Экономикаға серпін берген цех
Сайрам ауданының экономикалық әлеуетін арттыру бағытында жүзеге асып жатқан жобалар аз емес. Солардың бірі – Манкент ауылдық округінде орналасқан сүт өнімдерін өңдейтін цех.
Бұл өндіріс орны жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, аудан экономикасының дамуына да өзіндік үлесін қосып келеді.
Аудан әкімі Арман Сәбитов Манкент ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары барысында округ халқымен есептік кездесу өткізді. Кездесуден бұрын аудан басшысы 2024 жылдың наурыз айында іске қосылған «YUG-GROUP-INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын 1,0 гектар аумақта орналасқан. Түркиядан әкелінген заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған өндіріс орны бүгінде сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорынды белгілі кәсіпкер Надыр Читилов басқарады. Қазіргі таңда бұл цех аймақ тұрғындарын «Эль-Дениз» маркасымен дайындалатын сапалы сүт өнімдерімен – чичель, сары май, брынза, сыр, 2,5 пайыздық йогурт-айранмен қамтып отыр. Алайда өндіріс көлемін арттыруға сүт шикізатының жетіспеушілігі қолбайлау болып отырғаны айтылды.
Аудан басшысы Арман Сәбитов осы түйткілді мәселенің шешімі ретінде жергілікті шаруаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген шағын несиелер алып, өз шаруашылықтарында сүтті бағыттағы мал басын көбейтуге шақырды. Бұл, бір жағынан, отбасылық табыстың артуына ықпал етсе, екінші жағынан өңірдегі өндіріс орындарын шикізатпен қамтуға жол ашпақ.
Айта кетейік, бұл кәсіпорын жылына 9600 тоннаға дейін сүт өнімдерін өндіруге қауқарлы. Оның 70 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, 30 пайызы сыртқы нарыққа экспортталады. Демек, өңірлік деңгейден асып, халықаралық сұранысты да қамтамасыз етіп отырған бұл өндіріс орны – отандық экономиканың өркендеуіне ықпал етіп отырған табысты жобалардың бірі.
Салтанат Абылбекова