Жергілікті өндіріс – экономиканың қозғаушы күші
«Біздің алдымызда бір ғана жол бар – бұл экономиканы жан-жақты дамыту, әсіресе өңірлік кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы мен өндірісті қолдау.
Өндірісте еңбек ететін кәсіпкерлер – еліміздің болашағын қалыптастыратын негізгі тірек», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауының бірінде. Президент атап өткендей, кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы әртараптандырудың, жергілікті халықты жұмыспен қамтудың және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бұл бағытта Сайрам ауданында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асуда.
Солардың бірі – Сайрам ауданына қарасты Қасымбек Датқа ауылындағы қасбеттік термопанель шығаратын шағын өндіріс. Бұл істің басында тұрған кәсіпкер – Береке Копенов. Ол өз кәсібін мемлекеттік қолдау арқылы бастап, бүгінде жергілікті экономикаға үлес қосып отырған іскер азамат.
Береке Копенов былтыр жеке бизнес-жобасын ұсынып, аудандық комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 миллион 476 мың 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Бұл қаражатқа ол қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, үйдің сыртын қаптауға арналған қасбеттік жылу панельдерін шығаратын өндірісін іске қосқан.
Қазіргі таңда Береке өз жұмысын жолға қойып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өнім шығарып қана қоймай, туған ауылындағы үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – бір ғана кәсіптің айналасында әлеуметтік мәселелердің де шешім табуына мүмкіндік беріп отырғанының айғағы.
– Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл – берекенің бастауы болса керек, – дейді кәсіпкер.
Жылу панельдері – үйдің сыртын қаптап, суықтан қорғайтын заманауи құрылыс материалы. Бұл технология алғаш рет Еуропада пайда болған. Соңғы 30 жылдың ішінде жылу панель өндірісі әлем бойынша кеңінен таралып, энергияны үнемдейтін және экологиялық тиімді шешім ретінде мойындалды. Мұндай құрылыс материалдарын өз ауылымызда өндіру – шын мәнінде, үлкен жетістік.
Сайрам ауданы әкімдігі мен кәсіпкерлік қолдау орталықтарының бірлескен жұмыстары нәтижесінде осындай жобалар жүзеге асып жатыр. Жергілікті жерде ашылған әрбір шағын кәсіп – аудан экономикасының тірегі. Біріншіден, бұл жаңа жұмыс орындары, екіншіден – жергілікті өнім, үшіншіден – салық түсімінің көбеюі.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде ауыл-аймақтан жаңа кәсіпкерлер шығып, олар елге қызмет ететін өндірістерді іске қосуда. Бұл – елдің экономикалық тәуелсіздігі мен тұрақтылығының нақты көрінісі. Ал Береке Копеновтің өнегелі ісі – өзгелерге үлгі боларлықтай бастама.
С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ