Полиция киберқылмысқа қарсы түсіндіру жұмысын күшейтті

Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында құқық бұзушылықтың алдын алу, цифрлық қауіпсіздікті күшейту және киберқылмыспен күрес бағыттары ерекше басымдыққа ие.
Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, интернет кеңістігінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың көбеюі бұл бағыттағы жұмыстардың өзектілігін арттыра түсті. Сондықтан киберқауіпсіздік мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр.
Осы мақсатта «Анти-фрод» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысында киберқауіпсіздікті күшейтуге бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Түркістан облысы Полиция департаменті-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңір имамдарымен профилактикалық форматта түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Кездесу Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы республикалық Ислам біліктілікті арттыру институты базасында ұйымдастырылды. Шараға облыс бойынша 50-ге жуық имам қатысып, оларға қазіргі қоғамдағы цифрлық қауіптер, құқықтық сауаттылық және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу барысында полицейлер киберқылмыстың қазіргі таңда кең таралған түрлері мен олардың жасалу тәсілдеріне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың ең жиі кездесетін схемалары ретінде фишингтік сайттар арқылы банк карталарының деректерін ұрлау, жалған инвестициялық платформалар құру, әлеуметтік желілер арқылы ақша бопсалау, мессенджерлерде фейк сілтемелер тарату, сондай-ақ «жалған қызметкер» атанып азаматтарды алдау жағдайлары айтылды.
Сонымен қатар қазіргі уақытта кең таралып отырған «телефон алаяқтығы» да ерекше қауіп ретінде көрсетілді. Мұндай жағдайда алаяқтар өздерін банк қызметкері, полиция өкілі немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтерін немесе қаржылық ақпараттарын алуға тырысады.
Мамандардың айтуынша, киберқылмыскерлер көбіне адамның сеніміне кіру, үрей туғызу және асығыс шешім қабылдату сияқты психологиялық тәсілдерді пайдаланады. Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау, хабарлама немесе сілтеме – қауіптің белгісі болуы мүмкін.
Осыған байланысты қатысушыларға интернет-алаяқтықтан сақтанудың негізгі жолдары түсіндірілді. Атап айтқанда:
— күмәнді сілтемелерге өтпеу;
— бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сақтықпен қарау;
— банк картасының CVV коды мен SMS-кодтарын ешкімге бермеу;
— тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдалану;
— әлеуметтік желілерде жеке деректерді шектеу;
— күмәнді жағдайларда бірден құқық қорғау органдарына хабарлау.
Кездесу барысында имамдардың қоғамдағы рөліне де ерекше назар аударылды. Полицейлер имамдардың халықпен тығыз байланыста екенін ескере отырып, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына үлес қоса алатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде интернет алаяқтықтың алдын алуда маңызды әлеуметтік тетік болып саналады.
Шара аясында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар нақты мысалдар арқылы алаяқтық жағдайларын анықтау және одан сақтану жолдары түсіндірілді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Негізгі мақсат – азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыру және киберқылмыстың алдын алу.
Жалпы алғанда, «Анти-фрод» жобасы аясындағы бұл кездесу қоғамның әртүрлі топтарымен бірлесіп жұмыс істеу арқылы киберқауіпсіздікті күшейтуге және интернет-алаяқтыққа қарсы күресті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.


