Бал арасы – табиғаттың сыйы
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып, халықты табиғи өніммен қамтып отырған кәсіп иелері жетерлік.
Солардың бірі – Қарасу ауылының тұрғыны, тәжірибелі омарташы Равшан Алиев. Оның ара шаруашылығы аудан экономикасына елеулі үлес қосып қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.
Ара шаруашылығы – бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, көп еңбек пен ыждағаттылықты талап ететін кәсіп. Таза табиғи өнім – балдың шипалық қасиеті жоғары, сондықтан бұл салада сұраныс та аз емес. Соңғы жылдары омарташы болуға қызығушылық танытқандар қатары артып келеді. Солардың қатарында Равшан Алиевтің де орны ерекше.
Равшан ата ара бағуды 20 жыл бұрын бастаған. Табиғатпен біте қайнаған тірлігін бүгінде ұрпағына үйретіп, отбасылық кәсіпке айналдырып отыр. Ұзақ жылғы тәжірибесі арқасында бал жинау маусымының қыр-сырын жетік меңгерген. Оның айтуынша, аралар балды сәуір айында жинай бастайды. Себебі бұл ай – көк шығып, өсімдіктердің гүлдейтін шағы. Ал күн суытқанда аралар қыстық ұйқыға кетеді.
Кәсіпкердің ауласындағы 50-60 шақты түрлі түсті жәшіктер – ара ұялары. Әр жәшіктің ішінде 45 мыңдай ара мен бір аналық ара мекендейді. Бал жинау барысында аралар 3 шақырымға дейін ұшып, табиғаттағы өсімдіктерді тозаңдандырады. Әр ара өз ұясына ғана қайтып оралады. Егер біреуі адасып көрші ұяға кіріп кетсе, ондағылар оны бірден жойып жібереді. Равшан атаның айтуынша, әр араның өмірі бар-жоғы 10-15 күн ғана.
Ара шаққанын да кәсіптің бір бөлігі деп қабылдайтын омарташы күніне 40-45 рет шағылатынын айтады. Бірақ ол үшін бұл үйреншікті жағдай. «Нағыз табыс – адал еңбек пен сүйікті ісіңнің жемісі» дейді ол.
Балға деген сұраныс әсіресе пандемия кезінде күрт артқан. Табиғи өнімді тұтынуға көшкен халықтың балға деген қызығушылығы омарташыларға тың серпін бергені сөзсіз. Жаз мезгілінде омарта тіркемеге артылып, табиғаты көркем жерлерге көшіріледі. Аралар еркін ұшып, гүлді алқаптардан бал жинайды. Кейде жазық далаға, кейде таулы өңірге көшіп жүретін кәсіп иелері үшін бұл – қалыпты жағдай.
Бүгінде Равшан Алиевтің отбасы айналысып отырған омарташылық кәсібі Қарасу ауылында ғана емес, бүкіл Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы бағытында өркендеп келе жатқан салалардың бірі. Бұл – табиғи өнім арқылы табыс тауып қана қоймай, аудан экономикасына үлес қосып, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып отырған берекелі кәсіптің жарқын көрінісі.
Салтанат Абылбек