Халықтың алғысы – нақты жұмыстың бағасы

Қауіпсіз қоғам құру – заң талаптарын сақтау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуден ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне алаңсыздық әкелетін нақты істерден де көрінеді. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге дер кезінде назар аудару – қоғамның ортақ міндеті.
Жақында Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаевтың халықпен кездесуінде Асар-2 шағынауданының тұрғындары өздерін алаңдатқан бірқатар мәселелерді ортаға салды. Кездесуде азаматтар елді мекендегі жол қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстарын жеткізіп, балалар көп жиналатын аумақтарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрады.
Тұрғындардың бірі, әсіресе ойын алаңшаларының маңындағы көлік қозғалысына алаңдайтынын айтып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол кедергілерін орнату қажеттігін көтерген. Бұл ұсыныс назардан тыс қалмай, тиісті жұмыстар қолға алынған.
Қазіргі таңда шағынаудандағы балалар ойын алаңшаларының маңына көлік қозғалысын баяулатуға арналған жол кедергілері орнатылып жатыр. Мұндай шара жүргізушілерді жылдамдықты төмендетуге ынталандырып, жаяу жүргіншілердің, соның ішінде балалардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Өтеген көшесіндегі бүлінген жол белгілеріне қатысты мәселе де шешімін тапқан. Тұрғындардың айтуынша, сынған және жарамсыз күйге түскен жол белгілері ретке келтіріліп, қажетті жұмыстар жүргізілген.
– Халықпен кездесуде Асар-2 шағынауданының өзекті мәселелерін айтып, ұсыныстарымызды жеткізген едік. Балалардың қауіпсіздігі үшін ойын алаңдарының жанына жол кедергілері қойылып жатыр. Өтеген көшесіндегі сынған жол белгілері де ретке келтірілді. Осы жұмыстарға атсалысқан полиция қызметкерлеріне, басшылыққа өз алғысымды білдіремін, – дейді тұрғын.
Тұрғынның ризашылығы – атқарылған жұмыстың нақты бағасы. Өйткені халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, оны шешуге бағытталған нақты шара қабылдау – «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызды көрінісі.
Ал балалардың қауіпсіздігіне жасалған әрбір қадам «Қауіпсіз қоғам» құру жолындағы ортақ мақсатқа қызмет етеді. Халықтың ұсынысын тыңдап, мәселеге жедел ден қою – сенім мен жауапкершілікті нығайтатын маңызды тетік. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Шымкент қаласында алдағы уақытта да жалғасын табады.


