Заң мен тәртіп – халықтың ұсынысынан басталады

Oinet.kz 28-07-2026

Screenshot_5.jpg

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бұл ретте тұрғындардың ұсынысы мен талап-тілегіне құлақ асып, көтерілген мәселелерді нақты шешу «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызды көрінісі болып саналады. Әсіресе жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелер халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.

Абай ауданына қарасты «Қайнарбұлақ» саяжайының «Жаңа құрылыс» аумағында тұратын тұрғындар үшін де жол қозғалысының қауіпсіздігі – өзекті мәселенің бірі. Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін өткен кездесулердің бірінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Мұхтар Қожаев азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдап, қандай мәселелер алаңдататынын сұраған.

Сол кездесуде тұрғындар жол белгілеріне қатысты өз ұсынысын жеткізген. Атап айтқанда, елді мекен аумағында көлік қозғалысын реттеп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті жол белгісін орнату қажеттігі айтылған.

Тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмай, мәселені шешу бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жол басқармасы мен жол белгілеріне жауапты мамандар аталған аумаққа келіп, қажетті белгіні орнату жұмыстарын бастап кеткен. Бұл – халықтың ұсынысы ескеріліп, нақты іске ұласқанының айқын көрінісі.

– Өткен кездесуде өз мәселемізді айтқан едік. Жол белгілеріне қатысты ұсынысымызды жеткіздік. Қазір тиісті мамандар келіп, жұмыс бастап жатыр. Бұған қуанып отырмыз. Құдай қаласа, жұмыс толық аяқталып, нәтижесі жақсы болады деп сенеміз, – дейді тұрғын.

Шағын ғана жол белгісінің өзі кейде үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін. Өйткені жол қозғалысын дұрыс ұйымдастыру – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. 

«Заң мен тәртіп» жобасының басты мақсатының бірі – қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және азаматтардың ұсынысына дер кезінде жауап беру. Тұрғындардың үнін естіп, көтерілген мәселеге нақты шара қолдану халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін де арттыра түседі.

Қауіпсіз орта – үлкен істерден ғана емес, осындай қарапайым әрі нақты қадамдардан құралады. Сондықтан тұрғындардың ұсынысын ескеріп, жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған әрбір бастама – ортақ игілікке жасалған маңызды қадам.

Ақтас елдімекенінің тұрғыны полицейлерге алғыс айтты
Халықтың алғысы – нақты жұмыстың бағасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу