Интернет алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді

Oinet.kz 02-05-2026

image.png

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бітіруші курс студенттері мен жас мамандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шара түлектерді еңбек нарығына бейімдеу, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату және мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Жәрмеңкеге 80-ге жуық мемлекеттік және жеке меншік мекеме қатысып, түрлі салалар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың қатарында полиция бөлімшелері, медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері, өнеркәсіп кәсіпорындары және өзге де салалық құрылымдар бар. Бұл өз кезегінде жас мамандарға өз мамандығы бойынша жұмыс табуға кең мүмкіндік берді.

Іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаменті өкілдері де қатысып, арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Делегация құрамында Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нариман Батаев, сондай-ақ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және Жедел-криминалистикалық басқарма қызметкерлері болды.

Полиция полковнигі Нариман Ерқанатұлы жас мамандарға құқық қорғау саласындағы қызметке қабылдау талаптары, іріктеу кезеңдері және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар ведомство тарапынан ұсынылатын оқыту бағдарламалары мен әлеуметтік қолдау тетіктері таныстырылды. Ол полиция қызметінің қоғамдағы рөліне тоқталып, жастарды ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне үлес қосуға шақырды.

Шара барысында 400-ге жуық түлек қамтылды. Жас мамандарға тек жұмыс мүмкіндіктері ғана емес, қазіргі қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – интернет қауіпсіздігі жөнінде де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтану жолдары, жеке деректерді қорғау тәсілдері туралы кеңінен ақпарат берді.

Осы ретте ««Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы халықтың құқық қорғау органдарына сенімін нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі ретінде айқындалады. Жоба аясында полиция қызметінің ашықтығын арттыру, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтармен кері байланысты күшейту көзделген. Бұл қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болып отыр.

Сонымен қатар ұлттық жобаның басты бағыттарының бірі – киберқауіпсіздікті күшейту және киберқылмыспен күрес. Қазіргі цифрлық қоғам жағдайында интернет алаяқтық, кибершабуылдар және жеке деректердің заңсыз пайдаланылу қаупі артып отыр. Осыған байланысты киберқауіптерден қорғау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, интернет кеңістігінде қауіпсіздік ережелерін сақтау маңыздылығы түсіндірілуде.

Жәрмеңке барысында қатысушылар өздерін қызықтырған мекемелермен тікелей сұхбаттасып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат алды. Көптеген түлектер өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын бастауға нақты қадам жасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер жастарды еңбек нарығына бейімдеудің тиімді құралы болып табылады. Алдағы уақытта да түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған осындай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жас мамандарды қолдау жұмыстары жалғасын табады.

Сайрам ауданында жол қауіпсіздігі күшейтілді
Полиция киберқылмысқа қарсы түсіндіру жұмысын күшейтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу