Қарабұлақ – еңбекқорлықтың мекені
Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы – Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлігі қатар дамыған, әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі.
Бүгінде ауылда 65 мыңға жуық адам тұрады. Жыл сайын халық саны артып, ауылдың экономикалық дамуы да қарқын алып келеді. Еңбекқорлығымен аты шыққан қарабұлақтықтардың басты ерекшелігі – әр шаңырақтың күнкөрісін өз қолымен қамтамасыз етуінде. Әрбір отбасының ауласында мал өсіріп, бақшасын баптап, кәсібін дөңгелетіп отырғанын байқау қиын емес.
Қарабұлақ – тек аудан емес, облыс көлемінде де ауыл шаруашылығының тірегі саналады. Ауыл шаруашылығы өнімінің үштен бірі осы ауылдың үлесінде. Мал мен егін шаруашылығы қатар дамып отыр. Бір мезетте ауылда ондаған мың ірі қара мал бордақыланып, күн сайын жүздеген бас мал сойылады. Ет өнімдері еліміздің ірі қалаларына жөнелтіледі. Ауыл халқы мал бағудан бөлек егіншілікпен де шұғылданады. Көкөніс өсіріп, бақша салып, жылыжайда өнім көбейтуді кәсіп еткендер жылдан-жылға көбеюде. Суармалы жерлерді тиімді пайдаланып, заманауи технологияларды енгізген шаруалар екі рет өнім алып отыр. Жылыжай шаруашылығы тұрғындардың негізгі табыс көзіне айналып үлгерді.
Қарабұлақтың тағы бір күші – кәсіпкерліктің дамуы. Бүгінде ауылда жүзден астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр. Мал бордақылау алаңдары, ет өңдеу кешендері, сүт өнімдерін өңдейтін шағын цехтар, құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар халықты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Солардың ішінде «Nurym Group» ірі қара бордақылаумен айналысса, жеке кәсіпкерлер ет өнімдерін өңдеу мен сатуға ден қойған. Күнбағыс майын өндіретін шағын цех, газоблок шығаратын зауыт, алкогольсіз сусын өндіру цехы, мал қалдықтарын өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істеуде. Ауылдың әлеуетін арттырып отырған осы кәсіпорындар өнім өндіріп қана қоймай, оны нарыққа шығарып, экономикаға серпін беріп отыр.
Қарабұлақта 1 500-ден астам шаруа қожалығы, 8 диірмен, 15 өндірістік кооператив бар. Әрбір үшінші отбасы кәсіпкерлікпен айналысады. Мал шаруашылығы басты табыс көзі болғанымен, көкөніс өсірумен айналысатын отбасылар саны да аз емес. Олардың өнімдері қала базарларына шығарылады. Ауыл кәсіпкерлерінің иелігінде мыңнан аса жүк көлігі бар, бұл ауылдың шаруашылық қуатының айғағы.
Мемлекеттік қолдаулар да ауыл тұрғындарына үлкен демеу болуда. Жеңілдетілген несиелер, инфрақұрылымдық қолдау шараларының арқасында ауыл кәсіпкерлері өз кәсібін кеңейтіп, жаңа жобаларды іске асыруда. Жыл сайын Қарабұлақта жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыссыздық азайып келеді.
Ауыл әкімдігі инфрақұрылымды жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізуде. Ауыз су жүйесі жаңартылып, көшелер жөнделуде. Мал сою орындары санитарлық талаптарға сәйкестендірілген. Әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмаған.
Қорыта айтқанда, Қарабұлақ ауылы – шаруашылығы алға басқан, кәсіпкерлігі өркендеген, еңбегімен елге танылған ауыл. Халқының бірлігі мен еңбекқорлығының арқасында бұл ауыл болашақта да аймақ экономикасының тірегі бола бермек. Қарабұлақ – нағыз табысты тіршіліктің мекені.
С.Сәулебай