Ауыл экономикасының тірегі – «Навруз‑21»
Сайрам ауданының ауыл шаруашылығына серпін беріп отырған кәсіпорындардың бірі – «Навруз‑21» өндірістік кооперативі.
Қарамұрт ауылында орналасқан бұл шаруашылық аудан экономикасының дамуына, егіншілік саласының өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған кооператив бүгінде аймақтың сенімді әрі әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарының қатарында.
2003 жылы құрылған «Навруз‑21» өндірістік кооперативі негізінен дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарын өсірумен айналысады. Шаруашылықта тұқым шаруашылығы жолға қойылған. Кооператив құрамында бүгінде 50-ге жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың басым бөлігі – Қарамұрт ауылдық округінің тұрғындары. Бұл өз кезегінде ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етуде.
Өндірістік кооперативке Ахунжон Абдимажитович Хажиметов басшылық етеді. Тәжірибелі маманның жетекшілігімен ұжым жылдан жылға еңбек өнімділігін арттырып келеді. Кооператив алқаптарында жоғары өнімді әрі сапалы тұқым сұрыптарын пайдалана отырып, мол өнім жинау дәстүрге айналған.
Мекеменің қаржылық жағдайына тоқталсақ, соңғы жылдары салықтық түсім көлемі тұрақты деңгейде сақталып отыр. Мәселен, 2023 жылы кооператив 0,5 миллион теңгеден астам салық төлеген. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында да бұл көрсеткіш 0,2 миллион теңгеден асты.
Қазіргі таңда кооператив аймақтық ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып қана қоймай, өңір экономикасын әртараптандыруға да септігін тигізуде. Себебі кәсіпорынның негізгі табыс көзі егіншіліктен түссе де, қосымша салалар бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Тұқым шаруашылығының дамуы – ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі стратегиялық бағыттардың бірі. Осы бағытта «Навруз‑21» өндірістік кооперативі – тұрақты даму жолындағы сапалы серіктеске айналып отыр.
Кооператив жұмысы ауыл жастарының ауылда тұрақтап, ауыл экономикасының дамуына үлес қосуына жол ашып отырғанын да ерекше атап өткен жөн. Алдағы уақытта өндірістік кооператив материалдық-техникалық базаны жаңартып, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Жер мен еңбек қадірін жақсы білетін шаруалар үшін адал еңбектің ғана баянды болары сөзсіз. «Навруз‑21» өндірістік кооперативінің жетістігі – осының айқын дәлелі.
С.АБЫЛБЕКОВА