Лимон өсіріп табыс тапқан жылыжай
Аудан экономикасының дамуына серпін беріп отырған жобалардың бірі – Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек Датқа ауылында орналасқан «Шымыр-Медет» жылыжайы.
2017 жылы іске қосылған бұл лимонарий жылыжайы бүгінде өңір халқының игілігіне қызмет етіп келеді. Жобаның жетекшісі – Шымыров Орынбек. Құны 200 миллион теңгені құрайтын бұл нысан толықтай жеке қаржы есебінен қаржыландырылған. Егістік алқабы 1 гектарды құрайды, мұнда MEIR сортына жататын лимон өсіріледі. Орташа есеппен жыл сайын әр гектардан 80 тонна өнім алынады. Бүгінгі таңда жылыжайда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұл жобаның жүзеге асуы ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында қолға алынған нақты қадамдардың бірі саналады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін үнемі атап көрсетіп келеді. Соның аясында осындай табысты жобалар іске асып жатыр. Шымыр-Медет жылыжайы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға өзіндік үлесін қосуда. Бүгінде еліміз лимон өнімін әлі де шетелден импорттап отырғанын ескерсек, мұндай жобалар отандық өндірісті күшейтуге бағытталған маңызды бастамалар екені анық.
Жобаның басты ерекшелігі – өнімнің молдығы мен сапалылығы ғана емес, ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзінің қалыптасуы. Қазіргі таңда жылыжайда жұмыс істеп жатқан 8 адамның әрқайсысы осы кәсіптің арқасында өз отбасын асырап, ел экономикасының дамуына үлес қосып отыр. Бұл өз кезегінде ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де ықпал етуде. Сонымен қатар, аталған жобаның үлгісінде өзге де шаруаларға жаңа мүмкіндіктер туып, агробизнеске бет бұрған кәсіпкерлер саны арта түсуде.
Болашақта лимон өсірумен қатар өзге де тропикалық өсімдіктерді баптау қолға алынса, аймақтағы жылыжай шаруашылығы жаңа деңгейге көтеріледі. Су үнемдеу, заманауи жылыту және жарықтандыру технологияларын енгізу арқылы өнімділікті еселеп арттыруға болады. Сондай-ақ, кооперативтік жүйені дамыту арқылы бірлесіп жұмыс істейтін жылыжайлар желісін қалыптастыруға жол ашылады. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты ғана емес, көрші өңірлерді де экологиялық таза, сапалы отандық лимонмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қасымбек Датқа ауылындағы бұл жылыжай – ауылдық жерлерде де тың жобаларды жүзеге асырып, табысты кәсіпке айналдыруға болатынын дәлелдеп отыр. «Шымыр-Медет» жылыжайының табысты тәжірибесі өзге де кәсіпкерлерге үлгі болары сөзсіз. Осындай жобалар көбейген сайын ауылдың да, ауданның да экономикалық әлеуеті арта түспек.
С.АБЫЛБЕКОВА