«Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасын түрлі сала өкілдері мен тұрғындар арасында таныстыруда
«Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының өкілдері мен сайлауалды штабының мүшелері өңірде үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде. Кездесулер барысында партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, тұрғындармен өңірдің өзекті мәселелері төңірегінде пікір алмасу ұйымдастырылуда.

Атап айтқанда, партия өкілдері Түркістан қаласындағы Ж. Тәшенов атындағы мектеп ұжымымен кездесіп, білім беру саласын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, жастарға сапалы білім мен жаңа мүмкіндіктер ұсыну мәселелерін талқылады.
Жиынға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, сайлауалды штаб жетекшісі әрі облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, кандидат Нұралы Әбішов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков және штаб мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Алмас Салимов партия бағдарламасының негізгі басымдықтарына тоқталып, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және азаматтарды толғандырған мәселелерді жүйелі шешуге бағытталғанын атап өтті. Бағдарламада заң мен тәртіпті нығайту, тиімді басқару, өңірлерді дамыту, әділ экономикалық саясат, цифрландыру және адами капиталды жетілдіру бағыттары қамтылған.
Өз кезегінде Нұралы Әбішов халықпен тұрақты байланыс орнату, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын ескеру, депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру жөнінде пікір білдірді. Ал Қыдырәлі Рысбеков ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі және жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызын сөз етті.

Кездесуге қатысқан кәсіпкерлік, өндіріс және спорт саласының өкілдері де өзекті мәселелерді көтерді. «АДЕА» ЖШС-нің құрылтайшысы Сүлеймен Арыстанов кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігіне назар аударса, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бас инженері Ақиқат Абдуллаев елді мекендерді газдандыру мен инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін қозғады. Ал Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Ілияс Бердашев бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Сайлауалды түсіндіру жұмыстары тек еңбек ұжымдарымен кездесулермен шектелмей, қала тұрғындары арасында да жалғасуда. Мәселен, Түркістан қаласындағы «Ханшайым» көпсалалы сауда кешенінде штаб мүшелері азаматтармен жүздесіп, партияның алдағы бес жылға арналған бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Ашық әңгіме барысында өңір экономикасын дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жастарды қолдау және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Тұрғындардың сауалдарына жауап беріліп, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Сонымен қатар партияның жастар қанаты мен белсенді жастары да үгіт-насихат науқанына айтарлықтай үлес қосуда. Қазіргі уақытта Түркістан облысының 17 аудан-қаласында 400-ге жуық жас ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысып жатыр. Олар «Есіктен есікке» акциясы аясында тұрғындармен жеке кездесіп, партия бағдарламасының басымдықтарын түсіндіруде. Бұл жұмыс азаматтармен тікелей байланыс орнатып, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді.

Жалпы, «Әділет» партиясының өңірдегі сайлауалды кездесулері білім беру, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, жастар саясаты және қоғамдық келісім секілді маңызды бағыттарды қамтып отыр. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда халықпен ашық диалог орнату мен азаматтардың пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтуде.
Сондай-ақ тұрғындарды 29 қарашада өтетін сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақыруда.


