Әр тұрғынға құқықтық көмек: Түркістандағы ашық диалог алаңы

Түркістан қаласында қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының ұйымдастыруымен «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Аталған шара азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты күшейтуге және тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге бағытталды.
Бұл бастама «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясындағы мақсаттармен тығыз байланысты. Атап айтқанда, жобаның негізгі міндеттерінің бірі – қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру және қауіпсіз қоғамдық орта құру болып табылады.
Акцияға прокуратура, полиция, әділет департаменті, сот және әкімдік өкілдері, сондай-ақ кәсіби заңгерлер мен адвокаттар қатысып, қала тұрғындарын жеке қабылдап, құқықтық кеңестер берді. Келушілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заң аясында нақты түсіндірмелер мен практикалық кеңестер алды.
Іс-шара барысында прокуратура мамандарымен бірлесе отырып, Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрдаулет Тағай тұрғындармен тікелей кездесу өткізіп, олардың құқықтық сипаттағы өтініштері мен сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар нақты жағдайлар бойынша құқықтық көмек көрсету жолдары түсіндірілді.
Акция аясында «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының тағы бір маңызды бағыты – киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары жиілеп отырған интернет алаяқтық фактілерінің алдын алу мақсатында тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді қорғау және банк картасы мәліметтерін ешкімге бермеу қажеттігі ескертілді.
Мамандар интернет алаяқтықтың кең таралған түрлеріне де тоқталды. Олардың қатарында фишингтік сайттар арқылы дерек ұрлау, жалған инвестициялық платформалар, әлеуметтік желілердегі фейк аккаунттар арқылы алдау және телефон арқылы өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыру жағдайлары бар. Мұндай әрекеттердің алдын алуда халықтың цифрлық сауаттылығы шешуші рөл атқаратыны атап өтілді.
Жалпы алғанда, «Халық заңгері» акциясы «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы негізгі қағидаттарын жүзеге асыруға ықпал ететін тиімді алаң ретінде бағаланды. Бұл бастама азаматтардың құқықтық мәселелерін шешумен қатар, қоғамда ашықтық пен сенімді нығайтуға да қызмет етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.


