Қала мен ауылдың дамуына бағытталған жоспарлар таныстырылды
Түркістан қаласы мен Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын түсіндіруге бағытталған кездесулер өтті.

Жиындарда өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеру мәселелері талқыланды.
Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге партияның облыстық филиалының төрағасы, сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов пен штаб мүшелері қатысты. Кездесу барысында бағдарламада белгіленген басымдықтар таныстырылып, алдағы бес жылға арналған міндеттер жөнінде ақпарат берілді.
Партия өкілдерінің айтуынша, өңірді дамыту жоспары инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы мен өндірісті өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу секілді бағыттарды қамтиды. Сонымен бірге жол және коммуналдық желілерді жаңғырту, білім беру мен медицина сапасын арттыру, жастарға қолдау көрсету, спортты дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және экологиялық ахуалды жақсарту мәселелері де қарастырылған.
Бағдарлама тоғыз негізгі бағытқа негізделген. Олардың қатарында заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, тиімді институттарды қалыптастыру, өңірлерді дамыту, әділ экономика құру, цифрлық мемлекет қалыптастыру, әлеуметтік ынтымақтастықты нығайту және адам әлеуетін арттыру міндеттері бар.
Ал Ескі Иқан ауылында өткен кездесуде ауылдық елді мекендердің қажеттіліктеріне басымдық берілді. Штаб жетекшісі Алмас Салимов тұрғындарға ауыл инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жоспарларды түсіндірді.
Сайлауалды бағдарламада 2031 жылға дейін облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін 75,6 пайыздан 97 пайызға жеткізу, жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ өңірде 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және шағын әрі орта бизнес өндірісінің көлемін 30 пайызға ұлғайту жоспарланған.

Білім беру саласында 5 450 орындық 25 нысан салу, 26 мектепті күрделі жөндеуден өткізу және мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткізу міндеттері белгіленген. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердегі интернет сапасын жақсарту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және спорт нысандарын жаңарту мәселелері де қамтылған.
Екі кездесуде де тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, елді мекендердің дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдері көтерілген мәселелерге жауап беріп, азаматтардың пікірлері мен талап-тілектері назарға алынатынын айтты.
Жиындарда бағдарламаны іске асыру барысында халықпен тұрақты байланыс орнату, қоғамдық бақылауды күшейту және сайланған депутаттардың есептілігін қамтамасыз ету мәселелерінің маңызы да атап өтілді.


