Отандық өнім ел нарығында
Сайрам ауданының жеңіл өнеркәсіп саласында өнім өндірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі – «Алтын қадам» тігін фабрикасы.
Бұл кәсіпорын аудан экономикасын әртараптандыруға, жұмыс орындарын көбейтуге және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді.
Фабрика 2013 жылы іске қосылған. Мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несие арқылы 158 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, Түркия, Жапония, Қытайдан заманауи автоматтандырылған жабдықтар сатып алынған. Бүгінде өндіріс орнының жылдық қуаты – 30 мың дана мектеп формасы, 26 мыңнан астам ерлерге арналған костюм-шалбар және арнайы жұмыс киімдері. Құрылысшыларға, өнеркәсіп қызметкерлеріне, теміржолшыларға арналған арнайы формалар да тапсырыс негізінде тігіледі. Пандемия кезінде фабрика 30 мыңға жуық бетперде шығарып, сұранысты қамтамасыз еткен.
Кәсіпорында бүгінде 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жұмысшылар санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етпек.
«Алтын қадам» өнімдері еліміздің ірі қалаларында саудаланады. Фабриканың тұрақты тұтынушылары – отандық сауда нүктелері мен арнайы мекемелер. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс аясында да арнайы киімдер жеткізіледі. Өндіріс көлемінің артуы аудан бюджетіне түсетін салық көлемін ұлғайтып, ауданның жалпы экономикалық дамуына үлес қосуда.
Қазіргі таңда фабрика тек киім тігумен шектелмей, арнайы тапсырыстар арқылы өндірістік бағыттағы өнімдерді де әзірлеуде. Өнім сапасы мен бағасы бойынша бәсекеге қабілетті.
«Алтын қадам» – тек өндіріс орны емес, Сайрам ауданының экономикасын ілгерілетуге септігін тигізіп отырған нақты жобалардың бірі. Кәсіпорынның табысты жұмыс істеуі аудан экономикасының тұрақтылығына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз ықпалын тигізуде.
С.АБЫЛБЕКОВА