қолда бар ақшасын әкімшілік аппаратқа келіп, қалай табыс көзіне айналдыруға болатынын сұрап, сеніп тапсыра алатын жағдайға жету керек. 

– Әкімдік жыл сайын елу мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын аштық деп есеп беріп жатады. Бұл цифрлар қаншалықты шындыққа жанасады және кейінгі кездері индустриалды аймақтар құрып, сол жерден өндірістік жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі қолға алынды. Сіздің ойыңызша, бұл тәжірибе қаншалықты ақталды? 

– Тұрақты жұмыс орнын ашу деген сөз, ол зауыт фабрика салу. Мектеп пен аурухана тұрғызу емес. Бұлай ауыз толтырмай, әкімдік алдымен  жылына 10 мың тұрақты жұмыс орнын тауып бере қойсыншы. Ол дегеніміз шамамен 1000 адам қызмет ететін зауыт ашатын болсақ, сол қатарлы жыл сайын 10 өнеркәсіп орындары ашылу керек. Қайда сол зауыттар?

Менің білуімше, Оңтүстік өндірістік аймағының өзіне тек инфроқұрымға, 10 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Ол жерде 6600 адам жұмысқа тұрады деп, Президентке көрсетіп, лентасын қырыққанбыз. Енді барып көрсеңіз, жұмысшылардың саны мыңға да жетпейді. Уәде қайда? Бюджеттен бөлінген ақша қашан қайтады? Ондай тиімсіз жобалардың қажеті қанша? 

Әрине қалаға өндірістік аймақтар көптеп қажет. Бірақ, көзбояушылық жасап, жоғарыға есеп беру үшін емес, бюджетті толтыратын,  жұмыс орны тұрақты  аймақтар қажет.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Әңгімелескен Айнұр Оңғарбай

Арыстан Оспанов: Бүгінгі отбасылардың ажырасуына жындар әлемінің де үлкен үлесі бар
Рысгүл Досжанова: «Құшақтасам бола ма?» дейтін оқырмандар өте көп»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу