Сарыағаш пен Келесте партияның сайлауалды бастамалары талқыланды

Oinet.kz 10-11-2026

Түркістан облысында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыруға бағытталған кездесулер жалғасуда. Партияның облыстық филиалы жанындағы сайлауалды штаб өкілдері Сарыағаш пен Келес аудандарында болып, қала және ауыл тұрғындарымен, сондай-ақ спорт саласының өкілдерімен жүздесті.

Screenshot_5.png

Кездесулерде 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі міндеттері таныстырылып, өңірдің даму мүмкіндіктері мен тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды.

Алғашқы кездесулер Сарыағаш қаласы мен ауданға қарасты Ақниет ауылында ұйымдастырылды. Жиындарға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов, кандидат Нұралы Әбішов, облыстық штаб мүшелері және өзге де сала өкілдері қатысты.

Алмас Салимов партияның алдағы бес жылға арналған даму бағдарында белгіленген басымдықтарды түсіндірді. Оның айтуынша, ұсынылған бағдарлама өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалануға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Құжатта заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару сапасын жетілдіру, экономиканы дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, әлеуметтік ынтымақтастықты нығайту және адами капиталды қалыптастыру секілді маңызды бағыттар қамтылған.

Screenshot_6.png

Әсіресе ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, жол сапасын көтеру, инвестициялық жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, өндіріс орындарын дамыту мен тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелеріне басымдық берілді.

Облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Нұралы Әбішов жергілікті жерлердегі түйткілдерді шешуде тұрғындармен кері байланыстың маңызын атап өтті. Сонымен қатар халықтың талап-тілегін назарға алу және қабылданған шешімдердің орындалуына жауапкершілікпен қарау қажеттігіне тоқталды.

Кездесулер барысында кәсіпкерлік пен жастар саясатына қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, сайлауалды штаб мүшесі Аслан Ибадуллаев экономикалық бастамаларды қолдау, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру және инвестиция тарту бағытындағы міндеттерді сөз етті. Ал «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Еркебұлан Мадиярұлы жастардың білім алуына, кәсіби тұрғыда дамуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасаудың маңызын жеткізді.

Сайлауалды бағдарлама Келес ауданында да кеңінен таныстырылды. Аудан тұрғындарымен өткен жүздесулерде ауыл шаруашылығын өркендету, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, тұрғын үй және жол инфрақұрылымын жетілдіру, жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру бағыттары талқыланды.

Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, цифрландыру, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, мәдени нысандарды жаңғырту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қозғалды. Партия өкілдері аталған бастамалардың әрқайсысы өңірдің тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

Screenshot_7.png

Штаб мүшелері Келес ауданындағы спорт кешенінде сала өкілдерімен де кездесті. Спортшылармен жүздесу кезінде бұқаралық спортты дамыту, жас таланттарды қолдау, жаттығу орындарының қолжетімділігін арттыру және спорттық инфрақұрылымды жаңарту мәселелері ортаға салынды. Қатысушылар саладағы өзекті сұрақтар мен ұсыныстарын жеткізіп, спортты дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде пікір алмасты.

Жалпы, Сарыағаш пен Келес аудандарында өткен кездесулердің негізгі өзегі – жергілікті тұрғындардың пікірін тыңдау және өңірдің алдағы даму бағыттарын талқылау болды. Әртүрлі сала өкілдерімен жүргізілген ашық диалог барысында экономикалық өсімнен бастап әлеуметтік қолдау мен жастардың мүмкіндіктеріне дейінгі маңызды мәселелер қамтылды.

Кездесу соңында партия өкілдері тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назарға алынатынын жеткізіп, алдағы мәслихат сайлауында азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауға шақырды. 

«Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасын түрлі сала өкілдері мен тұрғындар арасында таныстыруда
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу