Тұрақтылықпен дамыған шаруашылық
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығының даму қарқыны жыл өткен сайын артып, аудан экономикасының дамуына серпін беріп келеді.
Бұл үрдіске аудан көлеміндегі ірі өндірістік кооперативтердің қосып отырған үлесі зор. Солардың бірі – «Мәртөбе» агрофирмасы. Аталған кооператив соңғы жылдары жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасына тың серпін беріп, ауыл тұрғындары үшін сенімді тірекке айналды.
Бүгінде «Мәртөбе» өндірістік кооперативінің жұмысы бірізділікке түсіп, нақты ұйымдастырудың арқасында ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізді. Кооператив басшылығы мен ұжым көктемгі егіс науқанын дер кезінде аяқтап, өнімділікті арттыру жолында бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырды. Егіс аяқталған соң, шаруашылық өз мүшелеріне мал азығы мен қажетті өнімдерді үлестірді.
Кооператив мүшелері бұл жолы ұйымшылдықпен еңбек етіп, таратылған өнімге ризашылықтарын білдірді. Бұрынғыдай бейберекет кезектер, түсініспеушіліктер болған жоқ. Арнайы техникамен тасымал ұйымдастырылып, әр пайшы белгіленген мөлшерде шөбі мен сабанын, кейінірек бидайын алып отырды. Кооперативтің осындай ашық әрі әділетті ұстанымы пайшылардың кооперативке деген сенімін күшейтті.
Бір кездері дау-дамай мен алауыздықтың ортасында қалған «Мәртөбе» агрофирмасы бүгінде тұрақты жұмыс істейтін, шаруашылығын жүйелі жүргізіп отырған алдыңғы қатарлы ұжымға айналды. Басқарма мүшелері пайшылар тізімін жаңартты, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге нақты ревизия жүргізді, үлескерлермен келісімшарттар реттеліп, құжаттық тәртіп орнықты.
«Мәртөбе» кооперативі егістік жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде күздік бидай, сафлор, көпжылдық жоңышқа, көкөніс тағы басқа дақылдар егілді. Сонымен бірге, кооператив қарамағында көпжылдық бақ пен жүзім алқабы бар. Бұл егістіктер тек аудан емес, облыс нарығына да сапалы өнім жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұдан бөлек, агрофирма техника паркін жаңартып, лизинг арқылы заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Бұл – жұмыс өнімділігін арттырып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарының ашылуына жол ашты. Қазіргі таңда кооперативте тұрақты табыс тауып отырған азаматтар саны артқан.
«Мәртөбе» кооперативінің бүгінде қалыптасқан еңбек жүйесі, нақты басқару тетіктері мен пайшылармен байланысы – ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді үлгінің бірі. Бұл – бірлікпен тірлік жасаудың, сенім мен жауапкершіліктің жемісі. Жақсы ұйымдастырылған жұмыстың арқасында шаруашылық бұрынғы беделін қайта жаңғыртып, өңір үшін үлгі боларлық серпінді ұжымға айналды.
С.СӘУЛЕБАЙ