Шымкент полициясы сапқа тұрды

Oinet.kz 01-08-2026

Screenshot_5.jpg

Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – құқық үстемдігін нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығы, темірдей тәртібі, қызметтік әдебі мен заңға адалдығы ерекше маңызға ие. Осы мақсатта Шымкент қаласы Полиция департаментінде жеке құрамның қатысуымен дәстүрлі гарнизондық саптық тарату рәсімі ұйымдастырылып, «Саптағы заңдылық» атты бір апталық профилактикалық іс-шараның басталғаны жарияланды.

Саптық тарату рәсімін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев өткізді. Жиын барысында жеке құрамның саптық дайындығы, сыртқы келбеті мен қызметке әзірлігі тексеріліп, құқық қорғау қызметіндегі тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы ерекше атап өтілді.

Департамент басшысы қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция қызметінің басты міндеті екенін айтып, әрбір қызметкердің заң талаптарын қатаң сақтап, кәсіби әдеп қағидаларын басшылыққа алуы қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ «Саптағы заңдылық» апталығы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметтік тәртіпті күшейту және жеке құрамның кәсіби мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстардың кешенді түрде жүргізілетіні атап өтілді.

Осыған байланысты барлық құрылымдық бөлімше басшыларына қарамағындағы қызметкерлердің қызметтік тәртібін, заң талаптарын сақтау деңгейін және моральдық-психологиялық ахуалын тұрақты бақылауда ұстап, әрбір полиция қызметкерінің кәсіби жауапкершілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мұндай жұмыстар құқық қорғау органдарындағы ашықтық пен адалдық қағидаларын нығайтып, азаматтарға сапалы қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Салтанатты рәсім барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған бірқатар полиция қызметкерлеріне кезекті арнаулы атақтар табысталды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы табысты еңбегімен ерекшеленген қызметкерлер марапатталды. Бұдан бөлек, Петропавл қаласында өткен республикалық волейбол турнирінде жүлделі ІІ орынды иеленген Шымкент қаласы Полиция департаментінің құрама командасына құрмет көрсетілді.

«Заң мен тәртіп»: Шымкентте жас полицейлермен ашық диалог өтті
Тұрғындардың алғысы – полиция жұмысының басты бағасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу