Тұрғындардың алғысы – полиция жұмысының басты бағасы

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдары мен халық арасындағы сенімді нығайту. Бұл бағытта Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға арналған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жол қозғалысын реттеу, қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру, апат қаупі жоғары аумақтарды бақылауға алу – осы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.
Соңғы уақытта қала көшелерінде жаңа жол белгілерін орнату, бейнебақылау камераларын көбейту және жол қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыру мақсатындағы жұмыстар тұрғындардың оң бағасына ие болып отыр. Әсіресе адамдар көп шоғырланатын және балалар жиі жүретін аумақтардағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, көлік қозғалысына кедергі келтіретін немесе жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін орындар қайта зерделенуде.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде жергілікті тұрғындар полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылықтарын білдіріп келеді. Тұрғындардың айтуынша, полиция қызметкерлері халықтың өтінішіне дер кезінде құлақ асып, көтерілген мәселелерді жергілікті жерде қарап, нақты шешім қабылдап жатыр. Жаңа жол белгілерінің орнатылуы мен бейнебақылау камераларының көбейтілуі тұрғындардың қауіпсіздігіне деген сенімді арттырған.
«Жігіттер келіп, қажетті жұмыстардың барлығын атқарып жатыр. Жол белгілерін орнатып, камералар қойылып жатыр. Қауіпті тұстарды өздері аралап көріп, тиісті шараларды қабылдауда. Осындай игі жұмыстар үшін мың да бір алғысымызды білдіреміз», – дейді тұрғындардың бірі.
Қоғам тарапынан айтылған мұндай алғыс сөздер полиция қызметінің тиімділігін ғана емес, халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімнің нығайып келе жатқанын көрсетеді. Себебі қауіпсіз орта қалыптастыру – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне ерекше мән беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жетілдіріп келеді. Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, заманауи бақылау құралдарын енгізу және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету – «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты көрінісі.


